Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, сенбі күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Санкт-Петербург қаласында болған ХV халықаралық экономикалық форумға қатысып, оның пленарлық отырысында сөз сөйледі.
Отырыс төралқасына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан басқа Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев, Испанияның Премьер-министрі Хосе Луис Родригес Сапатеро, Финляндияның Президенті Тарья Халонен көтерілді. Модераторлық етуші The Wall Street журналының бас редакторы Роберт Томсон болды. Отырыстың тақырыбы: «Ғаламдық экономикалық өсімді қамтамасыз ету. Жүйелі қателіктерді жою: Болашақта дағдарысты болдырмаудың жолдары қандай?» деп аталды.
Соңғы жылдары Санкт-Петербург форумы аймақтық және жаһандық ауқымда нақтыланған экономикалық стратегияны әзірлеуге көмектесетін маңызды тетікке айналып келеді, деп бастады Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің сөзін кезегі келген кезде. Форумның бүгінгі тақырыбының өзектілігі де ешқандай сұрақ тудырмайды. Одан әрі Елбасы бүгінгі күні әлемнің дағдарыстан кейінгі даму кезеңіне өтіп отырғанын айтып, оның ерекшеліктеріне тоқталды.
Дағдарыстан кейінгі даму өте күрделі әрі қатерлі кезең деп айтуға толық негіз бар. Осы кезеңнен өтуде әлемдік экономика мен саясаттың барлық субъектілеріне дүниежүзілік тиімді даму формуласын табу көп нәрсеге байланысты. Біріншіден, әлемдік экономикалық және валюталық жүйеде күрделі өзгерістер бола ала ма? Осы өзгерістердің қажеттілігі туралы көп айтылуда, бірақ іс жүзінде бірде-бір шара қолданылмай отыр. Мен бұл туралы ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао да, «Үлкен сегіздік» елдерінің лидерлері де айтқанын білемін, бірақ нәтиже әлі жоқ.
Екіншіден, осы өзгерістер көп елдер мен олардың азаматтарының өміріне қалай әсер етеді? Жаһандық мәселелердің себептерін түсіну және оларды шешудің кілтін табудан бүкіл әлемнің болашағы қандай болатыны тәуелді болып отыр. Мен Петербург форумында осынау сындарлы мәселенің шешімін табуға маңызды қадам жасалар деген сенімдемін.
Одан әрі Президент жаһандық дағдарыстың салдары мен оны еңсеру жолдары қалай жүріп жатқанына тоқталды. Дағдарыс өте терең экономикалық жарықшақтар салып кетті, деді Елбасы. Қазір олар дағдарысқа қарсы шаралар пакеті арқылы шығарылған арзан ақша массасымен жамап-жасқалуда. Бірақ біртұтас әлемдік экономиканың жарықшағы мұнымен бітелмейді, тек сырты ғана өзгереді. Сондықтан мұндай шаралар дағдарысты толық еңсереді деп айта алмайсың. Өкінішке қарай, әлі күнге жаңа экономикалық қатерлерге қарсы тұра алатын тиімді тетіктер табылған жоқ, сондай-ақ экономикалық тұрақтылықтың сақталуына біршама оң әсер ете алатын жинақтағы қаражаттың сақталуына кепілдік беруі мүмкін сенімді әлемдік резервтік валюта немесе аймақтық валюталар тобы ойластырылған жоқ. «Кешегі күннің валютасын» қосымша эмиссия арқылы көбейту жаңа экономикалық толқуларды ұзақ уақытқа тұзақтай алмасы айқын болып қалды. Олар көптеген елдердің экономикалық дамуындағы теңгерімсіздіктердің – жұмыссыздықтың жоғары деңгейі, бюджет тапшылығының көптігі, мемлекеттік және жекеменшік қарыздар деңгейінің жоғарылығы секілділердің салдарынан туатын әлеуметтік жарылыстардың алдын алуға құдіреті жетпейді. Оған ЕО елдері – Грекия, Испания, Португалия, Ирландия және Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдері айқын мысал бола алады.
Одан әрі Елбасы әлемдік экономиканың қазіргі жандана бастауынан күтетін кейбір қауіптерді де саралап өтті. Бұл көрсеткіш, деді ол, әлемдік экономиканың тұрақты қалпына келтіріле бастауы деген сөз емес. Біркелкі болмаған соң экономикалық дамудың өзі үлкен тәуекел тудырады. Жоғары дамыған елдер аздаған өсімге қол жеткізуде, бірақ оларда жұмыссыздық деңгейі сол қалпында қалып отыр. Ал дамушы елдер рыногы қызып кетудің үлкен тәуекеліне жақындап жақсы көтеріліп келеді.
Дағдарыстан кейінгі кезең азық-түлік ресурсының жетіспеушілігімен ерекшеленді. Осы дағдарыстың салқыны азық-түлік проблемасының өткірлене түсуіне алып келді. БҰҰ-ның мәліметіне қарағанда, аштық қаупі 2008 жылы 963 млн. адамға, ал 2009 жылы млрд.-тан артық адамға төнген. Табиғи-климаттық және басқа да факторлардың қиындаған кезінде азық-түлік өндіру шығындарының артуы бүкіләлемдік азық-түлік дағдарысына алып келу қаупі бар.
Қазір әлемдік ІЖӨ-нің 4,2 пайыздан артығы мұнай өндіруге кететін шығындар болып отыр, ал бұл тарихи қалыптасқан 3 пайыздан жоғары. Сонымен бірге, жаһандану экономикалық бәсекелестік пен әлеуметтік теңсіздікті күрделендіре түсуде. Кейбір сарапшылардың бағалауына қарағанда, әлемнің жарты байлығын Жер тұрғындарының 2 пайызы ғана иеленіп отыр. Қолдан шығарылған қағазды белсенді саудалау жалғаса түсуде, ол әсіресе соңғы кездері жылдам қарқынмен өсіп келе жатқан шикізат рыногының реңкінде жақсы көрінеді. Қаржы секторы мен нақты экономиканың арасында тиімді теңгерімділік жоқ, алыпсатар капиталды қолдан күмпиту жалғасып жатыр. Міне, осының бәрі әлемдік қаржы архитектурасын тез арада реформалау үшін қарқынды және тиімді шаралар қабылдауды қажет етеді. Мәселені сөзбұйдаға салмай, нақты іске асыруға көшу керек.
Одан әрі Н.Назарбаев әлемдік дағдарыстан шығу үшін нақты қандай шаралар жасалуы керектігіне тоқталды. Әлемдік қоғамдастық, деді ол, дағдарыстан нақтылай шығу үшін жаңа және әділетті қаржы-валюталық архитектураға қарай сатылаған адымдар жасауы керек. Ал енді мұндай қадамдардың локомотивтері бірінші кезекте жаңа заманның лидерлері болары анық. Бірақ сол жаңа заманның қашан басталатыны әзірге белгісіз. Ол үшін бізге осы дағдарыстың аяқталғанын және жаңа заманның басталғанын білдіретін белгілер мен критерийлерді анықтау керек шығар. Бұл критерийлерді мен осыдан екі жыл бұрын, 2009 жылдың ақпан айында жарияланған «Дағдарыстың кілті» атты еңбегімде жариялаған едім. Әзірге оның бірде-бір тұжырымын ешкім де жоққа шығарған жоқ. Осы жерде қайталап айта кететін болсам, олар: Біріншіден, негізгі қолданушылардың әлем елдері мен өз халықтарының мүддесі үшін әзірлеген заңдылық критерийі, яғни әлемдік валюта туралы Бүкіләлемдік заң (немесе келісім). Екіншіден, әлемдік валютаны шығару тетіктерін басқару мен процедураларының мөлдірлігі, яғни демократиялылық критерийі. Үшіншіден, қолданушылар мен әлемдік қоғамдастық тарапынан әлемдік валюта эмитентін бақылау критерийі. Төртіншіден, негізгі субъектілер – елдер, компаниялар және азаматтар, әлемдік қоғамдастық алдындағы әлемдік валюта эмитентінің жауапкершілік критерийі.
Кез келген сарапшы үстірт қарап шыққанның өзінде осы критерийлердің әлемге аса қажетті екенін анықтар еді. Қазір әлемді жаһандық дағдарысқа душар еткен батыстың ескі даму парадигмасы өз қауқарсыздығын толық көрсетті. Оның орнына қазір жақын болашақта ХХІ ғасырдың мэйнстримі болатын дамудың жаңа парадигмасы келе жатыр. Бұл – бұлжымас, айқын факт. Мен біздің пленарлық отырыстың «Болашақта дағдарысты болдырмаудың жолдары қандай?» деген сұрақтың жауабы қысқа әрі қарапайым дер едім. Оның жауабы тез арада ұйымшылдықпен әрі мақсатты түрде тиімсіз қаржы-валюталық архитектураны ауыстыру болып табылады. Осыған байланысты мен мына өзекті мәселелерге назар аударғанды қалаймын:
Бірінші. Жаһандық қауіптер экономиканың шикізатқа тәуелділігінен құтылып, тұрақты және инновациялы дамуға көшу қажеттілігін көрсетіп отыр.
Одан әрі Мемлекет басшысы осыған байланысты Қазақстанда атқарылып жатқан шараларға тоқталды. 2010 жылы отандық экономиканың өсімі 7 пайыз болды. Біз осы қарқынды төмендетпеу мақсатын алдымызға қойып отырмыз. Сөйтіп, Қазақстан 2016 жылы ІЖӨ көлемін 15 мың долларға жеткізіп, табысы жоғары елдер тобына өтетін болады. Ал өткен жылы біз Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдадық. Ол біздің еліміздің он жылдық кезеңіндегі жаңғыру бағыттарының негізгі бағыттарын айқындаған. Атап өтер болсақ, олар экономиканы үдемелі түрде әртараптандыру, адам капиталын дамыту, іскерлік және тартымды инвестициялық климатты қалыптастыру, халыққа қызмет көрсетуде жоғары сапаға жету және ұлтаралық келісімді сақтау.
2015 жылға дейін Қазақстанда құны 80 млрд. доллар болатын және жаңадан 200 мың жұмыс орнын ашатын 500-дей жоба іске асырылатын болады. Біз тұрақты экономикалық дамудың негізі мен инновациялардың басты қозғалтқышы адам капиталы екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан да дарынды балалардың әлеуетін ашуды көздейтін Интеллектуалды мектептер жүйесін аштық. Жоғары оқу орындарының инновациялық істерге өтуін қамтамасыз ететін жұмыстар жасаудамыз. Соның ішінде Астана қаласында жаңа халықаралық университет пен инновациялық технологиялар паркін аштық. Болашақта осынау интеллектуалдық алаңдар әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтарға, болашақтағы инновациялардың қайнар көзіне және оны іс жүзіне асыратын орындарға айналады. Одан әрі Елбасы салынып жатқан «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автожолы мен Иран мен Қытайға тартылатын темір жолдар, сондай-ақ су жолдарының дамытылатынына тоқталып өтті. Біз Қазақстанды 2016 жылы сауда, логистика, іскерлік хаб және Орталық Азиядағы білімнің аймақтық орталығына айналдыруға барлық күшімізді жұмылдырудамыз, деді ол.
Екінші. Ғаламдық экономикалық қауіптерді кез келген мемлекет өздігінен еңсере алмайды және болашақта жаңа экономикалық толқындарсыз дамуға кепілдік берілмейді. Сондықтан да Қазақстан ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ және басқа да бірлестіктер аясындағы интеграциялық үдерістердің қызу қолдаушысы болып келеді, деді Президент.
Өзінің сөзінің келесі бөлігінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан, Ресей және Беларусь мүшесі болып табылатын Кеден одағы және оның барысы туралы айтты. Оның бірінші жылының өзінде ғана Қазақстанның әріптестерімен арадағы тауар айналымы 40 пайызға артты. Соның ішінде Қазақстан мен Ресей арасындағы алыс-беріс 28 пайызға, ал биылғы жылдың бірінші тоқсанында 50 пайызға дейін көбейді. Ал 2012 жылы біз интеграцияның қазіргіден де тереңдетілген деңгейіне, яғни Бірлескен экономикалық кеңістікке өтеміз. Біздің Кеден одағындағы әріптестеріміздің бірі – Белоруссия қазір қиын экономикалық жағдайларды бастан кешуде. Егер олардың тарапынан бірлесе іс-қимыл жасауға ұмтылыс болса, Қазақстан мен Ресей Федерациясы көмек қолын созуы керек деп ойлаймын. Атап айтқанда, біз Белоруссияның аса ірі кәсіпорындарын жаңғырту мен жекешелендіруге қаражат салуға дайынбыз.
Үшінші. Кеден одағын құрғанымызбен, бізге БСҰ-ға ену тиімді әрі стратегиялық жағынан маңызды екені айқындалып отыр. БСҰ – адамзаттың қол жеткізген үлкен жетістігі екені даусыз. Қазақстан да, сондай-ақ Ресей де, басқа елдер де оның толыққанды мүшесі болғысы келеді. Бірақ әлемдегі ғаламшар халқының 15 пайызы ғана тұратын жоғары дамыған 34 ел сыртқа шығарылатын өнімдердің 52,3 пайызына ие болып отыр. Ал сол кезде дамушы мемлекеттердің қатарына енетін 150 елдің үлесіне жаһандық экспорттың үштен бірі ғана тиесілі. Осының өзі БСҰ шеңберіндегі жасалатын келісімдердің теңқұқықты жағдайда емес екенін көрсетеді. Мәселен, ауыл шаруашылығын алатын болсақ, бұл Қазақстан үшін ғана емес, барлық дамушы елдер үшін бәсекелестікке қабілеттігі өте төмен сала болып табылады. Сондықтан біз бұл сектордағы мемлекеттік қолдауды доғара алмаймыз.
Жаһандық экономикадағы қазіргі жағдайды ескере отырып, Кеден одағы елдеріне БСҰ-ның тек негізгі келісімдерінің шарттарын сақтау қажет, ал оның шеңберінен шығатын БСҰ-ПЛЮС шарттарын сақтау қиын. Сонымен бірге, Кеден одағы елдеріне кеден аумағының ішінде де, оның сыртында да біртекті сыртқы сауда қағидаттарын ұстануы аса қажет. Осы қатардағы сөзінің соңын Елбасы БСҰ-ға енуге дайындықтар жүргізіліп жатқанымен аяқтады.
Төртінші. Бүгінгі күні әлем энергетикалық қауіпсіздіктің жаңа қатерлеріне жолығып отыр. Дүние жүзінің 1 млрд.-қа жуық халқы бар дамыған елдері әлемнің барлық басқа бөлігіне қарағанда энергия ресурстарын екі еседен артық жұмсайды. Сондықтан шикізат ресурстарына иелік ету жолындағы күрестер әлемдегі ахуалды жаңа шиеленістерге әкелуі мүмкін.
Халықаралық энергетикалық агенттік мұнай мен газды қайта бөлу жағынан алғанда іс жүзінде тек энергоресурстарды тұтынушы импортер елдердің мүддесін ғана жақтайды. Сонымен бірге, баламалы энергетика көздерін табу бойынша барлық зерттеулерді үйлестіру ісі жоқ. Сондықтан мен Әлемдік энергетикалық ұйым құрудың қажеттілігі туды деп санаймын. Ол әлемдегі энергетикалық ресурстардың барлық түрін өндіру мен бөлу және ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналыссын. Сондай-ақ энергетика қауіпсіздігі саласында мониторинг жасаумен және барлық мәселелерді шешумен айналысуы керек. Бұл іс әлемдегі барлық энергия көздерін, соның ішінде атом энергиясын да артық проблемасыз және дүрбелеңсіз қолдануға мүмкіндік берер еді.
Сөзінің соңында Н.Назарбаев қатысушылардың бәріне табыс және жемісті жұмыс тіледі.
Н.Назарбаевтың сөзі үлкен ықыласпен және зор ынтамен тыңдалды. Өзінің қорытынды сөзінде Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведев Қазақстан басшысының көптеген ұсыныстарына ден қойып, сілтемелер жасап отырды. Сондай-ақ отырыста Испания Премьер-министрі Хосе Луис Родригес Сапатеро мен Финляндия Президенті Тарья Халонен де сөйледі.
Осы күні Елбасы Н.Назарбаев Санкт-Петербургте Финляндия Президенті Т.Халонен, Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының Президенті М.Раджапаксемен де кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді. Ал Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведевпен жұмыс бабындағы кешкі аста кездесіп, екіжақты және кейбір әлемдік мәселелердің өзекті мәселелері туралы пікір алмасты.
Жақсыбай САМРАТ.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.