22 Маусым, 2011

Тұрғындар тілегі шешімін тапса

361 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына орай Ел­ба­сының тапсырмасымен Түркіс­­тан-Шымкент бағытында жүре­тін қа­лааралық пойыз қатынасы жолға қойылған болатын. Шалғайда жатқан (Түркі­с­тан-Шымкент арасы) елді ме­кен­дегілердің сол кезде қуа­ныш­тарында шек болған жоқ. Бірақ, бұл қуаныштары ұзаққа барма­ды. Себебі, алғашқы жылдары бұл пойыз күнде жүріп тұрды, кейіннен күнара жүретін болды. Сөйтіп, жылдан-жылға жүру кес­тесі кеми берді. Қазір енді апта­сына үш-ақ рет  қатынайды. Түркістан-Шымкент аралы­ғын­­дағы  бекеттерде (разъезд) бір­неше елді мекен бар. Онда тұ­ратын халықтың біразы сол темір жолда жол жөндеушілер бо­лып істейді. Басқалары қолда­рындағы бес-алты малын бағып, соның арқасында күндерін көріп отыр­ған қарапайым халық. Адам бол­ған соң бас ауырып, балтыр сыз­дамай тұрмайтыны белгілі. Егер де бір жағдай бола қалса (жаман айтпай жақсы жоқ), жан-жақпен қарым-қатынас жасау­дың біздің елдегі жалғыз мүм­кін­дігі –  жаңа­ғы пойыз. Бұл елді мекендерге автобус немесе так­си жүр­мейді. Алда-жалда так­си шықса, әкесінің құнын сұрайды. Бала-шағаларына немесе өз­де­ріне бір анықтама (справка) алу үшін алыстағы Түркістанға немесе Шымкентке баруға тура келеді. Ал баратын көлік жоқ. Сондықтан жас балалары ауы­рып қалса, келіндері босанатын болса, не істерін білмей тұйыққа тіреліп отырғандары. Қазақтың санын көбейтуге үл­кен үлес қосып жатқан осы шал­ғайдағы ауылдардың адам­да­ры емес пе? Бұл бекеттерде тұрып, өмір сүріп жатқан тек қана өз қандастарымыз. Олардан басқа мұнда бірде-бір басқа ұлт өкіл­дері тұрмайды. Осындай қиын­шы­лық­тарға қарамай жаз­дың аптап ыс­ты­ғына күйіп, қыс­тың қа­қаған ая­зы­на тоңып жұ­мыс істеп, теміржолдан ақау шығармай, по­йыз­дардың тоқтап қалуына жол бермей, күн демей, түн демей өз жұмыстарына үл­кен жауапкершілікпен қарап, әр­кім өз міндетін атқаруда. Осындағы халық бірнеше жыл­­дан бері осы мәселе жө­нін­де тиісті орындарға дабыл қағып келеді, бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Теміржол басшыларына айт­­са, олар жергілікті басшы­лар­ға сілтейді. Жергілікті бас­шы­­ларға айтса, те­мір­жолға сілтейді. Мәселені шешу туралы ешқай­сысының құлқы жоқ. Екі ортада тұрғындар өзде­рін аралда қалған адамдай сезініп, азаппен күн кешуде. Осы ай­тыл­ған жағ­дай­лар­ға байланысты «Еге­мен Қаза­қ­стан» газеті арқы­лы Үкі­метке өтінеріміз, қалаара­лық Түр­кістан-Шымкент-Түркістан по­йы­зын күн сайын қатынай­тын­дай, ең бол­мағанда аптасына бес күн жү­ре­тіндей етіп көмек жасаса. Екінші мәселе – осы дизель-пойыздың техникалық жағдайы жайында. Мұның пайдалану мер­зімі біткен. Әйтеуір жамап-жас­қап, өздерінде қосалқы бөл­шек­тер болмаса, жан-жақтап  іздестіріп тауып әкеліп, жүргізуде. Түр­кістан локомотив депосы – бір ғасырдан (1904) астам та­рихы бар байырғы депо. Мұнда жұ­мыс қолы да, білікті мамандар да жеткілікті. Бәрі осы жерде ту­ып-өскен Түркістан­ның тү­лек­те­рі, сырттан келгендер жоқ. Сон­ды­қ­тан Қазақстан теміржол бас­шыларына бізге жаңадан шы­­ғып жатқан дизель-пойыздың бі­реуін бөлгізсе деген тілегіміз бар. Мұнан бұрын «ҚТЖ» ҰК» АҚ екі қалааралық пойызды жол­ға шығарған еді. Оның бірі «Ас­тана-Көкшетау», екіншісі «Ас­тана-Пав­лодар» бағыттарында жү­­­­ріп жатыр. Сондай пойыздың (ди­зель-пойыз немесе рельстік автобус) біреуін Түркістанға неге бермеске. Бұл елі­міздің жи­ырма жыл­дық мерей­тойы қарса­ңында біздер үшін үлкен сый­лық болар еді. Түркістан – ежелгі тарихи қала, рухани астана. Түркістанда қазақ хандары түрлі елдерден елшіліктер қабылдаған. Қазақ би­леу­шілерінің хан көтеру сал­та­нат­тары осында өткен, қазақ­тың бетке тұтарлары мәжіліс өт­кізген. Бүгінгі таңда алыс-жа­қын шетелдерден, әсіресе, мұ­сылман елдерінен келіп жат­қан қонақтар-турис­тер қаншама. Астанадан, Алматы­дан келіп жат­қан лауазымды аға­ларымыз, зия­лы қауым Түркіс­тан­ды үлкен мақтаныш тұтады. Үшінші мәселе, Түркістан стан­сасындағы теміржол вокза­лы тарихи архитектуралық ескерткіш ретінде танылып, мем­лекеттің қарауында болып келген еді. 2004 жылғы жекешелендіру басталған кезде теміржол мекемелерін де акционерлік қо­ғамға айналдыру шарасы бас­талды да, сол тізімнің ішінде тарихи маңызы, мәдени құн­ды­лығы зор Түркістан вокза­лы да енгізіліп, «Теміржол­қыз­мет» акционерлік қоғамының иелігіне өтті де кетті. Алайда «Теміржолқызмет» АҚ бұл вокзалға тарихи ескерткіш түгілі халыққа қызмет етіп тұрған мекеме қатарында да мән бермеді. Сол уақыттан бері вок­залға күр­делі жөндеу тұрмақ, ағ­ым­­дағы жөндеу де жаса­лын­бады. Су, жылу жүйелері әбден тоз­ған. Түнде жанып тұратын әртүрлі шамдарға жеткілікті жа­рық берілмейді. Вокзал қызмет­керлері қыс­та сырт киімдерімен отырып қыз­мет көрсетеді. Жұ­мысшыларды жөнсіз қысқарту­ларынан вокзал аумағы сани­тар­лық талаптарға сай емес деп та­нылып отыр. Жолау­шылар по­йы­зын қабылдайтын 1 және 2 жолдар аралығы уақытылы та­за­ланбайды. Вокзалдың қала бетіндегі кіреберіс есігінің ал­дын­дағы текпішектерге төселген кафельдер быт-шыты шығып сын­ған. Сырттан келген қонақтар тұрмақ, жергілікті тұрғындар­дың өзі ос­ын­дай келеңсіз жағ­дайларды көріп, ыңғайсыз күйге түседі. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мә­сі­мов­тің тапсырмасы бойынша (2010 ж. 01.12 №17/36. 007-816.07-3) Қа­зақ­стан теміржол вокзалда­рын мем­лекет меншігіне өт­кізу тура­лы шешім басқа вокзалдарда іске асты да Түркістан вок­залы сол күй­інде АҚ меншігінде қалып қойды. Үкіметтен газет арқылы ос­ын­дай келеңсіз жағдайдан ха­лық­ты құтқарып, мәселенің оң ше­шімін табуға көмектесуін сұраймыз. Түркістан теміржол торабы жұмысшылары, инженер-техник қызметкерлері атынан – Асетулла КАРИМОВ, Түркістан қаласының құрметті азаматы.