Бұған дейін жазғанымыздай, кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының жетекшісі Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығы отырысының жұмысы әрі қарай жалғасты. Онда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері ІV съезінің басты тақырыбы, күн тәртібі және оны өткізудің пішіні туралы мәселе қаралды.
Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің атап өткеніндей, күн тәртібіндегі бұл мәселе маңыздылығымен ерекшеленеді. Осыған байланысты отырысқа төрағалық етуші қатысушыларға келесі жылғы съезд анағұрлым кеңейтілген пішінде өтетіндігін мәлім етті. Төрағаның атап өтуінше, бұған дін лидерлерінің кездесуі және пленарлық отырыстар кіреді. Форумды ресми түрде ашудың алдында Дін лидерлері кеңесінің тұжырымдамасын және кеңес құрамын бекіту үшін дін лидерлерінің кездесулерін ұйымдастыру көзделіп отыр. Кездесуден кейін пленарлық отырыстарға кезек беріледі.
Съездің ашылу салтанатына барлық делегация басшылары, олармен бірге келген адамдар, сондай-ақ шақырылған қонақтар қатысады. Ал съезді Қазақстан Республикасының Президенті ашатын болады. Одан соң дін лидерлері, халықаралық ұйымдардың жетекшілері ретіне қарай сөз алады. Осы жерде айта кетейік, съездің ашылу рәсімінде дін лидерлері мен бірінші басшылар ғана сөз сөйлейді. Қалған делегаттардың пленарлық отырыстарда сөз алуларына болады. Сонымен қатар, пікірталастарға көбірек уақыт қалдыру жайы да қарастырылған.
Съездің алғашқы күнінің екінші жартысында және екінші күннің бірінші жартысында секциялық отырыстар әрі қарай жалғастырылады. Әрбір секцияларға белгілі саяси және қоғам қайраткерлері, танымал тұлғалардан тұратын спикерлер мен модераторлар тағайындалады. Съезд делегаттары өздерінің қалауы бойынша белгілі бір секцияны таңдап алуларына болады.
Сенат Төрағасы, сондай-ақ съездің басты тақырыбының мазмұнына да тоқталды. Хатшылық Съезді «Бейбітшілік. Келісім. Жасампаздық: адамзаттың қалауы» атты тақырыпта өткізуді ұсынып отыр. Бұл тақырып бүкіл әлемде бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудегі әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне қатысты алынған. Бұдан бөлек тағы да төрт блоктан тұратын секциялық отырыстар тақырыптары ұсынылмақшы, деді Қайрат Мәми осы туралы. Оның біріншісі – ХХІ ғасырда дамуға қол жеткізу үшін дін лидерлерінің рөлі. Екіншісі – дін және мультикультурреализм, үшіншісі – дін және әйел: рухани құндылықтар мен проблемалар. Төртіншісі – ХХІ ғасырдың жастары және олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі.
Отырыс барысында оған қатысушылар съездің күн тәртібіне, басты тақырыбына байланысты ұсыныс-пікірлерін де білдірді. Мысалы, Германияның Ислам және христиандық-мұсылмандық қатынастар жөніндегі Қасиетті Георгий университетінің құрметті профессоры Кристиан Тролль тұжырымдамалық құжаттың негізгі тілі қайсы тіл болатынына байланысты сұрақ қойды. Өйткені, құжаттың ағылшын тіліндегі нұсқасында түсінбеушіліктер кездеседі. Осыған қатысты Қайрат Мәми бұл ескертпенің орынды екенін, себебі, орыс тілінде дайындалған құжат мәтінін ағылшын тіліне аударған кезде қателіктер кеткенін айта келіп, құжат мәтіні түзетілетінін мәлімдеді.
Сауд Арабиясы Ислам істері жөніндегі министрлер конференциясының бас хатшысы Маджид Абдулазиз ат-Түрки Кристиан Тролльдің пікірімен келісетінін білдіре отырып, құжаттың ағылшын тіліндегі нұсқасы шынында да күрделі екендігін, сондықтан оны түсінікті етіп әзірлеу қажеттігін ұсынды. Израиль Бас сефард раввинінің өкілі Мэйр Данино Съезд Хатшылығы үшін орыс тілінен басқа тілдерге аударма жасау онша қиын еместігіне назар аудартты. Бүкіләлемдік лютерандық шіркеуінің өкілі Юрий Новгородов съездің басты тақырыбына байланысты ой бөлісті. Оның пікірінше, басты тақырыптағы әрбір сөз атауымен келісуге болады. Өйткені, «Бейбітшілік. Келісім. Жасампаздық: адамзаттың қалауы» деген сөздерде ынтымақ пен бірліктің лебі сезіліп тұр. Ал Иранның Ислам және мәдени байланыстар жөніндегі ұйымының жетекшісі Мозафари Мохаммад Хусейн мен Пәкстан халықаралық Ислам университетінің факультет деканы Мохаммад Зия-Уль-Хак Съездің басты тақырыбымен келісетіндерін білдірді.
Осындай талқылаулардан соң, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезі күн тәртібінің жобасы қатысушылар тарапынан қолдау тауып бекітілді. Айтылған ұсыныстар мен ескертпелер бойынша жұмыс тобы оларды тағы да пысықтай түсетін болады. Сонымен, Хатшылық отырысына қатысушылар Дін лидерлері кеңесі тұжырымдамасының жобасын бекітіп, оны съездің қарауына ұсынды. Сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезінің 2012 жылғы 30-31 мамырда өтетіндігі айқындалды және төртінші съездің басты тақырыбы нақтыланды. Отырыс қорытындысында тиісті хаттама қабылданды. Ал Хатшылықтың келесі отырысы IV съезд қарсаңында, яғни 2012 жылдың 28-29 мамырында өтеді.
Хатшылық отырысын Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми қорытты. Біздің кездесуіміз діндеріміз бен мәдениеттеріміздің әртүрлі болғанымен, баршамызды бір ортақ ерік-жігер мен ұмтылыс біріктіріп отырғанын дәлелдеді, деді Төраға. Олар – қауіпсіздік, ынтымақтастық, өзара сыйластық, тең құқылық, әділеттілік, төзімділік, рухани адамгершілік қағидаттары үстемдік құратын бейбіт өмірді орнықтыруға деген ортақ ұмтылыс. Біз сындарлы пікір алмасулар мен бірлесе күш-жігер жұмсау арқылы көптеген проблемаларды шеше алатынымызға, адамдарды бөліп тұрған кедергілерді еңсеретінімізге, ортақ мақсаттарға қол жеткізу жолында ойдағыдай алға жылжитынымызға көз жеткіздік.
Бүгінде әлем өз дамуының жаңа сатысына бет алды. Осыған байланысты туындайтын белгілі бір саяси және экономикалық ырғақсыздық біздің алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр, деді Төраға сөзін қорытындылай келіп. Олардың ең бастылары тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, жер бетіндегі өркениеттің даму жолымен одан әрі алға жылжуына қажетті жағдайларды қамтамасыз ету болып табылады. Әрине, бұған қол жеткізу оңай емес. Алайда өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, ізгі ниет, парасатты бәтуә, келісілген іс-қимыл және өзара қолдау болған жағдайда әлемдік қоғамдастықтың аталған міндеттерді оң тұрғыдан шешуіне әлеуеті әбден жетеді. Жалпы, біздің конфессияаралық форум осындай жасампаздық үдеріске лайықты үлес қоса алады деп кәміл сенемін, деді Қайрат Мәми.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.