22 Маусым, 2011

Жиырма түтінге жасалған жақсылық

434 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Мына заманда жарықсыз отырған ауыл бар десе, сенесіз бе? Әсілі, сенбейтін шығар­сыз. Дей тұрғанмен сөзімізге илануыңызға тура келеді. Қазалы ауда­ны­ның Ажар  ауылы 13 жыл жарықсыз отырыпты. Тоқырау басталған жылдары ауыл халқы топырлап көше бастағаны белгілі. Ажарда да сондай жағдай орын алған. Мал баққан отырықшы ел жан бағудың қамымен аудан орталығына жақын ауыл­дарға, қалаға қарай ағылған. Сөйтіп Ажарда айналасы жиырма түтін үй ғана қалған. Қолға іліккеннің бәрін сататын заманда электр желілері қиылып, баға­на­лары да өз бағасын тауып кеткен сықылды. Содан ауыл жарықсыз қалған. Тәуелсіздіктің жиырма жылы ішінде талайды бастан өткердік қой. Ел еңсесін тіктеді. Экономикамыз қарыштап өсті. Ал Ажарға жарық барған жоқ. Неге? Ең бірінші – Ажар Өзбекстанмен шекараға жа­қын жерде орналасқан. Аудан орталы­ғы­нан шалғайда жатыр. Құмның ара­сын­дағы қараша ауылға электр желілерін тартудың өзі қиямет. Одан кейін көп қаржыны талап етеді. Енді не істемек керек? Аймақ басшылары Ажарға жел ар­қы­лы электр өндіретін құрылғы апарып қою­ды жөн деп тауыпты. Содан желмен электр өндіретін қондырғының смета­лық жобасы жасалған. Тендері жария­лан­ған. «Дарын-Ж» ЖШС тендерді жеңіп алып, жұмысқа кіріскен. Айнала­сы аз уақыттың ішінде Ажарға жаңағы айтқан қондырғы қойылды. Шекаралық аймақта жатқан Ажарға біз де атбасын тіредік. Алақандай ғана ауыл. Негізгі кәсіптері мал шаруашылы­ғы екен. Түйеқұмның әр тұсынан аға­раң­даған үйлер көрінеді. Қара дома­лақ­тар жердің шаңын шығарып шауып жүр. Ауыл жұрты алаңсыз тірлік кешіп жа­тыр. Міне, осы ауыл 13 жыл жарықсыз отырған. «Басқа түссе баспақшыл» деген осы. Екі жел диірмен секілді құрылғы ауылдың көркін кіргізіп-ақ тұр екен. Оның біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Екіншісі қосалқысы көрінеді. Біреуінің өзі 40 кВт жарық өндіреді. Бірақ мынандай қиыншылығы бар. Ауыл әлгі жел диірмен өндірген жарықты барынша жұмсау­ға қауқарсыз. Электрден ысырап жоқ. Өйткені, ауыл халқында тұрмыстық техникадан тек теледидар ғана бар. Ал мұз­датқыш, кір жуғыш секілді тұрмыстық техника, компьютер, ұялы телефон секілді жаңа заманның технологиясы атымен жоқ. Себебі, айтпаса да белгілі. Енді өндірілген электрді дер кезінде жаратып отырмаса, онда жел диірменге қауіп бар. Ол құр айналып, жарықты өнімді өнді­ріп жатқанымен, электр қуаты көп жұм­салмайды. Содан жаңағы қондырғы күй­іп кетуі мүмкін. Енді ажарлық ағайын­ның алдынан тұрмыстық техника сатып алу мәселесі шығып отыр. Ауыл халқы оған өте-мөте қуанышты. Оларға да өркениет жетті. Жарықтың жайы мынадай болғанда, ауыз судың ахуалы оңып тұрмаған шы­ғар деп ойлайтын боларсыз? Ажарда ондай проблеманың болғаны жасырын емес. Бірақ ауыл ауыз судан таршылық кө­ріп отырған жоқ. Себебі, облыс басшы­лығы осыдан бірмаша жыл бұрын Ажар­ға су тұщытқыш қойып берген. «Жол картасы» бағдарламасы аясында ауылда­ғы сумен жабдықтау жүйелері толықтай жөнделіп, сорғы стансасы салынған. Стан­са бұған дейін дизельді матор ар­қы­лы электр қуатын алып, су өндіріп отыр­ған. Енді станса да желмен электр өнді­ретін орталыққа қосылмақ. Ажарлықтар ішіп отырған суды көрдік. Мөп-мөлдір, тап-таза. Орал қаласынан әкеліп қойыл­ған «Швей» су тұщыту қондырғысы бұлақтан алынған суды тазалап, халыққа ұсынып отыр. Дәмін таттық. Анау-мынау минералды судан кем емес. Өзіміз күнде ішіп жүрген «Тассай» секілді әсер қалдырды. Бүгінде айналадағы елді ме­кен­нің бәрі той-жиын кезінде суды Ажардан алдырады екен. Бұл да оның сапалы су екенінен хабар берсе керек. Айтпақшы, желмен электр өндіретін қондырғыға 35 миллионнан аса теңге, ал су тұщыту құрылғысына 16 миллион теңге жұмсалыпты. Әжептәуір қаржы екені ақиқат. Ал осы қаржы ауыл өміріне жаңа тыныс әкеліп отыр. Онда қаржының орынсыз жұмсалмағаны бұл. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда облысы, Қазалы ауданы.