Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Тайсойған полигонының ресейлік әскери бөлім тарапынан пайдаланылмай жатқан біраз бөлігін қайтару қажет деп есептейді. Мұның себебі бар. Біріншіден, полигон аумағында Атырау облысының көптеген елді мекені орналасқан. Екіншіден, осы себептен, көптеген отбасы тұрғын үйінің меншік құқын білдіретін құжатын ала алмауда. Үшіншіден, Тайсойған полигонының тереңінде телегей мұнай қоры анықталған. Алайда, Тайсойған полигонын жалға алған Ресей Федерациясының әскери бөлімінің басшылығы тұрғын үй құжаттарын алуға да, тіпті мұнай кенішін кең көлемде өндіруге де толыққанды рұқсат бермейді. Неге?
Алдымен, Қызылқоға ауданындағы Тайсойған полигоны жөнінде, оның зардабын тартқан тұрғындардың азабы туралы айтқан жөн шығар. Сонымен, облыс орталығынан шамамен 250, аудан орталығы – Миялы ауылынан 60 шақырымдай қашықта Тайсойған полигоны орналасқан. Полигон аумағы ауданның 749582 гектар жерін алып жатыр. Қызылқоға ауданы әкімдігінен алынған дерекке сүйенсек, осынша көлемдегі жер кезінде КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен әскери мақсатта пайдалануға берілген. Бұл полигонды стратегиялық мақсаттағы ракета әскері мен әуе соғысы күштері пайдаланыпты. Тайсойған 1949 жылдан әскери полигонға айналып, мұндағы ядролық сынақ 1952 жылы басталған. Сөйтіп, 1966-1977 жылдар аралығында 24 мәрте ядролық жарылыс жасалған. Жарылыстың жердегі тереңдігі 500 метрге дейін жеткен. Тайсойған полигоны 3 учаскеге бөлінген. Полигон аумағында 2000 тоннадан астам соғыс техникасының қалдықтары шашылып қалған. Рас, кейіннен бұл қалдықтар жиналған. Бұл – тек белгілі жәйттер ғана. Ал «аса құпия» белгісімен жұмбақ күйінде қалған деректер қанша екен? Ядролық жарылыс салдарынан ауаға қандай ауыр металдар, улы инертті газдар, басқа да радиациялық заттар бөлінгені әзірге жария етілген жоқ. Осы полигондағы ядролық сынақ кезінде «Стронций-90», «Плутоний-238», «Цезий-137» секілді ең ауыр, ең зиянды металдар ауаға жайылды ма, жоқ па? Бұл әлі күнге айтылмағанымен, аталған металдардың ұсақ микробөлікке айналып, қоршаға ортаға зиянсыз күйге енуі үшін қанша жыл қажет болар еді? «Стронций» үшін 56 жыл, «Цезий» үшін 30 жыл керек екен. Ал «Плутоний» арада 2100 жыл өтпей, залалсызданбайтыны ескеріліп жүр ме?
Қалай айтқанда да, Қызылқоға ауданының тұрғындары Тайсойған полигонының зардабын мықтап тартты. Полигон зардабының азабынан әлі де арыла қойған жоқ. Бұлай деуімізге дерек жетерлік. Бұл деректер Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов бастап келген арнайы топтың аудан тұрғындарымен кездесуінде кеңінен айтылды. Полигонның әсерінен ақыл-есі жетіспеген, бала күнінен мүгедек болған жандардың суреттері көрсетілді. Аудан әкімінің орынбасары Бибоз Шаяхметовтің айтуынша, тұрғындардың денсаулығы күрделі жағдайда. «Қатерлі ісік 2000 жылдан бастап биыл 59 адамға көтеріліп отыр. Туберкулез 29-дан 37-ге, қантамыр-жүрек аурулары 371-ден 407-ге, тыныс жолдары 513-тен 588-ге, психикалық аурулар 76-дан 97 адамға көтерілді. Біздің аудан облыс бойынша суицидтен алдыңғы қатарда келе жатыр. Осылардың барлығына себепші – жұмбақ күйінде қалып отырған Тайсойғанның зардаптары деген тұжырымымыз бар», деді ол. Бұдан өзге әйелдер арасындағы бедеулік, қаны аздық, мезгілінен бұрын босану, сондай-ақ, сәбилердің дүниеге кеміс болып келуі, кемтар сәби мен өлі бала туу көбейген. Жоғарыда келтірілгендей, қатерлі ісік, өкпе ауруы, тұрғындардың тосын дерттерге ұшырауы, бүйрек, жүрек, қан қысымы, лейкомия секілді дерттерімен ауыратындар саны өскен. Кейінгі жылдары бұларға тамақ, қарын, тері, ауыз қуыстары сырқаттары қосылған. Жас балалар жүйке жүйесі ауруларына жиі шалдығатын болған. Жастар арасында суицид дендеп барады. Ең өкініштісі сол, қатерлі ісік аурулары жасарып барады. Лейкозға шалдыққан 8 және 16 жастағы екі бала дүниеден озған.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Нұржан Өркешбаев деген баланың қария кейпіне енген бейнесі әлі күнге ұмытыла қойған жоқ. Осыған орай қолымызда Мұқыр отбасылық дәрігерлік емханасының дәрігері болып жұмыс жасаған Ақниет Сахиевтің жазбасы бар. Онда былай делінген: «Механизатор Өркешбаев Бақтығалидың немересі Өркешбаев Нұржан 1991 жылы туған. 5-6 жасында 60 жастағы қарияға ұқсап, 7 жыл бойына республикалық «Ақсай» ауруханасында емделіп келеді. Германияға барып тексерілді. Бірақ бет пішіні өзгерген жоқ, бұрынғыша...» Нұржан ағзасындағы патологиялық өзгерістерге байланысты әр ауруханада әр түрлі сырқатпен емделген. Мәселен, 1999 жылы 8 қаңтар-12 ақпан аралығында Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының эндокринология бөлімшесінде емделіп, ауруханадан шыққанда Гемчинсона-Гильферда дерті берілген. Ал 2001 жылы 8 сәуір – 9 маусым аралығында республикалық «Арай» балалар ауруханасында емделгенде, оның сырқаты «Синдром вялой кожи. Хронический гастрит умеренной обострение. ДЖВП. Хронический субатрофический ринит. Хронический компенсированный тонзилит. Аномалия хордиального аппарата. Миокардодисторфия. Реактивный гепатит. Реактивный холецистит. Гиперметрофия» делініпті. Бұдан соң 2004 жылы 5 сәуірде Атырау облыстық балалар ауруханасында «Умеренные диффузные изменение паренхимий печени. Хронический холецисто-панкреатит, 2-х сторонний хронический пиелонефрит» сырқатымен емделіпті.
Сол Нұржан әлі де сол қария бейнесіндегі кейпінде қалды. Дәрігерлер түрлі сырқаттың диагнозын қойғанымен қабылдаған емдер әзірге жас жігіттің денсаулығын түзеуіне сеп болмай тұрғанға ұқсайды. Германия дәрігерлері нендей диагноз қойғанын қолымызда деректің жоқтығынан айту қиын. Демек, Нұржанның ауруының нақты диагнозы анықталмаған. Биылғы 1 мамырда 20 жасқа толған тепсе темір үзетіндей жас жігіт Нұржан Өркешбаевтың денсаулығы жарамсыз күйде болғандықтан колледждегі оқуы сырттай бөлімге ауыстырыпты. Алаңдатарлық жайт емес пе?
Жалпы Тайсойған полигоны оқшау жатқан аумақ емес. Кезінде оның аумағында ауданның бірнеше кеңшарының малшылары отырды. Механизаторлар бригадалары қыстық пішен шапты. Мысалы, Жангелдин ауылдық округінен полигон аумағында малшы, механизатор болып еңбек етіп, зейнет жасына жетпей, қатерлі ісік ауруына шалдыққан 29 адам қайтыс болған. Олардың үшеуінен басқасы ер адамдар. Жамбыл ауылдық округінен 5 адам қатерлі ісік ауруынан көз жұмса, Мұқыр ауылдық округінен 11 адам айықпас дерттің салдарынан о дүниелік болыпты. Соның бірі Нұржан Өркешбаевтың атасы. Бұл адамдардың кезінде кеңшар басқарған, ауданның басқару саласында еңбек еткен ардагер Сайпол Мұқанов: «Сынақ жасалған жылдары талай рет ракета құлағанды көрдік. Шопандардың киіз үйінің жанына құлады. Ал адамдар ракета сынықтарын қоршауға пайдаланды. Соның жанында тұрған бір шелек сүт екі сағаттан соң іріп кеткенін де білеміз», дейді. Тайсойған ауылының тұрғыны Ізім Сексенбаев: «Тайсоған ауылының маңына 8 ракета құлады. Полигонның «Қазанғап» деген учаскесінде үлкен сорда ракета сынықтары үйіліп жататын. Біздің ауылдағы бір отбасында 8 адам ауырады. Бір отбасындағы 3 баланың ақыл-есі кем. Алақандай ғана бір ауылда 23 мүгедек бар. Бұл – ненің зардабы?» дегенді айтты.
Ізім қарт айтпақшы, ақыл-есі ауытқыған балалар тек бір бұл ауылда ғана ма? Әрине, жоқ, мұндай ауруға шалдыққандар өзге ауылдарда да бар. Жангелдин ауылдық округіндегі 10 отбасында психикалық ауруға шалдыққан балалар тіркелген. Бәтима Рысмағамбетованың екі ұлы бірдей емі табылмастай ауруға шалдыққан. Аққора ауылының тұрғыны Балзиба Ортанованың қос ұлы ақыл-есі кенжелеген сырқат санатында жатқызылған. Кенже баласы Әсет психикалық дерттен көз жұмған. Мұндай сырқат Мұқыр ауылының тұрғыны Т. Мысағалиевтің отбасында да болған. Қарабау ауылында тұратын Гүлзада Шыңғысованың тұлабойы тұңғышы – Арайлым есімді қызы айықпас дерттің құрбаны. Ата-анаға бауыр еті – баласының өздігінен тірлік етуге икемсіздігінен, жанына медет таппай шырқырағанын көргеннен артық қасірет болар ма?
Бірақ тұрғындардың түрлі сырқаттарға ұшырауының да, сәбилердің ақыл-есі кем болып өмірге келуінің де нақты себебі әзір белгісіз. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімнің сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің депутаттық сауалына байланысты жолдаған жауап хатында 2006 жылы Тайсойған полигонына кешенді экологиялық, демографиялық зерттеу жүргізілгені айтылыпты. Сол кезде полигонға жақын маңдағы елді мекендер тұрғындарының денсаулығына полигонның кері әсері болмаған деген қорытынды жасалыпты. Ал биыл министрдің тапсырмасымен «Қазгидромет» РМК, Денсаулық сақтау министрлігі, СЭС, өзге органдар өкілдерінен құралған топ полигонның радиациялық фонына зерттеулер жүргізген. Бұл топ Тайсойған полигоны аумағындағы атмосфераның жер бетіндегі қабатының, судың және топырақтың радиациялық жай-күйін зерттеп, Қуыс, Ысқақ, Мұқыр, Миялы, Сағыз, Қарабау және Тайсойған ауылдары мен Қаракөл қыстағын да қамтыған. Зерттеу нәтижесінде полигон аумағының учаскелерінде нормаланған көрсеткіштердің шектен асып кетуі анықталмады дейтін қорытынды жасалған. Кәсіби біліктілігі жоғары мамандардың кесімді қорытындысына қарсы уәж айтуды мақсат тұтпасақ та, өзге аудандарға қарағанда, Қызылқоға ауданының тұрғындарының неге қатерлі дерттерге көбірек ұшырайды? Әзірге экологтардың да, дәрігерлердің де бұл жөнінде нақты ештеңе айтпайтыны қалай? Бұл тұқым қуалаушылық па, әлде көлденең көк аттыдай кездескен кесел ме? Атыраулық сенатордың Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбековаға жолдаған депутаттық сауалына орай облыстық денсаулық сақтау басқармасы да биылғы 25-26 мамырда Тайсойған ауылының тұрғындарын медициналық тексеруден өткізген.
Бұрын көп кездесе бермейтін тосын індет төрт түлікте де байқалады. 1996 жылы Тайсойған полигоны аумағындағы «Аяпберген» қыстағын мекен еткен малшы ауылында бір сиыр бұзаулағанда төлінің бес аяғы болған. Бесінші аяқ бұзаудың қыр арқасына біткен. 1997 жылы Тайсойған ауылының тұрғыны Ержан Жұмахметовтің жекеменшігіндегі сиыры маңдайында бір көзі бар төл бұзаулаған. Жылқылардың тамырлары өздігінен жарылып, қан орнына су аққан жәйттер кездесіпті. Әсіресе, Тайсойған ауылында екі басты қозылар туған. Енді бір төл екі аяқты, бірі төсінде, екіншісі алдына біткен болып келеді. Төрт түлік төлінде кездесетін тосын құбылыс биыл да байқалған. Бірақ тұрғындар малдың көзге қораш көрінген төлдерін өртеп, жоқ қылумен әлек.
Тайсойған ауылында адамның зәресін ұшыратын тосын оқиғалардың кездесуінің өзіндік себебі бар. Өйткені, 130 түтіні бар бұл ауыл Тайсойған полигонының аумағында орналасқан. Мұның тұрғындар денсаулығына зардабы мен азабы өз алдына, енді олардың жеке иелігіндегі тұрғын үйлеріне меншік құқын білдіретін құжатын алуы машақатқа айналып отыр. Осындағы 113 үй орналасқан жерге мемлекеттік акт берілген. Бірақ, бұл актілер заңсыз болып табылады. Ал 8 үй орналасқан жерге мемлекеттік акт берілмей отыр. Бұлардан өзге 3 шаруа қожалығының иесі жер учаскесін пайдалануға меншік құқын тану құжатын ала алмай отыр. Полигон аумағында қоныстанған 36 жеке шаруагер шаруа қожалығын құра алмай жүр. Бұлардың барлығы да үйлерінің құжатын заңдастыра алмауда. Себебі, олар мекен еткен жер Тайсойған полигонының аумағына кіреді. Полигон аумағына тек Қызылқоға ауданындағы Тайсойған ауылы ғана емес, Индер ауданының Сарымайшағыл елді мекені де кіріп тұр. Сол себептен осындағы 24 тұрғынға тұрғын үйлерінің меншік құқы жөніндегі құжаттары берілмеген. Жекелеген шаруа қожалықтары заңды құжаттарын ала алмағасын, тарап кеткен.
Бұл – бір. Екіншіден, «Ембімұнайгаз» өндірістік филилалының директоры Жұмабек Жамауовтың айтуынша, Тайсойған полигоны аумағында мол көмірсутекті шикізат қоры анықталған 22 мұнай құрылымы бар. Осыған орай сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің депутаттық сауалына жауап жолдаған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың пікірінше, «Ембімұнайгаз» АҚ (бұрын осылай аталған – Ж.Ш.) Тайсойған блогында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, Уаз, Қоңдыбай кен орындары ашылған. Сонымен бірге, полигон аумағында Солтүстік батыс Барлыбай, Шығыс Бажыр және басқа құрылымдар анықталып, бұрғылауға дайындалған. Бірақ, министр С.Мыңбаевтың мәліметінде Тайсойған қоры анықталған кеніштерді игеруді Қазақстан-Ресей үкіметтерінің келісімі арқылы шешу жолдарын қарастырылатыны айтылған.
«Ембімұнайгаз» ӨФ басшысы Жұмабек Жамауовтың пікірінше, полигондағы Уаз және Қоңдыбай кеніштерін игеруге уақытша, яғни, биылғы жылдың аяғына дейін рұқсат етілген. Осы кезең біткенше бұл мәселе түбегейлі шешімін таппаса, аталған мұнай кеніштері қайтадан консервацияға қойылады. «Біз үшін консервацияға қою тиімді емес. Өйткені, консервациядан кейін кеніштің мұнай өндіру көлемі бастапқыдағыдан едеуір азаяды. Яғни, мұнай өндіруге кететін шығын бұрынғыдан да үстемелене түседі. Бұл кеніштердегі ұңғымалар 5 мм штуцермен 700 метр тереңдіктен тәулігіне 11-14 тонна шамасында мұнай бере алады. Тайсойған блогында анықталған көмірсутекті шикізаттың геологиялық қоры 480 миллион тоннадан астам мұнайды құрайды» деген Жұмабек Жамауовтың пікірінше, полигондағы кеніштерді игеруге рұқсат берілсе, өндірілген мұнайды тасымалдайтын құбыр желісі тартылар еді. Сонымен қатар, Қызылқоға ауданына жылына 4-6 миллиард теңге шамасында салық түсіретін, 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтыған «Матин» бірлескен кәсіпорнының да 1172 га жері полигон аумағында қалыпты. Сол себептен, бұл жердің полигон аумағында қалуы мұнай өндіру көлемін ұлғайтуға қолбайлау болып тұр, дейді кәсіпорын басшысы Рашид Агиюев.
Міне, мұның бәріне рұқсат алуға Тайсойған полигонын жалға алған ресейлік әскери бөлімнің рұқсаты керек. Осы мәселенің оң шешілуі үшін Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов жауап алу мақсатымен тиісті орындарға депутаттық сауал жолдаған екен. Сенатор Атыраудағы ресейлік әскери бөлім басшылығымен кездесті. Ресейлік әскери бөлім басшылығының рұқсат бермеуі заңға томпақ емесі анықталды. Өйткені, сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің айтуынша, 1995 жылғы 20 қаңтарда Қазақстан-Ресей арасында РФ Қорғаныс министрлігінің №929 мемлекеттік ұшу сынақ орталығын пайдалану тәртібін бекіткен келісімге қол қойылған. Арада 5 жыл өткенде, яғни, 2000 жылғы 5 шілдеде келісімді ратификациялау туралы Қазақстан Республикасының заңы қабылданған. Ал 2006 жылғы 4 сәуірде ҚР мен РФ арасындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойылады. Соған сәйкес, бұрын келісімнің 4-бабында полигонға берілген мүлік пен жер учаскелері субарендаға берілмейді деп жазылған болса, соңынан енгізілген толықтырудан кейін мүлік пен жер учаскелері тараптардың немесе, үшінші мемлекеттердің заңды және жеке тұлғаларына субарендаға берілмейтіні нақтыланды.
Заңның аты – заң. Еларалық келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізбей, заңдық тұрғыдан бекітілген келісімнің шарттарын бұзуға болмайды. Бұл – баршаға мәлім жәйт. Екі ел арасындағы келісімге сәйкес Атырау облысының Махамбет ауданында Тайсойған полигонының қызметіне қатысты Ресей Федерациясының №85 ИП әскери бөлімі орналасқан. Бірақ, сенатор С. Еңсегенов анықтағандай, әскери бөлім орналасқан жердің басым көпшілігі Атырау қаласы маңындағы Ақжар ауылының аумағына да кіреді. Әскери бөлімге берілген жердің бір бөлігі «Әсел» ЖШС-не берілген жер құрамына және кіреді. Кейін «Әсел» ЖШС тоғыз келісім-шарттың негізінде 4 заңды ұйымға және 4 жеке адамдарға сатқан. Бұл заңды және жеке адамдарға тиісті жерлеріне меншік құқын куәландыратын құжаттары рәсімделген. Осыған байланысты шаруашылық басшылары, жеке адамдар өз жерлерін талап етсе, ресейлік әскери бөлім басшылығы полигон аумағына жататын жерлерді басқа адамдардың пайдалануына рұқсат беруден бас тартқан.
Бұл ештеңе емес екен. Тексеру барысында Ақжар ауылындағы жекелеген тұрғындардың үйлері орын тепкен жерлер де полигон аумағына кіріп кеткен. Ресейлік әскери бөлімнің 1,7 км.х3 км. аумақтағы жерді артық пайдаланып отырғаны анықталыпты. Ал ресейлік №85 ИП әскери бөлімінің командирі Александр Зиминнің айтуынша, полигонды жалға алушы тарап келісімді қайта қарауға, полигонның шекарасын 50 кмх25 км=1250 шаршы км аумақты ғана құрайтын көлемге дейін қысқартудың жолдарын қарастыруға қарсы емес. «Өйткені, біз соңғы жылдары Тайсойған полигонында әскери қару-жарақты сынақтан өткізген емеспіз. Ракета секілді әуе күштері техникасы да құлаған жоқ. «Тайсойған» полигонының шекарасын қайта қарап шығуға ресейлік әскерилер әзір. Біз тек пайдаланылмай отырған жерлерді жалдап отырмыз. Егер, Қазақстанға тиімді болса, біз шекараның аумағын қайта қарап, жалдап отырған аумақты қысқарта аламыз. Өз есептеулеріміз бойынша, бізге қазір жалдап отырған 750 мың гектар жердің шамамен 1300 гектары да жетеді. Бірақ, жалға беру туралы келісім-шарттың шарттарын өзгерту мәселесі тек Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің деңгейінде ғана шешіледі», дейді ресейлік әскери бөлім командирі Александр Зимин.
Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Мақсот Мұқанов мынадай деректі алға тартады. Оның пікірінше, полигонның артық жері ауданға қайтарылса, 50 000 гектардан 25 000 тоннаға дейін мал азығын дайындауға болады екен. Екіншіден, бұл жерде 50 шаруа қожалығы мен ауыл шаруашылығы құрылымдарын құрып, 30 мыңдай қой, 10 мыңға жуық мүйізді ірі қара және 10 мыңдай жылқы өсірудің мүмкіндігі бар. Үшіншіден, осынша түлік түрлерін өсіріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2000 тонна ет, 1000 тонна сүт өнімдерін өндіруге қадам жасалады. Ең бастысы, «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығын дамытуға ынталы адамдарды жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру жоспары бар.
Бір белгілісі сол, Тайсойғанды жалға алған Ресей әскерилері полигон аумағын қысқартуға қарсылық танытып отырған жоқ. Сонда бар мәселенің түйінін тарқату тек екі ел үкіметінің келісімді өзгерту жөніндегі өзара келіссөзіне тіреліп тұр. Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов бұл мәселені Премьер-Министр К.Мәсімовтің атына жолдаған депутаттық сауалында баса айтады.
Өйткені, – деді сенатор С. Еңсегенов газет тілшісімен әңгімесінде, – келісімнің 23-бабында келісім он жыл мерзімге жасалатыны көрсетілген. Оның күші, егерде бір тарап екінші тарапқа он жылдық мерзімнің бітуіне алты ай қалғанға дейін оның қызметін тоқтату туралы өз тілегін жазбаша түрде хабарламаса, оның қызметі кейінгі он жылға өзінен өзі ұзартылатыны бекітілген. Ал біз келісім бойынша жалға берілген полигон аумағын өзгертуді, яғни, ресейлік әскери бөлім басшылығы айтқандай, пайдаланылмай жатқан артық жерді өзімізге қайтаруды сұрап отырмыз. Себебі, еліміздің Қорғаныс министрлігі берген ақпаратқа сәйкес Тайсойған полигонында 2000 жылдан бері қару-жарақты сынау жұмыстары жүргізілмеген. Ал Атыраудағы ресейлік әскери бөлім командирінің айтуынша, сынақ жұмыстары негізінен Ресейдің Астрахань облысы аумағындағы полигонда өтеді екен. Сондықтан біздегі полигоннан артық жер қайтарылса, тұрғындардың жеке меншік құқын білдіретін құжат алуына, мұнай кеніштерін игеруге жол ашылар еді. Шаруа қожалықтарын құрып, оның жетекшілері ауыл шаруашылығын қолдауға орай берілетін жеңілдетілген несиелерді, лизингпен техникаларды алуына оң қадам жасалар еді. Денсаулық сақтау, Қоршаған ортаны қорғау министрліктеріне депутаттық сауал жолдап, полигон аумағында болған, әлі де отырған тұрғындарды кешенді медициналық тексерулерден өткізуді, қоршаған ортаға экологиялық зерттеулер жасалуын сұрадым.
Бұл мәселелердің оң шешім табуы Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегеновке ғана қажет болмас. Қызылқоға ауданы жұртшылығының Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің оң шешім қабылдарына үміт артып, полигонның зардабынан көрген азабын айтпағанда, күнделікті тұрмысына тигізер машақатынан құтылар сәт боларын күтіп отырғаны ескерілгені жөн ғой.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы, Қызылқоға ауданы.