24 Маусым, 2011

Ақмоланың жағалауы қандай-ды...

671 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
«Көшпенділер» трилогиясындағы таңырқарлық тылсымдар хақында Ақмола өңірінің көркем шежіресі, нақты дерегі, мөлдіреген сурет-кескіні, тұрмыс-салты мен жер-суының бедерлері, тіпті аң-құстары мен өзге де таби­ғи тылсым сырлары әр жылдары жарық көрген әралуан еңбектерде тайға таңба басқандай етіп кестеленгені мәлім. Әрине ғылыми-танымдық еңбектердегі жарияланым бір басқа да, ал көркем әдебиеттің жемсауындағы жақұттар жүрекке тым жақын тартатыны айтпаса да түсінікті. Ал кез келген шығармадан Ақмола аймағын қаймақтай қалқып алып, тамсана жырлауға тағы мүмкін­дік жоқ. Өйтудің қажеті да шамалы ғой. Бізді аңсатқаны – Ақмоланың көне заманғы тұрпатынан, тіршілік иірімінен, табиғи флорасынан, ұлы көтеріліс кезіндегі (Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісі) тарихи таңбалы қым-қуыт сәттерінен, т.б. алмағайып заман құс­тыр­ған запыранды жылдардың уайым-қайғысынан өзек жарып өте білген тұ­тас­тай осы өңірдің өмір сүруге қақылы бүкіл болмысынан мол дерек беріп, қанағат сезімін тудыратын, сөйтіп бү­гінгі Астана атырабының арғы ата­сын­дай болып ту-уу арыдан елестеніп, бертінге берекелі үмітпен ертегідей боп жеткен нулы да дулы, сұсты да сұлу өлкенің арғы-бергі нышандарын көз алдымызға дөңгеленте қоятын құдірет­ті сөз кестесі тоқылған «Көшпенділер» трилогиясын ( авторы – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты І. Есенберлин) санамен саралап өткенде жад жаңғырып, сезім сергектене түсетіндей. Осы күнгі Қараөткел маңының ХІХ ға­сырдың орта шеніндегі табиғи қала­пы­на көз жүгіртіп көрелікші. «Әлі ыс­тығы толарси қоймаған Жазтоқсанның аяқ кезі еді. Қызғалдақ, сарғалдақ, бақ­бақ, лала, жаушымылдықтар гүлденіп бітіп, бетеге, көкпек сарғылт тартып, итмұрын, жуа, қарабауыр, жалбыз, қара қарақат, қызыл қарақаттар қата бастаған. Арқа жерінде сирек кездесетін түйе тікеннің жапырақтары түсіп, сабы серейіп, басы домалана ербиіп, шы­тыр, қарабауыр, шырғанақ тарамыс­та­на түскен». Иә, Жазтоқсанның аяқ кезі – өз атымен меңзеп тұрғандай, та­мыздың соңы болғаны-ау. Яғни, жаздың жайдарман кейпі кейінге лықсыған, сонда да сұлулық сылдырмағын қолы­нан тастамай, маңайын көңілді әуенге бөлеген, ажарының қайта бастағанына қынжылмай есесін үстемеленген гүл-бәйшешекті гүлзарымен толықтырып, хас сұлудың сыланғанындай қайталан­бас елес-хошымен бой балбыратып, мар­қайтып та маужыратқан, әне-міне, қызығы тарқағалы жатқан қимас шағы екен ғой! Қашан да кетер қызық қимастық шоғын қоздатады. Қимастық, өз кезегінде өмір мәнін ұғыну болса керек. Қанша қимасаң да өмір үзілері дау­сыз. Ал көкірек көмбесінде қатталған та­биғаттың сұлу да паң, кербез де кер­миық, кермек те керімсал, бәтір-ау, тіпті ойқы-шойқы, шұбалаңқы дерліктей, бірақ бірегей жанға жағым­ды­лы­ғы­мен-ақ тіршіліктің қуат көзіндей лағыл тылсымдарымен жүректі жылы­тып жіберетініне тәнті болмасқа шараң жоқ. Енді «есенберлинше» еске түскені­не елегізи тояттап, бүгіннің бүктеме­сін­дегі бұрынғы Ақмоланың берекелі ай­мағын бағамдап көрсек ше? Негізінен бетегелі – селеулі және жусанды – да­ла­лық өсімдік жамылғысымен көм­керілген екен. Өзен аңғарлары мен көл қазан шұңқырлары­ның төңірегінде шал­ғындық өсімдік ба­сым тарапты. Өр­леу тұсында қарағай, қайың, көктерек, түрлі бұталар өседі. Қазір қарасаңыз, бүгінгі Астананың сыртқы аймағын белдеулей орап 55 мың гектардан астам жасыл орман жайқалып өсіп келеді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев осы жазда әдейі сол алқапты аралап көріп, саясында самалдап, өз қолынан түрлі құс пен жануар­ларды еркін бағымға жіберіп, орман көлемін тағы да еселей түсу керектігін болашақ міндет ретінде қойды. Мерейлі міндет. Жаңа астананың жа­сыл желегін желкілдетуге ғашық та машық жандардың қолынан әбден келетін мар­хаб­батты іс. Қысқаша айтқанда, Елбасы­ның қуаттап, қолдаған «Жасыл ел» бағ­дарламасының қайтарымы. Бір қуанар­лы­ғы сол, мамандардың айтуын­ша, бү­гін­дері бұрын тек Есіл, Нұра өзендерінің бойын ыстық жазда сағалап демалу­шы­лар, енді әлгі жасыл тоғайды паналап, оның саф ауасымен тыныстап, емін-еркін сайрандай алса керек. Бір мықтап ескерерлігі, тосын қауіп – оттан сақ болған абзал. Бетін аулақ қылсын, түйнектен тамырлатып түбір жайдыр­ған әр талдың бойлап өскенін салақсып тастаған бір темекі ұшқынымен өртке жалмату қас қа­ғымдағы қайғы ғой. Соған абай болайық! Тағы да «есенберлинше» електен өткізіп көрсек: «Есіл өзенінің жағасын­да ойдым-ойдым боп бітетін тал, шетен, сарыағаш, қайың, аршалардың жаз­­ғытұрымғы жасыл жапырақтары сар­ғылттанып, ал кейбіреулері үнемі соққан желдің екпініне шыдай алмай сыйдия қалған». Міне, шұбатылған мол белдеулі бүгінгі жасыл аймақтың да күзгі көрінісі сол бедерлі кезеңнің елесін көз алдыңнан көлбетіп өткізетіндей... Әрірек дендеп оқысақ: «... Есіл өзені жазғытұрым тасығанда кішігірім көл болып қалатын қамысты қарасу­лардың беті мен жағасы құсқа толы». Еріксіз ойға жүгінесіз. Көңіл дүрбісі бүгінгі аспалы көпір доғаша иіліп түскен Сарыарқа даңғылының сол иінін тінткілеп кетеді. Есілдің сан тарам сағасы суыртпақталған тұсында бүгін осы заманғы талаппен көрікті жағалау безендірілген. Әрегідік шоқ-шоқ қамыс басы сыбдырлап, бауырында жарыса жүзген балапанды құстар көз құртына айналған. Демек бұрынғының бүгінгіге үзілмей жеткен құс-бунағының өзі өмір құйысқанындай жараса кеткеніне тамсанбай тұра алмайсыз. Енді кезектестіріп, өткеннің өмілдірігін өрбітелік: «Бұл арада кішкентай көкторғай, бөде­не, көк­серке, жағалтай кекілік, балтатұмсық, шілден бастап, үлкендігі анау-мынау қозы-лақтан кем емес, қарақаз, бір­қазан, дуадақ, қарабай, қырғауыл мол болатын». Неткен байлық! Құс базары­ның нарқын байытқан ғажап несібе, көзге құмарлық үйіріп, маңайына сұлу­лықтың соны пердесін ысырған, ынта суырған көкжиек. Қазір қалай екен? Сол күйінде кәдемізге жарап жүр ме екен? Әй, қайдам?! Есілдің әрірек жетеленіп жұтылатын қуықтай сілемдеріндегі болар-болмас құс қаңқылы сол өт­кен дәуреннің дәнегіндей түйірімен жа­рылқаса жарар еді-ау! Жасыратын несі бар, қу таяқ ұстап қалғандаймыз ғой... «Көшпенділердің» әр жолынан көрім­дік сұрарлықтай көркемдік легі түзіле береді: «... қазақ даласының өзге жерінде сирек кездесетін жайра, тағанақ, сақалта, алақұмай, көк қарға, қодас қоңылтырды да іздеген адам табатын. Көлдерінде қаз-үйрек, аққу, қарақу тыным алмай сыңсып ән салатын». Бірсыпырасының түрін көр­мек түгілі, атын естімегенімізді мойын­дау­ға тура келер. Сол себепті Есіл жаға­лауын­дағы бұрынғы құс базарының орнын сипап қалғанымызға өкінгеннен басқа шара­мыз жоқ, әрине. Енді трилогиядағы аңдар галерея­сы­на назар аударалықшы: «... қазақ да­ла­сында жайшылықта мол кездесетін қоян, қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, суыр, ақтиін, күзендерден басқа, бұл ара­да ақкіс, қарағанның қара түлкісі, қырдың қызыл түлкісі: көл, өзендерінің жағасын­да сусар, құндыз, бұлғын да ұшырайды. Кейде әлдеқалай жем іздеп келген сілеусін мен шиебөрі де кездеседі...» Бұған қарап, бұрынғы Ақмоланың аймағын Есіл жағалап аң қаптап кеткен екен деген жеңіл көзқарас және қалып­тас­пағаны жөн шығар. Аң атаулы қазір­гі жаңа астана түскен сол жағалаудың «Хан шатыр» орын тепкен арғы ойдым-ойдым көлдердің саясында өріп жүрге­нін өзге де жазбалардан оқығанымыз бар. Бәлкім, ерте заманғы Бозақтың өр­леу-қыратындағы сыңсыған жыны­сын­да ақбөкен, елік, арқар, сілеусін, қас­қыр, түлкі, қарсақ, суыр, борсық, қоян, ақкіс, құндыз, ақтиін, су егеуқұйрығы бүгінде қонысын улы-шулы шаһардан сайын даланың терең түкпіріне аудар­ға­нына таңғалып, түңілгеніміз жүдә жа­распас. Уақыт тезі де. Дүние жара­тылысы бәз-баяғы күйінде тұра бермейтіні тағы ақиқат ғой. Десек те кешегісіз бүгін жоқ. Сол кезеңнің тұнған берекесін алақанға қайыра салуға деген құмарлық тежел­мейді-ақ. Тежеліс болмаған жерде тегеурінді іс тетігі қозғалысқа енеді... ... Осыдан екі ғасырға жуық уақыт бедерінде Ақмола жағалауындағы өсімдік атаулы құлпырып, аң-құстың базары бар нақышымен жайнап жатқан тұсты «Көш­пенділерден» оқып, көзге елестеткенімізде қуаныш билеген көкі­регі­міз қыз-қыз қайнаған. Табиғат бай­лығының көкжиегі тарылмасыншы. Мүм­кін, сол береке-құт қазіргі елорда аймағын орап белдеуленген жасыл ай­мақта өзгеше қырынан көркейіп, жалға­сын табар? Елбасы жуырда сонда – он үш жылғы жас орманшыққа құс ұшы­рып, аң жіберді емес пе еркіндікке. Қиял­дан жүйрік не бар. Енді он үш ға­сыр­дан соң мың сан мақамдағы сол ор­манның сыңсыған үніне құлақ түре­тін ұрпақтар неткен бақытты еді!.. Қайсар ӘЛІМ.