БАС ХАТШЫЛЫҚҚА ҚАЙТА САЙЛАНДЫ
Біріккен Ұлттар Ұйымының қазіргі Бас хатшысы Пан Ги Мунның осынау аса мәртебелі қызметке қайта сайланатынына ешкім де күмән келтірмеген. Солай болып та шықты. БҰҰ Бас Ассамблеясында 192 елдің өкілдері бұл ұсынысты қол шапалақтап қарсы алды. Тіпті дауыс саналмапты да.
Әлдеқандай күмән болса, Пан Ги Мунның өзі де кандидатурасын ұсынбас еді. Бұл – дипломатиялық ортада жазылмаған заң. Әккі дипломат, қарымды саясаткер Пан Ги Мун өз кандидатурасын ұсынғанда талайдың, ең алдымен, осынау ұйымда айрықша беделі бар елдердің тамырын басып көргені де анық. АҚШ, Жапония сияқты бұл халықаралық бас ұйымды қаржыландырып, «асырап» отырған елдер қарсы болып немесе өз кандидатураларын ұсынғысы келсе, бұл шаруаға олар әлдеқашан араласып кетер еді, тіпті олардың емеурін білдіруі де жетер еді.
Бұған дейін БҰҰ Бас хатшылығы қызметін атқарған жеті қайраткердің көпшілігі екі мерзімге сайланды. Тіпті Пан Ги Муннан бұрынғы Кофи Аннанның өзі, соңына біраз сөз ергеніне қарамай, екі мерзім қызмет атқарып, артына айтарлықтай із қалдырып, абыроймен кеткен. Ал қазіргі Бас хатшы туралы жағымсыз сөз айтыла қойған жоқ, қайта оның түрлі халықаралық шиеленісті жағдайларға жедел араласып, өткір мәселелердің өтінде жүргені жұртқа белгілі.
Оны қайта сайлаған сессияда құттықтап сөйлеген БҰҰ Бас Ассамблеясының қазіргі төрағасы, Швейцарияның бұрынғы президенті Джозеф Дейсс Пан Ги Мунның атына айтылған мадақтау сөзін аяған жоқ. Қазіргі аса күрделі де бей-берекеттік орын алған халықаралық ахуал заманында оның БҰҰ-ның беделін сақтап қалуы, жұмысын барынша ашық жүргізуге қосқан үлкен үлесін атап көрсетті.
Нақты Бас хатшылық қызметте не бітірді дегенде, әлемдік тыныштықты сақтау ісіне үнемі бастамашы болғаны, БҰҰ-ның ұйымдастырушылық жұмысын нығайтуға байланысты біршама реформаларды жүзеге асырғаны алға тосылады. Климаттың жаһандық жылынуына қарсы шаралардың басында жүрді. Суданның Дарфур провинциясындағы шиеленісті реттеу мақсатында оған бітімгершілік күшті енгізуге мұрындық болды...
Пан Ги Мун бұл қызметке осыдан бес жыл бұрын дипломатиялық жұмыстан келді. Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдің, үлкен саясаттың ортасында жүретін елдің сыртқы істер министрлігін басқарып, біраз жайға қаныққаны да анық. Ол – әлемдік саясаттың басты бағытын жете білетін сарабдал дипломат. Даулы мәселеге кезіккенде, қашанда тіл табысу жағында.
Бас хатшының жұмысын өз елімізге қатыстыра айтсақ, Пан Ги Мун біздің елімізде болып, Арал аймағын аралап көрді, кешегі ядролық сынақ аймағындағы жағдаймен де танысты. Біздің еліміздегі жағдайға әлем жұртшылығының назарын аударды. Белгілі дипломат, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметіне шақырылуы да Пан Ги Мунның біздің елге, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген құрметі мен көзқарасының көрінісі деуге болғандай.
Әдетте Бас хатшының кандидатурасы туралы БҰҰ-ға мүше елдер өз пікірлерін білдіріп жатады. Біздің еліміз де Пан Ги Мунның кандидатурасын алғашқылардың бірі болып қолдайтынын мәлімдеді.
Қазіргі саяси әлем күрделі жағдайда. Басқасын былай қойғанда, араб дүниесі өртеніп тұр. Оның отын өшірудің бір ұшы БҰҰ-ға келіп тіреледі. Арпалысқандарға араағайындық керек. Оған БҰҰ-дай ұйымның беделі де, қамқорлығы да керек. Сол ұйымның басында бітімгершіл қайраткердің жүргені де жақсы.
* * *
ЖАПОНИЯ АЛЫПТАР САПЫНДА ҚАЛА МА?
Үстіміздегі жылғы наурызда алапат апатқа ұшыраған Жапонияның болашағы туралы әңгіме көп. Біраз сарапшылар, мамандар сол апаттан келген шығындарды алға тосып, бұл ел енді еңсесін көтере алмайды деген тұжырым жасайды. Енді біреулер аса талантты жапон халқы бұл қиындықты да жеңіп, алыптар қатарындағы өз орнын сақтайды деген ойда. Біз сол соңғы ой жағындамыз.
Расында да бұл алапат апаттың салдары орасан. Алдымен жер сілкінісі мен цунамидің салдарынан 15,3 мың адам қаза тауып, 8,4 мың адам із-түзсіз жоғалған. Өте көп. Бірақ басқа бір елдердегі зілзаладан бұдан әлдеқайда көп адамның қаза тауып жататыны белгілі. Ал экономикалық шығынның көлемі тіпті көп. Әдетте бұл елде барлық нәрсе дамыған. Сол дамыған нәрсе қираса, одан келер шығынның да мол болатыны заңды. Ресми есептерге қарағанда, Жапониядағы бұл апаттан 450 миллиард доллар шығын келіпті. Бұл – ортаңқол бір елдің бір жылдық ішкі жалпы өнімін әлденеше рет орап алатын қаржы. Сол қираған нәрсенің орнын толтыру үшін тағы да 200 миллиард доллар қаржы қажет көрінеді.
Экономикалық шығынмен қатар, сарапшылар моральдық зардапқа да айрықша назар аударады. Халықтың еңсесі түскен, бұл өз кезегінде экономикаға да әсер етеді, дейді. Адамдардың өзіне өзі қол салуы, әсіресе, апат болған аймақтарда жиілепті. Бұл жөніндегі жағымсыз көрсеткіш 18 пайызға өскен. Мұны да түсінуге болар дейсің. Адамдар өзінің жақынынан айрылады, жоспарлары күйрейді. Сондайда мұндай қадамдарға баруы заңдылықтай көрінеді. Уақыт өтер, тірінің тіршілік жасайтыны бар, жапон халқы еңсесін көтеретініне сенесің.
Тағы да ресми орындардың, үкіметтің болжауын алға тосып, біраз сарапшы бұл елдің құлдырауы басталды деп тұжырым жасауға құмар. Статистикалық мәлімет бойынша ІЖӨ алғашқы тоқсанда 3,7 пайызға кеміпті. Бұл болжамнан жоғары екен. Елдегі жетекші автомобиль шығаратын компанияларда да өндіріс 50-60 пайызға төмендепті. Алғашқы үш айда жалпы өндіріс көлемі 15 пайызға кеміген. Сәуір айында сыртқы сауда балансы теріс сальдоны көрсетіпті. Соңғы 30 жылда мұндай болмаған екен. Болмаса, сол наурыздағы алапат апат та болмағанын ұмытпаған жөн. Осындай апат кезіксе, кез келген ел осындай жағдайға ұшырар еді. Тіпті көптеген ел күйреп те қалар еді ғой. Ал Жапония өзінің құдіреттілігімен қиындықты қасқайып қарсы алып, оған төтеп берді.
Қалайда Жапонияның сағын сындыра сөйлегісі келетіндер осы апат алдында-ақ ішкі жалпы өнім көлемі жөнінен Қытайдың оны басып озғанын, сөйтіп, АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шыққанын көп айтады. Бірақ Қытайдың халқы Жапонияныкінен он есе артық екенін, ішкі жалпы өнімнің көлемі жөнінен Аспанасты елінің күндердің күнінде оны басып озатыны уақыттың еншісіне жататыны анық еді. Ал сол ІЖӨ-нің жан басына шаққанда Қытайдың Жапонияны қуып жетуі екіталай болар. Сірә жақын кезде жүзеге аса да қоймас. Бұл үшін Қытайда ІЖӨ он есе артуы керек. Ал Жапония қазіргі орнынан қозғалмауы тиіс.
Ал жапондар ондай халық емес. Ол – жоқтан бар жасайтын күрескер халық. Мұны олар тарих алдында дәлелдеген. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапония шаруашылығы қатты күйзелді. Оған жеңген елге төлеген контрибуцияны қосыңыз. Жарты ғасыр өткенде, бұл ел әлемдегі ең қуатты екінші елге айналды. Қиындық бұл елдің халқын қайрай, жігерлендіре, топтастыра түсетіні бар.
Мамадияр ЖАҚЫП.