Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Шығыс Қазақстан облысына келді. Сапар барысында Мемлекеттік хатшы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге облыс орталығының бірқатар нысандарын аралап, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шаралардың жүзеге асуының барысымен танысты.
Өңірде өткен жылы «KATEV» халықаралық қоры мен облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Елбасы Жолдауында айтылған интеллектуалды ұлт қалыптастыру бағытында «Нұр Орда» халықаралық мектебі ашылған болатын. Бүгінде бұл мектепте 100-ден астам бала халықаралық стандартқа сай білім алуда. Мемлекеттік хатшы, ең алдымен, мектептің жай-күйімен танысты. Бұл мектепте оқу төрт тілде жүргізіледі. Оқушылардың терең әрі заман талабына сай білім алулары үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Ғаламтормен, интерактивті тақталармен жабдықталған тіл кабинеттері қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгеруге мүмкіншілік береді. Қазір мектептерде демалыс маусымы болса да «Нұр Орданың» жаз айларында да есігі айқара ашық. Өйткені, мұнда жазғы мектептің жұмысы жанданып тұр. Оқушылар қонақтарды күмбірлеген күймен қарсы алды. Сондай-ақ, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өздерінің 20 кітап оқып жатқандығымен Мемлекеттік хатшыны да, облыс басшысын да риза етті.
Облыстағы беткеұстар балабақшалардың бірі «Балапанда» бүгінде 360 бүлдіршін тәрбиеленеді. Архитектуралық бейнесінің өзі көз тартатын бұл балабақшаның іші де кірсе шыққысыз. Мұны Мемлекеттік хатшы да балабақшамен танысу барысында атап өтті. Бүлдіршіндердің саламатты, ақылды ұрпақ болып өсулеріне жағдай жасалғандығын тілге тиек етті. Өскемендегі ең үлкен бассейндердің бірі де балалардың игілігі үшін осында салынған көрінеді. Бүлдіршіндердің жылы лебізіне бөленген Мемлекеттік хатшы оларға еліміздің мықты азаматтары болып өсулеріне тілек білдірді.
Бүгінде елімізде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында көптеген білім ордалары мен медициналық мекемелер бой көтеріп келеді. Шығыс Қазақстан облысында осы бағдарлама аясында жеті мектеп, он бір аурухана салу көзделген.
Мемлекеттік хатшының атбасын тіреген келесі бір нысаны – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті болды. Еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қомақты үлес қосып келе жатқан аталған оқу орнының базасында Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырған 14 ғылыми-технологиялық зертханалық кешендерінің бірі құрылған. Зертханалардың бір ерекшелігі – мұндағы тәжірибелердің барлығы облыстағы ірі кәсіпорындарда іске қосып, қолдану мақсатында жасалатындығы. «Іргетас» атты тау-кен өнеркәсібін жаңа технологиялар көмегімен дамытуға арналған зертхана, энергия үнемдеу технологияларын іске асыру мен жанар-жағар май зертханалары сынды үлкен бір кешенді құрап отырған зерттеу лабораториясы бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман кадрларын дайындауда елеулі істер атқарып отыр.
Оқу орнының материалдық-техникалық базасына, университеттің кадр даярлаумен ғана шектелмей, өңірдің өндірістік дамуына да мол үлес қосып отырғандығына Мемлекеттік хатшы оң бағасын берді.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру барысында облысымыздың көптеген кәсіпорындары да заман талабына сай жаңғыруда. Сондай кәсіпорындардың бірі – «Үлбі металлургия зауыты» АҚ-та болған Мемлекеттік хатшы кәсіпорынның тантал өндіру цехының жұмысымен танысты.
Жуықта облыс орталығында сәулемен емдеу орталығының құрылысы аяқталып, жұмысын бастаған болатын. Қанат Саудабаев орталықтың ұжымымен кездесіп, заманауи құрылғылармен жабдықталған орталықты аралады.
Бүгінде өңірде сәулемен емдеу терапиясын күтіп, кезекте тұрған 17 мыңнан астам науқас бар. Жаңадан ашылған орталық олардың санын жыл көлемінде бірнеше есеге азайтуға мүмкіндік береді. Тек бір айта кетерлігі – онкологиялық ауруға шалдыққандарды кешенді түрде емдеу үшін орталыққа жалғасып жатқан 250 орынға лайықталған аурухана салу ауадай қажет. Мұны облыс басшысы ерекше қадап айтты. Оған тек облыстық бюджеттің шамасы жетпейді. Сондықтан, облыс басшысы Мемлекеттік хатшыдан республикалық бюджеттен қаржы бөлдіруге ықпал етуін сұрады.
Мемлекеттік хатшының атбасын бұрған соңғы нысаны – облыстың мақтанышына айналған этноауыл болды. Мұндағы орын тепкен әр ұлттың баспаналары мен заман талабына сай салынған көрме залдары, шеберлер қалашығы, тіпті архитектуралық скульптуралар Мемлекеттік хатшының ризалығын тудырды. Халық мұнда жай демалып қана қоймай, мұражай мен көрме залдарындағы дүниелерді тамашалау, фольклорлық және ұлттық-аспаптық аллеяларда сазды әуен тыңдау арқылы рухани жағынан байып та қайтатындығы кім-кімді де болса сүйсінтеді. Бір айта кетерлігі – мұндай этноауыл елімізде әзірге біреу-ақ, ол – Шығыста.
– Менің ойымша Астананың өркендеуі еліміздің барлық қалаларының өркендеуіне негіз болды. Елбасымыз елордамыздың тек экономикалық-әлеуметтік дамуына ғана емес, мәдени дамуына да ерекше назар аударып келеді. Менің байқауымша, Шығыс өңірінде де бұл дәстүр сақталған. Сіздердің индустриялық-экономикалық даму бағытында ғана емес, мәдени салада да көп жетістікке жеткендіктеріңіз қуантады, – деді Қанат Саудабаев.
Сапарын қорытындылай келе, Мемлекеттік хатшы Шығыс Қазақстанда атқарылып жатқан шаруалардың ел экономикасы мен мәдениетінің дамуына ерекше үлес қосатындығын атап өтіп, бұл жұмыстарға оң баға берді.
Лаура ТІЛЕУБАЙҚЫЗЫ, журналист, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін.