Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында әлеуметтік салаға көп көңіл бөлді. Расында, халықтың көңіл-күйі осы әлеуметтік мәселелерге тікелей байланысты екені белгілі. Сондықтан әлеуметтің әлеуетін арттыра түсу басты мәселелердің бірі болып қала бермек. Президент «Үкімет бизнес қоғамдастығымен бірлесіп, индустриялық нысандарға жұмыс істегісі келетін адамдарға тегін кәсіптік оқуды ұсынуы қажет. Әрбір қазақстандықтың елді ауқымды индустрияландыруға қатысуына мүмкіндік туғызуы керек» деуі де осындай міндеттерден туындаған.
«Жол картасы» бағдарламасы аясында көптеген жұмыстар атқарылды, жұмыссыздық деңгейі қысқарды. Бұған мысалды Қазалы ауданында атқарылған іс-шараларға қарап байқауға болады.
«Жол картасы» іс-қимыл жоспарының орындалуына байланысты ауданда 2010 жылы 13 жоба қаралып, нақты 297 жаңа жұмыс орны ашылу белгіленген болатын. Бұл әлеуметтік жобалар бойынша 8 мердігер жеңімпаз атанды. Аталған 8 мердігермен келісім-шартқа отыру нәтижесінде 297 жұмыссыз жұмысқа жіберіліп, әлеуметік жоба бойынша ашылатын жаңа жұмыс орындары 100 пайызға орындалды.
Сол сияқты мамандығы бар жұмыссыз жастарды тәжірибеден өткізу, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу үшін 60 млн.теңге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 2010 жылы меншік нысанына қарамастан 117 мекемемен келісім-шартқа отыру арқылы жұмыс іздеуші ретінде тіркеуде тұрған 464 адам өз мамандықтарына сәйкес жастар тәжірибесіне, 37 жеке тұлғалармен келісім-шартқа отыру арқылы 203 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. «Жастар тәжірибесі» бойынша жіберілген мамандардың 78-і, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілгендерден 49 адам жұмысқа орналасты.
«Жол картасы» бойынша аудандағы №5, №8 кәсіптік лицейлерде атқарылатын жобаларға сәйкес тракторист-машинистке – 25, автокөлік техникалық қызмет көрсету және жөндеуге – 25, слесарь-сантехникке – 25, кірпіш қалаушыға – 25, газ және электрмен дәнекерлеушіге – 25, барлығы 122 жұмыссыз аталған мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курста оқытылды.
Кенттегі №5 кәсіптік лицейден оқу бітірген 50 жұмыссыздан 20 адам, Қазалы қаласындағы №8 кәсіптік лицейден оқу бітірген 75 жұмыссыздан 16 адам, барлығы 36 адам мекемелердің қажеттілік сұраныстарына сәйкес әр түрлі мекемелерге жұмысқа тұрды.
«Жол картасына» байланысты жұмыссыздарға кәсіптік даярлау және қайта даярлау курстарын ұйымдастыру барысында 2010 жылы енгізілетін инновациялық жобаларға, әсіресе, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасына қажетті мамандарды дайындау мақсатында Қызылорда қаласындағы «Тех Маман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 5 жұмыссыз өз өтініштері бойынша қысқа мерзімді 2 айлық курста оқытылып, 4-еуі жұмысқа орналастырылды. Биылғы жылы аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға «Рза-Агро» ЖШС-ның сұранысы бойынша Түктібаев ауылында №8 кәсіптік лицейдің арнайы филиалы ашылып, 23 жұмыссыз тракторист-машинист мамандығына оқытылып, білім алып шықты. Олар да жұмыспен қамтылды.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізін қайта жаңарту мақсатында автомобиль жолының қайта салу жобасын іске асыруға жұмыс жасап жатқан мердігер мекемелер 2010 жылы ауданнан 60 жұмыссызды арнайы жолдамамен жұмысқа қабылдаса, биылғы жылдың 5 айында 99 адам жұмысқа жіберілді.
Өткен жылы аудан бойынша тұрмыстық жағдайы кедейшілік шегінен төмен 305 отбасының 1638 мүшесіне 15771,4 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Бұл әлеуметтік төлемдер биылғы жылдың 5 айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 165 отбасыға, 2788,3 мың теңгеге қысқарды.
Жаңадан бекітілген «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты аудан әкімінің қаулысымен «Аудандық жұмыспен қамту орталығы» құрылып, мамандары жасақталу үстінде. Жыл артқан сайын жұмыссыздар саны да азайып келеді. Ал мұның бәрі мемлекет жүргізіп отырған сындарлы саясаттың арқасы екені айдай анық.
Жаппарберген ЖАЛҒАСБАЙ, Қазалы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы.