19 Шілде, 2011

Елорда– Тәуелсіздіктің бойтұмары

464 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бүгінгі Қазақстан – әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды, қоғамдық-саяси құрылымы берік, бар­лық кедергіден өтіп, тұрақ­ты­лық пен ынтымақтың, бір­ліктің туын тіккен, әлем та­ны­ған ел. Сол елдігіңді айна­ла­ңа мойындату қиынның қиы­ны. Біз ел болғанымызды әлемге мо­йындаттық. Онда Елбасының ерен еңбегі, сара саясаты өлшеусіз! Бұл ха­лықтың мерейін арттырып, Көкбайрақ­тың астына тығыз топтастыра түсті. Елбасының салиқалы саясатының арқасында Қазақстан халқының әл-ау­қаты жақсарып, экономикалық даму қа­р­қыны еселенді. Бүгінде әлем алпауыт­тарымен иық тірестіре өрлеуіміз де Ұлт көшбасшысының жемісті еңбегі. Тәуел­сіздік алған 20 жыл ішінде қазақ елінің әлем қауымдастығы алдындағы бағыт-бағдары айқындалып, экономи­ка­лық саясаты нақтыланды. Аз жылда Қа­зақ­станның қол жеткізген жетістігі ту­ралы француздық Мартин Стифф «Ке­ңес одағы ыдырап, коммунизм құлаған соң Қазақстан небары жиырма жылда тәуел­сіз мемлекет болып құрылды. Бұған дейінгі қазіргі заман тарихында ол еш­қашан тәуелсіз болып көрмеген еді. Демо­кратияны, саяси саналылық пен еркін нарықтық экономиканы құру­ды нөл­ден бастауға тура келді. Осыны есепке ала келгенде, Қазақстан бұл салаларда өсуге қол жеткізді, аса үздік және оң табыс болды», деп жазды. Бұ­дан да терең айтылған пікірлер қаншама. Бүгінде Астана күнін мерекелеу арқылы қазақстандықтардың бойында өз Отанына деген мақтаныш сезімін оятуға, болашағына сеніммен қарауға, аза­мат­тардың мемлекет болашағын құ­ру түсініктерін қалыптастыруға мүм­кін­дік туды. Астана – бұл кең даладағы жай қала ғана емес, саяси ерік-жігер кө­рінісінің нышаны. Оның келешегі жаңа ғасырдың еншісінде жатыр. Қазір әлем елдерімен тереземіз теңесті. Көркейген елге айналдық. Ұрпағымыз мақтан тұтатын қала орнықты. Жыл сайын Астана күнін мерекелеп келеміз. Бұл аста­на­лықтардың ғана емес, бүкіл қазақ­стандықтардың мерекесі екені даусыз. Арқа төсінен әлемге таңдай қақтыр­ған жаңа Астананың салынғаны Елбасы «Ерке Есіл жағасында бой көтерген, ерекше сәулетті ландшафты бар, бірегей мүсіндік нышандары сап түзеген, жо­ғары технологиялы, болашаққа қол созған, өзгені сыйлап, өзінің жаңа Ас­та­на­сы мен өз елін шексіз мақтаныш тұта­тын көп ұлтты және көп дінді халқы бар әсем де мейірлі Астана ... Біздің Астана сәулет өнерінің жауһар туындыларына, үздік үлгідегі ескерткіштеріне, алуан гүлдермен өрнектелген бау-бақшаға оранған, Шығыс пен Батыстың ең озық, рухани құндылықтарын тал­ғам­мен бойына жи­на­ған жоғары мәдениетті қа­­лаға айналды», деп атап көрсетеді. Бұған алып қосарымыз жоқ. Астананы көрген кез келген эстетикалық тал­ғам иесі қазақ деген ха­лықтың Астана да сала ала­тынын, «Орда» да тұр­­ғыза алатынын жал­пақ әлемге паш еткенін ерекше сеніммен қабыл­дайды. Міне, осы табы­сы­мызды жас ұрпақтың санасына жеткізу ұстаз­дардың еншісінде екендігі анық. Осы орайда өңірдегі балалар үйі мен мектептерде «Қазақстан – бірлік пен ынтымақ­тың мекені», «Астана – ха­лық­­тың ру­хани-мәде­ни ор­­талығы», «Біз Ас­та­наға қарап ой түзей­міз», та­ғы басқа та­қы­рып­тарда дөң­гелек үс­­тел­дер, жиын­­дар өт­кізіп, еліміздің өркендеуі мен гүл­денуіне бай­ланысты дерек пен дәйекті ортаға салдық. Әсіресе, жа­с­тардың жігерлі сөзі үлкен әсерге бөледі. Жетісу жерінде осындай білімді, білікті жас­тардың қа­лып­та­с­қаны қуантады. Ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдағы жетістіктеріне жан-жақты тоқ­талып, жастардың елжан­ды­лық қа­сиеттерін ояту­ды бас­шылыққа алған жұмысымыз өз жемісін бергені үлкен бақыт. Гүлнар Ермекбаева, Алматы облыстық балалар құқықтарын қорғау департаментінің директоры. Алматы облысы.