27 Шілде, 2011

Шүйгін шындық

977 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Гүлнар Дулатованың «Алаштың сөнбес жұлдыз­дары» деген атпен шыққан естелік-эссесін оқығанда, ол кісінің «Шындық шырағы» кітабына рецензия жазға­нымда аңғармаған бір жайға тап болдым. Біріншіден, еркек пен әйелдің дүниеге көз­қа­расында табиғи айырмашылық бар екенін білсем де, зерттеу, деректеу, куәландыру мен баяндауға келгенде өзгеше тәсіл табатынын байқадым. Екіншіден, ға­лымдар, зерттеушілер, дерекке сүйену­шілер әрдайым мағлұмат төңірегінде шыр айналғанымен, деректің ішкі қатпарын ақтарып жатпайтынын өз тәжі­рибемнен білемін. Үшіншіден, шындықтың өзін түсіндіруде әйелдердің қаламы тым терең қазады да, ұсақ-түйектерді жандандырып жібереді екен. Төртіншіден, дерек-мағлұматтың өзі пендеге біткен мінез-машықпен жарқырай түсуі үшін оған әйел көзі­мен де қарау қажет екен. Тоқсан бесіңді бір буып, жүзге қарай ойланбай, қажымай тартып бара жатқан алаштың сөнбес жұл­дыздарын кәдімгі тіршілік аясында әңгі­мелей отырып, әлеу­меттік мәнді ұмытпауы, өзінен өзі болар құбылыс ретінде ақ­парлап көр­­сетуі оқушы құмарын қан­дыратын дең­гейде. Тіпті, есте қалғандарын, көрген-біл­гендерін баяндаушы ғана емес, пуб­лицистке тән дәлдікпен, жазушыға тән шалқумен баяндайды. Осының растығына дәлел ретінде Алаш қозға­лысының көсемі, Алашорда үкіметінің төрағасы, бүкіл әлеуметтік қозғалыстың басы-қасында болған Әлихан Бөкейхановтың сыр-сипатын, пенделік қа­сиетін ешбір еңбектен оқымап ем. Міне, енді Гүлнар апайдың сипаттамасы арқылы ол кісінің келбетімен танысып отырмын. «Атакемнің бейнесі көз алдымда: ұзын бойлы, сом денелі, иықты келген өңі қоңыр еді... Ашық үлкен көздерімен жұртқа қадала қарайтын. Көрмекке сұсты болғанмен жаны нәзік, балажан, жалпыға жана­шырлық көрсететін қолы ашық мырза кісі болатын. Біреуге жақсылық етсем дейтін. Үйдегілермен көбіне орысша­лайтын. Жұбайы орыс – Елена Яковлевна Севостьяно­ваға Омбыда 1903 жылы үйленген. Тұңғышы Елизавета (Лиза), ұлы Сергей – Үгідей (Үгітай дейтін) 1905 жылғы. Атакем жұртқа үйірсек, ашық мінезді, өзін жұрттан ерекше ұстамайтын кішіпейіл, баламен балаша, үл­кенмен үлкенше сөйлесіп кететін. Жұрттың атына «то­варищты» қосып сөйлейтін. Дауысы жуан гүрілдек, күлгенде қарқылдап мәз болатын. Үстіне киген киімдері «жағдайға байланысты болатын» деген жолдарды оқып, сіздерді қайдам, мен өзім Әлиханның тұрпатын, мінез машығын көргендей әсерлендім. Балалық пен жастық шақта естігенін, көргенін ұмытпау, тіпті қажет дегендерін әйтеуір бір кәдеге жарар деп күнделігіне жаза беру, сөйлескен, көріскен адамдардың естелігін өздеріне жаздырып алу немесе өзі қағазға түсіріп қою айрықша ұқыптылықтың белгісі ғой. «Мынау менің ес білгелі көтеріп келе жатқан че­моданым. Мынау – қос атакемнің хаты. Бірі – Әли­хан Бөкейхановты, екіншісі Ахмет Байтұр­сынұлы атамды айтам. Жарықтықтардың қолтаңбалары тасқа басыл­ғандай. Бұл қара чемоданда қазына көп» (332 бет). «Бұдан 30-40 жыл бұрын «халық жауларының» ұрпақ­тарының төрт көзі түгел еді. Олармен жолық­қанымда, байғұстар іштегі шерін тарқатып, ақтарып, әке-шешелерінің тағдырын жасырмай, бар білгендерін айтып берген. Алған деректерді қағазға түсіре бергенмін. Екі кітапқа топталған естелігімді «Шындық шы­рағы» атауымның сыры да осында» дегені (264-бет), бар еді. Осы деректерді «Алаштың сөнбес жұлдыз­дары» атты кітабын жазуға мықтап пайдаланыпты. Иә, қазақтың қазіргі таңдағы ірі жазушысы Мұхтар Мағауин өзіне жолдаған қолжазбаға сонау Прага қаласынан «Тұлпардың тұяғы» деген беташар жазып, Гүлнар Дула­тованың «үш кітабы – қазақ рухания­тын­дағы өзгеше бір қазы­на, күтпеген бір олжа» деген баға беруіне түгелдей қосы­ла­мын. Осын­дай ойды алғашқы екі томдығына жазған мақаламда мен де айтқан едім. Бұл кітап төрт бөлімнен тұрады. Бірінші тарау негізінен Гүлнар апай өз өмірін әңгімелей отырып, әсіресе, бүкіл алаш қайраткерлерімен аралас-құралас болған Міржақыпқа келіп-кеткендерді, олардың артында қалған бала-шағасымен өткізген кезеңдерін сипаттайды. Шешесі Ғайнижамалдың мұңая айтқан сырларын таратады. 1914 жылы Жақаңа күйеуге шығып, Күлумзинодағы мейрамханада өткізген үйле­ну тойында Қартқожа Тоғанбаев, Айдар Тұрлыбаев, семинария шәкірттері Мағжан, Сәкен және Садуақас Шорманов, Бірмұхабет (Беркей) Айбасов, ағайынды Асылбек, Сейілбек, Мұсыл­манбек Сейітов­тердің болғандығын қаршадай Гүлнардың құлағына сіңіре біліпті. Енді ол көріністер бізге жетіп отыр. Гүлнар апайдың өмір жолындағы кездесулерді баянда­ғанда әрқашан Алаш қайраткерлеріне бай­ланыс­ты жайларға айрықша ден қоятынын аңғарамыз. Сондықтан кешегі мен бүгінгінің байланысы ай­рықша мәнге ие болады. Өзі «халық жауының» қызы болған соң әрбір дерекке айрықша қарауыл қойып сақтанғаны айқын байқалады. Сәбит Мұқановтың Алаш ардагерлері ішінде көбі­рек көлеңке түсіре суреттегені Міржақып Дулатов. 1960 жылы «Өсу жолдарымыз» атты жинағында «Досыма хат» деген ағынан жарылған эссесі жарияланды. Сонда тұңғыш рет аузынан шыққан сыры мынау. 1921 жылы қара бөрік киіп, ЧК-нің сенімді өкілі болып жүргенде Көкшетаудағы әйелі мен қызын алып кету үшін Мір­жақып келеді. ЧК бастығы Волков «тұтқындаңдар, қарсыласса атып тастаңдар» деп бұйрық береді. Түнгі күзетте жүрген Сәбит тобы Ерқосай Мұқышевтің үйінде қонақ болып отырған Міржақыпты көреді де, ұстамай кетеді. Осы оқиға жайында Гүлнар апай «адамгершілігі үлкен, қазақы мінезді Сәбит төтенше коми­теттің (ЧК-ның) қыспа­ғына қарамастан, Міржақыпты өлімге қимай, ақын-жазушылығы үшін құт­қарып жіберген. Кемел жазушымыз Сәбит ағамыздың көзі тірісінде үйіне барып, осы оқиға жайлы Міржақыпқа деген көз­қарасын өз аузы­нан естіп, толық жазып алмағаныма қатты өкінемін» деп жазады. Бұл сөздің ар жағында талай ой жатқанын естеліктен оқып білеміз. Осы оқиғаға байланысты Жүнісов деген біреудің Д.Қонаевқа жазған арызында «в очерке «Досыма хат» С.Мұқанов писал, что 1921 году в г. Кокчетаве скрыл от ЧК и спас от верной смерти беглеца М.Дулатова. Но не указывал на то, что Дулатов убица Амангельды Иманова. Кроме того, выражал сожаление, что он не оправдал его доверия, не стал советским писателем и свой поступок оценил как проявление либерализма» дегенін Гүлнар апай архивтен (фонд 811, опись1, дело 158-А. Лист 51-52) оқып, Сәбеңе деген көп өкпесінің тарқағанын жазады. Сә­беңнің «Өмір мек­те­бінің» әр басылы­мында әкесінің бірде аталып, бірде алынып қалғанын көреді. Іште жүрген кек біртіндеп қайта бастайды. «1960-70 жылдары Міржақыпқа деген бұ­рынғы көзқарасынан, пікірінен күрт өзге­ріп, райынан қайтқанын аңғарып, кө­ріп жүрдім» деп үлкен түйін жасайды. Талай кездесулерде бірге болып жүр­генде Сәбең ешбір шіміркенбестен Мір­жақыптың атын атағанын өз құлағымен естігем. «Сәбең бастың құйқасын бір кесіп асады да, маған қарап: «Міржақып ағам­ның қызы – Гүлнар қарындасым, саған құлағын берейін» деп қолыма ұстатты. Ағамыздың жұрт көргенше әкемді «Мір­жақып ағам» дегеніне жү­регім зырқ ете қалды (ол жылдары М.Дулатовты атау деген қылмыс), менің қырсығым өзіне тиіп кетпес пе екен?» деп зәрем қалмады» дейді. Гүлнар апайдың өзіне байланысты естеліктерді осылайша тарата берсек, кітап­тың басқа тарауларына орын қалмас. Екінші бөлім – ең сүбелі естеліктер, тіпті түсін­дір­месі бар шежіреден құралады десе де болғандай. Және олар үйір-үйірімен жал­ға­сып, бір әулеттің арғы-бергісін, өткені мен бүгінгісін біліп алуға мүм­кіндік береді. Академик Манаш Қозыбаев басқарған қу­ғын-сүргінге түскендердің «Әділет» қоға­мы­ның арқа­сында кеңес өкіметі тұсында бір-бірінен көз жазып қалған Алаш ардақ­тыларының ұрпақтары көрісе табысқан сәт болған екен. Соның басы-қасында жүрген Гүлнар апай қара чемоданындағы дәптеріне жаза беріпті. Себебі, көп­шілік жұрт Алаш ардақ­тыларының «тұрмыстағы қал­пын, адами қасиеттерін біле бермейді. Мұның бәрін бү­гінгі ұрпақпен, келешекпен таныстыру үшін деректер қалдыру керектігін ойлаға­ным­­нан басқа ой жоқ менде» деуінің өзі кейінгілерге үлгі болғандай. Шежірелі естеліктерді шақшақ Жәнібек Тархан әулетінен тарқатар болсақ, Бірімжановтарға тоқтал­май кету мүмкін емес. Өйткені, ол өздерінің азамат­ты­ғымен, ғалымдығымен қазақ мәдениетіне олжа салған жандар. Осы Шақшақ Жәнібек әулетінен шыққан қа­зақтың атақты ғалымы, химия ғылым­дарының док­торы, академик, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұзақ жыл декан болып, талай талант­ты шәкірттер тәрбиелеп, кенге толы қазақ даласының игілігін әлемге таныту үшін 36 ғылым кандидатын, 4 ғылым докто­рын дайындаған Батырбек Бірімжановты шындық деңгейінде баяндаумен қатар, оның нағашы жұрты атақты Сейдалиндер екенін тарата әңгімелеп, ең үлкен хикаяны апасы Гүлжау­һармен байланыстырады. Және бұл әңгімені Мұхит­тың «Зәуреш» әнімен сабақтастырып жібергенде тың салаға түсіп кеткендей әсерленесің. Бұдан кейін Баянауыл төңірегіне оралғанда Сәт­баев­тың, Шөрман би әулеттерін тарата жөнеледі. Әсі­ресе, Шорманнан тараған ұрпақтар өмірбаянын жаза­мын дегендер болса Гүлнар апайдың мына кітабынан мол дерек табады. Кітаптың үшінші бөлігі – «Хаттар, арнаулар, қосымша материалдар» деп аталып, көп ретте Гүлнар Міржақыпқы­зына, ара-тұра Әбен Сатыбалдиевке ар­нал­ған дүниелерден тұрады екен. Сондай-ақ осы естеліктен Әбен Сатыбалдиевтің ақындығынан да біраз деректерге қанық болдық. Кітаптың сүбелі деректері мен көрікті баян­даулары мені осы жолы да таңғалдырды. Алғашқы жазған ма­қаламда тартыл­маған бұлақтың бастауын көрсем, жүзге қарай бет алған апамның қазақ әдебие­тінің жұрт көңілін аударған көркем шығармаларын түгелге жақын оқығанын, әкесі Міржақып Дулатовқа байланысты зерттеулердің бәрін жаттап алыпты демей-ақ қояйын, тіпті мақала, очерк, хабарларға дейін назар аударып, тізіп отыратынын байқаймыз. Әкесінің шығармашылығына байланысты дүниелерді түптеп, көзінен таса қылмағанын бір ғана мысалмен дәлелдейді. «Кінәні мойнына алатын кім?» деген мақаланы оқығанда апайдың адалдықты, дәлдікті сүйетінін анық аңғарасыз. 1989 жылы Сәбит Дөнен­таев­тың «Ұрпағыма айтарым» деген жинағын оқып отырып «Сағыну», «Елім-ай», «Әбупираситан», «Шә­кірт» деген әкем Міржақыптың өлеңдері көзіме оттай басы­лып, төбемнен жайдың оғы түскендей, есім кетіп таңғалдым. «Бұл қалай?» деп құрастырушы Сәулет Сәбитқызы Дөнен­­таевамен, сондай-ақ Сәбит шығар­машылығын зерттеген Балташ Ысқақовтың «Сәбит Дөнентаев» деген 1978 жылы 9 маусымда «Қазақ әдебиеті» газетінде жа­рия­ланған мақаласын оқып, өзінше зерттеу жүргізіп талай әлекке түскенін аңғартады. Уямо Толихина сынды жас жапон жігіті «Оян, қазақ!» жинағы бойынша 1992 жылы канди­даттық диссертация қорғап, академияның Шы­ғыс­тану бөлімінде істеп жүргендігін хабарлайды. Кешегі кеңес тұсында «жау» болып Алашорда көсемдерінің санатындағы Міржақыпқа енді «жасалған қиянатқа жол бермей, қорғау менің перзенттік борышым» деп ғылыми-зерттеу ісімен айналысып, адалдыққа шақырғаны қазіргі қазақ оқырмандарының жетілгеніне дәлел бола алады. Иә, Гүлнар апайдың «Алаштың сөнбес жұлдыз­дары» туындысын оқығанда талай арнаға барып, талай рет ойлануға тура келеді. Тұрсынбек КӘКІШЕВ, профессор.