Оған көз жеткізу мүмкіндігі қандай?
Бүгінде не көп ақпарат көп. Техниканың мейілінше дамығандығының арқасында жер шарының түкпір-түкпірінде болған оқиғалар сол сәтінде-ақ діттеген жерлеріне жетіп жатады. Әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардар болуға қанша тырысқаныңмен, ақпараттар ағынының молдығы сондай, кейде олардың бәрімен бірдей танысып шығуға да уақытың жетпей қалады. Оның сыртында осындай үстін-үстіне келіп жатқан хабар-ошарлардың арасында түсінуге, дәлірек айтқанда, қабылдауға қиындау ақпараттар да жетіп артылады. Бұл жерде біз кей-кейде тіпті қай ақпараттың шындыққа сәйкесетінін, қай ақпараттың ақиқаттан мүлде алыс жатқанын айырып алудың өте қиын екен айтқалы отырмыз. Қазақтың жалпақ тіліне салсақ, «жерден жеті қоян тапқандай», жағалай дүрліктіре жүретін ондай жаңалықсымақтар әдетте интернетте жиі жарияланады.
Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Өмірімізге енді ғана дендеп ене бастаған электронды ақпарат құралдары ақпараттар рыногынан өз орнын алу үшін, былайша айтқанда, өз оқырмандарының көңілдерінен шығу үшін небір қитұрқы әрекеттерге баруды ар көрмейтін болды. Оның өзін кейде демократиямен және сөз бостандығымен байланыстыратындар да баршылық. Осы орайда олар «арам ішсең – тойғанша іш» деген қағидатты да берік ұстанатынға ұқсайды. Әйтеуір талап-талғам, ар-ұят деген мінез-құлықтың қайтсек те оқырмандардың қызығушылығын арттыруымыз керек деген жалғыз ғана мақсат ұстанған ондайлар үшін жат екендігі айдан анық. Қалың жұртшылықтың назарын қайткенде де өздеріне аудару үшін олардың кез келген әрекеттен тайынар түрлері жоқ. Қасақана немесе абайсызда орын алған кейбір әрекеттердің кейде белгілі бір ұлттардың, болмаса дін жолын ұстанған адамдардың намыстарына тиіп кететін кездері де аз емес. Оның өзі түптеп келгенде ұлт араздығының, діни экстремизмнің бас көтеруіне себепкер болып жатады. Оңай «олжа» табуды көздегендердің мұндай ұстанымдарына қазіргі қоғамдағы адамдардың ой-пиғылдары да толық сәйкесіп, «іздегенге – сұраған» болған сыңайлы. Біздің бұл сөзімізге күнделікті интернетті «қопарып», онда берілетін алашұбар мәліметтерге көз салып жүрген әр адамның қарсылық білдірместен қосылатынына еш күмән жоқ.
«Ақырзаман болатын жаңа күн жария етілді», деп жазады құранды өртеген діндар туралы сүйінші сұраған сол баяғы интернет. «Оны адамзаттың өз өмір сүруін 2011 жылдың 21 мамырында тоқтататынына сенімді америкалық уағызшы Гарольд Кэмпинг есептеп шығарған». Ал керек болса! Абырой болғанда, ауыздарына келгенді айтуды, ойларына келгенді істеуді әдетке айналдырған тағы бір америкалық «көріпкелдің» сандырағы теріске шықты – 21 мамыр әлдеқашан өтіп кетті, Аллаға шүкір, әзірге адамзат аман-есен өмір сүріп жатыр. Бәрінен бұрын, осындай күпірлік сөзді өзге емес, халыққа тек жақсы сөздер ғана айтуға тиіс уағызшының ауызы барып қалай айтатынына таң қаласың. Тіпті сондай бір алапаттың орын алатыны белгілі болған күннің өзінде де дені дұрыс адам халықты сабырға шақырып, басу айтуға тиіс емес пе?! Онымен де қоймай, жаңағы уағызшы «2011 жылдың 21 қазанында біздің планетамыз толықтай жойылады» деп қуана хабарлайды. Мұндайға біздің қазақ «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деп баға береді де, «Жағыңа жылан жұмыртқаласын!» деп бір-ақ қайырады.
Соңғы жылдары адамзатқа табиғаттан төнетін қауіп-қатерлер туралы өте жиі айтылуда. Ғалымдар оны климаттың жаһандық жылынуымен байланыстырса, енді біреулер оған дәлел ретінде Мая мәдениетінің күнтізбесі мен ежелгі Египеттің көне жазбаларын көлденең тартады. Олар бойынша адамзат шежіресінің күнтізбесі 2012 жылдың 21 желтоқсанымен аяқталады-мыс. Осындай жәйттердің соңы халықтар арасында соғыстар туындатады деушілер де бар. «Климаттың жаһандық өзгеруі әлемнің саяси картасын қайтадан өзгеріске салатын соғыстар туғызуға қабілетті, таяу болашақта адамзатты тұщы су, энергия ресурстары, құнарлы жерлер мен қолайлы ахуалы бар аумақтар үшін жер үстін тып-типыл ететін соғыстар күтіп тұруы мүмкін» деп жазады интернет. Мұндай қорытындыны АҚШ қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша «Ауа райы мәліметі: 2012-2020» атты баяндама әзірлеген футуролог-ғалымдар жасаған көрінеді. Осындай үрейлі қорытынды жасаушылар соңғы 15 жылда барлық құрлықтарда болған жер сілкіністерінің 150 жылда орын алған зілзалалар санымен бірдей болғанын бұлтартпас дәйек ретінде келтіреді. Әрине, келтірілген кейбір деректердің шындық екендігіне ешқандай талас жоқ. Мысалға, осыдан екі жыл бұрын Гаитиде 300 мыңға тарта адамның опат болғаны, өткен жылы Германия топан су астында қалып, төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болғаны, күні кеше ғана Жапонияда орын алған сұмдық апат әлі де адамдар жадынан шыға қойған жоқ. Ғалымдардың пайымдауынша, алдағы уақыттарда жағдай бұдан да гөрі әлдеқайда күрделене түспек. Соған орай алдын-ала жасалған болжамдар да бар. Олар қандай болжамдар? Мәселен, Еуропада алдағы қыстың өзінде-ақ катаклизмдер басталмақ. 2012 жылы сұмдық аяздың салдарынан Скандинавияның көптеген тұрғындары Еуропаның ішкі жағы мен Ресейге қоныс аударатын болады. Ал 2015 жылы осы Еуропада суды, азық-түлікті, энергия ресурстарын бөлу мәселесінде дау-жанжалдар тууы мүмкін. Сонымен бірге осындай зәреңді ұшыратын ақпараттар арасынан «2018 жылы Ресей Еуроодаққа өту арқылы еуропалықтарды энергия ресурстарымен жабдықтауды жасқарта түседі» деген жылы хабар да кездесіп қалады. Бірақ бар жақсылық осымен тәмамдалып, одан әрі баяндалатын жағдайлар тағы да төбе құйқаңды шымырлатар сарында өрбиді. 2020 жылы Скандинавиядан, Голландиядан, Германиядан оңтүстікке таман орналасан Италия, Испания, Грекия елдеріне қарай жаппай көшу басталмақ. 2022 жылы Рейн өзеніне қатысты Франция мен Германия арасында жанжал туындамақ. Еуропа туралы болжамдар 2025-2027 жылдары Еуроодақтың ыдырау қаупі күшейіп, Оңтүстік Жерорта теңізіне (Солтүстік Африка, Израиль, Түркия) бет алған көші-қон арта түседі деген сөздермен аяқталады.
Ал Азия құрлығына қатысты болжамдар қандай дегенге келсек, мұндағы жағдайдың да шалқып тұрғаны шамалы. 2012 жылы Жапония өмір сүру үшін күресте құрлықтан аумақтар алып қалу мақсатында көршілеріне қарсы агрессияға баруы мүмкін. 2020 жылы Үндістанның, ҚХР-дың, Вьетнамның, Лаостың, Мьянманың және өзге де елдердің қатысуымен Оңтүсік-Шығыс Азияда әскери операциялар басталмақ. Ал 2030 жылы Жапония мен ҚХР арасындағы қарым-қатынастар шиеленісе түспек. Оған Ресейдің энергия ресурстарына қолжетімділік үшін тартыс түрткі болмақшы.
Азия мен Еуропадағы жағдай осылай болғанда, мұхиттың арғы жағындағы Америка құрлығында нендей өзгерістер болмақ? Енді соған назар аударып көрейік. 2012 жылы Кариб теңізінен АҚШ-қа, Мексикаға және Американың басқа да елдеріне босқындардың ағылуы күшейе түсетін болады. 2016 жылы мұхиттан балық аулау кәсіпшілігіне қатысты АҚШ пен Еуроодақ арасында дау туындауы мүмкін.
Ғалымдардың айтуларынша, осы аталған зобалаңдардың бәріне теңіздердегі ірі ағыстардың, атап айтқанда, Гольфстримнің өзгеруі себепкер болмақ. Солтүстіктегі мұздардың еруінен Арктикада жинақталып қалған үлкен көлемдегі тұщы сулар оның ағысын өзгертіп жіберетін көрінеді. Соның салдарынан Солтүстік Еуропаның климаты қазіргі Якутияның климатындай болып шықпақ. Осыдан кейін нәзік жаратылысты норвегтер, шведтер, финдер, даттар, тіпті немістерге дейін Жерорта теңізі жағалауына қарай үдере көшпек.
Ал Оңтүстік жартышарда керісінше, күн бұрынғыдан бетер ыси түспек. Ол су тапшылығын туындатып, шөл даланың көбейіп кетуіне, ауылшаруашылық үшін жарамды жерлердің күрт кемуіне апарып соқтырады.
Жоғарыда аталған баяндама авторларының пікірлерінше, негізінен астық өндірумен айналысатын әлемдегі бес-алты ауданның халқы неғұрлым қолайлы жағдайларын сақтап қалмақ. Олардың қатарында АҚШ, Аргентина, Ресей сияқты ірі мемлекеттер де бар. Әлемнің саяси картасының өзгеруіне келсек, 2018 жылға қарай Канада, АҚШ және Мексика Солтүстікамерика құрлығын өзіміз айтып кеткен қауіп-қатерлерден қорғау үшін өзара бірігіп, бір мемлекетке айналатын болады. Ақыр соңында Корея біртұтас мемлекет атанып, оның өзі Сеулдің ядролық қаруға ие болуына, ал Пхеньянның жаңа технологияларды дамытуына жағдай жасайды.
Болашақта әлем халықтарын не күтіп тұр деген сауалға АҚШ қорғаныс министрлігі ғана емес, сонымен бірге, БҰҰ-ның тапсырысы бойынша 2007 жылы өзге де бір топ ғалым зерттеулер жүргізген екен. Олардың жасаған болжамдары да жоғарыда өзіміз айтып кеткен жәйттерден онша алыс жатқан жоқ.
Иә, бүгінде ақпараттар ағынына толас жоқ. Олардың қайсысына сеніп, қайсысына сенбеу керек екенін кейде өзің де түсінбей қаласың. Бұл орайда белгілі бір қаржылы топтардың тапсырысы бойынша немесе сенсация қуа отырып жұмыс істейтін батыстық журналистиканың да елеулі рөл ойнап отырғаны шындық. Олай дейтініміз, дүние жүзінде болып жатқан оқиғалар мен құбылыстар туралы басты хабар таратушылар да солар. Соңғы жылдары ресейлік әріптестеріміз де батыстан көп нәрсені үйреніп үлгерді. Содан да болар кейде «осы көршілерімізде нендей жаңалықтар болып жатыр екен» деп интернетті аша қойсаң, қарама-қайшы көзқарастар мен ұстанымдарға толы, кейде тіпті мағынасыздау ақпараттарды көріп, қайсысын қалай қабылдарыңды білмей дал боласың. Бір қызығы, солтүстіктегі көршілеріміз де «құрыды, бітті» деген сияқты дүрліктіргіш сөздер мен «анау үйтіп қойды, мынау бүйтіп қойды» деген алыпқашпа сыбыстарға өте әуес. (Бұл жерде, мақсатымыз өзге болғандықтан, порнофильмдер көрсететін сайттар туралы тіпті әңгіме де қозғап отырған жоқпыз). Сірә, ондайлар осындай жолмен өз оқырмандарымызды көбейтеміз дейтін болулары керек. Рас, өсек-аяң, асырасілтеу ақпараттардың белгілі бір адамдарды қызықтыруы да мүмкін. Бірақ олар қандай адамдар? Олардың деңгейлері, қоғамда алатын орындары қандай? Дегенмен бұл мәселе де дәл қазір ешкімді алаңдатып жатпаған сыңайлы.
Сөз жоқ, әртүрлі болжамдар айту әр замандарда да болған. Бірақ олар дәл қазіргілер дабыралап жүргендей, «ақырзаманды» төндіріп қоймайтын. Мәселен, Нострадамус ХХІ ғасырдың басы кең ауқымды катаклизмдермен – жанартаулардың атқылауымен, зілзалалармен және топан сулармен ерекшеленеді дегенді айтқан. Сол сияқты 2023 жылы жердің орналасу кіндігінің өзгеруі ғарыштық апат туындатып, жыл мезгілдері қатты өзгеріске ұшырайды деген сөзді де осы адам айтты делініп жүр. Сонымен бірге ол 2000 жылдан адамзат дамуында осыған дейін болып көрмеген жаңа саты басталып, жаңа матриархат пайда болады, 2003-2032 жылдар ұлы әйелдер билейтін кезеңге айналады дегенді айтады. Демек, Нострадамус кем дегенде 2032 жылға дейін адамзаттың өмір сүруін тоқтатпайтынын жоққа шығарып отырған жоқ.
Әрине, адамдардың ғасырлар бойы табиғатқа келтіріп жатқан залалының түбінде өзіне қатты соққы болып тиетіні анық. Ол жөнінде ғалымдар да талай-талай ескертулер жасап келеді. Бірақ бүкіл тірліктің бәрі қайткенде де табыс табуға ғана байланып тұрған мына заманда әлемдегі бірде-бір мемлекет табиғатқа қамқор болайық деген ниет білдіріп отырған жоқ. Керісінше, дамыған алпауыт елдер қоршаған ортаны ластауға жыл өткен сайын өз үлестерін қоса түсуде. Ресей ғылым академиясының академигі Н.Моисеев егер техникалық прогрестің қазіргі қарқыны сақталып, 2000 жылдан бастап қоршаған ортаны қорғау жөнінен бүкіл дамыған елдерде өте қатаң шаралар қабылданбаса, ХХІ ғасырдың адамзаттың өмір сүруінің соңғы ғасыры болуы әбден мүмкін деп жазады өзінің «Қазіргі заманғы рационализм» деп аталатын кітабында.
Алдын-ала жасалған болжамдарға қатысты ақпараттар осындай болса, бүгінгі күніміз бен өткен өміріміз туралы айтылып жатқан сөздер қандай? Олардың қайсыларын дұрыс деп қабылдап, қайсыларын назардан тыс қалдыруымыз керек. Бұл айтуға жеңіл болғанымен, іс жүзіне келгенде оп-оңай шаруа емес.
Осы жылдың, яғни 2011-дің мамыр айының соңында Никита Михалков бастаған Ресейдің бір топ белгілі өнер қайраткерлері БАҚ-тарға бақылау жасайтын кеңес құру керек деген идея көтерген болатын. Олар өз ойларын «тарихи қалыптасқан өнегелілік нормаларын» сақтау үшін сондай қадамға бару қажет деп түсіндірді. Ал интернет болса, Кремль БАҚ-тарға бақылау жасауды конституцияға қарсы әрекет болып табылады деп атап отыр деген хабар таратты. Айта кету керек, құрамына мәдениет қайраткерлері, білім беру және медицина мекемелерінің қызметкерлері мен дін өкілдері кіруі тиіс деп есептелген кеңес құру жөніндегі хатқа Михалковтан өзге Владимир Хотиненко, Василий Ливанов, Евгений Стеблов, Аристрах Ливанов, Николай Бурляев, Кіші театрдың көркемдік жетекшісі Юрий Соломин, Жазушылар одағының төрағасы Валерий Ганичев сияқты Ресейдің белгілі де құрметті азаматтары қол қойған екен. Осындай ел үшін зор еңбек сіңірген кісілердің орынды пікірлерімен Кремль санаспай отыр дегенге өз басым сене қоймағаным рас. Оның үстіне олар елді бүлдіру емес, керісінше, өнегелілік, мәдениеттілік тұрғысында елді дамыту, өркендету мақсатын көздеп отыр. Бір сөзбен айтқанда, жас ұрпақтың қамын, мемлекеттің болашағын ойлап отыр. Менің түсінуімше, бұқаралық ақпарат құралдарын тұншықтырып тастайық деген ниет оларда жоқ. Сөйте тұра, осындай ізгі ниетті қадамды, неге екені белгісіз, ресейлік әріптестеріміз лайықты түсіністікпен қабылдай қойған жоқ.
Осы орайда тағы да жоғарыда өзіміз жүгінген РҒА академигі Н.Моисеевтің мына бір сөзі еске оралады. «90-ыншы жылдардан бастап-ақ әрбір бес жүзінші бала нормадан айтарлықтай ауытқушылықпен тууда және олардың бәрі де тірі қалып өмір сүруде. Өздері ұрпақ әкелетін жасқа жеткенде олар жете дамымаған балалар санын кем дегенде екі есе арттырады, сөйтіп бұл сан ұлғайған үстіне ұлғая бермек» деп жазады ғалым сол баяғы «Қазіргі заманғы рационализм» атты еңбегінде. Жоғарыда өзіміз айтып өткендей, тұрақсыз позиция ұстанып, жалған ақпараттар таратуды жетістік көрушілердің арасында Моисеев айтқан ұрпақ өкілдерінің жоқ екеніне кім сенімді?
Жақында интернет Гаагадағы халықаралық қылмыстық сот Муамар Каддафиге іздеу жариялады деген ақпарат жариялады. Сөйтсе ол жазықсыз адамдарды қырғынға ұшыратыпты (осындайда баяғыда Хиросима мен Нагасакиде, сәл кейінірек Вьетнамда, күні кеше ғана Югославияда, Ауғанстан мен Иракта бейбіт тұрғындарды қырғынға ұшыратқандарды ешкім іздемей ме деген де ойға қалады екенсің). Сенейін десең, біріншіден, бұл батыстан тараған хабар – міндетті түрде «қоспасы» болады, екіншіден, біздің қолымызда сол Ливияда тұрып, жұмыс істеп жатқан адамдардың, яғни көздерімен көргендердің өз қолдарымен жазған хаты бар.
Ол ашық хатты Ливияда жұмыс істеп жатқан ресейлік, украиналық және белоруссиялық дәрігерлер Ресей президентінің және осы елдің Үкімет басшысының аттарына жолдаған.
«Бүгінде, қазір АҚШ пен НАТО-ның егемен ел – Ливияға қарсы ашық сыртқы агрессиясы жүріп жатыр... Қазіргі уақытта АҚШ пен НАТО коалициясы жабайылықпен жүзеге асырып жатқан Ливияны бомбалау біздің ашу-ызамызды тудыруда. Триполи мен аумақтағы өзге де қалаларды бомбалаудың Ливияның әуе қорғанысы мен әскери-әуе күштері нысандарын, тіпті жаяу әскерлерді де бомабалаудан гөрі өзге мақсаттары бар. Бүгін 2011 жылдың 24 наурызында НАТО мен АҚШ авиациясы Триполидің ядролық зерттеулер орталығы орналасқан шет аймақтарын бомбалады. Әуе қорғанысы мен әскери-әуе күштері нысандары шабуылдың алғашқы екі күнінде-ақ жойылған, қалада жұмыс істеп тұрған әсери нысандар қалған жоқ, бірақ бүгін маңайында халық тығыз қоныстанған тұрғын кварталдары, қасында ірі кардиологиялық орталық бар Ливия армиясының казармалары бомбалау нысанасына айналды. Бейбіт тұрғындар мен дәрігерлер тұрғылықты қарапайым казармалар құрту нысанына айналады деп күткен жоқ, сондықтан аудан тұрғындары мен ауруханадағы науқастар ешқайда көшірілмеген күйі қалды... Зымырандар мен бомбалардың тұрғын үйлерге тиюі салдарынан ондаған адам қаза тауып, дене жарақаттарын алды». Осылай дей келіп хат жазушы азаматтар Ливиядағы соғысқа өз бағаларын береді. «Біз мұны бұған дейін Югославияда, Ауғанстан мен Иракта болғандай, Ливия халқына қарсы АҚШ пен оның одақтастарының жүргізіп жатқан геноциді деп толық жауапкершілікпен мәлімдейміз. Коалиция әскерлері жүзеге асырып жатқан адамзатқа қарсы қылмыстар қазіргі батыстық лидерлердің әкелері мен аталары және сыбайластары Жапонияның Хиросима мен Нагасаки, Германияның Дрезден қаласында халықтың қарсыласуға деген ерік-жігерін езіп тастау үшін бейбіт тұрғындарды қырған қылмыстарымен бірдей» деп атап көрсетеді олар. Одан әрі олар бізге диктатор ретінде бейнеленіп келген Муамар Каддафи билейтін Ливиядағы жағдайдың жақсы екендігін, халықтың өте қолайлы жағдайда өмір сүріп жатқанын, елде білім алудың тегін екенін, жастардың мемлекет есебінен шет елдерде оқуға мүмкіндіктері бар екенін, неке қиған кезде жас ливиялықтардың 50 АҚШ доллары көлемінде материалдық көмек алатындығын, мемлекеттік несиелердің пайызсыз және қайтару мерзімі белгіленбестен берілетінін, бензин мен нанның су тегін тұратынын, автомашина алу үшін мемлекеттің дотация беретінін, ауыл шаруашылығында еңбек ететіндердің салықтардан босатылғандығын және елде басқа да артықшылықтардың бар екендігін егжей-тегжейлі баяндайды. Міне, Ливияда жұмыс істей жүріп болып жатқан оқиғаларды көздерімен көрген адамдардың айтулары осындай. Бір ескерте кететін жәйт, бұлардың бірде-бірі жергілікті ливиялық тұрғындар емес, демек, Каддафидің сөзін сөйлеп отыр деп олардың айтқандарын теріске шығарудың еш қисыны жоқ. Ал енді батыстық бұқаралық ақпарат құралдарына, мәселен, «Еуроньюс» агенттігінің хабарларына құлақ түрсең «Каддафи бейбіт тұрғындарды қырып жатыр», «Ливиядағы жағдай ауыр», «Коалициялық күштер елде демократия орнату үшін күш салуда» деген сияқты сөздерді естисің. Сонда осы ақпараттардың қайсысына сеніп, қайсысына сенбеуіміз керек. Бәлкім осындай себептен болар, көзі ашық, көкірегі ояу деген көптеген азаматтар бүгінде БАҚ-тардың айтқандарына сене беруге болмайды дегенді ашықтан-ашық мәлімдеп жүр. Мұндай сөздерді есту біздердің – журналистердің көңілдерін жұбата қоймайды.
Бірақ бұл да бар болғаны кешегі кеңестік дағдылардан арыла алмай жүрген біздерге ғана тән көзқарас. Ал Батыста журналист онша құрметті мамандық болып санала қоймайды. Өйткені олар кейде ұйықтап жатқан ерлі-зайыптылардың «көрпесін» ашып қарауға дейін барады. Осыдан аз ғана жылдар бұрын Американың бұрынғы президенті Б.Клинтон мен М.Левинскиге қатысты шу көтерілгенде дәл солай болды. Мұндай біздер үшін әбестеу көрінетін әрекеттерге батыстық журналистер ақша үшін барады. Ал жақсы жалақы алу үшін қожайындарына жағынулары керек. Қожайындарына жағыну үшін елді елең еткізетін сенсация қажет. Сенсация іздеген адамға «ұят-абырой» дегендерің жолдас бола алмайды. Адал жолмен ақша табу деген тек сөз жүзінде ғана болмаса, іс жүзінде жүзеге аспайтын міндет. Сондықтан да ол елдерде журналистерге көрген-білгендерін көпке таратып қоятын, ауыздарына сөз тұрмайтын өсекші ретінде қарайды. Осындай себептерге байланысты Батыста журналистерге деген көзқарас та биік дәрежеде емес.
Бәлкім Батыста жұрттың біздегі сияқты газет-журналдарды үйлеріне жаздырып алмайтындығының, керек адамдардың (саясатпен айналысатындардың) дүңгіршектерден сатып алатындығының бір себебі де осында, яғни адамдардың бәрінің бірдей БАҚ-тардың жазғандарына сене бермейтіндігінде жатса керек. Ол аз десеңіз, «сұрқай пресса», «бульварлық пресса» деген сөздер де дәл осы батыстық баспасөзге қатысты өмірге келген ұғымдар. Сөзіміз жалаң шықпауы үшін бір мысал келтіре кеткен де орынды. Жақында «Ислам шведтердің жүректерін жаулап алуда» деген хабар оқыдым. Сонда швед Уленің (қазіргі аты Умар Абдулла) АҚШ-та орын алған 11 қыркүйектегі қайғылы оқиғадан кейін исламға деген қызығушылығының туғаны баяндалады. «Өзім әуелде атеист болатынмын, деп түсіндіреді ол өз басынан өткен жағдайды, 11 қыркүйектегі террорлық актіні естіген кезде мұндай қатыгездік маған қатты әсер етті. БАҚ-тар болса алма-кезек бұл Құраннан күш-қуат алған мұсылмандардың қолымен жасалған іс деп қайталап жатты. Осынша озбырлыққа үндейтін ол не қылған кітап деген мәселе менің қызығушылығымды тудырды. Мен кітапханаға бардым да Құранды алдым, ол мен үшін тыйым салынған кітаппен теңдес болды. Бірінші аяттан бастап-ақ БАҚ-тардың мені алдағанын түсіндім. Озбырлыққа үндеудің орнына мен махаббат, бейбітшілік пен мейірімділік жолдауларын кездестірдім. Құрандағы «Қайырымды да Мейірімді Алланың атымен бастаймыз» деген алғашқы жолдардың өзі-ақ бәрін айтып тұрған болатын. Қайырымды да Мейірімді Жаратушы құқы жоқ адамға кісі өлтіруге бұйрық бере ала ма? Мен ақиқатты ашқаныма қуансам, сонымен бірге мені осынша жыл алдап келгеніне ашуландым». Саясаттың қитұрқы іс-әрекеттерінен алыс тұрған қарапайым швед азаматы осылай дейді. Осы айтылғандардан-ақ бірқатар батыстық бұқаралық ақпарат құралдарының қандай жол ұстанатынын айқын аңғаруға болады.
Батыстық әріптестеріміз бізге кезінде Американың Гуантанамо түрмесіндегі жағдай туралы да шындықты айтқысы келген жоқ. Оған апарып қойша тоғытылып қамалғандар шетінен терроршылар деген бір ғана тұжырым жасалды. Сөйтсек, жағдай дәл олар айтқандай емес көрінеді.
АҚШ-тың Куба аралындағы әскери базасындағы Гуантанамо түрмесінің «ислам терроршылары жағында әскери іс-қимылдарға қатысты» деген айыппен Ауғанстаннан алғашқы 20 адам жеткізілген 2002 жылы пайда болғаны белгілі. 2002 жыл мен 2006 жылдың арасында америкалық әскерлер Ауғанстан мен Ирак аумағында жүргізген соғыс операциялары барысында қолға түскен 750 шетелдік осы түрмеде болып шыққан екен. Бір қызығы, 2006 жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша, түрмеде 490 тұтқын болса, солардың тек онына ғана ресми түрде айып тағылған. Сонда айып тағылмаған адамды түрмеде ұстауға болмайды деген қағида қайда қалады? Мұнда негізінен Арабия, Ауғанстан және Йемен елдерінің азаматтары отыр. Сонымен бірге Гуантанамо ұйғыр сепаратистерінің де жазаларын өтейтін орны болып табылатын көрінеді. Осындай жәйттерді ескере келгенде Гуантанамоны «мұсылмандар түрмесі» деп атауға да толық негіз бар тәрізді. 2009 жылы АҚШ президенті лауазымына кіріскен бетте Барак Обама Гуантанамо түрмесін тарату туралы бұйрыққа қол қойған болатын. Осылайша лагерь жыл ішінде жабылуға тиіс еді. Бірақ президент шешімі жүзеге асқан жоқ, түрме әлі күнге дейін өзінің абыройсыз міндетін атқарып келеді. Ал 2010 жылдың 8 желтоқсанында Конгрестің өкілдер палатасы түрмені жабуға қарсы шықты. Сөйтіп демократияны жақтайтын елдің зиялы қауымы адамдарды бас бостандықтарынан айырып, құқықтарын бұрмалай отырып, бір аралдағы түрмеде ұстап тұруды өте орынды, яғни демократиямен үйлесетін іс деп таныды. Осы түрмедегі адамдарды азаптау түрлері туралы кезінде әлемдік ақпарат құралдарының жарыса хабарлағаны белгілі. Осыдан кейін мықты болсаң «демократия», «адам құқықтары» деген сөздердің түпкі мағынасын түсініп көр.
Иә, ақпарат көп, бірақ олардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін бір Алла ғана біледі. Кешегі кеңестік заманда Вьетнамдағы соғыс туралы көп айтылды, көп жазылды. Бірақ ол уақыттарда да Кеңес Одағы мен АҚШ арасындағы «қырғи-қабақ соғыстың» салдарынан көп жәйттерді саясатқа сілтеп, мәселенің анық-қанығына жету қиын болды. Өйткені ол кезде АҚШ-тың айтқандарын Кеңес одағы, ал Кеңес одағының айтқандарын АҚШ теріске шығарып отыратын. Осыдан келіп қарапайым жұрт қай жақтың сөзіне иланарын білмей әбден дал болушы еді. Бүгінде АҚШ, қалды, бүкіл Батысқа қарсы тұратын Кеңес Одағы жоқ. Сондықтан да болар, өткен Вьетнам соғысына қатысты нағыз шындықтар да енді-енді ғана айтыла бастады (бұл да болса «енді бізге кім не істей алады» деген өркөкіректіктің нәтижесі болса керек). Осыдан бірер жылдай бұрын телеарна арқылы көрсетілген Вьетнамдағы соғыс туралы деректі фильмді қарай отырып, вьетнамдық бір қарт кісінің қасында аяқ-қолынан айырылып мүсәпір болып жатқан қыз баланы нұсқап тұрып, «мұхиттың арғы жағынан келіп бізді осыншалық қырғынға ұшырататындай біз америкалықтарға не жамандық істедік» деп жылап отырып сөйлегенін естігенім бар. Сөйтсек, Ханойдың бағалауы бойынша, 21 жылға созылған әскери іс-қимылдар барысында 4 миллион вьетнамдық бейбіт тұрғын қаза болған екен. Ал 1968 жылы Май-Лэй деревнясында қанды қасап ұйымдастырған америкалықтардың 300-ден астам вьетнамдық шаруаларды қырғынға ұшыратқаны да кейін белгілі болып отыр. Бұл сияқты шындықтар да кезінде бұрмаланып келді. Сол сияқты қазіргі кезде әлемде болып жатқан түрлі оқиғалар туралы нағыз шындық та уақыт өте келе ашылып, халыққа хабарланатын болса керек.
Осындай ала-құла ақпараттар күні кеше ғана өзіміз бір Одақтың құрамында болған, кейін келе ТМД, ЕурАзЭҚ және басқа да халықаралық және мемлекетаралық бірлестіктерге бірдей мүше болып келе жатқан елдер туралы да жиі-жиі беріледі. Солардың дені әдетте Беларусь Республикасы мен Грузияға қатысты болып келеді. Кейде Қазақстанның да сын тезіне ілініп қалатын кездері жоқ емес. Осындай алыпқашпа хабар таратушылар жақсылықтардан гөрі, жаманат хабарларды жеткізуге құмар. Мұны да оқырмандар «жүрегін жаулап алуға» бағытталған арзан тәсіл деп бағалаған жөн сияқты. Айталық, өзім Беларусь елінде жұмыс бабымен бірнеше мәрте болдым. Батыстық БАҚ-тар шулатып жатқан сорақылықты, әлдебіреулердің құқықтарын аяққа басушылықты көрген де, естіген де емеспін. Тып-тыныш қана еңбек етіп жатқан халық. Ал енді Грузияға келсек, бұл елде болудың сәті түсе қойған жоқ. Бірақ сол елде жұмыс жағдайымен, қазіргі заманның тілімен айтқанда, бизнесіне байланысты болып тұратын адамдардың айтуларынша, жағдай БАҚ-тар жағалай жазып жатқандағыға қарағанда мүлде керісінше көрінеді. Елде темірдей тәртіп орнаған, жемқорлар мен өзге де қылмыскерлер қатаң жазаланған, қандай да болмасын мәселені, яғни барған шаруаңды шешу дегенің бұл елде өте жеңіл.
Осы орайда өзіміз байқап, аңғарып жүрген мынадай бір шындық бар. Әлемнің қандай да болмасын бір елінде тәртіп орнай бастаса, неге екені белгісіз, ол «адам құқықтарын қорғаушылар» тарапынан демократияны тұншықтырғандық болып танылады. Осы ретте осыдан біраз жыл бұрын Ресейдің бір телеарнасынан ащы шындықты айта отырып жүргізілген бір хабарды тыңдағаным еске түседі. Сонда тележурналист Ресейді Ельцин басқарған жылдарда, экономика мейлінше құлдырап, жағалай жұмыссыздық жайлап, еңбекақылар мен зейнетақылардың берілмеуі салдарынан әрі тәртіптің бетімен жіберілуінен қылмыстар өршіп, ұйымдасқан топтар қарақшылық шабуылдар ұйымдастырып, елдің берекесін кетіріп тұрған шақта батыстағылар «Ресей жақсы жолды таңдады, демократия дамып келеді» деп артымызға көпшік қоюшы еді, қазір билікке Путин келіп, экономика аздап болса да өрге басып, ең бастысы, елде тәртіп орнай бастаған кезде сол батыстағылар «Ресей демократияға деген адалдық принциптерінен айнып кетіп отыр» деп кінәлауға көшті. Осыдан-ақ демократияны көксеушілердің көкейлерінде не жатқанын айқын аңғаруға болады деген еді. Осы әріптесіміздің сөзі қазіргі таңда қалыптасқан шынайы ахуалды жете түсіне білген адамға көп жәйттен хабар береді.
Несін айтасың, ақпараттар өте көп. Бірақ олардың астарында қандай сырдың бұғып жатқандығын, қайсысының шындық, қайсысының жалған екеніне көз жеткізу өте қиынға түсіп тұр. Ең өкініштісі, әлдекімдердің мүддесі үшін ойдан шығарылған ақпараттар қарапайым халыққа теріс бағыт-бағдар беріп, оларды дұрыс жолдан адастыру мақсатын көздейді. Ал ол мақсат әзірге белгілі бір дәрежеде орындалып та жатыр.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.