Әлі есімде. Алпысыншы жылдардың басында әкем қалада болатын. Біз ауылдамыз. Кейін білдім, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында қызмет істепті. Мен болсам 6-7 жасар баламын. Жатаған үйдің төбесіне шығып алып, әкемнің ауылға келуін зарыға күтіп отыратынмын. Таулардың арғы жағында мен білмейтін ғажайып бір өлке бар, сол өлкеден әкем ауылға келетін сияқты көрінетін... Сағына күтуіме орай әкем де ауылға жиі келіп тұрды. Ол мен үшін бір бақытты сәттер еді. Әкем Қазақ радиосында диктор болып қызмет істеді. Дауысын радиодан есту – ауылдағы біз үшін ерекше бақыт болатын.
Ол ауылға келгенде жанында шағын денелі, жүзі сұсты бір мұртты кісі жиі бірге болушы еді. Кейін білдім, бұл қазақтың танымал ақыны Тоқаш Бердияров екен. Өмірінің соңғы кезіне дейін Тоқаш ағамен әкемнің байланысы үзілген жоқ. Ол кісі жас шамасының алшақтығына қарамай, әкемнің шын досы еді. Тоқаш ақын соғысқа басынан аяғына шейін қатынасқан, кезінде теңізші болған. Ертеңгісін әкем мен Тоқаш ақын үйдің алдында белдеріне дейін жалаңаштап тастап, тастай суық тау суына жуынып жатқан бейнелері әлі көз алдымда. Сонда Тоқаш ағаның жүрек тұсында тушпен салынған мұртты сұсты адамның, ал арқасында күн шығып келе жатқан сәтті бейнелейтін суреттерді байқап қалғаным бар. Мұртты адам Сталиннің бейнесі екенін кейін білдім. Тоқаш аға мені қорқытпақшы болды ма, әлде қалжыңы ма, иықтарын қиқаңдатып қозғалтып еді, денесіндегі әлгі адамның мұрты жыбырлағандай болып кетті. Баламын ғой, оған мәз болдым.
Біздің елден жаугершілік заманда батыр бабаларымыз көп шыққан екен. Бірақ әдебиет пен өнер саласынан топ жарғандар аса көп болмаған секілді. Әкемнің көзінің тірісінде: «Мына адам менің ұстазым, сол мені поэзияға баулыды, содан үйрендім, соған еліктедім», дегенін өз басым естімеппін. Керісінше, ол: «Не сотвори себя кумира», немесе: «Өз болмысыңа жат нәрсеге еліктеме», – деп отыратын.
Ой жіберіп отырсам, әкем сынды халық мойындаған дара ақынның алғашқы қадамы да, ұлы жолдағы тұңғыш сапары да сол Қарасаздағы қазақтың қара үйінен бастау алған екен. Мұнда мен әкемнің поэзиясына арқау болған қазақы тұрмыс-тірлікті айтып отырған жоқпын. Менің айтпағым, сол жатаған үйдің киесі ақынға ыстық ұя болғаны, қанаттандырғаны. Сол үйдің ішіндегі бар байлық әкем жинаған кітаптар еді. Мен дүниеге келіп, ес білгенде көргенім сол кітаптар болды. Арасында әдеби, көркем дүниелер көп еді. Кейін сол кітаптарды парақтап отырғанда барлығының ішінен қарындашпен белгіленген әкемнің кейбір пікірлерін кездестірдім. Яғни, бұл кітаптар баяғыда, сол Қарасазда әкем сусындаған білім кәусары екен ғой. Осыдан шығарып айтпағым, әкемді ұлы ақын жасаған тек қана оның Алла берген тума дарыны ғана емес, сол дарынды ұштаған, өз бетінше оқу арқылы жетілдіре түскен ізденгіштігі, зор еңбекқорлығы, болашақта өз сыбағасы барын біліп, өз тағдырын өзі болжай алғандай болып көрінеді маған.
Тірі кезінде, әкемнің жазу үстелінде Абай атамыздың шағын мүсіні – бюсті тұратын (ол қазір мұражайда). Өлең жазуға отырған кезінде сол мүсінге қарап, күбірлеп бір жору жасайтын. «Шалдың қабағы бүгін маған ашық-жарқын, шамасы еңбегім нәтижелі болатын шығар», – дейтін. Ал кейде: «Шалдың қабағы бүгін түсіп кетіпті ғой, әй қайдам шабыт шіркін, шалқымайтын шығар», – деп налыған кейіпте отыратын.
Иә, бүкіл жұрт айтпақшы, «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін», – деп жазған әкем қазақтың қара өлеңі деген қасиетті ұғымды өзінше маздатып, жан-жақты дамытып халқының рухани қазынасына айналдырған тәрізді.
Әкем жеке тұлғаларды дәріптеп, көп үздіккен жоқ. Сонда да көзі тірісінде ол дәріптейтін бір тұлға бар болатын. Ол кісі туралы айтқанда, әкемнің көзі бал-бұл жанып, ой теңізін кешкендей болатын. Ол – біздің Тиын әжеміз еді. Әжесіне деген немерелік махаббаты бөлекше екенін әкемнің өз аузынан жігіт болып қалған кезімде де талай естідім. Әр қазақтың ауылында ел сыйлайтын адамгершілігі мол, ерекше сыйлы адамдар болады емес пе. Біздің Тиын әжеміз де бүкіл ауылды аузына қаратқан сондай қасиетті аналардың бірі екен. Өле-өлгенше әкеміз сол әжесін шешем деп, ардақтап өтті. Арина Родионовна ана ретінде Пушкинге қандай әсер етсе, біз көрмеген әке сөзінен ғана білетін Тиын әжеміз де болашақ ақын немересін аялап өсіріп, қанатының қатаюына, адалдық жолында аянып қалмауға баулыған екен.
...Келесі бір ойды әкем мен шешем туралы өрбітсем деймін. Мен білетін бір ғана шындық – ардақты жандардың бір-біріне деген адалдықтары еді. Әкем – шығармашылықтың және сезімнің адамы екені баршаға мәлім. Поэзиясындағы алапат күшке сай мінезі де, сыр-сипаты да сан қилы болатын. Бірде жайдары, бірде мұңлы... Бірде ашу-ыза... Кімге?.. Не үшін?... Оны өзінен басқа ешкім біліп болмайды. Сол мінездерге төтеп берген қайран менің шешем деп ойлаймын кейде. Қазақтың әйелдеріне тән көнбістік сенде де мол болды ғой, анашым!
«Тағдырыма тура келген серігім,
Мен бейбаққа сыйлады екен сені кім?!
Шар басымда, шаңырағым, сен тұрсың,
Басқалардың барлығынан жерідім.
Ауырлықтың көтердің-ау көбін сен,
Сенен келіп қуат алдым жеңілсем.
Сен жер болдың, нөсер болып төгілсем,
Шұғыласың, қара бұлт боп көрінсем.
Мен түн болсам, сен таң болдың жаңа атқан,
Мені қола, сені шойын жаратқан.
Мен ашу да, сен ақылсың нәрі аққан,
Сен – Адамсың, мен – аждаһа зәр атқан...»
Өле-өлгенше әкем бізге: «Шешелеріңді сыйлаңдар, ренжітпеңдер», деумен кетті. Сыйлайтын қасиеттері мол болғандықтан айтады да. Екеуі де көздері тірісінде бір-бірінен алшақтап, араларын суытпады. Өйткені, жас кездерінде табыстырған махабаттары шынайы болды. Балалық шақтары болмаған, екеуі де соғыстан кейін бейнетті аз көрмеген ұрпақ өкілдері еді. Екеуі де махаббаттарына адал болды, сол адал күйі дүниеден өтті, жарықтықтар.
Қазіргі жігіт ағасы болған шақта аңғарғаным, менің әкем тек адалдықты ту етіп, ойын ашық айтып, қиянатшылдарға қыранша түйіліп, қиналғандарға қолұшын беруді өзінің азаматтық, ақындық парызы санап ғұмыр кешті. Ол мына дүниеде бір Жаратушы Ұлы күштің барына ерекше сенетін... Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Сөгеті ауылында тұратын саятшы Мұхамед Исабеков деген бауырымыз сол маңайдағы Құрсай аталатын жерден Асы жайлауына асатын тұстан табиғаттың өзі таудың алып тастарынан қашап жасаған, әкемнен аумайтын табиғи мүсінді көріпті. Көрген сәтте әлгі табиғат сыйлаған алып тас мүсіннің ақын Мұқағали Мақатаевтан аумайтынын ауылдастарына, одан соң Алматыдағы қаламгерлерге хабарлапты. Құдайдың құдыретін қараңызшы!? Алып тас мүсін – биікте тұрған Мұқағали ақыннан аумайды. Маңдайы, шашы, бет-әлпеті, бәрі-бәрі тура өзі секілді. Жазушылар одағынан және телеарна тілшілерімен бірге мен де бардым. Тура 80 жылдық мерейтойы басталатын сәттегі табиғаттың мына тосын сыйына таңғалдым... Таңғалдым да АЛЛАҒА шүкіршілік айттым...
«Алла – ақиқат. Аллаға сеніп өтем,
Адалдық пен ақиқат серік екен...»
Тірлігінде талай қиындықты бастан кешіп, небәрі 45 жасында бақилық болған әкеме ЖАРАТҚАН ИЕМНІҢ мынадай сый жасағанына қайранмын! Өзі айтпақшы, ол ірі қызметте де болмады. Байлықтың да рахатын көрді дей алмаймын. Алайда, өз дәуірінің шындығын тасқа қашағандай, ерекше әсерлі, барынша мазмұнды етіп, бүгінгі ұрпаққа отты жырларымен қалдырды... Рас, әкем өзінің сыршыл әрі шыншыл жырларына елдің көрсетіп жатқан құрметін көре алмады. Дегенмен ол түбінде еңбегінің осылай бағаланатынын сезіп, біліп, анық болжап кеткенін артында қалған өлеңдері мен күнделік жазбаларынан байқауға болады.
Мақатаев поэзиясы дәуір мінберіне әлдеқашан көтерілді десем болар. Бүгінгі және келер ұрпаққа оның берер үлгі-өнегесі мен күш-қуаты, тигізетін әсері ерекше екеніне қалың қазақтың көзі әлдеқашан жетті деп ойлаймын. Мен төл перзенті ретінде осыған қуанамын! Қазір ақпарат құралдарында көптеген күрделі мәселелер көтеріліп жатыр. Олардың ең өзектісі – тіл мәселесі. Менің көкейімде осы тіл мәселесі төңірегінде әкем ештеңе жазбаған ба, ол кезде де бұл мәселе қауымды мазалады ғой деген сұрақ жүретін. Құдайдың құдіреті, менің бұл сұрағыма Кеңсайдағы әкемнің зиратына жазылған өз өлеңі жауап берді:
«Әрине, суық қайғы, суық қайғы,
Көңілін халқың саған суытпайды.
Егер де халық өзін ұмытпаса,
Бақыл бол, халқың сені ұмытпайды?!.».
Өзінің болашақ күндерін болжаған ақынның ұрпағына, еліне арнаған аманат ретіндегі өзекжарды өлеңі бұл. Осы өлеңнің үшінші жолына назар аударыңызшы; «Егер де халық өзін ұмытпаса...». Барлық нағыз шындық осы үшінші жолда тұр. Демек, тек діні, тілі, ділі сау халық қана өзін жоғалтпай, ақынын қастерлейтінін меңзеп тұр емес пе?!.
Әкем қайтыс болардың алдында, яғни 1976 жылы мен сол кездегі Гурьев қаласында /қазіргі Атырау/ заң саласының жас қызметкері едім. Шешем Лашынның шұғыл шақыртуымен Алматыға келдім. Келсем, әкем үйде жоқ екен. Шешем маған оның ауруханада ауыр халде жатқанын айтты.
Төле би көшесі мен Сейфуллин көшелерінің қиылысының маңында орналасқан аурухана қалашығына келдік. Сол күні дәрігерлер әкемнің қатты әлсірегенін айтып, ауруханадан шығарып берді. Шамасы, оны емдеп жазу мүмкін емес деген қорытындыға келген болулары керек. Сыртқа шыққаннан кейін әкем біршама уақыт даладағы орындықта сырқаты жанына батқан күйі үн-түнсіз отырды. Өңінде күйзеліс бар. Мен сонда әкемнің қатты жүдеп, еті қашып кеткенін көрдім... Бұрынғы батыр тұлғалы, еңгезердей ірі адамнан шөкімдей ғана дене қалыпты. Біз оны таксимен Панфилов пен Шевченко көшелерінің қиылысындағы үйімізге алып келдік. Өмірден озарынан бір күн бұрын ол үйде қатты қиналыста жатты. Сол түні жанына шипа жасар ма екен деп «жедел жәрдем» шақырып, өзі жатқан ауруханаға қайтадан жеткіздік. Менімен сөйлесуге шамасы да болмады. Сондықтан мәңгілік сапарға аттанарда әкем маған мынандай сөздер айтып еді дей алмаймын... Шешем екеуміз ауруханаға қайтадан бардық. Жансақтау бөлмесіне барғанда, екі адам жатқанын көрдім. Оң жақтағы кереуетте әкем жатыр... Сол жақта жасы отыздар шамасындағы орыс жігіті... Әкемнің хал-жағдайы өте ауыр... Есі кіресілі-шығасылы. Шешеме бір сөздерді күбірлеп айтқан секілді еді... Сансырап жүріп ол жағына мән бермеппін. Әкемді жансақтау бөлмесінен зембілге салып басқа жаққа алып кетті. Сол кезде есіл жүрек мәңгілікке тоқтағанын соңынан білдік! Біраздан соң дәрігерлер бізге әкемнің қайтқанын хабарлады. Бұл 1976 жылдың 27 науырызы болатын. Шешем екеуміз үйге жылап қайттық. Сонда менің есіме түскені Майгүл жол апатынан осы Алматыда қайтыс болғанда, шешем мен әкем бірін-бірі демеп, түнде «7-линия» көшесіндегі біз тұратын үйге аңырап жылап келген болатын. Ол кезде олар жап-жас еді. Сол көрініс менің есімде мәңгі жатталып қалыпты. Сондай қайғылы сәтті енді шешем екеуміз басымыздан кештік.
Табиғат-ананың сол күнгі көрсеткен тосын мінезі ақынымен қоштасқан қарақұрым халықтың көңіл-күйімен ұштас сай болып шықты. Сонда Алматыда басталған ұзақ-сонар себелеген ақ жауын әкемді соңғы сапарға аттандырған халық көшін Кеңсай зиратына шейін шығарып салды. Құдды табиғаттың өзі қимас ұлын көз жасы сорғалап, соңғы сапарға шығарып салғандай көрінді. Бәрі-бәрі есімде, табыт салынған автокөлікте әкемнің бала күнгі жолдастары – Мәжит Құрманов, Сыдық Ахметов, Әбдіке Асанов түрегеп тұрды. Әкемнің сөзімен айтқанда бұлар «Әкелері майданда өліп, жесір шешелерінің күлшелерін дорбаларына салып, Алматыға жылылық іздеп келген төрт жетім» еді. Бүгінде төртеуі де марқұм. Олар өз «қолбасшысы» Мұқашын ақырғы сапарға осылай аттандырды. Қазіргі кезде сол көз алдымнан өткен сәттерді ойласам, бейіт басында әкеммен қоштасуға балалық шақтары соғыста өлген қазақтың мыңдаған жасөспірімдері келген сияқты көрінеді маған. Оларды әкем ешқашан ұмытқан жоқ, өз өлеңдерінде оған айырықша маңыз берді, сол жетімдердің үнін халқына жеткізді. Әкемді жерлеп, аза көңілмен қайтып келе жатқан шақта Кеңшілік аға Мырзабеков маған: «Жұлдыз, сен көп жасыма, көзінің тірісінде мынау жалған дүниеге сыймай кеткен әкеңді анау жатқан шаршыдай ғана көр жасырады дегенге мен ешқашан сенбеймін!» – деген басу сөзін айтқан. Оны қалай ғана ұмытарсың.
Әкемнің өлеңдерін оқып отырып, оның поэзиясының болмыс-бітімі, мазмұны, басқалардан даралығы менмұндалап, анық аңғарылып тұрады. Жалпы, мұқағалитану ілімі қолға алына бастады. Алайда, ол туралы, оның шығармашылығы жайлы бүгінгі және келешек ұрпаққа айтар әңгімелер әлі аз емес.
Қазынам бар.
Қисапсыз шектеледі.
Қызғанады, біреулер жек көреді.
Бермеймін де, сатпаймын, көрсетпеймін!
Алам десең,
Алдымен зертте мені... – деп айтып кеткеніндей, түбінде: «ал, Мұқа, міне мен де келдім! Ашыңыз қазынаңызды, не бар екен көрейік!»,– деген отты, жас мұқағалитанушылардың да туарына мен кәміл сенемін.
...Сол Қарасаздағы жатаған үйдегі әкем жинаған, бір шеті кезінде Алматыға да жеткен кітаптардың көбі орысша болатын. Оған орыс поэзиясының ықпалы зор болды. Ал кемеліне келген Мақатаев поэзиясын сол орыс халқына да кеңінен таныту, яғни ақын шығармаларын өзге тілдерге аудару арқылы насихаттау да қазір пісіп, толғағы жеткен мәселе болып отыр.
Жұлдыз МАҚАТАЕВ.
Сағындым
Музыкасы Жоламан Тұрсынбаевтікі
Өлеңі Мұқағали Мақатаевтікі
Құмған алған,
Суға барған,
Құлынымды сағындым.
Сырғаланған,
Қуған арман
Сұлуымды сағындым.
Тынып тіптен,
Түлік біткен,
Жусағанын сағындым.
Жиі беттен,
Сүйіп өткен,
Қыр самалын сағындым.
Түйнектермен,
Жидек терген,
Нуларымды сағындым.
Үйректермен,
Иректелген
Суларымды сағындым.
Безінбейтін,
Сезінбейтін
Аңғал кезді сағындым.
Өзім дейтін,
Сезім дейтін
Жанған көзді сағындым!