Тәуелсіздік тұғыры берік
Қай жылды болсын арайлап келер ертеңімізге, аршындап өсер өркенімізге деген үлкен үміт, бекем сеніммен қарсы алу халқымыздың қашаннан бергі қастерлі салты. Жаңа ғасырдың алтыншы жылын да сондай үкілі үмітпен айқара құшақ жайып қарсы алғанбыз. Оның үстіне бұл байсын елдің баға жетпес құндылығы – Тәуелсіздігіміздің он бес жылдығы тойланатын жыл еді. Әдеттегідей ел-жұртын жаңа жылмен құттықтап, көңіл тоғайтар көл-көсір табыстарымызға аз-кем шолу жасай келіп, Елбасымыз: «Алда бұдан да асқаралы асулар тұр. Біз әлемнің ең дамыған елу елінің қатарына кіруіміз шарт. Бұл үшін болашаққа қарай батыл қарыштап, алға қойған мақсаттарға қол жеткізуіміз қажет» деп және бір жаңа межені белгілеп бергендей болды.
Еліміздің бас басылымының жылашар санында сөз алған абыз ағамыз Бәйкен Әшімовтің ой-толғамы осындай жаңа меже, соны өріске бет алған халқына ақжарма көңілден шыққан ақ батасы іспетті еді. «Бұл дүниеде әрбір ел өзінің тәуелсіздігі мен бостандығын ең басты байлығы деп есептейді, – деп жазған-ды ел ағасы болған ақылман ақсақалымыз. – Халық үшін қай заманда да отанының азаттығынан қымбат ештеңе болмаған. Бұл баға жетпес бақытқа, Алла жар болып, біздің туған еліміз – Қазақстан да кенеліп, тәуелсіз ел ретінде әлем қоғамдастығы қатарынан орын алды. Адамдардың жақсы өмір сүруінің ең басты кепілдігіне қол жеткіздік. 2006 жылдың бір ерекшелігі – тәуелсіз ел ретінде дамып келе жатқанымызға он бес жыл толуы болса, сол басымызға қонған бақыттың қадір-қасиетін біліп, оның асыл бағасы мен өміршең өлшемін әрдайым есте ұстауға тиіспіз».
Иә, тәуелсіздік туралы, оның он бес жылдығы төңірегінде толғансақ, тарихи шындыққа жүгінбей әсте өте алмаймыз. Ақиқатын ашып айтсақ, 1991 жылдың желтоқсанына дейін әлем картасында Қазақ елі деген дербес, шекарасы дәйектелген, егемен мемлекет айшықтай жазылған емес. Кеңес Одағы аталатын алып империяның құрамындағы он бес республиканың қатардағы бірі болып келдік. Бар билігіміз орталыққа шырмалып, соның аузына ғана қарап отыратынбыз. Ал аталмыш жылғы 16 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заң Еуразия құрлығының жүрек тұсындағы бағзы заманында Ұлы дала атанған ұлан-ғайыр өлкеде жаңа жас мемлекеттің дүниеге келгенін айдай әлемге паш етті. Ежелден еркіндік аңсаған қаһарман халықтың өз тәуелсіздігін жариялауы сол сағатта-ақ әлемнің әралуан елдерінен қошемет-қолдау тауып, дүниенің төрт бұрышына таралды.
Жасыратыны жоқ, тәуелсіздігін жариялап, көк байрағын көкке көтерген жас мемлекетімізге күле қарап, күдіктенгендердің табылғаны, тіпті, ондайлардың өз ішімізден шыққаны да анық. Тәуелсіздікті топ етіп төбеден өзі түскендей көріп, жұрттың ең соңында қалып осыны жарияға жар салып, дырдулатпаса да жарайтын еді ғой дегендер болды. Рас, Қазақстан өз тәуелсіздігін одақ құрамындағы республикалардың бәрінен кейін, ең соңында жариялады. Өз басым, осының өзі кеш жарияланса да, дес жарияланғандай көремін. Қазақ елі одақтас республикаларды бас-басына енші беріп, өз алдына отау шығарып, түп қазықта қарашаңырақ иесі болып қалған кенже ұл боп іліккендей әлем назарына. Сөйтіп, ол түрік қағанатының ғана емес, кеңес қағанатының да қарашаңырағы болып қалғандай сезіледі маған. Несі бар, ата-баба дәстүріне ежелден адал қазаққа жарасатын қасиет қой бұл.
Шынтуайтқа келсек, тәуелсіздікті кеш жариялауымыздың түп-төркіні тереңде болатын. Аумалы-төкпелі алмағайып кезеңде қапы қалмас үшін сол тұстағы заманның ағымына, қоғамның жағдайына, халықтың түсінік-деңгейіне, елдің жалпы мүмкіндігіне қарай қапы қалдырмас жол табу керек болды. Атақтап заң жүзінде жарияланбады демесе, тәуелсіздікті онсыз да алып қойғанбыз. Сонда да саяси кеңістіктегі ықтимал қауіп-қатердің басқа да болжауы қиын, күрмеуі күрделі мәселелерді ой елегінен өткізіп, асығыстыққа бармай сабыр сақтауға тура келді. Елімізде өзге жұрттың көп екенін, бұрыннан да байланысымыз тығыз орыс елінің аңысын аңдау керек екенін ескеріп, Елбасымыз да опық жегізер асығыс қадамға барған жоқ. Онсыз да кейбіреулердің еліміздің терістік өңіріне көз алартып, қисынсыз қаңқу сөздермен ши жүгіртіп жатқанында тәуелсіздігімізді жарыса жариялап, қайқайып шыға келсек, жағдайымыз басқаша болып кетуі де ықтимал еді ғой. Сондықтан, арзан ұранға ермей, жалған сезімге ерік бермей, әліптің артын бағып, бәрін де ақылға жеңгізіп, еліміз дұрыс таңдау жасады.
Игіліктің ерте-кеші жоқ екен. Тәуелсіздігін өзгелерден кеш жарияласа да, Қазақстан тоқсаныншы жылдардың басындағы дағдарысты ойдағыдай еңсеріп, экономикалық-әлеуметтік дамудың негізгі көрсеткіштері мен халықтың тұрмыс деңгейі жөнінен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында көш басына шықты. Халықаралық қоғамдастықтың толыққанды әрі құрметті мүшесі болды.
Еліміз тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап даму бағытындағы айқын ұстанымды қабылдап, оны мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіріп өсу мақсаттарымызға қол жеткізуге жұмылдырды. Бұл ретте ол әрқайсысы бес жылдан тұратын үш кезеңді бастан өткізді. Бірінші кезеңде кеңестік жүйені бұзып, мемлекеттің негіздерін құрумен шұғылданды; екіншісінде – экономика мен саяси жүйенің құрылымдық терең өзгерістерін іске асырды; үшіншісі – экономикалық дәуірлеу кезеңі болды. Сөйтіп, осы он бес жылда қоғамымызды кең ауқымда жаңарту жұмыстары жүргізілді. Экономиканы дамыту деңгейі жөнінен Қазақстан әлемнің барынша дамып келе жатқан елдерінің алғашқы ондығына кірді.
Азат, еркін еліміздің бүгінгі биігінен өткенге ой көзін жіберсек, осы күнді аңсаған батыр бабаларымыздың асқақ арманы алдында, алмағайып заманда азаттық үшін алысқан атпал азаматтарымыздың өсиет-аманаты алдында, бостандық жолында жан қиып құрбан болған есіл ерлеріміздің өшпес рухы алдында бас иіп, тағзым етпеске әсте болмайды. Өйткені, өткенімізді құрметтемей, ертеңімізді еңселі ету қиын. Тәуелсіздік тұғырының берік болуы да осыған байланысты. Әлбетте, тәуелсіздік дегеніміз, таңдайға балдай татитын тәтті сөз ғана емес, мойынға ауыр жүк артатын мәртебелі міндет те. Оны ойдағыдай орындап, тәуелсіздікті баянды ету баршамызға ортақ борыш. Асты да, үсті де тұнған қазына қазақ жерінің байлығы оның түпкілікті тұрғындарына да, тағдыр қосып қоян-қолтық өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де кәміл жетеді. Тек соны шашпай-төкпей, ұқыпты ұстап, үнемдеп жұмсап, туған халқымыздың, туашақ ұрпағымыздың кәдесіне асыра білейік.
Ендігі меже – елулікке ену
Ұрпаққа жол ашқан кең байтақ жерім бар,
Бірлігі жарасқан тәуелсіз елім бар.
Қаңтар айының жетінші жұлдызында Қазақстан Президенті Конституциялық Заңмен бекіткен Мемлекеттік әнұранымыздың жаңа мәтінінде осындай әсерлі жолдар бар. Әнұранның әуені майталман сазгер, марқұм Шәмші Қалдаяқовтікі де, кезінде жалынды да дарынды ақын Жұмекен Нәжімеденов жазған сөзін Елбасымыздың өзі өңдеп ширата, шырайландыра түскен. Заңда әнұранды тыңдаудың жаңа тәртібі енгізілді. Яғни, оң қолыңды жүрек тұсына қойып, тыңдауың шарт.
Осы тәртіпті 11 қаңтарда Астананың Ақордасында өткен қайтадан сайланған Мемлекет басшысын ұлықтау салтанатына қатысқан жұртшылық алғаш рет әрі қалтқысыз орындады. Сол салтанатқа жетпістен астам алыс-жақын елдердің өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымына қайтадан ресми кірісуіне орай сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев: халықтың маған сайлауда көрсеткен қолдауын мен елімізде бүгін таңда берік орныққан саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім және экономикалық қарқынды өрлеу саясатын қуаттау деп қабылдадым. Сондықтан Қазақстан халқына адал қызмет ету алдағы уақытта да мен үшін ең мәртебелі әрі қасиетті борыш болып қала бермек, – деді толқи тұрып.
Шынында да, жалпақ жұрттың алдында тағдырың таразыға түсер сайлау сияқты ұлы сынақтың орны бөлек қой. Оның үстіне ол Елбасын белгілейтін Президент сайлауы болса жауапкершілік деген мүлдем төтен, ет жүректі толқын аттырып, лүпіл қақтырмай қоя ма! Елін он бес жыл басқарып, талай сыннан сүрінбей өткен Нұрсұлтан Әбішұлы да осындай сынды таяуда бастан кешіргені толқи сөйлегенінен-ақ көрініп тұрды. «Алайда, сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол» деп ұлы Абай айтқандай, сүйсінер ісі шаш-етектен келетін сүйер ұлына халқы тағы да қалтқысыз сенім артып, желтоқсанның төртінші жұлдызында Елбасы етіп қайта сайлаған-ды. Бұл, елім деп еңіреп туған ерге халқының шексіз сүйіспеншілігі мен шүбәсіз сенімінің айғағы екенінде дау жоқ.
«Қызметіме қайта кірісерде мен өзімді отаншыл, абзал, парызына адал, қазақстандықтардың қолдағанына және алдағы уақытта да олардың жанымнан табылатынына ерекше қуанамын, – деді Елбасы тебіренісін жасырмай. – Сондықтан ертең асқаралы биіктерге көтерілуге күш-қуатымыздың жететініне нық сенімдімін... Алған асуларымыз аз емес, ал алдағы мақсаттарымыз одан да биік. Ең бастысы – біз татулық пен бірлікке негізделген тәуелсіз мемлекет орнаттық. Ортақ мақсат жолында ынтымақ-бірлігі жарасқан біртұтас ұлт болып қалыптастық. Әлемдік өркениеттің ең асқақ талаптарына жауап беретін жаңа қоғам құрдық. Жыл сайын ел байлығын еселеген экономикалық дамудың қазақстандық үлгісін жасақтадық. Мұның бәрі барша қазақстандықтардың қажырлы еңбегі мен береке-бірлігінің арқасы. Ендеше, алдағы уақытта да әрқашан бірге, әрдайым алда болайық. Сонда біз ата-баба аманатын ақтап, болашақ ұрпақ алдында жүзіміз жарқын болады».
Сол салтанаттан кейін араға бір апта ғана салып, Елбасы Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып, Қазақстанды таяудағы он жылдың бағдарында дүние жүзіндегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына енгізудің стратегиясын және оны жүзеге асырудың алты басымдығы туралы бағдарламалық сөз сөйледі. Басты басымдық ретінде Қазақстан экономикасын жаңарту және оған серпінді сипат беру қажет екенін, олардың өзара байланысты міндеттер шешуді көздейтінін атап көрсетті.
Бәсеке түбі – береке екенін өмір тәжірибесінен түйген дана халықтың төл перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көптен көңілінде жүрген көкейкесті мұраты – Қазақстанды әлемнің бәсекеге қабілетті ең дамыған 50 елдің қатарына қосу екені бұрыннан белгілі. Оны жыл басталғаннан бергі сөздерінде қадап-қадап айтып жүрген. Ал ел халқына дәстүрлі Жолдауында әлемдегі барынша дамыған ең беделді елдердің тобына қосудың нақты стратегиясын белгілеп, оған жетудің жеті мүмкіндігін ашып, жеті басымдығын айқындап берді.
Мемлекет басшысының жылдағы дәстүрлі Жолдауын жұрттың үлкен үмітпен асыға күтетіні анық. Өйткені, онда еліміздің бүгінгі жетістіктері мен түйінді мәселелері сараланып, алда тұрған басым бағыттары айқындалады. Бұл жолы еліміздің жыл ішінде ғана емес, таяу болашақтағы бағыт-бағдары нұсқалып, ауқымды мәселелер күн тәртібіне қойылды. Ең бастысы, Қазақстанды дүние жүзіндегі ең дамыған 50 елдің қатарына енгізу жүктелді. Осынау мерейлі межеге жету жолында Елбасының өзі ұсынған өзекті басымдықтарды атай кеткен де артық болмас.
Бірінші басымдық: Қазақстанның әлемдік экономикаға кірігуі. Бұл, елдің экономикалық дамуының сапалық серпілісіне негіз болмақ. Екінші: Қазақстан экономикасын тұрлаулы түрде өрге бастыру үшін оны жедел дамытып әртараптандыру. Басқаша айтқанда, оның әртүрлі салаларын, өзара байланыста ұштастыра отырып, жоғары дәрежеде дамыған сан-салалы, көп қырлы өндіріске айналдыру. Үшіншісі: халықтың неғұрлым әлжуаз топтарын қорғайтын, экономиканың дамуына қолдау көрсететін осы заманғы әлеуметтік саясатты жүзеге асыру. Төртінші: осы заманғы білім беруді өрістету, кадрлардың біліктілігі мен оларды қайта даярлауды ұдайы арттыру және ел халқының мәдениетін одан әрі өркендету. Бесінші: демократияны одан әрі дамыту және саяси жүйені жаңарту. Алтыншы: осы кезеңнің әртүрлі қауіп-қатерлерінен алаңсыз етерліктей ұлттық қауіпсіздік стратегиясын ісе асыру. Жетінші: Қазақстанның өмірлік және өңірлік мүдделерін әлемдік даму тұрғысынан қапысыз қамтамасыз етіп отыратын сыртқы саяси бағытты жүзеге асыру. Мерейлі меженің қажетінен туындаған басты-басты жеті басымдық, міне, осылар.
Жалпы, жобаның мақсаты – қазіргі әлеуметтік қарқын мен деңгей тұрғысынан мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыт-бағдарын анықтап, айшықтай түсу, қоғамды экономикалық саяси әлеуметтік, мәдени-экологиялық жағынан өркендету, адами болмысы мен санасын қатар жаңғырту. Жобаның түпкі міндеті – қоғам мен мемлекетті жаңа сатыға, тың сапаға көтеріп, ұлттық түлеуіне жағдай жасау, әр салада кәсіби, ұлттық азаматтық белсенділікті арттыру және оларды әлеуметтік, мәдени бағдарламаларға бағындыру. Бәрінен бұрын халықтың әл-ауқатын жақсартып, азаматтардың қабілет-қарымын, парасат-пайымын ұштап, әлеуметтік ауқымы басым басты межені бәсекелестік жолымен тыңғылықты шешу шарт. Елбасының белгілеп берген елулікке ену стратегиясына зер салсақ, оның ойдағыдай жүзеге асуы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар жүретінін айқын көреміз. Сондықтан да, тәуелсіздігіміздің он бес асуы айшықтай аталып өтетін жылы «Ел межесі – елулікке ену» ұлттық ұранға айналды. Ертеңін нұрлы, болашағын жарқын етуді мұрат тұтқан жасампаз халқымыз «Қазақстан – тек қана алға!» деп еңбек көрігін қыздыра түсті.
Татулық шекара талғамайды
Қазақстанның күні кешеге дейін терезесі тең дәрежеде көрмек түгіл, дербес шендесе алмайтын, атақ-даңқынан ат үркетін Америка Құрама Штаттары, Ресей, Қытай сияқты алып та алпауыт мемлекеттермен бүгінде стратегиялық әріптес болып, ықпалды ынтымақтастығын өрістетуі, сөз жоқ, сыртқы саясатымыздың сүбелі жетістігі. Төрткүл дүниенің ең беделді елдерімен риясыз қарым-қатынас жасап, аралас-құралас болу оңай шаруа емес. Ол және өздігінен қолға түсе қоймайды. Еліміздің экономикалық жағынан үрдіс өрлеуі, саяси тұрақтылығы, шыбынсыз жаздай тыныштығы һәм ұлтаралық келісімі осындай салиқалы саясат жүргізуге мүмкіндік беріп отырғаны бесенеден белгілі. Оның үстіне тату көршілікті қадірлеп, туыстықты бәрінен жоғары қоятын қазақ жұртының келім-кетімге құшағы қашанда ашық қой. Қазір қазақ жерінде дүние жүзінің ең айтулы саясаткерлерінің алқалы жиындарын өткізу дәстүрге айналды. Оның ішінде әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің басқосуларын өткізу елеулі оқиғалардың бірі болғаны айтпай-ақ түсінікті. Осы оқиғалардың басы-қасында ұйымдастырушы ұйытқысы болып қашанда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жүреді. Арнасын кемітпей, арасын суытпай өтіп жататын сондай халықаралық кездесулер мен жиындардың мазмұн-сипатына үңілсек, қазақ еліне деген, оның озық ойлы көшбасшысына деген сенім мен жас мемлекетімізге деген құрметті аңғарамыз.
«Қазақстан шекарасының ұзына бойында тату көршілік пен тұрақтылық белдеуін орнықтыру жөніндегі өзіміздің халықаралық міндеттемелеріміз парықты пайымдауымызға негізделеді. Біз Ресеймен, Қытаймен, Америка Құрама Штаттарымен стратегиялық серіктестік тұғырынан таймайтын боламыз», – деп Президент лауазымына кірісу рәсімінде Елбасымыз тағы да шегелеп айтқан. – Еуропа Одағымен және мұсылман елдерімен ынтымақтастықты ұлғайта беру біздің сыртқы саясатымыздың басты басымдықтарының бірі. Біз Орталық Азиядағы өзіміздің ең жақын көршілерімізбен арамыздағы қатынастарға айрықша мән береміз. Өңірдің қауіпсіздігі біздің мемлекеттер ықпалдастығы деңгейінде сапалық тұрғыдан ілгерілеуімізді талап етеді».
Әрине, халықаралық қарым-қатынастарды үйден аттап шықпай, шаңыраққа шырт түкіріп жатып қалыптастыру мүмкін емес. Осы орайда «Бармасаң, келмесең жат боласың, алмасаң, бермесең сарт боласың» деген қазақ нақылының жаны да бар сияқты. Даланың дана дипломатиясын санасына сіңірген сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлының ерекше жақсы қасиеті – алыс-жақын шетелдерге ресми сапарлармен жиі шығып, күн тәртібіндегі көкейкесті келелі мәселелерді кеңінен кеңесіп, қолма-қол шешіп отыратыны. Тек аталмыш жылы ғана ол Америка Құрама Штаттары, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Бельгия, Малайзия, Өзбекстан және басқа да іргелі елдерде болып, олардың басшыларымен жүзбе-жүз кездесіп, ауызба-ауыз сөйлесіп, күн тәртібіндегі келелі мәселелерді қолма-қол шешіп қайтты. Ондай олжалы сапарлардың бәрін бірдей ежіктемей, қыркүйек айында Америка Құрама Штаттарына жасаған ресми сапарына аз-кем тоқталсақ та жетіп жатыр.
...Сейсенбінің сәрсенбіге қараған кешінде Қазақстан Президентінің ұшағы Американың Портсмуд қаласына келіп қонып, Елбасымыздың Құрама Штаттардағы ресми сапары басталғанын паш етеді. Мұнда Америка президенті Джорж Буштың әкесі, елдің бұрынғы басшысы тұратын. Өз елінің салтымен сапарын үлкенге сәлем беруден бастағалы келген Нұрсұлтан Назарбаевты кезінде Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып құттықтаған сексен екі жастағы қарт саясаткер өзінің ата қонысы, қарашаңырағы «Уокерс поинтте» құшақ жая қарсы алып, ерекше құрмет көрсетеді.
Жоғары дипломатиялық деңгейде әрбір сөздің, әр бағаның, тіпті ишараттың да ерекше мәні болатынын ескерсек, осы бір жылы шырайлы ашық-жарқын жүздесу бұдан кейінгі барлық кездесулерге ерекше жағдай туғызып, сапардың мазмұнын байытып, маңызын арттыра түсті. АҚШ-тың вице-президенті Дик Чейни, американ үкіметінің аса беделді мүшелері: Энергетика, Сауда, Ауыл шаруашылығы министрлері Бодман, Гутпересс, Йоханис республика экономикасының ашықтығы мен ырықтылығы және қарыштап қарқынды дамуы Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруіне қолдау көрсетуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Аса ірі трансұлттық компаниялардың басшылары Қазақстандағы экономикалық реформалардың нәтижелерін, оның ұдайы өсуі мен әртараптандырылуын жоғары бағалады. Әрі оған салынатын инвестицияларды бұдан бұрын да арттыра түсетіндігін білдірді.
«Сапардың ең шырқау шыңы – Нұрсұлтан Назарбаев пен Джордж Буштың кездесуі американ қаттамасының шектеулерінен асып түсіп, өте ыстық ықыласты жағдайда өтті. Кездесу барысында талқыланған барлық мәселелер бойынша берік уағдаластыққа қол жеткізді», – деп жазды сапарды қорытындылай келіп, сол тұстағы Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары әрі баспасөз хатшысы болған Мұхтар Құл-Мұхаммед. – Президент Буш Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенті ретінде ғана емес, сондай-ақ Еуразия өңірлік интеграциясының лидері және Орталық Азиядағы сенімді стратегиялық әріптесі ретінде де қабылдады. Бұл жағдай екі ел президенттерінің бірлескен мәлімдемесінен де айқын көрініс тапты».
«Қазақстан бұдан бұрын бірде-бір елдің қолынан келмеген нәрсені жасай алды, – деп жазды «Вашингтон пост» газеті. – Ол Қытаймен, Ресеймен және АҚШ-пен бірдей деңгейдегі жылы да терезесі тең қарым-қатынасты сақтай білді. Вашингтонмен байланыстар қасаң қатынастардың шеңберінен шығып кетті». Америка астанасының қақ төрінде Қазақстанның тәуелсіздік монументі бой көтеруі де осының арқасы болса керек. Сөйтіп, Қазақстан Барысы азуы алты қарыс Батыспен бәсекеге әзір екенін танытты.
Сол сияқты Елбасының түбі бір түркі елдерінің басшыларымен жаһандық дамудың жаңа кіндігі – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының мүшелерімен кездесуі де өте сәтті болды. Сайып келгенде, тату қарым-қатынас орнату үшін жердің шалғайлығы, жолдың алыстығы, тіпті, мұхиттың өзі де бөгет болмайды екен.
Өлеңмен ұғысып, өнермен туысқан елдер
Елең еткізер жаңалықтардың жаршысы сынды Елбасымыздың бастамасы бойынша 2006 жыл Қазақстандағы – Пушкин, Ресейдегі Абай жылы деп жарияланған еді. Бұл бастаманы ежелден ауылы аралас, қойы қоралас, тарихы тамырлас, тағдыры сабақтас екі елдің де халықтары қызу қолдап, қуана қарсы алған-ды. Өйткені, адамзат ақыл-ойы алыптарының қатарынан ойып тұрып орын алған осынау екі тұлға қашаннан құдайы көрші екі халықтың арасындағы риясыз татулық пен рухани байланыстың баға жетпес дәнекері іспетті болатын.
«Қазақстан мен Ресей немесе Ресей мен Қазақстан – бірде арбаның, бірде делбенің омыртқа жұлынындай боп кететіні бар. Тіршіліктің таусылмас небір қиямет сындарында осылайша үзеңгілес болып сапар шегіп келеді. Соның мәңгілік таусылып бітпейтін кез-келген жәйттерінің бәрі де, баршасы да, неге екенін қайдам, құдіретті жұмбақ. Осынау екі есімнің – Абай мен Пушкин немесе Пушкин мен Абай деген екі сөздің, екі ұғымның іші-тысына көл-көсір қалпымен сыйып та кетеді, әрқашан жарасым тауып та тұрады. Оның үстіне осындай алып болмыстарымен көл-көсір қалпында нұр шашып тұратынын және бірінсіз-бірін елестете алмайтынымызды қайтерсің!», – деп өмірден ерте өткен дарынды сыншы Сайлаубек Жұмабеков баршаның ортақ ойын білдірген еді.
Айтса айтқандай, осынау екі ұлы есім қазақ үшін бір қолдың саласындай, дарияның екі жағасындай егіз ұғым болып кеткені қашан. Сонау он тоғызыншы ғасырдың отызыншы жылдарының басында шаруалар көтерілісінің көсемі Емельян Пугачев туралы деректер жинап, Жайық жағасының топырағына табаны тигеннен бастап А.С.Пушкин қыр халқының жанашыр жақын досы болып кеткен. Көшпенді елдің әдет-ғұрып, ән-жырын зерттей жүріп «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» дастанының оқиғасын тұңғыш рет қағаз бетіне түсірген. Ал сексенінші жылдардың аяғында ұлы Абайдың құдіретімен орыстың сол данасы сүйікті Татьянасын жетектеп, қазақ қырына келіп, сахара аспанында жыр болып төгіліп, ән болып тамылжыды.
Содан бастап Пушкин қазақтың өз топырағында туған төл перзентіндей болып алды. Оның шығармаларын ана тілімізге аудару үзілмес үрдіске айналды. Оған Абай бастап аударған ұлық туындысы «Евгений Онегиннің» сол ғасырдың өзінде-ақ өз тілімізде сөйлетуге онға тарта қазақ ақынының талап қылғаны айғақ. Кезінде Пушкиннің тамаша туындыларын қазақ оқырмандарының жүрегіне жеткізуге Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Қуандық Шаңғытбаев тәрізді жыр дүлдүлдері атсалысты. Сол дәстүрді атаулы жылы Кәкімбек Салықов, Фариза Оңғарсынова, Исрайыл Сапарбаев секілді саңлақ ақындарымыз жалғастырды. Әйткенмен, орыстың ұлы ақынын қазақ ұғымына өз деңгейінде жеткізу үшін қазақы жыршылдығымыз жеткенімен, Абайдай сұңғыла сыршылдығымыз жетпей жатқан сияқты.
Сондай-ақ, қазақ халқының ар-ожданына айналған терең ойшыл, кемел ақын иесі Абай да орыс қауымына бар болмыс-бітімімен өз биігінен танылды деп айта алмаймыз. Қанша рет аударылса да қазақ ғұламасының ойлы-мұңлы, сазды-сырлы жырларының орыс оқырмандарына сұлбасы жеткенімен, әрі мен нәрі, мәні толық жетті деп айту қиын. Данышпан ақынның әр сөзі өсиет, әр демі ұлағат ұлы шығармаларын насихаттайтын орталық болады деп мереке дүрмегімен Мәскеуде ұйымдастырылған Абай институтының қамқорлықтың жоқтығынан қаржысыз қалып, жабылудың аз-ақ алдында тұрғаны да қынжылтпай қоймайды.
Бір жақсысы, орыс астанасының нақ ортасында қазақ кемеңгері Абайға ескерткіш қойылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына екі елдің де басшылары Н.Назарбаев пен В.Путин қатысты. Ескерткіштің ашылуында сөз алған Ресей Президенті Абайды екі халық мәдениетінің жақындасуына қызмет еткен ұлы тұлға деп бағалады. Ақиқаты да сол. Абай атамыз: орыстың ғылымы дүниенің кілті, оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады, – деп орыс халқының өнері мен білімін үйреніп, онымен дос болып өтуге үндеп өтті емес пе. Ресей мен Қазақстан екі халықтың арасында ежелден келе жатқан қылаусыз достық, тату көршілік, қалтқысыз сыйластық дәстүрін дамыта беретініне сенім кәміл.
Ұлы ақындар жылы басқа да мерейтойларға кен де болған жоқ. Жыр алыбы Жамбылдың 160 жылдығы, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің майталмандары Әбу Сәрсенбаев пен Ахмет Жұбановтың, аяулы ақын апамыз Мәриям Хакімжанованың жүз жасқа толған мерейлі мүшелдері арнайы атап өтілді.
Түйін
Асылы, қазақ деген жұмбақ жұрт. Жайшылықта жер қозғалса қозғалмайтын жайбарақат, қой аузынан шөп алмайтын момын халық намысына тиіп, қонысына қол салса, арыстандай айбаттанып қарсыласына жолбарыстай атылады. Бір ғажабы, аттың жалында, атанның қомында, аяқ астынан туған сол аттанысының салмағы зілді, салдары зәрлі болады. Атап айтсақ, майданның қара жұмысына жігіт жіберуге қарсылықтан басталған қазақ даласының қиыр-қиырын кеңінен қамтыған он алтыншы жылғы ұлт-азаттық қозғалысы ақпан, қазан төңкерістеріне ұласып, ақыры патшалық құрылыстың күйреуімен тынды. Ал мұз үстіне от жағып, кеңестік темір тәртіптің құрсауын талқандауға аттанған жастарымыздың сексен алтының желтоқсандағы шеруі барша құрлықтың алтыдан бір бөлігін шойын шеңгелінде ұстап тұрған Кеңестер Одағын ыдыратудың алғышарты, алғашқы дабылы болған сынды. Былайша алғанда, біздің қазақ кеңес өкіметінің тууына да, құруына да себепші болған секілді. Тек біріне – тоқсан, екіншісіне жиырма жыл толған осы оқиғалардың өз деңгейінде аталып өтпей жүргені өкінішті-ақ.
Жалпы, қазақ халқы өз бостандығы мен тәуелсіздігі жолында тынбай күресіп, патша отаршылдығы мен кеңестік жүйенің озбырлығына қарсы екі жүзден астам көтеріліс жасаған ғой. Демек, біздің бүгінгі тәуелсіздігіміздің бастау көзінде талай ұрпақтардың қан мен тері бар. Оны қастер тұтып, тұғырын биіктете түсуге талаптанатынымыз да содан.
Сарбас АҚТАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.