Көңілде жүрген мәселе
Үстіміздегі жылдың 12 шілдесінде «Егемен Қазақстан» газеті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің кәсіпкерлер мен ел халқына жолдаған «Жарылқаушы айда жұртқа жеңілдік жасайық» атты үндеуін жариялаған болатын. Біз бүгін сол үндеуге байланысты редакцияға келген бір топ оқырман хатын жұрт назарына ұсынып отырмыз. Әбсаттар қажы Дербісәлі айтқандай ораза кезінде көтерілетін бағаны, керісінше 10 пайызға дейін төмендету ісі – ислам мен оразаға деген құрметтің ішіндегі ең абзалы. Оны сауда төңірегінде жүрген азаматтардың садақасы, қайырымдылығы деп түсінген дұрыс. Мысалы, араб мемлекеттерінде мейрамхана мен дәмхана иелері Рамазан айындағы ауызашар кезінде көшедегі адамдарды ауызашарға шақырады. Ал күндіз асханалары жұмыс істемейді. Өйткені, ораза кезінде күндіз тамақтануға болмайтыны ескерілген. Ал бізде рамазан айында күндіз ас беріліп жатады. Рас, өмір бар жерде өлімнің де бары ақиқат. Қайтыс болған кісінің жетісі, қырқы оразамен тұспа-тұс келуі әбден мүмкін. Ондай жағдайлар белең алған күннің өзінде ас тек кешкілік уақытта берілгені ойға қонымды. Ал Рамазан айында елді жинап, тамақ беру – үлкен күнә. Бұл айда тіпті кешкі уақыттарда өтетін туған күн, сырға салу, қыз ұзату, үйлену сияқты той-томалақтың бәріне шектеу қойылуы қажет деп білеміз. Алатау аудандық ардагерлер кеңесі. Алматы қаласы.Халықтың жайын ойлау деген осы
Әбсаттар қажы Дербісәлінің еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Жарылқаушы айда жұртқа жеңілдік жасайық», – деп аталатын үндеуін мен де аса қызығушылықпен оқып шықтым. Бас мүфтидің ондағы барлық ой-тұжырымдары маған да үлкен ой салды. Сондықтан республикамыздың беделді басылымына өз пікірімді жолдағанды жөн көрдім. Ең алдымен айтарым, Әбсаттар қажы Дербісәлі бұл үндеуінде мұсылман бауырларымыздың қамын ойлап, солардың мүддесін көздеп отыр десем, өзімді бас мүфтидің Рамазан айында дүкендер мен базарларда азық-түліктердің, сондай-ақ қонақүйлер мен қоғамдық қызметтердің бағасын 10 пайызға жеңілдету жөніндегі пікірі өте тәнті етті. Енді соны сол салаларда қызмет атқаратын кісілер қызу қолдаса, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай -ақ Әбсаттар қажы Дербісәлі аталған үндеуде ораза кезінде мейрамханалар мен жиын-тойларда ішімдіктің ешбір түрі ішілмеуі, оның дүкендерде сатылмауы жөнінде де мәселе көтереді. Меніңше, бұл ойлар да барша жүрегінде иманы бар азаматтарды бей-жай қалдырмайды. Мен осы үндеуді толығымен қолдаймын. Жүрген жерлерімде жұртшылыққа оның маңызы мен ерекшелігін айтудан жалықпаймын. Кәмшат ДӨНЕНБАЕВА, Социалистік Еңбек Ері. Қостанай облысы.Саламатты өмір сүрейік
Таяуда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дінбасымыз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің қасиетті Рамазан айы қарсаңындағы министрлер мен ведомоства жетекшілеріне, облыс, қала, аудан басшыларына, кәсіпкерлерге және жалпы халыққа арнаған үндеуін оқып, көпті көрген ардагер ретінде үн қосуды жөн көрдім. Жалпы, Бас мүфти халқымызды имандылыққа бастап, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырып, төл дініміз – Исламды насихаттауда қыруар жұмыс атқаруда. Осындай жемісті еңбектің нәтижесінде қазір дін жолына түсіп, имандылыққа бет бұрған қандастарымыз да күн санап көбейіп келеді. Әсіресе, егемен еліміздің ертеңі болар жас ұрпақтың дінге деген көзқарасының жақсарғаны көңілге қуаныш ұялатады. Мүфтидің жыл сайын халыққа жолдайтын үндеуін оқып, саналарына тоқыған көптеген азаматтар қазірде қуаныш-тойларын арақ-шарапсыз өткізуде. Оған күнделікті өмірде өзіміз де куә болып жүрміз. Енді, міне, ел тәуелсіздігіне 20 жыл толған елеулі мерейтойда тағы бір үндеуін жариялады. Онда халықтың әлеуметтік жағдайына да ерекше мән беріліпті. Атап айтсақ, дінбасымыз, кәсіпкерлерден қасиетті айда азық-түлік, қызмет түрінің бағасын қымбаттатпай, керісінше, Алланың разылығы үшін 10 пайызға арзандатуды сұрайды. Расында, жыл сайын ораза басталысымен базардағы азық-түлік бағасы тым шарықтап кететіні белгілі. Сонымен қатар, барлық жамандықтың бастауы саналатын арақ-шараптан мүлде аулақ болуға шақырады. «Жұртымыз қасиетті айда арақ-шараптан, Аллатағала тыйым салған басқа да харам әрекеттерден аулақ болса деймін. Мейрамханалар мен жиын-тойларда ішкіліктің ешбір түрі ішілмесе, дүкендерде сатылмаса...»-дейді мүфти өз үндеуінде. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) те өз хадисінде «Аллатағала ішімдік ішкенді, ішкізгенді, сатқанды, сатып алғанды, оны жасап шығарғанды лағынеттеген» – депті. Сондықтан, құрметті отандастар, дінбасымыз Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің осынау игі бастамасын қолдай отырып, тек Рамазан айында ғана емес, харам әрекеттен, арақ-шараптан мүлде аулақ болып, саламатты өмір сүруге шақырамын. Алда келе жатқан қасиетті айды ақ ниетпен, жақсы тілекпен қарсы алып, Аллатағаланың разылығына бөленейік дегім келеді. Сейітжан ТӘБӘРІКОВ, еңбек ардагері. Семей қаласы.Жеңілдік жасауды жөн көрдік
Үндеудің мақсаты – Рамазан айының қадір-қасиетін арттырып, мұсылмандарға ораза айы кіргендігін шынайы сездіру. Шындығында, қасиетті Рамазан айын өз дәрежесінде атап өту және құрмет көрсету исі мұсылман баласының бір міндеті іспетті. Сол себепті астаналық бір топ кәсіпкерлер дінбасы Ә.Дербісәлі хазіреттің үндеуіне үн қоса отырып, Рамазан айы қарсаңында өз сауда орталықтарымызда жұртшылыққа 10 пайыздық жеңілдік жасауды жөн көрдік. Сондай-ақ, еліміздегі барша кәсіпкерлерді бас мүфтидің үндеуіне қолдау білдіруге шақырамыз. Аллатағала қасиетті Рамазан айында барша жұртшылыққа рақымы мен мейірімін төгіп, ризығымызды мол етсін деп тілейміз. Ведат Далкиран, «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығының бас директоры, Сердюк Богдан, «Рамстор» сауда орталығының Астана және Қарағанды аймақтық директоры; Нұрлан Алжанқұлов, «Алит» компаниясының директоры; Сәуле Даниярқызы, «Кәусар» халал кешенінің басшысы; Қуаныш Нұрқиянов, «Бакара» ет комбинатының директоры; Талғат Жылқыбаев, «Төрт түлік» халал ет дүкенінің директоры.