Алай-дүлейі көп өткен ғасырдың басында Мұстафа Шоқай: «Біз – құл болып тұра алмаймыз. Біз – ұлт азаттығымызды аламыз!» деп жар салған екен. Азаттығымызды алдық. Мамыр айында өткен Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз ғасырлар бойы замана дауылымен жөңкіле көшіп, ғасырлар тоғысында туған елдің төріне біржола табан тіредік. Мен бір айтқан сөзімде: «Күйінсін жауың, сүйінсін досың, Жиылсын қауым, құйылсын көшің» деп едім» деді тебіреніп тұрып. Шынында, дос сүйініп, дұшпан күйінетін биікке көтерілдік. Экономикамыз еңсе тіктеді. Алла жар болып, әлем алдындағы абыройымыз асқақтады. Иә, іргелес елдермен қатар тұрып, иық тірестіретін күнге жеттік. Тәуба, қазір өзге мемлекеттер өз алдына, біз өз алдымызға өмір сүріп жатырмыз. Белді бекем буып, береке, бірлікке ұюдың арқасында балаң жастан өттік. Жігері жалын, кеудесін от кернеген жігіттік жасқа қол арттық. «Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы, қуғыншы қандай болса, мал қайтпақшы» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, жоғымызды түгендеп, барымызды бекемдеп жатырмыз. Қазақтың қазіргі ақиық ақындарының бірі Серік Ақсұңқарұлы меңзегендей, қазақтық қалыпты, ұлттық салтты, мейірім-шапағатты ту етіп, «Жылағанды – жұбат. Жығылғанды – деме. Адасқанды – ізде. Айрылысқанды – табыстыр. Сазды құрап – жер ет. Азды құрап – ел ет» деген қағиданы алға ұстап келеміз. Мұның негізгі арқауында: қазаққа тән ары үшін барын салатын, бақ пен тағы кетсе де намысын қорлатпайтын, ұлт ұраны, ұрпақ тұрағы, әр нәрсенің бар сұрағы деп обал мен сауапты алға оздырып, ақылдың кеніне, сөздің жөніне ден қоятын ұлттық рух жатқаны рас.
Иә, қазақтың басынан ойран-топыр өмір аз өткен жоқ. Қазір де майда жел күнде есіп тұр дей алмасақ керек. Әлемді алақанында ұстағысы келетін әккі саясат, аумалы-төкпелі экономика құйындай ауық-ауық үйіре береді. Бұған төтеп беретін ақыл мен айла ғана. Қарадүрсіндік қапы қалдырады. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақ елінің бүгінгі бағыт-бағдары адастырмайды деген берік байламдамыз.
Жоғарыда айтқан қазақ құрылтайында Қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Құрылтай – тойлау үшін емес, ойласу үшін шақырылған жиын екенін баршаларыңыз білесіздер» деді. Бұл шындық еді.
Сол алқалы жиында атқарған ісіміз бен алда тұрған міндеттеріміз азды-көпті сараланды. Мемлекет басшысы құрылтайға келген жастардың көп екеніне сүйсіне отырып, «Екіншіден, шетелден келген құрылтай қонақтарының басым көпшілігі – 60 пайызы жастар екен. Жастар – біздің болашағымыз. Біз әлемдегі барша қазақ жастарының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасауымыз қажет. Қазақстанда біз оны жүзеге асырамыз. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіне қандастарымызға бөлінетін гранттық квотаны нақтылап, жастармен жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырамын. Қазір білектің емес, біліктің озатын заманы» деп, өзге де міндеттерді алға тартса, алыстағы ағайындар да атажұртына өз үлестерін қосу мәселесін қозғаған болатын.
Құрылтайға келген қандастарымызды елордадағы белді де беделді министрліктер қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады. Сондай мәнді мәселелер көтерілген отырыс Білім және ғылым министрлігінде болған еді. Сол жерде Қазақ елі Отаным деп келген азаматтар ойларын бүкпесіз ортаға салды. Олардың басты көтерген мәселелері: шетелде тұратын қандастардың тілден айырыла бастағанын, әсіресе, отбасына ұйытқы болып отырған үлкендер азайған сайын жастардың тұрған жеріне «тастай батып, судай сіңіп» бара жатқаны жанға бататынын тілге тиек етіп жатты. Сол секілді шетелдерге өздерінің қаржысымен барып оқып жатқандардың проблемасы да алдан шығатынына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев нақты мысалдар келтіріп, шет мемлекеттерде өмір сүріп жатқан бауырластардың баласына оқулық, ақпарат құралдардарының жетпейтінін айтты. Сондай-ақ, ол атамекеніне келген жастар үшін арнайы кәсіптік мектептер ашу жайын, оны шекаралас облыстарда жүзеге асырудың тиімділігін атап өтіп, өзінің шетелге барған сапарларында жүздеген жастармен дидарласатынын, олардың жоғары білім алғаннан кейін Отанына оралған кезде жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі өз шешімін таба бермейтініне өкініш білдірді. Санкт-Петербургте үш мың жастың жоғары білім алып жатқанын, олармен ой бөліскенде өздеріне Қазақ елінен сұраныстың бола бермейтінін, керісінше оқытып жатқан мемлекет бізде қалып, азаматтық алып қызмет істесеңдер, барлық жағдайды жасаймыз деп белсеніп отырғандарын алға тартты. Мұндай күрделі мәселелер Прагада оқып жатқан 300 студентпен тілдескенде де алдымнан шықты. Сол секілді атажұртына келіп білім алып жатқан жастардың құжатын ресімдеу барысында да қиын түйіндер аз емес. Оқу орындары бір анықтама үшін талапкерлерге Астанаға, басқа жерлерге бар деп жатады. Ал олар келген кезде оралмандармен нақты жұмыс істейтін адамдарды таппай, әркімнің есігін бір қағып жүреді, деген Талғат Мамашев, шеттен келетін қандастарымызға қатысы бар мекемелерде белгілі бір адам осы жұмыспен тиянақты айналысса деген тілегін жеткізді. Ал Түркияда тұратын ғалым Әбдуақап Қара шетелде тұратын ғалымдар мен Қазақ елінде тұратын оқымыстылардың арасындағы байланысты нығайту мәселесіне тоқталды. Бұл құрылтайдың Елбасы айтқандай, тойлау үшін емес, ойлау үшін өткізіліп отырғанын, қазақтың үштен бірі сыртта жүргенін, Түркияда түркі дүниесінің құрылтайы жиі өткізілетінін, оған мыңнан аса адам қатысып, бірнеше секция бойынша жұмыс істеп, оқу-ағарту, мәдениет, экономика, тағы басқа салалар бойынша пікір алмасып, кейін алқалы жиын материалдары том-том кітап болып жарық көретінін айтты. Сондай-ақ, ол бұл кітаптармен тиісті мекемелер танысатынын, сол бойынша іс-шараларды жүзеге асыратынын, зерттеу орталықтары алда істелетін жұмыстың жол-жоралғысын зердеге салып дайындайтынын, алдағы уақытта көші-қонмен айналысатын министрлік немесе агенттік құру қажеттігін, сырттағы қазақтардың «Қазақстанда қызмет ету саясатын» жасау керектігін де атап өтті. Бұл қандастардың бір-бірімен табысуына үлкен септігін тигізер еді. Тіпті, көші-қон бағдарламасымен келгендердің өзі құжат жинау, үй іздеу, тіркелу, тағы басқа ұсақ-түйек жұмыстармен көп уақытын жоғалтады. Осыны болдырмас үшін жүйелі зерттеулер жүргізіп, келген қандастарымыздың кәсібіне, мамандығына қарай қай аймаққа орналасуға болады деген мәселелер алдын ала зерделенсе, ұтылмас едік. Келген бауырлар не заңды, не тілді білмей сабылып жүргеніне біз ғана емес, осындағы жұрт та куә. Әрине, шетелдегі қазақтың бәрін бір күннің ішінде көшіріп алу әсте мүмкін емес. Жылына бөлінетін квота – 20 мың. Қалай десек те квота санын көбейтпесек, қандастарымыз жылдар өте келе тұрған еліне сіңіп кетпей ме деген күдігін бүкпесіз жайып салды.
Ал құрылтайда білім мәселесін, тіл мәселесін батыл қозғаған ресейлік Нұрғайша Бариновамен пікірлескенімізде: артымда сенім артып жіберген жүздеген қандастарым бар. Олар маған арқа сүйер Отанымызға барғанда біздің жалтақтаған жайымызды, әсіресе, ұрпақ мәселесін айт деген еді. Мен соны жеткіздім. Ресейде екі мектеп бар дейміз. Айталық, бізбен көрші ауылда Байғанов атындағы мектепте 19 оқушы ғана оқиды. Ауылда 30-шақты отбасы тұрады. Ендеше, осы білім ұясының болашағы мықты дей аламыз ба? Тағы бір мәселе, қазақ тілінде мектеп бітірген оқушы орыс тілінде емтихан тапсыруы керек. Қазақстанға келсе, тестке кіруі тиіс. Келешекте екі мемлекет арасында осы білім ісі бойынша бір келісім болса дейміз. Қазақ еліндегі үлгіден өзгелер сабақ алып, көрші қақысын ұмытпаса жөн болар еді, деп ой түйді.
Сол секілді Қытай мемлекетінен келген ақсақал Сұлтан Жанболатов, қытай еңбекші халық, үш мың жыл дамымаған экономикасын 30 жылда биікке көтерді. Сондай өркенді елде тұрсақ та, жүрек қазақ деп соғады. Біз жастарды қазақ топырағына жібергенде, бірінші – білім алсын, екінші – орнықсын, сөйтіп, артында қалған елдің келуіне септігін тигізсін дейміз. Шыны керек, көш мәселесі баяғыдай емес, оның бойына қан жүгірту керек. Әсіресе, оқығандарды, ғалымдарды атажұртына бірінші кезекте шақыруды қолға алсақ екен. Ол жақта оқығандарды қазір АҚШ өзіне тартып жатыр. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары ауруы мамандарына қызығушылығы өте жоғары. Сондай мықты дәрігерлердің Қазақ еліне керек екені сөзсіз, деген ол – өткен ғасырда оқу-ағарту, білім беру жақсы дамыды. Біз де сол тұста жетілдік. Бұл ғасыр басталғаннан кейін жаңа саясат аясында тек қана қытай тілінде оқыту өрістеуде, деп аймақтардағы қазақ мектептерінің жағдайына алаңдаушылығын білдірді. КСРО заманындағыдай онда қос тілде оқыту бел алып бара жатқанын, ана тілі мен әдебиет қана қазақша жүретінін, мұның арғы жағы қайда апарады. Тіл өзгерсе, дін өзгереді. Бірте-бірте бүкіл болмысың өзгереді. Бауырлар, ағайыннан айырылып қалмаңыздар. Бұған айрықша мән беріңіздер. Қос тіл деген қос қанат емес пе дейді біреулер. Қос қанатсыз құс қалай ұшады дейді және. Бұл да жөн. Бірақ, қазақ тағдырын қайда қоямыз деп көкірегі қарс айырылды.
Сөйлеушілердің арасында шетелге жіберілген оқулықтар қолға тие салысымен оқылмайтынын, мемлекеттің ішкі иірімдеріне сай сараптаудан өткізілген соң ғана рұқсат етілетінін баса айтып жатты. Мысалы, Ресейге апарылған оқулықтардың біразы екі жылдан бері сондай тексерудің қорытындысын күтіп жатқан көрінеді. Өзбекстаннан келген профессор Бәкір Серікбаев бір замандары ол елде 750 мектептің жұмыс істегенін, қазір 551-і ғана қалғанын, күн көру үшін бауырларымыздың өзбекше оқуға бет бұрғанын, қыздарымыздың қазақтан гөрі жергілікті ұлтқа тұрмысқа шығуға бейім тұратынын, сол елдің бағдарламасымен оқу бітірген түлектер Қазақстанға келіп сынақ тапсырғанда қиналатынын, Өзбекстан тарихы қазақ тілінде оқытылатынын айтып, Ресей мемлекетінің шеттегі қандастарына ерекше назар аударатын тәсілін бізде де жүзеге асырсақ деген байламын айтты. Осы арада Түркістан қаласында болған екінші құрылтайда (2002 жылы) сөз алған М.Бәкіров бауырымыздың Өзбекстанда қазақ тілінде білім беретін 586 (бұрын 750) мектептің барын айтып, «Кейбір қазақ ата-аналары қазірдің өзінде балаларын латын жазуындағы өзбек мектептеріне бере бастағанына көз жұма қарауға болмайды. Өзбек, қазақ мектептерінде орыс тілі шет тілі ретінде оқытылатындықтан Өзбекстандағы кириллица жазуы ұзақ сақталады деу қиын. Бұл мәселені екі ел бірлесе шешпесе, біз қолда бар мектептерімізден айырылып қалуымыз сөзсіз» деген жанайқайы ойға оралып отыр. Қанша айқайласа да бауырларымыз 9 жылда 35, 20 жылда 200-ге таяу білім ордасынан көз жазып қалыпты.
Осы дөңгелек үстелді қорытқан тұста Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, алыс елде жүрсе де өз тілін ұмытпай, тарихына терең мән беріп, салтын қадірлеген қандастарына ризалығын білдіріп, бұл біз үшін сабақ болар үлгі деп, шетелдегі бауырлардың баласын оқыту мәселесін, қазір қайта қаралып жатқан «Білім туралы» заңда дәйектеудің еш артықтығы жоқтығын жеткізіп, осы салаға жауапты қызметкерлерге тиімді жолды қарастыруды тапсырды. Ол сонымен қатар, шетелден келетін талапкерлердің бәрін жоғары оқу орындарына оқыту керек пе деген ойды талқыға тастап, әр үміткердің қарым-қабілетіне қарай шешім қабылдау қажеттігін, кәсіптік білімге бейімдеуді қолға алуды қозғады. Пікір білдірушілердің шекаралы облыстардан кәсіптік мектеп ашу туралы ойлары құптауға тұратынын, оған мүмкіндіктің жететінін, пәрмен беруге болатынын айтып, оқуға келген жастарды бір құжат үшін әрі-бері сандалтуға тыйым салынатынын, оны жергілікті жерде шешуге тапсырма түсіретінін алға тартты.
Жоғарыда Президенттің осы құрылтайға жастардың көп келгені жөніндегі пікірін мысалға келтірдік. Мемлекет басшысы 1996 жылдың желтоқсан айында «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлық шығарғаны белгілі. Сол Жарлықтың негізінде Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Дарын» орталығы 8 жылдан бері «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» деген тақырыпта қазақ тілі мен әдебиетінен халықаралық олимпиада өткізіп келеді. Олимпиаданың негізгі мақсаты: жақын және алыс шетелдерде тұратын қазақтардың балаларын атажұртына шақырып, ана тілімен табыстырып, бабалардың кіндік қаны тамған байтақ даламен қауыштыру. Осы игілікті қадамның нәтижесінде әлемнің біраз елінде тарыдай шашырап жүрген бауырлардың мектепте оқитын ұл-қызы атамекеніне келіп, қасиетті тілінен нәр алуда. Осы істің басы-қасында жүргендіктен біраз нәрселерге қанықпыз. Ең бастысы, жүздеген талапты жастар еліміздің жоғары оқу орындары мен кәсіптік мектептеріне түсіп, оқуларын бітіргеннен кейін атажұртында қалып, еңбек етіп жатыр. Алды отау құрып, ұрпақ өсіруде, ұлт демографиясына өз үлестерін қосуда. Алғашқы жылдары 5-6 балаға мемлекет есебінен оқуға арнайы грант тағайындалса, кейін ол екі есеге көбейді. Бір қуанарлығы, сол шеттен келген ағайындардың балалары жоғары оқу орындарын жақсы бітіріп, үмітті ақтаумен келеді. Соңғы жылдары кейбір азаматтар заң талабы осылай деп, оларға беріліп келе жатқан грантты сан құбылтумен жүр. Айтар уәждері тестке кіру керек дейді. Ал шетелдің стандарты мен бағдарламалары аясында білім алып, өзге елдің әрпінде сауат ашқан жастар бұл талапқа қалай жауап береді? Одан да олардан емтихан алудың өзге жолын қарастырсақ деген уәжға құлақ аспайтын, менің айтқаным ғана сөз дейтін қыңыр қандастарымыздың қаталдығына аз кездесіп жүргеміз жоқ. Әйткенмен, тәуелсіз елдің ертеңі, ұлттың болашағы деген азаматтар ондай кері кеткендердің ісін оңға бағыттап, қамқорлықтарын көрсетіп келеді. Биыл да ана тіліміз бен әдебиетке арналған олимпиада Алматыда өтіп, онға таяу бала жүлдегер атанды. Елбасының құрылтайдағы сөзінен кейін біраз жұрттың жүйкесін жұқартқан бұл мәселе өз шешімін табар деген ойдамыз. Осындай тынымсыз тірліктің астарында жастарды Отанына тарту, яғни Шерхан Мұртаза ағамыздың сөзімен айтсақ, ботасын әкеліп, атасына ал енді келмей гөр деген ойдан туған идея төбе көрсетеді. Және бір баса айтарымыз, жастарды елге тарту ісі соңғы екі құрылтайдан бұрын қолға алынғанын жұрт назарына, әсіресе, бұдан хабары аз лауазым иелерінің есіне сала кету еді.
Біз осы құрылтайға келген біраз қандастарымызбен ой бөліскенде олардың ағынан жарылып айтқаны аз болмады. Мысалы, іргелес өз ағамыз делінетін Өзбекстаннан келген Ә.Гаппаров отанға оралудағы кедергінің аз еместігін сөз етсе, мәскеулік Ә.Ислам: «Нұрлы көш» бағдарламасы 80 пайыз іске асырылса ұтылмас едік, дей келіп, Мәскеуде 15 мың, Ресейде 1 миллионға жуық қазақтың бар екенін, бірақ онда қазақ еліндегідей тілге мән беріле бермейтінін жеткізсе, қырғыздан келген бауырымыз Е.Бөлекбаев тіліміз – қырғыз, орыс тіліне бейім, себебі мектеп, ақпарат көзі жоқ, деп қынжылды. Ұлыбританиядан келген С.Кесидже отанына келсек дегендердің арасында жастардың аз еместігін, бірақ олардың алдынан азды-көпті кедергілердің қарсы шығып жататынын, әсіресе, виза алу оңайға соқпайтынын, соңғы жылдары үш жас азаматтың Алматыға оралып, компьютер, жаңа технология саласында жұмыс істеп жүргенін мақтанышпен айтқан еді. Даниялық қандасымыз Н.Арман болса, Қазақ еліне бет бұрғанда өздерін бірінші кезекте қазақ тілі емес, орыс тілін білмеулері қинайтынын айтып, әсіресе, Астана мен Алматыда алдыңнан анталап шығатын орыс тілі қиындық келтірмегенде, осыдан 10 жыл бұрын атамекендеріне келіп, орнығып алатынын еске салып, замандас қандастарының өз топырағында жүріп, ана тілінен мақұрым қалғандарына өкінішін білдірді. Ираннан келген Р.Ақынай бұл құрылтайда аңсап жеткен қазақтармен емін-еркін жүрем бе деген ниетінің орындалмай, ұйымдастырушылардың жетегінде қалғанын алға тартты.
Құрылтайға келген азаматтардың қай-қайсысымен де ой бөліскен тұста олар жылына бөлінетін 20 мың квотамен қала берсек, бір жылда 100 мың адам отанына оралады. Бұл аздық етеді, квотамен қоса Елбасы айтқан өз бетімен келгендерге мүмкіндік жасаудың нақты жолдарын ұсынса екен деген тілектерін қайталаумен болды. Егер мұндай жағдай болмаса, бірте-бірте Түркиядағы қандастарымыз – түріктеніп, Германиядағы бауырларымыз – немістеніп, Франциядағы отандастарымыз – французданып, Қытайдағы кіндіктестеріміз – қытайланып кетуі ғажап емес деген олар, қазір жастар мен Қазақ елінің арасына алтын көпір болып отырған үлкендер ғой, деді. Олар кеткеннен кейінгі жерде «балапан басына, тұрымтай тұсына» кете ме деп қауіптенеді. Ел, жер дегенде өзектерін үзіп беруге әзір қаны да, жаны да таза азаматтар шетелдерде жүрген бауырлар арасында білікті мамандардың аз еместігін, өзгелердің орнына соларды тарта білсек Президент алға қойған индустриялық-инновациялық бағдарламаға олардың да өз үлестерін қосатынына сенімді екендерін білдіреді. Тек ұйымдастыру жағы кемшін болып отырғанын, оны жетілдіру жолдарын ұсынады. Қазір сөзіміз жарасып, ниетіміз ортақ болып отырған көршіміз Қытай мемлекетінің шетте жүрген 50 миллион адамы атажұртының алтын қорының бір бөлігіне айналғанын естіп те, көріп те жүрміз ғой.
Жасыратыны жоқ, сонау жылдардағы ағыл-тегіл көші-қонның саябырсып қалғаны қалай, қазаққа қазақтан басқа кімнің жаны ашиды, біз алыста жүрсек те арқамызды қасиетті де киелі саналатын атақонысқа тірейміз, дейді олар жарыса сөз алып. Ендігі жерде алыс-жақын шетелдердегі қандастар үміт артып отырған жәйт – Президенттің ел дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспары мен «Қазақстан Республикасының 2007-2015 жылдарға арналған көші-қон саясаты туралы» Жарлығы және «Нұрлы көш» бағдарламасы екен.
Шыны керек, сол ағыл-тегіл көшті саудаға салып жібергендердің қатарында жеті басты жемқорлардың болғанын заңгерлер ашып берді. Ендігі жерде жаңа бағдарлама аясында ондай алаяқтыққа жол бермей, тазалық орын алса, ұлттық мүдде жеңіске жетер еді. Бұл істе шеттен келген қандастарды сіңіріп жіберудің даңғыл жолы бізде орнықпай, ауыс-түйіспен қожырап отыр. Мұны бір ізге түсіре алмасақ, жақсы бастаманы құлдырата береріміз хақ. Келген ағайындарды ірі шенеуніктерді былай қойып, кіші шенеуніктер қақпалап бағуда. Шіркін, сондай кеудемсоқ, ұлттық рухы өлген, санасын қалта қамы ғана билегендердің мойнына Ататүріктің: «Мен үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі – ұлтымның кеудесі. Сондықтан да мен ұлтымның кеудесін ешкімге бастырмау үшін барымды саламын. Ұлтқа қожалық жасауға, қоқаңдауға болмайды! Ұлтқа тек қызмет ету керек. Ұлтқа қызмет еткен адам ғана ұлтқа бас ие бола алады» деген сөзін салақтатып іліп қойса ғой. Осы арада мына бір үйренер үлгі ойға оралып отыр. Өткен ғасырдың басында Столыпин қазақ жеріне келімсектерді әкелгенде арнайы анықтама кітапша шығарып, қарашекпендердің қалтасына салып береді екен. Ол кітапшада қай жерге баратынын, кімнен көмек алатынын, нендей жұмыспен айналысатынын тайға таңба басқандай көрсетіліп отырған. Бүгінгідей алып техникалар болмаса да арнайы жол-жобаның арқасында келімсектер шұрайлы жерімізді иемденіп кетті. Мысалы, 1907 жылы 400 мың қарашекпенді Жайықтың сол жағасына келіпті. Оларды айғай-шусыз сіңіріп жіберіпті. Кейін ол миллиондарды құрады. Қазақ тау-тасқа, құм-шөлге ығысты. Құнарлы жеріне қазір де жете алмай жүргендер баршылық.
Құрылтайда қарымды қаламгер Смағұл Елубай жанайқайын айтты. «Бүкіл қазақты бір тұлға десек, сол тұлғаның кеудесі – Қазақстанда, аяқ-қолы сыртта. Яғни, етек-жеңіміз жиналмай жатыр. Біз болсақ, бір болғымыз келеді! Бүтін болғымыз келеді. Сол бүтіндіктің жоқтығы, жеріміздің көптігі, Алаштың аздығы жанға батады. Шиқандай батады...», деп кейбір кедергілерден ұлы көштің сиреп бара жатқанын, жоғарыда біз айтқан үлкендер азайғаннан кейін жастардың өзгелермен мидай араласып кететінін, «атамекен» «Қазақстан» деген ұғымдардың олар үшін бұрынғыдай жүрек тебірентпейтінін алға тартып, «... Енді бір 15 жылда шетелдегі 5 миллион қазақ ұрпағынан біз, сөйтіп, біржола айырылып қалу алдында тұрмыз! Өткен ғасырда біз іштегі осынша халықтан... өлідей айырылсақ... бұл ғасырда біз бұндай жайбасарлықпен сырттағы сонша халықтан тірідей... айырылып қалуымыз мүмкін... Жаңа заман алға тартқан осынау жаңа апаттан қазақты құтқаруды абыз тарих... сіздер мен біздердің пешенемізге жазыпты. Ол парызды орындай алсақ, ер боламыз. Ел боламыз. Алаш тарихы алдында жүзіміз жарқын болады!» деп еді. Бұл да бозторғай шындық.
Иә, кең жерді ұрпақпен толтыра алмасақ ұтыламыз. Себебі, атақты демограф Мақаш Тәтімовтің қазір әр ата-ана екі балалық деңгейден 2,7, яғни әр отбасында 3 балалық деңгейге бет алғанымызды айтады. Осы қарқын көбейсе, нұр үстіне нұр. Егер кемісе – қасірет. Кейде ұрпақ өсіру ісінде сапа керек деп жатады. Сан болмаған жерде сапа қайдан шықсын. Әйелді алға оздыруды қолға алып, енді өзге жұрттарға соны теліп жатқан АҚШ пен Еуропадағы өсім олардың өзін қазір алаңдатып отыр. Өйткені, ол құрлықтардағы әйелдер ат басындай алтын берсең де ұрпақ өсіруге құлшына қоймайды. Неге? Еркектен кем емеспіз, артық болмасақ деген психология ой-сананы мүлде өзгертіп жіберген. Оларға ұлт, ұрпақ емес, мансап, тыныштық керек. Біздің психологиямыз да дәл қазір қырық құбылып тұр. Ұрпақ өсіру бәсекесі сөз жүзінде болғанмен, шын мәнінде ер мен әйел байлық қуған перделі бәсеке үстінде. Сол пердені сыпырып тастасақ, әсіресе, іс басындамыз дейтіндер, ауқаттылар, лауазым иелерінің бикелері ұрпақ үшін бір ерлік жасаса ғой. Осы жерде Шәкәрім қажының: «Еуропа білімді жұрт осы күнде, Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде. Терең ойлап, сөзімнің түбін біл де, Іштен жыла, жарқыным, сырттан күл де» деген төрт жол өлеңі еске түседі.
Сонымен, төртінші құрылтайда да көп мәселе көтерілді. Бес жылдан кейін бесінші құрылтайға жиналады қазақтар. Соған дейін Елбасы тайға таңба басқандай етіп, міндеттеген жұмысты мүлтіксіз орындасақ, биік мінберден есеп бергенде күмілжімес едік. Өзіміз де, алыстан келген ағайын да риза болып, тарасар еді. Ол үшін осы салаға жауап беретін билігі мен қаржысы екі қолында тең тұрған, ұлттық рухы мықты азаматтар нақты іске кірісіп, қазірше тоқырап тұрған ұлы көшке қолдау көрсетсе, қазақтың байтақ даласы малға да, жанға да толар еді. Бұрынғы кеткен есесі қайтып, бүгінгі тіктелген еңсесі Алатаудың шыңындай асқақтар еді. Тіпті, осы жұмысты құрылтайға келген делегаттар айтқан бір қолға беру мәселесін шешуді қарастырсақ та жөн болатын тәрізді. Себебі, біреу біреуге сілтеген жерде іс тиянақты атқарылмайды. Жұрттың титығына тиіп, жүйкесін жұқарта береді.
«Дүниеде, тарихта ер елден артық ел бар ма? Елін «ел еткен» дегізіп өткен ұлдарға өлім бар ма, сірә да?! Елдің белін көтеретін ер ұл туған аталық пен аналық қандай бақытты!» деген ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің аталы сөзімен ойымызды түйіндесек дейміз. Осы сөз қазақпын деген әр азаматтың мойнына тұмар болып тағылса, ұлы көш жалғасын тауып, қазақтың ұлы даласының иесі ұлы қазақтың ұрпағы болар еді.
Сүлеймен МӘМЕТ.