28 Шілде, 2011

Қара теңізге төте бағыт

495 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Он жыл бұрын ел мен елді жалғаған «Теңіз – Новороссийск» құбырын кеңейту жобасы басталды Ел тә­уел­сізді­гінің эко­номиканы өркендетуге тікелей жемісі көп. Соның бірі тәуел­сіз­дік алғаннан кейін іле-шала, яғни 1992 жылы негізі қаланған жобалардың бірі–Қара теңіз жағалауына төтелей тартылған жаңа мұнай құбыры. Жылыой ауданындағы “Теңіз” кенішінен Новороссийск айлағына дейін созылған 1500 шақырымнан асатын құбыр құрылысын жүргізу үшін Каспий құбыр консорциумы құрылды. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы мен Ресей Феде­рациясы және Оман сұлтандығы арасында келісім жасалды. Мұны мұнайшылар Елба­сының төл жобасы деп атайды. Бұл — шындық. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен, табандылығымен іске асырыл­ған нақ осы жоба арқылы “Теңіз” кенішінің “қара алтынын” әлемдік рынокқа төтелей шығаруға дәліз ашылды. Дегенмен, бел-бе­лесті қуалап, ел мен елді бір-біріне жалғаған төте құбырдың дені Ресей жерімен өтет­ін­діктен, көрші ел басшыларын келіссөзге көндірген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Аты­рау облысына сапарының бірінде бұл жоба туралы былай деп еді: – Атырау — қарқынды өркендеп, өсіп келе жатқан аймақтардың бірі. Әлі де қар­қынды даму үдерісі жалғаса береді. Облыс экономикасын көтеру, мұнай кеніштерін игеру үшін “Шеврон” компаниясын елге инвестиция салуға әкелдік. Себебі, жеріміздегі мол мұнайды игеруге өзіміздің техно­логия­мыз болмады. Осы инвесторды әкелмесек, жердің астындағы мол байлық жата беруі мүмкін еді. Сондықтан шетел инвестиция­сын көптеп тарттық. Мұнайды өндіргеннен кейін оны шетел рыногына сату жолдарын іздеу керек болды. Сол себептен, Қара те­ңізге тікелей мұнай құбырын тарту жобасын қолға алдық. Әрине, бұл оңай жоба бол­мады. Алты жыл бойы Ресей басшыларымен келіссөздер жүргіздік. Расында да солай. Ресейдің сол кездегі Президенті Борис Ельцинмен алты жыл бойы аянбай келіссөз жүргізген Елбасының табандылығы өз жемісін берді. Бастапқыда төрт кезеңге бөлініп жүргізілетіні бағдар­лан­ған жобаның 4 миллиард АҚШ дол­ларына бағаланған жалпы құнынан Ресейдің Астрахань облысы мен Қалмақ Рес­пуб­ликасы, Ставрополь, Краснодар аймақтары бюджеттеріне түсетін салық мөлшері кө­ңілге қонымды болатынын әуелгіде бағ­дарлай алмаған көрші ел басшылары, енді, бұл жобаның өздеріне тиімді болғанына көз жеткізіп отыр. Құбырдың қазақстандық бөлігінде 45 миллион доллардың жаңғырту жұмыстары жасалды. Бірнеше жерде құбыр бойымен сырғыған мұнайдың қысымын анықтайтын қондырғылар орнатылды. Қазір “Теңіз” кенішінен бастау алып, Ресейдің жоғарыда айтылған бірнеше өңірлері аума­ғымен Қара теңіз жағалауына маңдай тіреген құбыр бойымен мұнай тасымал­данғалы 10 жылдан асты. Тиімді тұстары жоқ емес. Ең бастысы, қазақ мұнайының шетел рыногына жету жолының ұзақтығы едәуір қысқарды. Мұны шетел рыногына бағыт алған «қара алтын» жолына кесе-көлденең тартылатын, сапасына кері әсер ететін кедергілердің азаюы тұрғысынан айтып отырмыз. Жоба бойынша бұл құбырмен 40 жыл бойына үздіксіз өнім тасымалдауға мол мүмкіндік болатынына болжам жасалған. Өйткені, Қазақстанда таяу жылдары өнді­рілетін мұнай көлемі күрт көбеймек. Әсі­ресе, “Теңізшевройлдың” екінші буыны ата­латын жоба іске қосылғаннан кейін “Теңіздің” берер өнімі еселеніп шыға келді. Бұған қоса осы құбырмен Қарашығанақ газ конденсаты кенішінің шикі мұнайы да үздіксіз тасымалдана бастады. Оның үстіне, Атырау облысының Астраханьмен шекара­дағы “Құрманғазы”, “Хвалынское” “Имашев” кеніштерінен өнім алынғанда оны тасы­малдаудағы басты бағыт ретінде осы құбыр алдымен таңдалатыны дау тудыр­майды. Себебі, осы кеніштерге ең жақын аралықпен өтетін бірден-бір құбыр бұл. Демек, аталған кеніштерді игеретін кәсіп­орындарға экономикалық тиімділік жағынан оңтайлысы Қара теңіз бағытындағы құбыр болмақ. Сонымен қатар, келешекте Каспий­дің қазақстандық секторынан алынатын «қара алтынды» да осы бағытпен тасымал­дау нұсқасы таңдалып отыр. Каспий құбырлы өткізгішімен «Қаз­Мұ­найГаз», «Теңізшевройл» секілді ірі компаниялармен бірге, өзге кәсіпорындар мұнай тасымалдаудың тиімділігіне көз жеткізді. Консорциумның бас директоры Николай Пла­тоновтың пікірінше, осы құбырмен 2001 жылдан бергі 10 жылдық кезеңде 260 миллион тонна мұнай тасымалданыпты. Соның ішінде Қазақстанның үлесі жыл сайын қо­мақтылана түскені даусыз. Мәселен, былтыр Қазақстаннан 34 миллион 923 мың тонна «қара алтын» аталған құбырмен шетел ры­ногына жол тартты. Консорциум басшылары құбырдың механикалық қуаты 2012 жылдан бастап тасымалданатын мұнай көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуға мүмкіндігі барын айтады. Осы мақсатта консорциумға тиесілі құбырдың өнім өткізгіштік қуатын ұлғайту жобасы қолға алынып отыр. Бұл туралы консорциумның акционерлері былтырғы 15 желтоқсанда ортақ келісім жасады. Акционерлердің осы келісімі аясында кеңейту жобасының құрылысын 3 кезеңмен жүргізу жөнінде ұйғарым болған. Құбырды кеңейту жобасының алғашқы кезеңі өткен аптада Атырау мұнай айдау стан­сасында бастау алды. Соған орайластырыла өткізілген шарада Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев аталған құбырдың Қазақ­станда өндірілген мұнайды шетел рыногына төтелей шығаратын бірден-бір бағыт бол­ғанына назар аударды. Министрдің пікірінше, бұл – тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында іске асырылған алғашқы халықаралық маңызды жобалардың бірі. Мұның ойдағыдай жүзеге асуына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ерен еңбек сіңірді. Осы­лайша, Қазақстан-Ресей елдерінің интегра­циялық байланысы тереңдей түсуіне оң ықпа­лын тигізді. Осы жобаның Қазақстандағы бөлігін іске асыру барысында Атырау облы­сының экономикасына 1 миллиард АҚШ дол­лары көлеміндегі қаражат инвестиция ретінде құйылады. Құбыр құрылысына 2000-нан аса адам жұмысқа тартылса, жоба аяқталғаннан кейін 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Ресейдің Энергетика министрі Сергей Шматко да бұл жоба екі ел арасындағы ынтымақтастықтың, сенімді әріптестіктің жемісі болды деп есептейді. Консорциумның бас директоры Николай Платоновтың мәлім еткеніндей, 5,4 миллиард АҚШ долларына бағаланған кеңейту жоба­сының бірінші кезеңінде 5 мұнай айдау стан­сасы жаңғыртылып, Қазақстан аумағындағы 88 километр құбыр үлкен диаметрлік түрімен ауыстырылады. Қара теңіз жағалауындағы айлақта мұнай сақтайтын 100 мың текше­метр­лік үш қазан орнатылмақ екен. Бұл құ­быр­мен тасымалданатын мұнайдың меха­никалық қуатын жылына 35 миллион тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді деп толық сеніммен айтады бас директор. Ал екінші кезең барысында жаңадан 5 мұнай айдау стансасын тұрғызу арқылы 2013 жылы құбырмен 48 миллион тоннаға дейін «қара алтынды» тасымалдау мүмкіндігі болатынына шек келтірмейді. Үшінші кезеңге жоспарланған тағы да 5 мұнай айдау стансасы, оған қоса өнімді сақтауға арналған 100 мың текшеметрлік үш қазанды іске қосу жобасы 2015 жылы толық аяқталмақ. Сол кезде Каспий құбыр консор­циумы жылына 67 миллион тонна «қара алтынды» Қара теңіз жағалауына сенімді тасымалдай алады. Айтқандай, құбыр бойын­да іске қосылатын 10 мұнай айдау станса­сының екеуі Қазақстан аумағында, яғни Аты­рау облысында салынбақ. Атырау облысы әкімінің бірінші орын­басары Болат Дәукеновтің мәлім етуінше, мұнайлы өңірдің кең қанат жая өркендеуіне серпін берген жобалардың қатарындағы Каспий құбыр консорциумында да қазақстандық үлесті арттыруға баса көңіл бөлінуде. Бұл –жергілікті мамандардың қосымша маман­дық­ты меңгеруі, жұмысқа орналасуы. Жергілікті қазынаға түсер салық молайып, эконо­миканың өркендей беруіне ықпалы тиеді. «Тәуелсіз еліміздің мемлекеттілігін нығайту үшін бұл жобаның маңызы айрықша» деген Болат Дәукеновтің пікірінше, сонымен бірге өңірде Елбасының тікелей ұйытқы болуымен отын-энергетика саласындағы стратегиялық маңызы басым Каспий қайраңын игеру, ТШО-ның үшінші буын зауыты, газ-химия кешені секілді ірі жобалар іске асырылуда. Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК басқарушы директоры Нұртас Шманов консорциум құбырын кеңей­ту жобасы туралы былай деді: – Қара теңіз бағытындағы төте құбырды кеңейту жобасы Қазақстан-Ресей арасындағы мемлекетаралық қатынастардың одан әрі табысты дамуы үшін, сондай-ақ, бүкіл әлем­дегі энер­гети­ка­лық қауіпсіздікті ны­ғай­ту тұр­ғы­сын­да басым ба­ғытқа ие. Сол себептен біз­дің отандық «Қаз­Мұ­найГаз» ком­па­ния­сы құбыр желісін кеңейтуге бай­­ланысты келіс­сөз­дерге белсене ат­салысты. Жалпы, бұл құбырдың ел мен елдің арасындағы экономикалық, іскерлік байла­ныс­тардың буынын бекіте түсуге, инте­грациялық ынтымақтастықты жандандыра беруге ықпалы өте зор. Оны конц­сор­циумның акционерлері де жоққа шығар­майды. Мәселен, «Шеврон» компаниясының вице-президенті Иен МакДональдтың ай­туынша, аталған жоба Қазақстанның әлем­дегі экономикалық қуатты елдер қатарын­дағы беделін көтере түседі. Өйткені, Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен қолға алынған бұл жобаны іске асырушы Каспий құбыр консорциумы өз қызметінде өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздікке баса назар аударады. Соңғы 10 жылдың ішінде Қара теңіз айлағында су бетіне бір де бір мұнай төгілу оқиғасына жол берілмеген. Құбыр бойында бір де бір апат болмаған. Сол себептен консорциум жұмы­сы халықаралық ICO:14001 және OHSAS:18001 стандарттары бойынша сер­ти­фи­кат­талғаны жобаның маңыздылығын айшықтай түседі. «Кеңейту жобасы бо­йынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүр­гізілгенде өндірістік жарақаттануды азай­тудың «Incidents and injuries Free» әлемдік жетекші тәжірибесі қолданылады. Мұндай тәсіл Каспий құбыр консорциумына ірі құрылыс жүргізу барысында жарақаттану көрсеткішін нөлге жеткізу мүмкіндігін береді», дейді бас директор Николай Платонов. Бас директордың пікіріне сүйенсек, кеңейту жобасы аяқталғанда консорциум­ның құбырымен тасымалданатын мұнай көлемі Босфор және Дарданелл бұғазда­рының есепті өткізу мүмкіндігіне сай болмақ. Сондықтан бұл жоба Бурго-Александруполис жобасына немесе көмір­су­тек­терін Қара теңіз бассейнінен жет­кізу­дің өзгеше баламалы идеяларына сәйкес­тенді­ріл­мейді. Тасымалдау жүйе­сінің то­лық­тай жүктелуінің басты кепілі –Қа­зақстандағы кен орындарынан өндірі­летін мұнай кө­лемінің артуы. Консорциум басшылығы осыған үміт артатынын жоқ­қа шығармайды. Өйткені, Қазақстанда таяудағы жылдарда мұнай өндіру көлемі бірнеше еселене түспек. Мәселен, «Теңіз­шевройл» –кон­сорциумның ең ірі мұнай жөнелтушісінің бірі. Бұл шетелдік инвестормен бірлескен кәсіпорын былтыр 2009 жылмен салыстыр­ғанда мұнай өндіруді 15 пайызға көбейтіп, тәулігіне 550 мың баррельге дейін жеткізген. Кәсіпорынның келешекте бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайту жоспары да бар. Сонымен бірге, консорциум Каспий теңізінің қазақ­стандық қайраңынан мұнай өндіру баста­лысымен қосымша тасымалданатын өнім ұлғая­-­тынына назар аударып отыр. Кеңейту жобасына байланысты құрылыс жұмыстарын Қазақстан аумағында отандық компаниялар іске асырмақ. Ресейде де солай. Осыған орай бас менеджер Мейрам Ахмет­жановтың айтуынша, қазақстандық және ресейлік кәсіпорындарға, тауар өндірушілерге бірдей басымдық беріледі. Әрине, шетелдік компания ұсынған жабдықтама сапасы жоғары болғанда немесе қажет жабдықтар Қазақстанда, не Ресейде өндірілмейтін болса, мысалы, теңізге шығарылатын айлақ қондырғысына қатысты тапсырыс шарты шетелдік компаниямен жасалды. Осы саясат құрылыс жұмыстарына да қатысты қолданы­лады. Консорциум құбырдың бастапқы құры­лысы кезінде Қазақстан мен Ресейде тәжірибелі компаниялар болмауына байла­нысты шетелдік орындаушыларды тартуға мәжбүр болған. Қазір отандық кәсіпорын­дардың әлеуеті артты. Қазақстанда да, Ресейде де мұндай маңызды нысандардың құрылысын сапалы жүргізетін компаниялар жеткілікті. Міне, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын­дағы табысымыздың бірінен саналатын “Теңіз-Новороссийск” мұнай құбырының ма­ңызы осылайша арта түсуде. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.