Сарыағаш ауданында биыл 10 мектеп пен 2 балабақшаның құрылысы басталған. Бұрынғы Келес пен Сарыағаш аудандарының бірлескен отауының түтінін түтетіп отырған ауданда білім ошағымен қамту кешеге дейін қиын болып келген. Үш ауысымдық мектептерді былай қойғанда уақытында асармен шикі кірпіш, арзанқол материалдардан салынған апатты мектептері көп еді. Бүгінгі мектептер – заман талабына лайық.
Әйтсе де сол білім ошақтарының барлығы өз уақытында пайдалануға берілді, проблемасы жоқ деуге болмайды. Жамбыл ауылына қарасты Ащысай ауыл округіндегі Н.Шойбеков атындағы 300 орындық мектеп бірталай мемлекеттік қызметкерлердің самайын ағартты. Мердігер уәдесінде тұра алмады. Сарыағаштан 120 шақырымдай қашықта жатқан ауылдың жолы нашар болатын. Құрылыс материалдарын тасымалдау қиынға соққан.
Аудан орталығындағы осындай мектеппен қаржысы бірдей нысанды мемлекеттік сатуда жеңіп алған құрылыс компаниясы құрылыс материалдарын тасымалдаудағы шығынын Үкіметтен өңдіріп алмақ болып талап қойып жүріп, бірталай заң бұзушылыққа жол берді. Онысы өзіне жақсы болмады.
Іс сотқа өтті. Мектептің пайдалануға берілуі кешеуілдеді. Соңында басқа мердігер қосымша қаржымен мектепті іске қосты.
Ауылдық құрылыс бөлімінің бастығы Бекет Сманов пен бас маман Мұхтар Айтымбетов қалған құрылыстар бойынша жұмыстар кестеге сай жүріп келе жатқандығын айтады. Қыркүйек пен қараша айларында 4 мектеп пен 2 балабақша оқушылар мен бүлдіршіндерге есік ашады.
Ауданның тағы үлкен проблемаларының бірі – таза ауыз су еді. Сарыағаш Сарыағаш болғалы жұрт арасан суын ішіп келді. ”Қырық жыл іштік, дәнеңе де болған жоқ” дегенімен дәрігерлер құрамы минералдарға бай арасан суының ағзаға зияны бар екенін айтып келеді. Шет жағасын өзіміз де байқағанбыз. Орта мектепте сабақ берген мұғаліміміз келген. Жолдасы бар. Шіліңгір шілдеде Сарыағаш санаторийінде орын деген болмайды. Жолдамадан күдер үзген адамдар ас-су мен ем-домға ақша төлеп, жалдаған пәтерлерінен қатынайды.
Азды-көпті беделімізді салып екеуіне орын алып бергенімізді қайтейік, екі күннен кейін “жақпады” деп келіп тұр. Арқаның екі сал жігіті енді қашан бұл жерге келеміз деп денемізге минералы сіңе берсін деп жатса да, тұрса да арасан суын іше берген ғой. Нәтижесі іштері тоқтамай қойған.
Санаторий көрместей болып безіп шығуының мәнісі осы.
Қазір Сарыағаш ауданының халқы таза суға зәрулікті біршама шешіп келеді. Біз “Таза су” бағдарламасының орындалуы жөніндегі жай-жапсарын аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы М.Сейтімбетовтен өтінген едік.
Ауданда халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі облыстық 2005-2010 жылдарға арналған аймақтық «Таза су» бағдарламасы өз нәтижесіне жетіп келеді.
Бағдарламаның мақсаты – халықты қажетті мөлшерде және кепілді сапалы сумен тұрақты қамтамасыз ету.
Бағдарлама аясында тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі нысандарын салу және аудандағы елді мекендерді сумен жабдықтау құрылыстары мен жер асты суларын пайдалану жөніндегі шаралар атқарылған.
«Таза су» бағдарламасының шараларын жүзеге асыруға инвестициялардың жалпы көлемі 4022,7 млн.теңге мөлшерінде бөлініп, бұл қаражат тиісті жылдарға арналған республикалық және жергілікті бюджеттердің жобаларын қалыптастыру кезінде нақтыланып отырылды. Атап айтқанда,
- республикалық бюджеттен 3595,5 млн. теңге,
- облыстық бюджеттен 427,2 млн. теңге бөлінді.
Бұл қаржылар Ақтөбе, Ошақты, Қошқарата, Дарбаза, Жылға, Қапланбек, Сарыағаш қаласы Абай ауылы және 8 жақын елді мекендерге тартылды. Сондай-ақ, «Жол картасы» бойынша 14 елді мекенді су ұңғымаларын қазу жұмыстарына жұмсалды.
Аудандағы 26 ауылдық округте 153 елді мекенде 288303 халық тұрады. Осы 26 елді мекеннің 110204 тұрғыны (38,2 %) су құбырынан, 38 елді мекеннің 54510 тұрғыны (18,9 %) өзі ағатын ұңғыма, 33 елді мекеннің 68540 тұрғыны (23,8 %) құдық суынан су ішіп келеді. Қазір 31 «Омега» су тазартқыш қондырғысы қойылған 31 елді мекен бар. Ал, 13 елді мекеннің 23447 тұрғыны (8,1 %) ашық су көздерінен, 12 елді мекеннің 31602 тұрғыны (11,0 %) тасымалды ауыз суды пайдаланып отыр. Бұл бүгінгі жағдай.
Аудан орталығы Сарыағаш қаласын сумен жабдықтау құрылысының ІІІ-ші кезеңінің жобасы бойынша 2010 жылы басталған құрылыстың сметалық құны 535 млн. теңгені құрайды. Осы қаржының 2010 жылы 60 млн. теңге қаржысы бөлініп, толығымен игерілді. Ал, 2011 жылға бар болғаны 38,3 млн. теңге қаржы бөлінген. Аудан әкімдігі тарапынан республикалық Су ресурстары комитетінің төрағасы А.Орманға және „Оңтүстік сушар“ РМК төрағасы С.Сейсеновтың атына хат жолданған. Сонымен қатар Сарыағаш қаласы ардагерлері Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Қ.Айтаханов пен Б.Жылқышиевтерге өтініш жазған.
Аудан орталығы Сарыағаш қаласының тұрғындары қазіргі кезде 40 мың адамға жетті. 6781 абонентке су арнайы кесте бойынша 8-12 сағатпен ғана берілуде. Өйткені екінші көтерілімдегі су сорғы стансасында сүзгілерді, жарықтандырғыш қондырғыларды жуатын арнайы су сорғылар жоқтығынан, қалаға су беруді тоқтатып су сорғыларды жуып тазалауға тура келеді. 5 дана сүзгінің әрқайсысын жууға 2 сағат уақыт кетеді. Себебі Ташқұлақ каналынан қысы-жазы лай су ағады. Сондықтан, сүзгіні және жарықтандырғышты тәулік сайын кезегімен жуып тұруға тура келеді. Жарықтандырғыштар мен сүзгілерді жууға арнайы 2 дана су сорғы орнатылуы керек.
Су тазалау кешенінде сүзгілерді, жарықтандырғыштарды жуып тазалау үшін 1000м3-тық жаңадан су қоймасы салынбаса қолданыстағы 500м3-тық таза су қоймасы аздық етуде. І және ІІ және ІІІ көтерілімдегі су сорғы стансаларының сорғылары 1982-1990 жылдары шығарылған, дөңгелектерінің қалақшалары тозған. Сол себепті заман талабына сай электр қуатын үнемдейтін су сорғылар орнату керек.
Мұны шешу жолдары қандай? Осы мақсатта Сарыағаш қаласына 2012 жылға қарастырылған 432,9 млн. теңгенің 2011 жылға 200 млн. теңгесін ауыстырып, толығымен қаржы бөлдіруге облыс әкіміне ұсыныс берілді.
Сонда аз шығын жұмсай отырып, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге, материалдық және энергетикалық жабдықтаумен байланысты пайдалану шығыстарын қысқартуға мүмкіндік беретін болады. Осы жұмыстар аяқталған жағдайда Сарыағаш қаласының 141 көшесіне электр қуаты шығынынсыз су өз ағысымен тәулігіне 24 сағат таратылатын болады.
Ауданда әлі де жер асты суларының анықтау-барлау жұмыстары 1974 жылғы анықтаумен жүргізіліп келеді. Жобалаушы мекемелер судың қанша тереңдіктен шығатынын дәлдеп, анықтап бере алмай отыр.
Мысалы, 2008 жылы Алпамыс батыр ауыл округіндегі Ақжол, Қауыншы елді мекендерінде 2 ұңғыманың суы жоба бойынша 950 метрден су шығады деп көрсетілген. Бірақ мердігер өз қаржысының есебінен бұрғылау кезінде 1300 метрден ішуге жарамайтын су шығарды. Ақжол елді мекенінде таза ауыз су пайдалануға берілмей қалды.
Ақжол елді мекеніне су жеткізу мәселесін шешу үшін Сарыағаш – Абай су жүйесі құрылысы аяқталған соң Дмитров елді мекенінен Ақжол елді мекеніне дейін 12 шақырым су құбырын тарту мәселесіне 80 млн. теңге қаржы бөлдіру облыстан сұралды. Сондай-ақ, облыс әкімі тарапынан жер асты суларының анықтау-барлау жұмыстарына тиісті мекемелерге тапсырма берілді.
2011 жылы Сарыағаш қаласы, Абай мен жақын 8 ауылдарда және бұдан басқа 12 елді мекенде ауыз су жүйелерінің құрылысына 1393,8 млн. теңге қаржы бөлініп құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Облыстық бюджеттен сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін арнайы су жүйелері құрылыстары мен жөндеу жұмыстарын жүргізетін техникалар алуға 114,6 млн. теңге қаржы бөлініп, техникалар облыс орталығына келіп жетті.
Жылдың соңына су құбырлары арқылы су ішу 49 елді мекен тұрғындары (32,0%) қамтылатын болады.
2012 жылы ауыз су жүйесіне құрылыс жұмыстары жүргізілетін 14 елді мекеннің жобалау сметалық құжаттарын дайындауға 48,5 млн. теңге қаржы бөлініп, игерілуде.
Дегенмен, 2009 жылы шекара бойындағы елді мекендерге құрылысын жүргізген 5 ұңғыма мен су жүйелерінде ақаулар бар, оны жөндету жөнінде мердігерге хат жолданса да, әлі қалпына келтірілмеген. Атап айтқанда:
– Алпамыс батыр ауылдық округінде Ақжол, Қауыншы елді мекендеріндегі су ұңғымаларында су жоқ және су тартатын құралдары жоқ.
– Ұшқын ауылдық округіндегі Қоралас, Достық елді мекендеріндегі су ұңғымаларынан су шыққан. Бірақ, тереңдетілген ұңғыма сорғысы ұңғымадан шыққан суды мұнарасына жеткізіп бере алмайды. Елді мекенге тартылған су құбырлары су қысымына шыдамай жарылуда. Су құбырлары сын көтермейді.
– Бірлесу ауылдық округіндегі 28 Гвардия елді мекеніндегі ұңғымада су бар. Бірақ су электр энергиясына қарыз болғандықтан мұнарасына суды жеткізіп бере алмайды. Соның салдарынан су құбырларына су жетпейді.
Бүгінде әкімдік осы шетін мәселелерді шешудің жолдарын қарастырып жатыр. Сарыағаш ауданының әкімі Мақсат Мырзабаев «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап іске қосылды, – дейді. Оны жүзеге асыру екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – 2011-2015 жылдар аралығы. Екінші кезең – 2016-2020 жылдар аралығы. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында барлық ауылдық елді мекендердің 80 пайызында орталықтандырылған сумен қамту жүйелеріне халықтың қолын жеткізу. Бұл көрсеткіш қалада 100 пайызды құрайтын болады.
«Ақбұлақ» бағдарламасында сумен жабдықтау жүйелерін салуға және ішуге жарамды суды дайындауға алдыңғы қатарлы технологиялардың жаңа жетістіктерін енгізу жөніндегі жұмыс одан әрі жалғастырылады. Аудан тұрғындары сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін жүйелер мен құрылыстар салу және оларды қайта жаңарту жалғасады.
Ауданның 2012-2016 жылдарға арналған басымды бюджеттік инвестициялық жобаларының тізбесінде ауыз сумен жабдықтау құрылыстарына барлығы 13,6 млрд. теңге қаралып отыр. Оның 2012 жылы 2,7 млрд. теңгесіне құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
Мұның бәрі мемлекетіміздің әлеуетінің мықтылығының жемісі. Құдай қос көрсе, әлімсақтан арасан суын ішіп келген сарыағаштықтар таяу жылдарда таза ауыз суына қолдары жететін болады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Сарыағаш ауданы.