Бой түзеген қос ауыл
Өткен жылдың көктеміндегі Тарбағатай ауданының бірнеше елді мекеніндегі тасқын су апатынан бес жүзге тарта тұрғын үй, әлеуметтік ғимараттардың қирағанынан жұртшылық хабардар. Сын сәтте Елбасы қолғабыс жасап, қыруар қаржы бөлгізді. Айналасы төрт-бес айда ауданның Көкжыра және Жәнтекей ауылдарында жаңадан төрт жүзден астам тұрғын үй, отбасылық емхана, мектептер салынды. Ақсуатқа жақындаған кезде алдыңыздан Көкжыра ауылы көрінеді. Қатар-қатар сап түзеген, төбесі көк шатырмен көмкерілген тұрғын үйлер көрер көзге әдемі-ақ. Ал «Шығыс жолы» сақинасына жақынырақ Жәнтекей ауылындағы екі жүзден астам тұрғын үй қызыл шатырға малынып тұр. Осы екі бояуда бір ұқсастық бар көрінді бізге. Көк бояу байрағымыздың, ал қызыл жеңістің символы сияқты.
Тарбағатай ауданының әкімі Ерлан Текешов осы өңірдің тумасы. Бұған дейін облыстық құрылыс басқармасын, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары, басқа да жауапты қызметтерде ысылған іскер азамат бізді бірден Екпін ауылындағы мал сою цехына бастады. Осы ауылдың азаматтары құрылысты аяқтаған, енді жақын арада ауданның барлық малы осы жерде сойылып, сауда орындарына жөнелтіледі екен.
Жәнтекей мен Көкжыра ауылдарындағы жаңа тұрғын үйлер Алтайдың ақшұнақ аязында сыр берген жоқ, тұрғындар үйіміз суық деген ренішті білдірмеді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құрылысқа қатысқан мекеме басшыларына қатаң ескерту жасап, егер үйлер суық болса, кемшілікті өздері түзейтіні жайлы нұсқау берген. Өңір басшысы екі ауылға жіті назар аударып, құрылыс барысын қатаң бақылауға алды. Облыс әкімінің орынбасары Серік Тәукебаевқа және басқа да азаматтарға тарбағатайлықтардың ықыласы ерекше, алғысы шексіз, – деді аудан әкімі Ерлан Текешов.
Ақсуатта жаңалық көп
Аудан орталығы Ақсуатқа келдік. Еліміздің шығысындағы бір түкпірде жатқан Ақсуатқа рең кіріпті. Орталық көшелерге асфальт төселген. Тіпті тұйық көшелерге тас төселіп, үстінен грейдер жүріп, тегістеле бастаған. Жаңа әкімнің жолдарды жөндеуге деген ынтасы жергілікті тұрғындар тарапынан ризашылық туғызған секілді. Ол ол ма, үстіміздегі жылдың «Жол картасы» аймақтық жобасы аясында ауданда біршама істер тындырылған. Жетіарал ауылына кіреберіс жердегі он шақырым жол ағымдағы жөндеуден өтіп, оған 19 адам жұмысқа тартылған. «Қарағанды – Аягөз – Боғас – Кіндікті» жергілікті маңызы бар автомобиль жолындағы Боғас өзені арқылы өтетін көпірді су тасқыны салдарынан кейін қалпына келтіру жұмысы да аяқталыпты. Сонымен бірге, Құйған ауылдық округіне қарасты Жалаңаш ауылының су құбыры желілері мен сумен қамтамасыз ету жүйелері, Жаңаталап ауылындағы су ұңғымасын бұрғылау, су асты қорының есептеу және бекіту жұмыстары да тәмамдалыпты. «Тарбағатай жолдары» коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары кәсіпорны үнемделген қаржы есебінен Ақсуат және Ақжар ауылдарындағы көшелерге қиыршық тас төсеп, тегістеген.
Шерімбай су қоймасы
– Биыл Тарбағатайда жауын-шашын сирек, қуаңшылық болып тұр. Ауданның негізгі бағыты ауыл шаруашылығы екенін ескерсек, мал өсірумен бірге егіншілікпен де шұғылданудамыз. Қандысу су қоймасының байлығын бірнеше шаруа қожалықтары мен құрылымдар пайдаланып отыр. Су тапшылығы проблемасын шешу үшін Шерімбай су қоймасының құрылысын бастаған едік. Оның құны 76 миллион теңге, қоймадағы су қоры жарты миллион текше метрден асады. Қазірдің өзінде Шерімбайдың суын бірнеше қожалықтар пайдаланып, картоп, көкөніс, егін өсіріп жатыр. Демек, Шерімбай гидростансасының қуатын келешекте арттыра берудің тиімді жақтары көп, – деп аудан әкімі су қоймасының жанында біраз жайлардан хабардар етті.
«Мадиярдың» қарбызы тіл үйіреді
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бос жатқан жерлерді пайдалану жөніндегі тапсырмасы да назардан тыс қалмапты. Аудан әкімі биыл бірнеше шаруа қожалықтарына көкөніс салуға жер бөліпті. Соның бірі – Түсіп Жетібаев басқаратын «Мадияр» шаруа қожалығы. Алпыстан асса да қуатты Түсекең ұлы Жандәулет, күйеу баласы Бақытбек Кәмелжанов, қызы Бағдатпен, құда баласы Жасұлан Советұлы және немересі Медетпен бірге биыл Тайжүзгеннің бойынан бес гектар жерге қауын-қарбыз, қырыққабат, қияр, қызанақ, сарымсақ егіпті. Он тоғызыншы шілде күні қарбыз піскен. Жазы кешігіп жететін өңір үшін бұл жаңалық.
– Қауын-қарбыз, көкөніс өсіру қиын шаруа. Он бесінші наурыздан бастап көкөністі жылыжайда өсіре бастадық. Содан кейін алқапқа егіп, түнге қарай ауа райы суыта бастаған кезде бетін арнайы целлофан қағазбен жабу керек, әйтпесе үсітіп аласыз. Піскен өнімдерді саудалау қиын емес, қазірдің өзінде осы өңірдің, көрші Зайсанның сауда орындарының өкілдері келіп, көкөністі ала бастады. Тіпті облыс орталығынан да тапсырыс беріп жатқандар бар,– деп Түсіп Жетібаев ағынан жарылды.
Қазіргі күні ауданда 2807 шаруашылық құрылымы, бір өндірістік кооператив, 1876 шаруа қожалығы, 867 жеке кәсіпкер, 55 заңды тұлға, үш асыл тұқымды қой шаруашылығы, төрт ауылдық кооперативі бар. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өнімі тұрақты дамып келеді. Өткен жылы 3 миллиард 621,7 миллион теңгенің өнімі шығарылыпты, бұл тиісті кезеңмен салыстырғанда 21,3 пайыз артық. Ауданда бұл күндері 444 мың қой-ешкі, 123 мың ірі қара, 22 мың жылқы, 26 бас түйе бар. Мемлекетке ет, сүт тапсыру жоспары да орындалған.
Халық ойындарында топ жарды
Күрделі құрылыс – басты назарда. Ақсуат, Ақжар ауылдарында балабақша, екі ауылда 30 коммуналдық тұрғын үй салынбақ. Кіндікті ауылындағы Мұратбаев атындағы 130 орындық, Байтоғас ауылындағы 80 орындық, Тана мырза ауылындағы 80 орындық мектеп құрылыстарының құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтуде. Басқа да құрылыс алаңдары ауданның ажарын аша түспек. Енді Ақсуаттағы орталық стадионның құрылысын көрейік, – деп аудан әкімі Ерлан Текешов бізді құрылысы жүріп жатқан алаңға ертіп келді.
Ақсуаттағы стадион жұртшылық көп жиналатын жер болмақ. Әкімшілік ғимараты бой көтеріп келеді. Футбол алаңы көз тартады. Бұдан кейін Ақжардағы Б.Сайханов атындағы спорт кешеніне келдік. Бұл жерде спорттың тоғыз түрі бойынша үйірмелер бар екен. Ағайынды Сайхановтар кезінде Одақты дүркіреткен. Амал бар ма, мамыр айында экстра класты төреші, Шымкенттегі балалар мен спорт мектебінің директоры, жүздеген спорт шеберін әзірлеген Түсіпхан Сайханов көлік апатынан көз жұмды. Ауданның құрметті азаматын есте сақтау ойда бар, дейді ақжарлықтар. Сөз реті келгенде айта кету керек, Тарбағатай ауданы биыл да ауыл-село спортшыларының халық ойындарында топ жарды. Мұнда, әсіресе, ұлттық спорт түрлері ерекше дамыған. Атақты бапкер, «Тұлпар» коммуналдық шаруашылық кәсіпорнының жетекшісі Сержан Омарбековтің жүйрік аттарды баптайтын кешеніне келгенімізде, ауыздықтарымен алысып тұрған сәйгүліктерді көрдік.
– «Маралторы» – Наурыздағы жарыста бірінші орынды алды. Ал мына тұрған «Еркежирен» облыстық халық ойындарында он шақырымда алдына ешкімді түсірмеді. «Самархан», «Аққайың» тұлпарлары да асыл тұқымды. Алдағы уақытта да жүйрік аттарды баптай береміз,– дейді С.Омарбеков.
Аудан әкімі Ерлан Текешов жүйрік аттарды көргенде шыдай алмай, жорғаға қарғып мініп, шаба жөнелді. Сөйтсек, Ерлан ініміз жүйрік аттарды ұстап, баптайды екен. Әкімі спортқа әуес болған жерде, табыстың да болатыны сондықтан болар, деп ой түйдік.
Қ.Біләлов атындағы гимназияның директоры Мұратхан Сағатбеков биыл білім ұясының түлектері 108,3 балл жинағанын тілге тиек етті. Бұл аудандағы үздік көрсеткіш. Оның ішінде 6 оқушы «Алтын белгіге» ие болыпты. Ал екі оқушы үздік аттестатқа қол жеткізген. Аталған оқушылардың барлығы жоғары оқу орнынан шақырту алыпты. Жансая Жәнібекова, Айбек Молдажанов, Әсет Жұмағазы, Ақерке Кеңесбекова былтыр «Алтын белгіге» ие болып, жоғары оқу орнына түсіп кетсе, биыл Ботагөз Елебекова, Жібек Жәнібекова, Еркежан Серғазина және тағы басқалар студент атанбақ.
Ақжар ауылдық округінің әкімі Асқар Боғырбаев тұрғындардың еңсесі көтеріліп, шағын және орта кәсіпкерліктің дамып келе жатқанын хабардар етті. Бір Ақжарда елуден астам сауда нүктесі бар екен. Бюджетке олар қыруар қаржы түсіріп отыр.
Индустрия игілігі
Тұғыл кенті – балықшылар ауылы. Кент әкімі Тұрсынбек Закариянов күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан балабақша мен балықшылардың мәдениет үйіне жол бастады. «Жол картасы» бойынша екі ғимаратта жиырмадан астам адам еңбек етуде. Қос ғимарат тамызда іске қосылмақ. Балықшылар демекші, «Санжар» және «Қалибек» атты екі кәсіпорын басшыларымен жүздескен кезде олар сүбе цехтары құрылысына қаржы бөліп, алдағы уақытта еуроталапқа сай өнім шығарып, ақша табатындарын айтты. Елбасының ауылда да индустрия игілігін жарату жөніндегі тапсырмасы орындалуда. «Санжардың» жетекшісі Б.Ахметәлиев стандарт алу үшін бірқатар талаптарды жүзеге асыру қажеттігіне тоқталып, қазір өздерінде 45 адамның еңбек ететінін тілге тиек етті. Қуатты мұздатқышта елу тоннадай көксерке, шортан, шабақ сақтаулы тұр. Сүбе цехы іске қосылысымен оларды өңдейміз, дейді осында еңбек ететін жұмысшылар. Ал «Қалибек» қожалығының өкілі Жәнібек Шөтекбаев жылына 100 тоннаға дейін балық аулап, бюджетке қомақты қаржы түсіретіндерін айта келіп, аудан басшыларына көмектері үшін алғысын білдірді. Қазірдің өзінде Литва, Латвия, Германия сияқты Еуропа елдерінен балық өнімдеріне тапсырыс түсе бастапты. Міне, мұның өзі мұхит, теңіз балығына қарағанда суы таза өзен-көлдердегі балықтың сапалы болатынын аңғартса керек. Осы орайда айта кету керек, балықшылар мына бір проблемаға тоқтала кетті. Зайсан көлінде шаян қаптап кеткен. Олар көл балығын құртып жатыр. Алдағы уақытта мемлекет балық өсіруге қолғабыс жасаса дегенді айтады.
Бір ауылды тұрғызған азамат
Сәті түсіп аудандық мәслихаттың депутаты, су тасқыны кезінде жүздеген тұрғын үйлерді сапалы етіп салып берген, елге сыйлы Қайрат Нәбиев деген азаматты жолықтырдық. Қайрат қазір де жерлестерінің ықыласына бөленіп, Кіндікті ауылында құны 297 миллион теңгенің кәріз жүйесін салып жатыр екен. Және бір ауылда 94 миллион теңгенің құрылысын жүргізуде.
– «Туған ел – алтын бесігім!» дегендей, жиырма жылға жуық осы өңірде еңбек етіп келемін. Қазір ел еңсесі көтеріліп қалды. Тарбағатайда да көптеген оңды істер болып жатыр. Көшелер жөнделіп, үйлер салынуда. Жұмыс орындары ашылуда. Түлеген, түрленген Тарбағатай өңірінің жұртшылығы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына толайым тартулармен келмек, – дейді Қайрат Нәбиев.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы.
Суреттерде: «Мадияр» қожалығының қарбыздары тіл үйіреді.