Сұғанақтық журналистерге де жараспайды
Бұрынғы Югославияның күйреуі кезіндегі соғыста жасаған әскери қылмысына байланысты халықаралық соттан қашып жүрген басшылардың соңғысы – бұрынғы Сербская Краина республикасының прездиенті болған Горан Хаджич қолға түсті.
Сірә осымен бірге көптен бері сөз болып келе жатқан және әлемдік ауқымда әртүрлі бағаланып жүрген жағдайға нүкте қойылатын шығар. Бұрынғы Югославия жөніндегі халықаралық трибунал (БЮХТ) шешімімен 1990 жылдардың басында Югославия одағына кірген біраз республикалардың тәуелсіздік алуына қарсылық көрсетіп, олардың жерлерінің біразын өз қарамағында алып қалуға тырысқан Сербияның ұлтшыл басшылары жазаланатын болған. Олардың біразы бірден ұсталып, біразы бас сауғалап қашып жүрген.
Соңғы бір жыл әлетінде қашқындардың бәрі қолға түсті. Алдымен Босния және Герцеговинада құрылған Серб республикасы дейтінге президент болған Радован Караджич, содан кейін оның армиясына қолбасшылық еткен генерал Ратко Младич ұсталса, енді Хорватия жерінде Сербская Краина дегенді құрған Горан Хаджич те құрықталды.
Осыдан жиырма жылдай бұрынғы оқиғаға халықаралық қауымдастықтың мұншалықты мән беруінің басты себебі – оның тарихи тағылымы. Бір халықтың өз мүддесін екінші халықтың мүддесінен жоғары қоюына, осыған орай оларды қырып-жойып, жерінен аластауына жол берілмеуі тиіс. Сондай сорақы қылмысқа барған, басқа этносты қырып-жою сияқты фашистік идеяны тікелей жүзеге асырған Сербия басшылығын жазалау барынша әділетті шешім еді.
Соған орай Сербияның бұрынғы президенті Слободан Милошевич тұтқындалып, халықаралық трибуналға жөнелтілді. Ол үкім шығарылып үлгерілмей, сол сот түрмесінде қайтыс болды. Ал бұл елдегі фашистік идеяның ұраншысы болған Сербия радикалдық партиясының көсемі Шешель сот түрмесінде үкімін күтіп жатыр. Енді басты қылмыскерлер түгелденгеннен кейін оған да үкім шығарылатын болар.
Осы жерде халықаралық қауымдастықтың, оның ұйғарымымен құрылған бұрынғы Югославия жөніндегі халықаралық трибуналдың сербиялық әскери қылмыскерлерді жазалау жөніндегі қадамдарын құптағандар да, ұнатпағандар да болды. Құптайтыны жөніне жоғарыда тоқталдық, ал ұнатпайтындардың мақсат-мүддесін түсіндіру қиын. Ұнатпайтындар дегенде, олар ең алдымен Мәскеу. Сонау Югославияның күйреуінің басында-ақ ол Сербияның өктем саясатын барынша қолдап бақ-ты. Сербтердің мұсылмандарға қарсы соғысы кезінде оған орыс еріктілерінің қатысқаны, оны ресми Мәскеудің қолдағаны да белгілі.
Не үшін? Православиелік сербтерге қаны бұрғаны ма? Жоқ, серб фашистерін Батыстың айыптағанына қарсылық па? Дөп басып айту қиын. Бірақ БЮХТ-ның жұмысын айыптау, оған қалай да кінә тағу ресейлік ақпарат құралдарының парыз ісіндей көрінеді. Тіпті Батыстың айтқанына көніп, өзіңнің қайраткерлеріңді ұстап бересіңдер деп, Сербияның бүгінгі басшыларына кінә да артады.
Қанға тарту айып емес қой. Сөйтсе де одан жоғарырақ тұратын, әділдік, парасаттылық деген ұғым бар.
Мамадияр ЖАҚЫП.