Осынау фәни әлем есігін әу баста шыр-шыр етіп шырылдап жылап ашып, сонан соң алшаң басып өмір кешіп жатқан барша жұмыр басты пенделердің бәрі де ақыр аяғында бақилық болатыны – бұлжымас қағида!
Қайран Бекеңді айтам-ау, Бердібек Соқпақбаев аға ше! Ол кісінің ең соңғы шығармасы «Өлгендер қайтып келмейді» деп аталмаушы ма еді. Иә, Бекеңнің сөзі ащы да болса шыңғырған шындық, о дүниеге аттанғандар сол күйі басқа әлемге ауысады. Бізден іргесін аулақ салады. Алайда...
1974 жылдың күз айында Алматыдағы Жазушылар одағының үшінші қабатындағы фойеде (өте кішкентай орын, неге сонда өткеніне осы күнге дейін таң қалам) Б. Соқпақбаевтың жақында ғана баспа жүзін көрген «Өлгендер қайтып келмейді» романын талқылау болды. Оны жүргізіп отырған – академик-ғалым З.Қабдолов. Біз сол жылы журналистика факультетінің бірінші курсына оқуға қабылданғанбыз. Хабарландыруды ести сала, Одаққа тезірек баруға асықтық. Өйткені, Бердібек ағаны көру бір арман, ал дауысын есту – ол өзінше бір бақыт!
Зейнолла ағамыз әдемілеп, бипаздап сөйлеп, роман туралы азды-көпті ой-пікірін білдіріп болды да, бізге қарап: «Енді кім сөйлейді?» деді. «Сендердің ойларың қандай?» дегендей бәрімізге барлай қарап отыр. Өзім жас кезімнен сүйіп оқып өскен жазушым болған соң ба, делебем қозып:
– Мен сөйлейін, – дедім.
Академик ағамыз сол сәтте өз шәкірті екенімді сезбесе де, «ал сөйле, студент» деп, жылы қабақпен сөз тізгінін берді. Мен өзімді таныстырып, сосын сөзді жалғай бергенімде маған жалт қарады.
«Өлгендер қайтып келмейді» романының алғашқы бөлімі 1970 жылы жазушының «Бастан кешкен» кітабында жарияланған болатын. Біз соны сүйсіне оқығанбыз. Кітаптың соңында армияға кетіп бара жатқан бас кейіпкердің «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын Еркіндерің әлі-ақ оралады» деп айтатын монологы бар еді. Мен соны айтып, алғашқы бөлімнің өте шымыр жазылғанын тәптіштеп кеп, «ал енді мына романның қалған екі бөлімі сәл-пәл әлсіздеу сияқты көрінеді» дедім.
– Маған сондай әсер қалдырды, бұл шын ойым, – деп тағы да шегелеп қойдым.
Сол-ақ екен, Зекең қол шапалақтап жібереді.
– Міне, біз осындай батыл шәкірттер тәрбиелеп жатырмыз, – деді көңілді үнмен.
Мұны жазып отырған себебіміз – сол күнгі кездесуден соң Бердібек ағамен жақын араласып, өте сыйлас болып кеттім. Қаламгер сол кезде Жазушылар одағында кеңесші болып істеп жүр екен. «Мені сарыауыз бала сынады-ау» деп намыстанып, бір жағына қисая қалған жоқ, қайта арқамнан қағып: «Өзің кітапты мұқият оқиды екенсің», деп еді.
– Жазғандарың бар ма? – деп сұрады бір күні.
– Балаларға арналған бір хикаят жазып жүр ем.
– Онда ертең осында алып кел, бірге отырып оқиық, – деді ағам.
Ертеңіне қайта кездестік. Жазушы ағам хикаятты бастай берді де:
– Ой, мұның не? – деп тоқтап қалды.
– Нені айтасыз?
– Мына хикаятта менің атымды атапсың. Мен әлі тірімін ғой. Тірілер кейіпкер бола алмайды. Алып таста.
– Сонда-а...
– Әуелі өлгендер жайлы жетістіріп жазып алайық, бала! Әруақтардың алдындағы парыз деген болады...
Ол кісінің осы сөзі күні бүгінге дейін есімнен кетпейді.
Рас-ау, тірілерді тірілер мақтап, әдеби кейіпкер етіп жазып жатса, бұл тым әбес көрінбей ме! Ал мұндай жағдайлар осы күні көбейіп бара жатыр ғой. Тіпті қымсынуды да қойып барамыз.
«Әй, осы қалай болады, а?» деп ойланғымыз да келмейді.
* * *
Иә, өлгендер қайтып оралмайды. Олардың жаны көкте қалқып жүрген болуы да ықтимал.
Жақында Б. Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романын қайта парақтап отырып, есіме өзіммен қатарлас шыққан, осы күні ана дүниелік болып кеткен құрбы-достар еріксіз есіме түсті. Көбінің аты көмескі тартып, шығармаларын да шатастыра бастаған екем. Тіршілік деген сол...
Б.Соқпақбаев шығармасы бәрін де қайта есіме салғандай болды.
Біз әдебиет есігін жетпісінші жылдардың орта шенінде аштық. Ол кезде қазақ әдебиетінің абыз-ақсақалдары көп еді. Жазушылар одағының алды ығы-жығы болып жататын. Ана тұстан Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин келе жатса, мына тұстан Ә.Тәжібаев, Ә.Сәрсенбаев, оларға ілесе Т.Ахтанов, Қ.Мұхамеджанов, С.Шәймерденов, Т.Әлімқұлов секілді қаламгерлер көзге көріне қалар еді.
Бір тұстан қабағынан қар жауардай боп батыр көкем – Бауыржан Момышұлы шыға келетін.
Мына өмірдің жалғыз еркесі бір өзіндей боп, еркін басып Мұқағали Мақатаев ағатайым да бой көрсететін. Оны көрген кезде:
Махаңдар жоқ!
Махаңдардың сарқыты,
Мұқағали Мақатаев бар мұнда! –
деген жыр жолдары еріксіз көмейімізге тығылып тұра қалатын.
Біз олардың сөзіне ғана емес, жүріс-тұрысына дейін қызықтап, алыстан қарап тұратынбыз.
Біздің буын ол кезде өте жас еді, балауса, балғын еді. Ішімізден енді-енді көзге түсе бастағандары – Ұ.Есдәулет, Ә. Асқаров, С.Абдрахманов, С. Байхонов, Қ. Ергөбек, Е.Бағаев, А.Әлімов, Ш.Әбдікәрімов, Қ.Түменбай, Ж.Әбілұлы, т.б. болды. Көбісі бірте-бірте ашылды. Келе-келе шыңдалды. Әлгі тізім жетпісінші жылдың аяғы мен сексенінші жылдың басында ұзара түсті. Қ.Жиенбай, Ж.Шаштайұлы, А.Ыбыраев, С.Ақсұңқарұлы, Т.Әлімбекұлы, Ә.Меңдеке, Е.Ашықбаев, Қ.Бегманов, Е.Асқаров, Қ.Данабаев, Е.Кішкенеев, Б.Үсенов, О.Мақсұтұлы, Т.Шапай, Т.Әсемқұлов, С.Оспанов, Е.Раушанов, М.Қайыңбаев, Н.Раманқұлов, М.Сыздықов, С.Томанов, Ғ.Жұматов, Ш.Орынбай, И.Тастанов, Г.Әбілдаева, С.Сатанов, т.б. болып жалғасты.
Бірінен бірі оза шауып, бірте-бірте әдебиетке олжа сала бастаған-ды.
Расын айту керек, біздің буынның басына қиын кезең тап келді. Кітап шығармақ тұрмақ, күн көрудің өзі қиындау болған тұс еді. Сонда да олар қаламын тастаған жоқ. Замана қиындығына қалам қайратымен қарсы тұра білді.
Осы күні газет-журналдарда «кітабым екі-ақ мың данамен шығады» деп зар сөзін айтушылар өте көп. Ал менің буыным тіпті екі жүз данамен кітап шығарса да разы болмақшы еді. Қаламақы туралы сөз тіпті айтылмайтын да.
* * *
Бүгін қарап отырсам, менімен тұстас қаламгерлердің көбісі-ақ о дүниелік болып кетіпті. Бірімен қоштасып үлгерсек, ал қайсыбірімен «қош» деуге де шама жетпей қалыпты. Бұл – өмір! Бірақ, барлығы да көз алдымда. Бәрінің де бейнесі жадымда жаңғырып тұр.
Мұрат Сыздықов менің курстасым болатын, оқу бітірген соң өмірінің соңына дейін Таразда тұрды. Шығармаларын сонда жазды, сол жерден танылды. Әлі есімде, оның «Күміс сақал арыстан» деген повесі «Жалынның» жабық бәйгесінде екінші орын алды. Көзі тірісінде екі-үш кітап шығарды. Әдемі, әсерлі, нәзік етіп жазушы еді. Ол, әсіресе, бала психологиясының байқампазы бола білді. Соңғы рет 1996 жылы жазға таяу хабарластық.
– Мен «Жетісі берілмеген өлім» деген пьеса жаздым, Тараз драма театры сахналап жатыр, – деді. Атынан кісі көңілі шошығандай екен.
– Ойпырмай, мына пьесаңның аты... – дей беріп ем, ол сөзімді бөліп:
– Келіп қайтсаңшы, – деді. Көріп кетпейсің бе?
Бірақ мен бара алмадым.
Ал арада екі-үш ай өткенде жол апатынан қайтыс болды.
Сейітқұл Оспанов екеуміз бірге оқымасақ та бір жерде біршама уақыт қызметтес болдық. Өте таза, сыпайы, ақкөңіл жан еді. Өзі қалай болса, жазғандары да солай мөлдіреп тұратын. Маған әсіресе оның балаларға арнап жазған «Ағаш ат» деген кітабы қатты ұнады. Өзі «Жалынның» жабық бәйгесін әлденеше рет жеңіп алды. Соңғы шығармасының бірі – «Құлдар көтерілісі» 1986 жылғы оқиғаны сөз ететін-ді. Жалпы, Сейітқұл тақырып таңдап жатпайтын. Ол үшін өмірдің кез келген көрінісі – тақырып! Нені жазса да жеріне жеткізе әңгімелей білетін. Әттең, елу жасқа толмай, жүрек ауруынан көз жұмды.
Артығали Ыбыраев деген ақын жігіт әлі есімде. Оның да шабысы бөлек, сілтесі өзгеше болып келетін.
Қамықпа, досым, қамықпа,
Келер күн бақыт сыйлайды.
Адамдар сыяр табытқа,
Ақындар бірақ сыймайды! – деп жазыпты-ау жап-жас балаң жігіт. Не деген батырлық! Не деген өмірге құштарлық!
Бауыржан Үсенов деген керемет талантты жігіт болды. Ол да жастай көз жұмды. Өлеңдері ғажап еді.
Күндіз-түні қораңда абалаған,
Күзетші боп күн кештім саған, адам!
Тіл бермеген табиғат мылқау қылып,
Бақыт тіптен бұрылып қарамаған, – деп жыр төгуші еді ол.
Бәлкім, бұл ақынның артында қалған өлең-жырлары соншалық көп те емес болар. Алайда, мықтылық белгісі көлемде ме?
Серік Сатанов – бірге оқыған досым еді. Ол да екі өлең жинағын шығарды да, мәңгіге көз жұмды. Қырықтың үстінде ғана еді.
– Айыптама ақынды арақ ішкен,
Шайқатылып жүргені дара күшпен!
... Ішсін-жесін, ақынға жарасады.
Әруақтар оттарын жағады іштен!..
– деп жазушы еді ол да. Серіктің жазу мәнері өзінше болды. Өзінше өлең өрнектеді. Сонысымен ғажап еді.
Ақындар арасында Е. Асқаров пен Е. Кішкенеев бөлекше бітімді болды. Екеуі екі түрлі мінездің ақыны. Бірі әсіресе айтыста кеңірек танылса, екіншісі «Қызылқұм циклы» деген топтама өлеңдерімен елді елең еткізді. Екеуі де енді танылып, енді қанат жайып келе жатқанда көз жұмды.
Мен Қызылордада тұрып та қазақ әдебиетінің ауласына қомақты олжа салуға ұмтылған Қази Данабаев, Ниятолла Раманқұлов және Оразбек Мақсұтұлының қайсарлығына осы күнге дейін таң қалам. Қ.Данабаевтың «Шоңтөбе. Шотай. Балдәурен» деген повесі «Жалынның» бәйгесін алды. Ал, Оразбек Мақсұтұлы аз жазса да, саз жазды. Бәлкім барлық жазған әңгімелері бір кітап та бола қоймас. Әйтсе де солардың ішіндегі «Падашы», «Көк кесе» секілді мөлтек әңгімелері өзінің шеберлігімен тәнті ете білді. Оразбектің очерк-эсселері де әңгіме секілді әсерлі оқылатын-ды.
Менің ойымша, Қ.Данабаев та, О.Мақсұтұлы да жазушылық кәсіпке шындап кірісе алған жоқ. Тиіп-қашып жазды. Әйтпесе, осы күнгі мүйізі қарағайдай жазушылардың жуан ортасында есімдері аталып отырар ма еді, кім білген!
Ал Ниятолла Раманқұлов маған туған інідей болды. Әуелі айтыскер ақын болып аты шықты. Ол сонымен қабат жазба ақындықты да қатар алып келе жатты. Өзі лапылдап, алып-ұшып тұратын-ды.
Желөкпеміз тынар бір күн, тоқтармыз.
Қайда екенсің құмар қылған мақпал қыз?
Ұясына батқан күндей қызарып,
Киіз үйге кіріп бара жатқан қыз! – деп жыр кестелеуші еді. Осылай төгіліп беруші еді. Өзі мәнерлеп, әсем етіп оқушы еді. Әттең, дүние-е...
Жұмабай Әбілұлы қазақ әдеби сынының қара жүгін көтерісті. Өзі жастайынан-ақ «Белинский» деген атқа ие болып еді. Қазақ комедиясын зерттеп, ғылым докторы атағын алды. Түркістандағы Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде жұмыс істеп жүрген шағында автомобиль апатынан қаза болды. Арманы асқақ еді, әлі де жазатыны көп еді.
Гүлзәкира Әбілдаева есімді қыз тамаша жарқырап көріне бастап еді, кенеттен қайтыс болып кетті. Оның да жазғандарында от бар болатын. Тәп-тәуір прозашы болатынына күмән жоқ еді.
* * *
Айта берсек, бұл тізім біраз созылары анық. Менің қатарлас дос-жарандарымның ішінде таланты зор жігіттер мен қыздар өте көп болатын. Бірақ, амал қанша, тағдыр деген осы!
Сөз ретіне қарай айта кетелік, біз сөз етіп отырған жігіттер мен қыздар мүмкін өзінің бойындағы талантын түгел танытып үлгермей, о дүниелік болып кеткен шығар. Жазғандары өте аз болуы да ықтимал. Алайда, асылды сол аз дүние арасынан да тауып алуға болады.
Атақты ақын М. Шаханов өзінің «Төлегенге» деген өлеңінде:
– Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала,
Бірақ шағын он өлеңмен он миллион қазақты,
Толғандырған, таңғалдырған Махамбет пен сен ғана! – деп жазған жоқ па еді!
Осы рас сөз! Тіпті он өлең емес, жалғыз өлеңмен не жалғыз әңгімемен де тарихта мәңгі қалуға болады.
Есте қалу демекші, өмірден ерте озған көптеген ақын-жазушылар есімі осы күні мүлде ұмытылып бара жатқандай. Біз жоғарыда атаған (есімі еске түспегендері де) бар қыз-жігіттердің ең болмаса туып-өскен жерінде іс-шаралар өткізіліп жатыр дегенді естімеппіз. Сонда дейміз-ау, олардың бар жазығы ерте көз жұмғаны ма? Обал-сауап деген болмас па!
Мынадай ұсыныс-пікірімізді айта кетсек, еш артықтық етпес деп ойлаймыз.
Менің тұстарым елуінші жылы туғандар ғой, сол себепті де олардың алды осы күні алпысқа иек артып, ал соңғысы елуден асып отыр. Солардың ішінде көзі тірі бірлі-жарымы болмаса, ана дүниелік боп кеткендердің ешбірінің мерейтойы өз дәрежесінде аталып көрген емес.
Жарайды, мерейтой бүгінгі кезде соншалық маңызды да емес болып қалған шығар. Әйткенмен, жастай көз жұмған қаламгерлерді ұмытпас үшін кейбір мәселелерді есте ұстау да керек болар.
2003 жылы өмірден озған Серік Томанов ақын:
– Көздерімде көлеңке,
Сөздерімде кең өлке!
Келтірмеңдер маған сөз,
Өлтірмеңдер мені ерте! – деп жазып еді.
Ақынның осы сөзі сөз-ақ қой!..
Ең алдымен, тірі жүрген біздер шама келгенше ерте көз жұмған ақын-жазушылардың артында қалған азды-көпті мұраларын қайтадан жинастырып, жеке-жеке кітап етіп шығарғанымыз абзал-ақ. Тіпті мүмкіндік болып жатса, сол дүниелердің ең үздіктерін орыс тіліне аудартсақ та артық емес.
Сонымен қабат, көз жұмған боздақ қаламгерлер есімін ұмытпау үшін олардың атындағы жүлделер (мейлі облыс, аудан көлемінде болса да) белгіленіп, оны өткізуге қызу атсалысу дұрыс-ақ болар еді.
Содан соң, боздақ қаламгерлердің туған, өскен жерлерінде көше, мектеп аттары беріліп, өзі оқыған мектептерде ең болмағанда бір мүйіс ашылғаны жөн-ақ.
Бұл шаралар қазақ әдебиеті үшін, соның мерейін асқақтатуға шама жеткенше аянбай тер төге жүріп, жарық дүниеден ерте аттанғандар есімін ардақтау бағытындағы ең бір игілікті шара болары даусыз ақиқат.
* * *
Осы мақаланы жазып отырып, мен тағы да Бердібек Соқпақбаев ағаны еске алдым.
Өлгендер қайтып келмей ме?
Біздіңше, өлгендер есті жандардың есінде, жақсы жандардың жүрегінде һәм шын жанашырдың жадында мәңгі сақталмақ! Жер бетінде өмір барда олар да бар. Өйткені, жас ұрпақ олардың шығармаларын оқып, өмір жолы мен жеткен биігіне баға беріп жатады, тамсана, таңғала сөз етіп, өзара дуылдасып талас құрады.
Бұл, міне, менің қатарлас достарымның өмірінің еш болмағанының белгісі. Оның мәңгілік екенінің айнасы. Шығармалары арқылы келер күндерге аты жететінінің бұлтартпас дәлелі.
Айтқымыз келгені осы еді...