Спиртті ішімдіктің залалы
Бүгінде кез келген жиын-тойды ішімдіксіз елестету мүмкін емес. Жасы бар, жасамысы бар кез келген отырыстың сәні ұзын мойын шөлмектер деп түйсінетіндер қатары әлі қалың. Тіпті мектеп жасындағы жеткіншектер де өз қуаныштарын сыралатып қызықты етіп өткізуге тырысады. Ал мұндай сыралатудың соңы көбіне қайғылы оқиғаларға ұласып жатады. Ішімдікке мас болған жас жеткіншектер түрлі бұзақылықтарға барады. Мәселен, көшеде көрінген кісіге тиісіп, соңы төбелеске айналып, көздері ештеңе көрмей, ақыл-естерін тұман торлап – зорлау, ұрлық-қарлық секілді қарақшылықтың тұзағында кетеді. Осыдан барып ішімдіктің кесірінен темір тордың ар жағынан сығалаушылар саны да көбейеді. Әрине бұл айтып отырғанымыздың бәрі де спиртті ішімдіктерден келетін залалдың бір жағы ғана. Өйткені, спиртті ішімдікті көп тұтынған адам оған тәуелді бола бастайды. Тәуелділіктің соңы маскүнемдікке алып келіп соғады. Маскүнем адам бүкіл бақытын бір саптыаяқ арақпен ғана өлшейді. Маскүнем ата-ана, жар, дос-жаран, бала-шағаның бәрін де өмірлерінен сызып тастайды. Осыдан келе-келе ол қоғамнан да алыстайды. Ал ішімдіктің соңына түсіп маскүнемге айналған адамның денсаулығы түрлі ауруларды өте жылдам қабылдайды. Тек толығымен маскүнемге айналғандар ғана емес спиртті ішімдікті жиі пайдаланатын кез келген адамның денсаулығында тез әлсіреу, ұмытшақтық секілді саналуан ауру түрлері кездесе бастайды. Сол секілді спиртті ішімдік адам денсаулығына және оның психикасына көптеген зиянын тигізеді.Оның ең алдымен жүйке жүйесі зақымдана (психоз) бастайды. Ал жүйке жүйесі зақымданған адамдардың құлағына түрлі дауыстар естіліп, көздеріне қорқынышты елестер көріне бастайды. Көпшілігі ақыл-естен айрылып ұмытшақтыққа бой алдырады. Өз еркіне бағына алмай, араққа тәуелді болады. Бір сөзбен айтқанда, ақыл-есінен айрылады. Сондай-ақ ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, өз-өзіне қол жұмсаушылардың жетпіс пайызы спиртті ішімдікті шамадан тыс көп сімірудің арасында кездесетінін айтып отыр. Соңғы жылдары жастар арасында белсіздік пен бедеулік кең етек алып барады. Бұл да ішімдікті шамадан тыс көп қолданудың кесірінен келетін кеселдер. Тіпті спиртті ішімдіктің салдарынан ауру сәбилердің дүниеге келуі де жиілеуде. Оның соңы тастанды балалар мен шаңырағы шайқалған отбасылардың көбеюіне әкеліп соғуда. Күнделікті есі кіресілі-шығасылы ата-ананы көріп, болашағы көмескіленген баланың да сол жолды таңдауы сөзсіз. Сондықтан әрбір келер күннен жақсылық пен жарқындықтың нышанын күткен жан өз елінің ертеңі үшін, яғни бауыр еті баласының болашаққа барар жолын дұрыс таңдауға көмектескені жөн. Баланы жастайынан спортқа немесе оның денсаулығына пайдалы істермен шұғылданғанын қадағалаған жөн-ақ. Сонымен қатар тұтынған тағам түрлерінің де ағзаға тигізер пайдасына баса көңіл аудару керек. Баласын халқымыздың бағзы заманнан келе жатқан бойында көптеген дәрумендер бар қымыз, шұбат, қатық сынды сусындарды пайдалануға дағдыландырса нұр үстіне нұр. Сондай-ақ ерекше бір нәрсе іздемей-ақ балаңызға арнап есік алдына керме (турник) жасап, артық ақшаңыз болып жатса велосипед әперсеңіз жетіп жатыр. Қолыңыз қалт еткенде ұл-қызыңызбен таза ауада серуендеп, біраз доп қууды әдетке айналдырыңыз. Спиртті ішімдіктердің зияны жайлы әкесі ұлына, анасы қызына апта сайын болмаса да, анда-санда әңгімелеп, түсіндіріп отырғаны дұрыс. Балаңыздың бойына жақсы қасиеттерді сіңдіру үшін тек сырттай қадағалап қана қоймай, әрбір ата-ана өзі де үлгі бола білсе, шапағатын шашады. Өйткені, саламатты өмір салтын ұстанған әрбір азаматтың ертеңі жарқын, жолы жарық боларына күмән жоқ!
Темекінің адам денсаулығына зияны
Бұрынырақта көше бойында саусақтарына шылым қыстырған қыз баланы көрмейтінбіз. Ал соңғы кездері осы бір сорақы қылыққа таң қалудан қалып барамыз. Қай жерде болсын мектеп жасындағы ұл-қыздар бір-бірінен қалыспай улы түтінге елітіп тұрғандары. Бүгінде темекінің зияны жайлы біреуге ежіктеп түсіндірудің өзі күлкілі жайт. Темекінің адам бойына келтірер залалын біліп тұрғанымен, оған тәуелділердің саны артпаса азаймай отыр. Темекі тартатын әйелдерден дені сау сәбидің тууы да мүмкін емес. Өйткені шылымның улы түтіні адамның сыртқы кейпіне ғана емес ішкі құрылысына да зиянын тигізеді. Соның салдарынан ауру-сырқаулы, жүйке жүйесі зақымданған сәбилердің тууы көбейеді. Сонымен қатар шылым шегетін қыз-келіншектердің келбетінен де тозыңқылық пен аурудың кейпін тану қиын емес. Ондай әйелдердің көздерінің асты көлбіген ісік секілді салбырап, беттерінде түрлі қара таңбалар көрініс табады. Және де темекі шегетін әйелдердің бетінде әжімдер саны оның жасымен салыстырғанда ерекше көп болады. Қыз балалар темекі шеге бастаған күннен-ақ бет терісі әлсізденіп, топырақ түстес болып сұрлана бастайды. Сондай-ақ әрбір темекі шегуші әйелдердің ғана емес бұлшық еттері әлсіз болып келеді. Сымбатты тері күннен күнге иілгіштігінен айырылып тез қартаюға жетелейді. Адамның қарны салбырап, бойына май жинайтын қасиетке ие болады. Шылымға тәуелді адамның ұйқысы бұзылып, ағзаға жүйелі түрде ауа жетіспеушілікке ұшырайды. Ұйқысыздық пен улы түтіннің салдарынан адам бойында әлсіздік, саусақтардың қараюы, тістердің сарғайып кетуі тәрізді, сондай-ақ түрлі буын аурулары пайда болады. Медицина мамандары темекі шегетін адамдарды темекі шекпейтін адамдармен салыстырғанда терінің реакциялық қасиеті азайып, адам денесінде, яғни терісінде тыртықтар қалып қою жиі кездесетінін айтады. Сол секілді пластикалық ота жасаушы мамандар темекі шегетін адамдардың терісіне ота жасауға көп келісе бермейді. Өйткені шылым шегетін адамдардың денесіндегі жаралардың жазылуы көбіне қиындық тудырып, бойларына жұқпалы індеттерді жұқтыру фактілері жиі кездесетін көрінеді.Сонымен қатар темекі шегетін адамдардың тісі темекі қолданбайтындармен салыстырғанда алты есеге артық түседі немесе құрт (кариестің) пайда болуы артады. Ал тіс – адамның көркі ғана емес, адам денсаулығының кепілі десек, мұнда да шылымның зияны айқын көрінеді. Сондай-ақ темекі шегушілердің арасында өте көп кездесетін ауру түрі – псориаз. Бұл ауру адамның иммунді жүйесінің әлсіреуі нәтижесінде пайда болады. Ал иммунді жүйені көтеріп, адам бойындағы өмірге деген талпынысты арттырудың бірден-бір жолы – спорт. Ежелгі гректер «Сұлу болғың келсе – жүгір, денің сау болсын десең – жүгір» деген екен. Сол секілді әрбір адам өз бойындағы жаман әдетке деген тәуелділігін жеңіп, өз денсаулығына пайдалы бір спорт түрін таңдаса немесе жай ғана әр демалыстарында отбасымен саябақтарға, бассейндерге, спорт алаңқайларына шығып таза аумен тыныстаса, мұның өзі өзіне жасаған жақсылығы. Тек өзіне ғана емес ұл-қыздарына да үлгі көрсеткені. Әрине темекінің көк түтіне тұншыққан ата-ананы көріп өскен балаға да оған деген әуестік туары сөзсіз. Сол әуестіктен дағдылық, ал дағдылықтың соңы тәуелділікке алып келеді. Өйткені жас баланың денсаулығы бар нәрсені жылдам қабылдайды. Сондықтан балаңызға жастайынан ерінбей темекі түтіні никотинінің ағзаға тигізетін зиянын түсіндіріп, өзіңіз бас болып оның қызығушылығын арттыру үшін спорт түрлерімен айналысқаныңыз дұрыс-ақ. Өйткені әрбір бала үшін ата-анадан құдіретті ешкім жоқ. Ал өмірдің мәнін дұрыс ұғынған адамға баласының болашағы, яғни оның сымбатты да сау болып өсуінен асқан бақыт жоқ! Ал балаңыздың сау да сымбатты болуы үшін оған үлгі боларлық бір спорт түрімен айналысыңыз.
Ғасыр дерті – есірткімен күресейік!
Адамзат тарихындағы, соның ішінде жиырма бірінші ғасырдың тажалына айналған ең ауыр індет – есірткі десек артық айтқандық емес. Есірткі соңғы кезде әлемді ойландырып отырған ауыр қасірет болып отыр.Өйткені есірткіні пайдаланушылардың көпшілігі жас жеткіншектер мен отыз жасқа толмағандар болып отыр. Бұл дегеніміз – болашағымыздың көпшілігі тұманды, өлімге барар жолды таңдауы. Әрбір жас адамның денсаулығы кез-келген нәрсеге бейімделгіш келеді. Әлі толыққанды дамып-жетілмеген ағзаның да есірткіні бір мәрте пайдаланғаннан-ақ оған тәуелді болып қалуы қалыпты жағдай. Өйткені есірткіге тәуелді болу үшін ұзақ уақыттың қажеті жоқ. Оған бір апта мен бір ай көлеміндегі уақыттың өзі жетіп жатыр.
Қазіргі замандағы нашақорлықты зерттеуші ғалымдар есірткі пайдаланған адамдар өте ауыр психикалық өзгерістерге ұрынатынын айтуда. Есірткіні пайдаланған адамдардың бойында мынандай белгілерді қиналмай көруге болады:
– Ас қорыту жүйесінің бұзылуы (диарея, іш ауруы, сондай-ақ лоқсу);
– Жүрек-тамыр жүйелерінің сыр бере бастауы (артерия қысымының жоғарылауы немесе төмендеуі);
– Бүйрек және бауыр аурулары;
– Бронхит (өкпе аурулары);
– Кариес, ауыз куысының иістенуі,
– Буындар мен бұлшық еттердің әлсіреуі.
Сонымен қатар адамның жүйке жүйесі әлсіреп, психикалық ауытқушылық, кеңістікте бағытынан айырылу, ойлау мен есте сақтау қасиеті жоғалады. Есірткі пайдаланған адамның түр-түсі қорқынышты кейіпке кіріп, денесі аза бастайды. Оның санасында келесі пайдаланар есірткіні яғни дозаны қалай қолға түсіремін деген ой ғана орын алады. Ол сол ойдың жетегінде жүріп кез келген қылмысты әрекеттерге барудан тайынбайды. Оның ішінде ұрлық жасау, кісі тонау, зорлық-зомбылық жасау тіпті адам өлтіруге де алып келеді. Сондай-ақ есірткі пайдаланатын қыз-келіншектер де осы тажалдың кесірінен түрлі айуандық әрекетке барып жатады. Пайдаланатын есірткіні оңай табу үшін жезөкшелікпен айналысып жүргендер қаншама. Сонымен қатар жас қыздарды есірткіге тәуелді етіп жезөкшеге айналдырып жібергендер де аз емес. Осындай жағымсыз әрекеттердің салдарынан адамдар арасында түрлі жұқпалы індеттер де азаймай келеді.
Әрбір азамат, ата-ана, мұғалім, тіпті тәрбиешінің өзі жас буынға балабақшадан бастап есірткінің зиянын түсінікті тілмен түсіндіріп отырғаны жөн. Және де саламатты өмір салтын ұстанудың жолдарын үйреткен жөн. Өйткені, есірткіні бір-ақ рет пайдаланған адамның өзін қайта қатарға қосу оңай шаруа емес. Бейбіт елдің тыныштығына қиянат келтіретін нашақорлық секілді дертпен көп болып күрескен абзал. Өйткені, әрқайсымыздың баламыз, қызымыз осы тажалдың тырнағында кетуі ғажап емес. Нашақорлық – ғасыр дерті! Сондықтан абайлайық, ағайын! Есірткіден аман бол жас өрен!
Қанат Тұрматов, «K Sports Marketing Agency» ЖШС менеджері.
(Мақала Туризм және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жазылды).