Елбасы Н.Ә.Назарбаев үстіміздегі жылдың сәуір айында өткізілген Үкіметтің кеңейтілген отырысында – Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыру қажеттілігіне баса назар аударған еді. Әлемдік озық тәжірибелерді талдап, таразылай отырып жасалған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында – жоғары оқу орындарының қызметін жоғары білім берудің әлемдік үлгісіне сәйкестендіріп, академиялық ұтқырлықты қалыптастыру – жүзеге асырылуға тиісті міндеттердің бірі ретінде көрсетілген.
Жоғары білім берудің Еуропалық кеңістігін құраушы дамыған алдыңғы қатарлы елдердің басты ұстанымы – Болон декларациясының қағидаларын басшылыққа алу болып табылады. Бұл қағидаларға азаматтардың өмір бойы білім алуына оңтайлы жағдай жасау, жоғары білім берудің әлеуметтік бағыттылығын жүзеге асыру, жоғары білім беруде бәсекеге қабілеттілікті арттыру, бакалавриат-магистратура-докторантура сатыларынан тұратын өзара сабақтас академиялық білім беру жүйесін қалыптастыру, оқыту үдерісін кредиттік технологияның негізінде ұйымдастыру, оқу бағдарламаларының мазмұнын жетілдіре отырып, білім алушылардың академиялық ұтқырлығын қалыптастыруға қол жеткізу, т.б. жатады. Бұл қағидалардың барлығы бір-бірімен өзара байланыста жүзеге асырылуы тиіс.
Білім алушылардың академиялық ұтқырлығына қол жеткізу үшін – Еуропалық жоғары оқу орындары қауымдастығының негізгі талаптары болып табылатын жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету қажет. Ал академиялық ұтқырлық деген не? Бұл – еліміздегі кез келген жоғары оқу орнында оқып жатқан білім алушының оқу орнын, оқу бағдарламасын, профессор-оқытушыны еркін таңдауына мүмкіндік беру, оқу кезеңінің аралығында білім алушының белгілі бір оқу бағдарламасын еліміздегі немесе шет елдегі жоғары оқу орнында игеруге жағдай жасау.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алушылардың академиялық ұтқырлығын жүзеге асыруға ерекше ден қойып отыр. Мұны бірнеше мысалдармен дәйектеуімізге болады. Біріншіден, жоғарыда атап өтілген мемлекеттік бағдарламада жоғары білім беру жүйесіне 2000 жылдары енгізілген америкалық үлгідегі кредиттік технологиядан кредиттерді трансферттеудің еуропалық үлгісіне (ECTS) 2020 жылға дейін ЖОО барлығының толығымен 100 пайыз ауысуы көзделген. Осыған байланысты бүгінгі күні министрлік жоғары оқу орындарына 2012-2013 оқу жылынан бастап ECTS-ке көшуге талап қойып отыр.
Бұл бізге не береді? Болон декларациясына қол қойған мемлекеттер арасындағы жоғары білім беру бағдарламаларының өзара үйлесімділігі, кредиттерді есептеудің бір жүйеде болуы білім алушылардың академиялық ұтқырлығына жол ашады. Демек, ТМД-дағы алғашқы мемлекеттердің бірі ретінде Болон декларациясына қосылған Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде академиялық ұтқырлықты қалыптастыру мүмкіндігінің ауқымы бұдан әрі кеңейе түседі. Осы тұста айта кетуіміз керек, көпдеңгейлі академиялық білім беру бағдарламасына көшкен алғашқы жылдары жоғары оқу орнын бітірушілерге біз әрі кәсіби білім бердік, әрі академиялық дәреже бердік. Әрине, төрт жылдың ішінде кәсіби біліммен қатар, академиялық білім беру оңтайлы болғанымен, бұл жоғары білімді сапалы мамандар даярлап шығаруға толық мүмкіндік бермеді. Соңғы екі-үш жылдың көлемінде жоғары білімнің бакалавриат бағдарламасы бойынша бітірушілерге «бакалавр» академиялық дәрежесін беріп келеміз. Бітірушілерге қосымша кәсіби біліктілік беру алдағы шешілуі тиіс міндеттердің бірі. Сондықтан да бізге жоғары академиялық білім беру мен жоғары кәсіби білім беру мазмұнының ара-жігін ажыратып алуымыз қажет сияқты.
Екіншіден, министрлік тарапынан білім алушыларға қарапайым тұрмыстық деңгейдегі шетел тілін меңгертуден кәсіби деңгейдегі шетел тілін меңгертуге баса назар аударылуда. Бакалавриат мамандықтарының 2011 жылғы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында базалық пәндер топтамасына 3 кредит көлемінде «Кәсіби-бағытталған шетел тілі» пәні қосылып отыр. Бұл білім алушының өз мамандығы бойынша негізгі пәндерді шетел тілінде меңгеруіне негізделген. Мұны да білім алушының академиялық ұтқырлығын жүзеге асыруға бағытталған қадам деп санаймыз. Өйткені, өз мамандығы бойынша кәсіби ағылшын тілін еркін меңгерген білім алушыға белгілі бір академиялық кезеңде шетелде білімін жалғастыру барысында қиындық туындамайтын болады.
Үшіншіден, оқу бағдарламаларының мазмұнын анықтауда жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігі кеңейтілді. Яғни, жоғары оқу орындарының білім алушыға ұсынатын таңдау пәндерінің көлемі жалпы оқу бағдарламасы көлемінің бакалавриатта 70 пайызын, магистратурада 80 пайызын, докторантурада 95 пайызын құрайтын болады. Демек, жоғары оқу орындары білім алушыларының академиялық білім алмасуы кезінде оқу бағдарламаларын таңдауына мол мүмкіндік беріледі.
Академиялық ұтқырлықты қамтамасыз етуде шешімін күтіп тұрған мәселелер де баршылық. Мысалы, еліміздегі университеттер арасында немесе шетелдік жоғары оқу орнының қатысуымен жүзеге асырылатын академиялық ұтқырлықты қаржыландыру механизмін әлі де нақтылау қажеттілігі байқалады. Тағы бір мәселе, білім алушыға ұсынылатын мобилді бағдарламалар базасының жоқтығы, сондай-ақ әр елдерде білім беру жүйесінің нормативтік-құқықтық базасының әркелкі болуы. Десек те, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылғы 19 қаңтардағы кеңейтілген алқа мәжілісінде талқыланып, мақұлданған «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарында білім алушылардың академиялық ұтқырлығы «тұжырымдамасы бірқатар мәселенің шешілу бағыттарын айқындап берді.
Бүгінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті де шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру мүмкіндігін кеңейту, шетелдік жоғары оқу орындарының білікті мамандарын шақырту арқылы академиялық ұтқырлықты жүзеге асыру шараларын түрлендіру бағытында бірқатар жұмыстарды атқарып келеді. Бүгінгі күні озық тәжірибелермен алмасу, студенттер алмасу, халықаралық стандартқа сәйкес оқу бағдарламаларын жаңарту және көптеген білім саласындағы басқа да мақсаттар бойынша университетте 60-қа жуық келісім-шарттар мен меморандумдар жасалып, іске асырылуда. Осы бағытта соңғы жылдардың өзінде В.П.Горячкин атындағы Мәскеу мемлекеттік агроинженерлік университетімен, Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетімен, Новосібір мемлекеттік университетімен, Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық институтымен, Ухта мемлекеттік техникалық университетімен, Омск мемлекеттік аграрлық университетімен, Түркияның Ататүрік, Сельджук, Эрзинджан университеттерімен, Корея Республикасының Кангвон ұлттық университетімен екіжақты келісім-шарттар жасалды.
Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың бастамасымен 2011 жылдың мамыр айында еліміздегі математика пәні мұғалімдерінің І съезі өткені белгілі. Орта мектеп немесе жоғары оқу орны болсын, басқа да пәндермен қатар іргелі ғылыми пәндердің, оның ішінде математика пәнінің мамандарын даярлауға баса назар аудару бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Университетте даярлап шығаратын болашақ математика пәні мұғалімдерінің кәсіби білімін жетілдіру мақсатында математика мамандығы бойынша бакалавриатты үздік бітіруші 5 түлек Новосібір мемлекеттік университетінің магистратурасына оқуға жіберілді. Сонымен қатар, екіжақты келісім-шарттар негізінде мұнай-газ саласы бойынша бакалавриатты бітіруші 4 түлек Ухта мемлекеттік техникалық университетінің магистратурасында Ресей Федерациясының бюджеті есебінен білім алып жатса, алдағы оқу жылы техникалық мамандықтар бойынша бакалавриатты үздік бітіруші 15 түлектің аталған университеттің магистратурасына Ресей Федерациясының бюджеті есебінен білім алуларына қол жеткізіліп, оларға жолдама берілді. Сол сияқты 2 бітірушіміз Омск мемлекеттік аграрлық университетінің магистратурасына ауылшаруашылық мамандықтары бойынша оқуға жолдама алды.
Университет халықаралық жобалар мен бағдарламаларға да жемісті қатысып келеді. Мәселен, «Оқу бағдарламаларын инновациялық жолмен дамыту және бизнес-пәндердi оқытуды қайта құру» атты Темпус Бiрлескен Еуропалық жобасына 2006-2009 жылдар аралығында республикадағы 4 жоғары оқу орындарының бірі ретінде қатыстық. Соның нәтижесінде 20 оқытушы ғылыми-педагогикалық қызметін дамыту мақсатында арнайы курс бітіріп, 4 оқытушы халықаралық бизнес мамандығы бойынша дәріс алды және 2 оқытушы Ph.D докторлық бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Роберт Гордон университетінде білім алды.
2010 жылы университет Еуропа Комиссиясының «Геоинформатика: Энергияны, ресурстарды, қоршаған ортаны басқару» атты халықаралық жобасын конкурс арқылы ұтып, жұмыс жасауда. Бұл халықаралық жобаға Австрия, Нидерланды, Венгрия және Орталық Азияның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан республикаларының 10 университеті қатысады. Адами капиталдың сапасын арттыру мақсатындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Аз ғана уақыттың ішінде Қазақстанның жоғары мектебі әлемнің жетекші білім беру орталықтарының озық тәжірибелерін жинақтап, оны өз қызметтерінде іс жүзінде пайдалануды жолға қойды. Бұл мемлекетіміздің білім саласындағы алдыңғы қатарлы дамыған елдермен иық тірестіре, бәсекелес ретінде ілгері жылжуға қауқарлы екенін көрсетеді.
Бақытжан САЙЛЫБАЕВ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.
Қызылорда.