30 Шілде, 2011

Ел еңсесін тіктеген Елорда

429 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Елорданың бүгінгі келбетіне қарасаңыз, кешегі қатардағы көп қала­ның бірі – Ақмоланың аз ғана уақыт ішінде тотыдай таранған әсем шаһарға айналғаны қайран қалдырады. Иә, қаланың бүгінгі көркіне көз тоймайды. Әне, талай-талай әлемдік деңгейдегі жиындарға ұйытқы бола бастаған Пирамида, әне, қазақтың рухын атойлатқан Тәуелсіздік сарайы, әне, қазақтың өңі түгіл түсіне кірмеген Хан шатыр, Астана три­умфы сияқты ғажайып ғимараттар шаһардың сәні мен салта­натын ғана айшықтап тұрған жоқ, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойғы арман-аңсарының жүзеге асқанын айғақтап тұр. Осы арада сәл шегініс жасап, өткен шаққа оралсақ, еліміздің ең алғаш тәу­елсіздік алған кезі еске түседі. Айна­ла­ның бәрі күйреп тұрған кезең. Жұрт күн­көріс қамымен әлек. Міне, осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астананы Арқа төсіне көшіру мәселесін көтергені өзімізге аян. Жасыратын не бар, дәл сол кезде бұл ой көбімізге еш қисыны жоқ әңгіме сияқты көрінген. Тіпті бұл шешімге қарсы болып, баспасөз бетінде кекесін аралас пікір айтушылар да аз болмады. Алайда Президент өз сөзінен айнымады, әрекетке кірісті. Осы тұста да бұл тірліктен не шығар дейсің дегендей, аңысын аңдыған мысықтілеулер де болмай қой­ма­ды. Жә, бәрімізге таныс мұндай әңгімені қайталап айта бергеннен не шығады. Одан да әңгімеміздің арнасын өзгертіп, сол тұстағы нақты іс-әрекетке көшсек, Пре­зидент қала құрылысын қауырт жүр­гізу арқылы халқының жаншылған рухын тірілтуге күш салды. Сөйтіп, жастардың арман-қиялына қанат байлап, барша жұр­тын алға ұмтылуға үйретті. Содан да еңсесін тіктеген қазақ енді елордаға бір кірпіш болып қалануға жан-жақтан ағыла бастады. Осындайда еске түсіп отыр, алғаш еліміздің тәуелсіздік алғанын естігенде бодандықтың қамыты арқаларына батқан біздің замандастарымыз еңіреп тұрып, қарным ашты, қарым талды демес едік. Қандай қиындығы болса да шыдап бағармыз, тек тәуелсіздік баянды болғай – деп еді. Біздің ұрпақ сол сөзінде тұрды. Қандай қиындыққа болса да қайыспады. Ауыр жүк, әсіресе, қыз-келіншектердің иығына түсті. Ала қап арқалап жүріп, отбасын асырады. Сөйтіп, олар ел еңсе­сінің тіктелуіне үлес қосты. Ең бастысы, төккен тер, жанкешті еңбек ақталды. Енді ғана тәй-тәй басқан сәби сынды тәуел­сіздігіміз осы жылдар ішінде бірте-бірте екі аяғына нық тұра бастады. Сөйтіп, Елбасының басшылығымен Сарыарқа тө­сіне орнаған Астана барша қазақстандық­тарды біріктіретін, бәрімізді ортақ мақ­сатқа жұмылдыратын қуатты күшке ай­налды. Осы арада тек қазақ халқы ғана емес, әлемнің барша бейбітшіліксүйгіш қауымы да осы күндері Астанаға үмітпен көз тігетін болды. Иә, бірте-бірте Аста­на­ның бүкіл жер шарының дүрс-дүрс соғып жатқан жүрегіне айналатынына да еш күмән жоқ. Бұл жәй долбар емес. Бұл бүгіннің өзінде-ақ ақиқатқа айналып келе жатқан жәйт. Бәріміз де білеміз, ешбір ымыраға келмей жүрген сан түрлі дін өкілдерінің басын қосып, бүкіл адам­зат­тық маңызы бар келелі мәселелерді шешуге батыл қадам жасап келе жатқан Астанамен әлем жұртшылығы қазірдің өзінде санасатын болды. Тәубе, бет алысымыздан жарылқасын. Өткен жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізіп, сол халықаралық ұйымға төрағалы­ғы­мыз­ды абыроймен атқарып шықсақ, биыл міне, Қазақстанға ИЫҰ-ға басшылық жасау сеніп тапсырылып отыр. Осының бәрін ой-елегінен өткізген кезде елордамыздың Әл-Фараби бабамыз армандағандай қайы­рымды қалаға айналып келе жатқанын бүкіл жан-жүрегіңмен сезінесің. Сезіне­сің де тіл-көзден аман қылғай деп іштен шүкіршілік етесің. Сөз жоқ, Астана қазаққа тәуелсіздік сыйлаған жетістік. Біз мұны айқын ұға білдік. Сондықтан да ұлы арманды жүзе­ге асырудан бар білім-білігімізді аямадық. Сөйтіп, қазақтың шыңдалу мектебіне айналған қаланы тұрғызуда елі – еріне, ер – еліне сенді. Тіпті бүгінде қазақ үшін Астана мен Елбасы егіз ұғымға айналып кеткендей. Әрине, қазақтың намысын жанып, жігерін шыңдаған Астананың алдағы жетер биігі де өзімізге байланысты. Осы сәт тәуелсіздіктің елең-алаңында, ел алдында сөйлеген сөзінде ұлт жанашыры, жазушы Шерағаңның – Шерхан Мұртазаның: «Бас-басымызға би болмай, біреуіміз тіреу, қалғанымыз сүйеу болайық», деген сөзі еске түседі. Сол сөзден дұрыс ой түйген азаматтар бүгінде ел тынысын кеңейтуге бел шешіп еңбек етіп жатыр десек, Елбасы тапсырмаларын мүлтіксіз орындауды айғай-ұйғайсыз-ақ тап-тұй­нақ­тай жүзеге асырып, Шерағаң айт­қан­дай тіреуге сүйеу болуды өзінің аза­мат­тық міндеті санайтындардың бірі деп өз басым қала әкімі Иманғали Тасмағам­бетовті атар едім. Осы арада бір айта кететін жәйт, қала басшысын теледидардан немесе жиын-мереке тұстарында ел ара­сынан көргенім болмаса, бетпе-бет жүз­десіп, сөйлесіп көрмеген екенмін. Алайда оның Астананың бүгінгі ажарына сіңір­ген еңбегі өз алдына бір төбе деп нақты айта аламын. Бұл сөзіме келтірер дәлел-дәйегім де аз емес. Ол үшін көп әңгіме айтып жатпай-ақ, ең бір қарапайым, тіпті осыны айту қажет пе, жоқ па деген жәйтті ғана тілге тиек етейікші. Тап осы арада бізге, ең алдымен өзге елге саяхаттап немесе іссапармен барған кезді еске алуға тура келеді. Сондай сапар барысында өзіңіз де байқаған шығарсыз, әлгі елдер­дің үлкен-үлкен қалалары түгіл, шағын елді мекендерінің өзі тап-тұйнақтай, тап-таза болып мөлдіреп тұрғанын көріп, ерік­сіз өз елімізде тау-тау болып үйіліп жататын күл-қоқыстарды еске алатын едік қой. Әсіресе жаңадан желкілдеп өсіп келе жатқан Астанамыздың келбеті дәл осылай көркейсе ғой деп қызығатынымыз да рас еді. Өйткені, сәл жел соқса болды жалбыраған қағаздар, полиэтилен пакеттер аспанда қарғаша қалбаң қағып, қа­лықтап жүретін. Ал көше болса көктайғақ болып жататын. Тіпті күре жолды кесіп өтіп бара жатып та, көк мұзға тайып құлап қалмайын деп арғы бетке кібіртіктеп әрең өтетінсіз. Ал соңғы бірер жылда сол сурет, сол көрініс көз алдымызда өз­ге­­ріп сала берді. Қаламыз бүгінде айнадай жарқырап жатыр. Көшелер бұрын адам түгіл көлікті тайғақтатып жүргізбейтін болса, осы күні жол шетіндегі жиектас­тар­ға дейін көкмұздан мүлдем арылғаны көз сүйсіндіреді. Мұның бәрі бір қараған­да, бізге майда-шүйде сияқты көрінге­ні­мен, елорда мәртебесін айшықтай түсетін жайт­тар ғой. Міне, көрдіңіз бе, бәрі де адамға, оның ниетіне, іске деген жан­ашыр­лығына байланысты деген сөз рас екен. Егер осы бәрі де адамға, оның ісіне байланысты деген сөзімізді тірілте тү­сетін болсақ, Иманғали Тасмағамбетовке дейін де елорданы бірқатар азаматтардың басқарғаны белгілі. Тіпті осы Ақмола қаласында кіндік қаны тамған жігіттердің де осы қалаға әкім болғанын білеміз. Бі­рақ ондағы жағдай бір басқа, қазіргі қала келбеті бір басқа екені ешқандай дәлелді керек етпейді деп ойлаймыз. Елбасының соңғы жылдары елорда бас­шылығына болмыс-бітімі қазақы, қа­зақша ойлайтын адамды тағайындауының игі нәтижесін қазақ бүгінде айқын сезіне бастады. Біз бұл арада мемлекеттік тілде білім беретін балабақшалар мен мек­теп­тердің көптеп салынып жатқанын айтпай-ақ, тағы да тек бір ғана жәйтке ғана тоқтала кетсек, өзге елдің өрен-жаранына кезінде шүлең тарқатқандай үлестірілген көше аттары бүгінде тәуелсіз елдің тала­бына сай қазақтың жақсы мен жайса­ңының еншісіне тигенін, сондай-ақ бұрын көз сүрінетін шетелдік атаулардың орны қазақы ұғымдармен алмастырылуын айт­сақ та жеткілікті. Бұл өз ұлтына жан ашитын, қадір-қасиетін танитын, Елбасы тапсырмаларын адалынан жүзеге асырып жатқан азаматтың тірлігі. Әйтпесе, іс басындағы түрі қазақ болғанымен, түңіл­дірер ісі бар азаматтардың да қам-қаре­кетін көзіміз көріп жүр ғой... Иә, ең бастысы, қаламыз қазақылан­ды. Сөйтіп, сірескен сеңнің көбесін елорда сөксе, бүгінде Астана өнегесін өзге өңірлер өздеріне үлгі етіп отыр. Нақтылап айтқанда, еліміздің бар аймағы елордаға қарап бой түзей бастады. Ендігі бір арман – алдағы уақытта Астана еліміздің сол өзге өңірлеріне ғана емес, иісі түркі жұртына, бүкіл дүние жүзі елдеріне рухани кескін-келбетімен, береке-бірлігімен, бейбітшіліксүйгіш мінез-қалпымен үлгі-өнеге болса дейсің. Ойлап қарасаңыз, бұл да соншалықты қол жетпейтін қиял емес сияқты. Ол үшін адал еңбегіміздің арқа­сында жеткен жетістігімізге тоқмейіл­сімей, әрқайсымыз өз ісімізбен, нақты қам-қарекетімізбен Елбасыға сүйеу бола білсек, елдің ертеңі үшін аянбай қызмет етсек, алынбайтын асу жоқ. Жұмагүл СОЛТИЕВА, Президент жанындағы  Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі.