1997 жылғы 26 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде «Құпия соғысқа қатысқандар шындықты енді жасырмағандары жөн» деген тақырыпта мақала жариялаған едік. Арада біраз уақыт өткен соң бұл мәселеге қайта оралуымызға тура келді. Мұның себептері де аз емес. Ол жайында кейінірек. Алдымен алғашқы мақаланы жазуға түрткі болған жайттарға тоқтала кетейік.
Бірде редакцияға Нұржан Байжанұлы деген адам мақала алып келген. Тақырыбы «Шетел соғыстарының мүгедектері» деп аталатын. Мақаламен қоса Ресейден шығатын «Труд» газетінің 1995 жылғы 28 ақпандағы нөмірін қоса ұсынған. Онда заң ғылымының кандидаты Юрий Жуков деген азамат «Льготы инвалидам войны в свете нового закона «О ветеранах» деген тақырыппен Ресейдің жаңа заңына түсініктеме беріпті. Сонымен қатар, 1994 жылдың 15 сәуірінде Мәскеу қаласында осы құжатқа байланысты келісімге бұрынғы КСРО құрамында болған 12 мемлекет өкілдері қол қойғандығы айтылады. Келісім бойынша Ұлы Отан соғысы және шетелдегі соғыстар кезінде өздерінің ұл-қыздарының бастарына түскен ауыртпалықтарды бірігіп көтеріп, оларға тиесілі жеңілдіктерді барлық елдерде бірдей қолдануға міндеттемелер алыныпты. Бұған Қазақстан жағы да қол қойған.
Ендеше сонау 1917 жылдың қазан айынан бері КСРО қандай соғыстар жүргізсе, соның бәрінде өзіміздің отандастарымыздың да көптеп қатысқандығы анық. Ал біздің тарих оқулықтарынан білетін соғыстар – 1917 жылдан кейінгі ақ пен қызылдар қырғыны, 1939-1940 жылдары Финляндиямен болған соғыс, 1938-39 жылдардағы Хасан көлі мен Халкин-Голдегі қақтығыс, 1945 жылғы Жапониямен соғыс, 1969 жылы Даманскі мен Жалаңашкөлде өткен шайқастар, Ауғанстандағы соғыс... арғы жақтары беймәлімдеу.
«Труд» газетіндегі ресми мәліметтерге көз жүгірткен адам КСРО атты мемлекеттің жер бетіндегі қақтығыстар мен шайқастардың ешқайсысынан қалыс қалмағанын байқар еді. Олардың бәрін біз алғашқы мақалада сол күйінде көшіріп басқанбыз. Қазір тағы бір жинақтап айтсақ, 1924 жылдан бастап 1969 жылдар аралығында тек Қытай жерінде ғана 8 рет ірілі-ұсақты қарулы қақтығыс өтіпті. Олардың бәріне КСРО қатысқан.
Польша, Испания, Венгрия, Алжир, Египет, Йемен, Вьетнам, Сирия, Ангола, Эфиопия, Камбоджа, Бангладеш, Лаос, Ливан жеріндегі соғыстардың ешқайсысы КСРО-ның қатысуынсыз өтпеген. 1944-51 жылдар аралығында Украина, Беларусь, Латвия, Литва, Эстония жеріндегі қарулы көтерілістерді басуға КСРО құрамындағы ұлттардың көбісі қатысқан. Әсіресе, Азия мен Таяу Шығыстағы соғыстарға Қазақстаннан, Орталық Азия республикаларынан әскерлер көптеп тартылған. Бұл соғыстарға қатысқан азаматтардан мемлекеттік құпияны ашпау жөнінде қолхаттар алынған. Құжаттарында қай жерде соғысқандары туралы жазылмаған.
Шындықтың шеті
«Шетел соғыстарының мүгедектері» жайында редакцияға мақала әкелген Нұржан Байжанұлы көп ұзамай дүниеден өтіп кетті. Бірақ мына бір шындықты айтып үлгерген: «Осындай соғыстардың біріне өзім де қатысқам. Кезінде КСРО-ға қалтқысыз қызмет еттік. Бұл құпияны ашпау жөнінде қолхат та бергенбіз. Енді ол мемлекет келмеске кетті. Сондықтан шындықты айтуға болатын сияқты. 1950 жылдардың ортасында Германияда шоғырланған Кеңес армиясының құрамында әскери борышымды өтедім. Мұндағы Кеңес Қарулы Күштері «Группы советских окупационных войск в Германий» деп аталатын. Біраз уақыттан кейін бұл атау өзгертілді. Сол жылдары осы әскери құраманың 207-полкінде батарея командирінің орынбасары қызметін атқардым.
Бір күні Германияның Штендель деген қаласында Кеңес үкіметіне қарсы қарулы көтеріліс бұрқ ете қалды. Әскери дабылмен атқа қондық. Немістер жағы өліспей беріспейтін сыңайлы. Бірнеше күннен кейін көтеріліс күшпен басылды. Екі жақтан да адам шығыны болды. Мен осы жорықта басымнан қатты жарақат алдым. Қазір соғыс мүгедегі деп есептелемін. Ал мына «Труд» газетіндегі айтылғандар бойынша шетелдерде соғысқандар үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылыпты. Біздің отандастарымыз одан әлі бейхабар. Сондықтан да бұл жөнінде газетке жазуды өзімнің азаматтық, әрі заңгерлік парызым деп білдім...».
Отставкадағы подполковник ретінде, білікті заңгер ретінде бар білгенін айтып қалуға тырысқан Нұржан ақсақалмен бұдан кейін ұшыраспадық.
Анголаның аспаны мен жерінде...
Биылғы жылдың 7 мамыр күні «Казахстанская правда» газетінде «Гранда шеф-инженерий» деген атпен шағын мақала жарияланды. Онда генерал-майор Сармантай Нұрғожин Ангола жерінде «интернационалдық борышын» қалай атқарғаны жөнінде ашық айтыпты. 1975 жылы басталған Анголадағы соғыс сексенінші жылдардың екінші жартысына дейін толастамағанын екінің бірі біле бермейді. Ал қазақ генералы соның бәріне өзі куә болған. 1987 жылы ол КСРО Қарулы Күштері Бас штабының 10-басқармасында қызмет етіп жүргенде Қорғаныс министрлігіндегілер Анголаға іссапарға баруды ұсынады. Әскери адам бұйрықтан бас тарта алмайды.
Анголаның астанасы – Луандаға келгенде жағдай өте күрделі екендігіне көзі жетті. Оппозициялық күштер мен үкімет әскері арасында қарулы қақтығыс өршіп тұр. Мұндағы кеңес жауынгерлерінің міндеті – Анголаның заңды үкіметіне көмектесу. Араларында мәскеулік ұшқыштар, партугал тілін жақсы меңгерген аудармашылар, әскери кеңесшілер, тағы басқа мамандық иелері жетіп артылады. Сармантай Нұрғожиннің негізгі мамандығы – әскери ұшақтар мен тік ұшақтар саласының инженері. Оқ тиіп құлаған ұшақтарды қалпына келтіру үшін талай рет орман арасында, оқ пен өртің астында тер төкті. Бұл басқаратын инженерлер бригадасы жұмыс істеп жатқанда жауынгерлер оларды аспан мен жерден келетін шабуылдан қорғап тұрды. Құрал-саймандарын тастай салып, өздері де талай рет жауға қарсы ұмтылған сәттері аз емес. Ангола соғысында өткізген үш жылы ішінде қырыққа жуық ұшу техникаларын қалпына келтіріп, қаншама жергілікті ұшқыштарды жаңа мамандыққа үйретті десеңізші. Осы ерлігі үшін ол «КСРО Қарулы күштерінде Отанға қызмет еткені үшін» ордені мен ІІІ дәрежелі «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне тақты. Ал Ұлы Жеңістің 65 жылдығы мерекесі қарсаңында «Ресей Президентінің атынан» деген жазуы бар алтын сағатпен марапатталыпты.
Жаралы жігітті іздеу
1980 жыл. Дуылдап өтіп жатқан студенттік шақ та соңына тақап қалған. Сол жылы мен үйлендім. Біздің жатақханаға сүліктей сұр «Волгамен» бір жігіт жиі келетін. Естуімше, Аматыдағы бір бастықтың жүргізушісі. ҚазМУ-де сырттай оқиды. Бөлмедегі жігіттердің біреуінің сыныптасы ма еді, әлде жерлесі ме еді, дәл қазір есімде жоқ. Есімдегісі – сол ақкөңіл азамат сұр «Волгасымен» менің тойымның бір жағын көтеріскені. Аяғын сылтып басатын. Абыр-сабыр кезінде «Бұл жігіт Даманскідегі соғысқа қатысыпты» дегенді естіп қалғам. Одан кейін кездеспеппіз. Енді мен осы мақаланың бір кейіпкері болуға тиісті сол жігітті іздеуге кірістім. Курстастардың біразына хабарласқаннан кейін ғана оның аты-жөні анықталды – Ербол. Ұялы телефонын да таптым. Сөйлестік. Маған жасаған жақсылығын да, өзімді де нақты есіне түсіре алмады. Тек екеуміздің ортақ таныстарымыз ғана әзірге арамызды байланыстырып тұр. Баяғы аққкөңіл қалпынан айнымағаны дауысынан аңғарылады. Бүгін-ертең кездесейік дедім. Себебін сұрады. Түсіндірдім. Сөйтсем, ол Даманскіде емес – Дамаскіде болыпты, яғни Сириядағы соғысқа қатысқан.
Естелік-дерек
1967 жылы Араб елдері мен Израиль арасындағы соғыста арабтар жеңіліп, біраз жерлерінен айырылып қалғаны тарихтан белгілі. 1973 жылы Египет пен Сирия осы жерлерді қайтарып алу үшін Израильге қарсы соғыс ашты. Бұл соғыста Израильді әдеттегідей АҚШ қолдаса, арабтарды Кеңес үкіметі қолдады. Египет әскері Суэц каналын кесіп өтіп, Митла-Гидди-Мелес асуы арқылы 25-30 шақырымға дейін алға жылжуды мақсат етті. Ал Сирия Голанд биігін бағындырып, Иордан өзеніне иек артуды көздеді. Израильді толықтай талқандауға Америкадан қорықты.
1973 жылдың 6 қазан күні шабуылға шыққан арабтар алғашқы сәтте Израиль әскерін кәдімгідей тықсырып жіберді. Бірақ бұл жеңіс ұзаққа бармады. 15 қазаннан бастап Израиль әскері арабтардың екпінін басты. Сөйтті де алға жылжыды. Тіпті Сирияның астанасы – Дамаскінің түбіне дейін келіп қалды. Израильдің әуе шабуылына қарсы тұратын қару арабтарда жоқтың қасы еді. Ал КСРО-да ондай қарулар жетіп артылатын. «Байтал түгілі бас қайғының» кебін киген «одақтастарына» КСРО жасырын түрде көмек бере бастады (Бұл деректер осы соғысқа қатысқан подполковник, тарих ғылымдарының кандидаты О.А.Белослудсев пен Г.Л.Плоткиннің естеліктерінен қысқартылып алынды. С.Ж.).
Көңіл кілті
Ербол бірден шешіле қоймады. Мемлекеттік құпияны ашпау жөнінде қолхат бергенін алға тарта берді. Қайтадан жақынырақ танысып, жөн сұрастық. Құрдас екенбіз. Екеуміз де 1973-1975 жылдар аралығында әскер қатарында қызмет етіппіз. Мен – Қиыр Шығыста танкист, ол Одесса маңында зенитші, яғни Әуе шабуылына қарсы күштер (ПВО) құрамасында болған. Туған жері – Атырау облысы Қызылқоға ауданы. Тоқсаныншы жылдардың басында ол ауданға да жолым түскен. Тағы да ортақ таныстардың аттары аталды. Қиыр Шығыста өзім қызмет еткен полктің танкистері 1969 жылы Қытай мен Кеңес әскерлерінің Даманскі аралы үшін өткен қанды қырғынға қатысқанын, санаулы уақыт ішінде дұшпанды жер қаптырғанын, сол соғыста ғана сыры ашылған, оған дейін құпия қару қатарында саналған «Т-62» атты алып танкіні жүргізгенімді сәл мақтана жеткіздім. Әскери бөлімшедегі саябақтың ортасында Даманскіде қаза тапқан Кеңес жауынгерлеріне арналған ескерткіш тұратынын, мереке күндері қаруластарды ресми түрде еске алып, гүл шоқтарын қоятынымызды да еске алдым. Олардың арасында қазақ жігіттері де жатпағанына кім кепіл? Кезінде «Дамаскіні» «Даманскі» деп ұққан мен Ерболдан солар жайында бір шындық біліп қаламын ба деп үміттенгенімді де жасырмадым. Ол жүзіме барлай қарап, сәл ойланды. Шын ниетімді енді түсінген сияқты. Кейіпкерімнің көңіл кілтін тапқандаймын.
Жерорта теңізін жарып өтіп...
– 1973 жылдың көктемінде әскерге алынған біздер Украинаның Одесса қаласының түбіндегі зенитшілер полкіне келіп түстік. Қатарымызда қазақ балалары да аз емес еді. Күзге қарай өз мамандығымызды толық игерген біздер сақадай сай сарбаз болып шыға келдік, – деп бастады ол әңгімесін. – 6 қазан күні полкті әскери дабылмен көтеріп, Одесса қаласына алып келді. Сол жерде бүкіл қару-жарақтарымызбен жолаушылар кемесіне тиелдік. Әскери киімдерімізді кәдімгі қара костюм-шалбар мен ақ көйлекке ауыстырды. Қолымызға бір-бір дипломат ұстатты. Төрт қабаттан тұратын алып кеменің астыңғы екі қабатында Әуе шабуылына қарсы күштердің әскерилері орналасқанын былайғы жұрт әрине білмейді. Ірі портты қалаларға жақындағанда біз де ептеп полубаға шығамыз. Грецияны артқа тастап, Жерорта теңізін жарып өттік. Бір аптадан соң Сирияның астанасы – Дамаскі қаласына жеттік. Қайтадан әскери киімдерімізді кидік. Әрқайсымыз өз қару-жарақтарымыздың қасында бұйрық күтіп отырмыз. Кеменің соңғы жағындағы үлкен қақпа ашылысымен сыртқа қарай ұмтылдық. Мен – қорабында зениттік артиллерия қондырғысы орналасқан «Зил» машинасының жүргізушісімін. Күн екіндіге ауған кез. Сап түзей ағылған бүкіл полктің әскери техникасы біраз жүргеннен кейін қалың орманға кірді де, бұйрық бойынша шабуылға дайындалды. Сәлден кейін Дамаскіні бетке ала ұшқан Израильдің әскери ұшақтары мен тікұшақтарының дауысы естілді. Әбден еркінсіп алған олар тіпті жерден қауіп келетінін ұмытқан сияқты. Біздер бүкіл орманды күркірете аспанға қарай оқ жаудырғанда бірде-бір ұшақ құтылмады. Қара түтінге оранған олар қалбалақтап барып, жер құшып жатты...
Естелік-дерек
Ресейлік М.В.Разников деген азаматтың интернеттегі естелігі Ерболдың айтқандарымен дәл келеді. Назар аударайық: «Мен 1973 жылдың қазанында болған араб-израиль қарулы қақтығысына қатыстым, бәрін өз көзіммен көрдім, – деп жазады сол кездегі әскери аудармашы қызметін атқарған ол. – КСРО Қорғаныс министрлігіндегілер алғаш рет шетелге іссапарға шыққандарды қара костюммен, плащпен, бір түсті бас киіммен киіндіретін. Сириядағы кеңестік байланыс бөлімшесіне келгенімізде есік алдында тұрған өзіміздің жауынгерді көрдік. Ол бізді қатаң тексеруден өткізгеннен кейін ішке кіргізді...
...Бұл кезде Израиль әуе күштері Сирия аспанында еркін ойқастай беретін. Сирияның әскери нысандары мен Дамаскі маңайындағы палестиндердің лагерлерін кез келген уақытта бомбаның астына алу олар үшін түкке тұрмайтын. Себебі Сирияның Әуе шабуылына қарсы күштері әлі толық жасақталмаған. Сирияға көмекке келген Кеңес Әскери әуе шабуылына қарсы күштер басқарма бастығының орынбасары, полковник Виктор Петрович Шевчук бізге өте сақ болуды, аспаннан қатер төнгенде окопта қалай жасырыну керек екендігін түсіндірді...
...Соғыстың екінші күні Израиль ұшақтары біздің әскерлердің қорғауында тұрған әуежайды астан-кестең бомбалап өтті. Әскерлер қаруларына қарай ұмтылды. Дереу зенитканы іске қосып, бірнеше ұшақты атып түсірді. Қалғандары зуылдап өте шықты. Біз – Беловцов Кузьма Архипович, Бутков Виктор Петрович, тағы бірнеше взвод командирлері бар, оңтүстік жаққа көз тіктік. Ол жақтағы «Хальхле» әуежайын қорғап тұрған кеңестік зенитшілер полкінде менің курстасым Шергилов Миша бар. Аман болса игі еді. Сондай-ақ Сирия әскерінің құрамындағы Степанов Юра, Поликанов Володя, Суворов Валера, Гордеев Боря, Чувашов Володя, Руденко Саша деген жігіттер есіме түсті. «Меззе» әуежайындағы Крылов Сашаның, «Дмейр» әуежайындағы Агапов Виталийдің, Сирия Әскери теңіз флотының штабында қызмет етіп жүрген Тарасов Игорь, әскери кеңесшілер Евтюхин Женя, Бакаев Саша, Жданов Игорь, Бибиков Валера, тағы басқа жігіттердің жағдайы нешік деген ойлар мазалай берді».
Белгісіз батырлар
Менің бұл мақаланы жазудағы мақсатымды түсінгеннен кейін Ербол: – Сексенінші жылдардың соңына таман бұл жөнінде Горбачевке дейін жазғам. Біраз жеңілдіктерді де пайдаланғам. 1989 жылы Қызылқоға әскери комиссариаты арқылы «КСРО Үкіметінің тапсырмасын мүлтіксіз орындағаны үшін» деп аталатын куәлік пен «Интернационалист жауынгер» деген кеуде белгісін, Горбачевтің қолы қойылған КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының грамотасын тапсырды. Ол қағаздардың қазір қайда қалғанын да білмеймін. Қысқа қайырып айтар болсам, әскердегі екі жылым Сирия жерінде өтті. Үйге қайтарда сол бұрынғы жолмен, бұрынғы әдіспен Одессадағы бөлімшемізге алып келді. Кемеден түсерде кеңестік әскери киімімізді қайта кигізді. Түк болмағандай елге қайттық. Ол соғысқа менен басқа да талай қазақ жігіттері қатысқан. Айта берсе әңгіме көп. Енді мені қинама. Егер бұл жөнінде жазсаң, аты-жөнімді көрсетпей-ақ қоярсың, – деді. Сондықтан да мен ескі досымды шартты түрде «Ербол» деп атадым. Сөзіне де, ісіне де берік мұндай жігітті басқадай қалай атарсың.
Сөз соңы
Жоғарыда орыс офицерлері мен әскери аудармашы М.Разниковтың естеліктерінен үзінділер келтірудегі бірінші мақсат – Сириядағы соғыстың бүгінде ешқандай құпиясы да, мемлекеттік маңызы да жоқ екендігін дәлелдеу еді. Екінші – біздің кейіпкеріміздің тұспалдай айтқан әңгімелері тарихи шындықпен дәл келетіндігі. Үшінші – «Ербол» антқа берік азамат па, әлде бірдеңеден жасқана ма? Бір сөзінде «Бала-шаға ер жетіп қалды. Соларға зияным тиіп кетуі де мүмкін ғой» деген. Онысы рас. Әскери комиссариаттағы кейбір белсенділер мазасын алмаса да, «еркектік сертің қайда?» деуден тайынбайды. Намысқой жігіт үшін оның өзі үлкен соққы. Бірақ бір нәрсенің басы ашық. Кеңес үкіметі келмеске кетті. Көп адам оның құрбанына да айналды. Әйтпесе, сонау Қызылқоғада жүрген қазақтың сонау бір құрлықта жағаласып жатқан араб пен еврейдің жыртысын жыртатындай, ешқайсысына нағашы-жиендігі жоқ еді ғой. Жалғыз қазақ қана емес, басқа халықтың боздақтары да шет жерлерде бостан-босқа қан төкті. Бұған дәлел – марқұм Н.Байжанұлы мен С.Нұрғожиннің жоғарыдағы әңгімелері.
Олар өздерінің азаматтық борыштарын адал орындады. Әскери антын екі етпеді. Ендеше Ұлы Отан соғысына, Ауғанстанда соғысқандармен қатар, олар да соғыс ардагерлері деген жоғары мәртебеге әбден лайық. Ербол неге ерлігі үшін марапатталған кеуде белгісін ел қатарлы тағып жүре алмайды? Ұрпағына өзі жасаған ерлігі жөнінде ашық айтуға неге оның хақысы жоқ? Балалары неге әкесінің қаһармандығымен мақтана алмайды? Өздеріне тиесілі жеңілдіктерді Үкімет неге оларға жасырын түрде береді? Бұл жөнінде әңгіме қозғалғанда неге олар аты-жөндерін бүркемелеулері керек? Ресейлік әскерилерден олардың несі кем? Мәселен, М.Разников өзінің естелігінде «Орден шестого октябряны» маған бір жарым жылдан кейін, Бас штабтың 10-басқармасындағы бір бөлмеде жасырын түрде тапсырды» деп жаза келе, Ерболға берілген жоғары атақтарға ол да 1989 жылы ие болғанын мақтанышпен бар әлемге паш етеді. Ал Ербол ол жайында әлі күнге дейін ашық мәлімдей алмайды. Неге?
Разников тағы былай деп жазады: «Сириядағы соғыс қызып тұрған кезде Кеңес одағынан «Квадрат» деп аталатын зенитшілер полкі адамдарымен, бүкіл техникасымен көмекке келді. Оның құрамы бірнеше ұлт өкілдерінен тұратын». Міне, бұл – Ербол қызмет еткен полк екендігі анық. Сирия мемлекетін Израильдің қанды құрсауынан құтқарған жауынгерлер – дәл осылар. Бірақ бесенеден белгілі тарихи оқиғаны қазақстандық жауынгерлер ашық айта алмайды. Себебі олардың ерлік жолдары туралы көпшілік те, үкімет басындағылар да әлі толық білмейді. Ал Ербол сияқтылар арамызда көп. Егер Қазақстан Парламенті «Соғыс ардагерлері туралы» заңды қайта қарап, Ресейдегі сияқты, оққа кеудесін төсеген ұлдарын қандай соғысқа қатынасқандарына қарамастан бәріне бірдей «Соғыс ардагерлері» деген мәртебе берсе, тарихтың көлеңкесінде қалып бара жатқан әділетсіздік орнына келері сөзсіз. Себебі олар капитализм мен социализмнің бітіспес күресінде социализмнің мүддесін қорғады. Ауғанстан, Сирия, Ангола, тағы басқа мемлекеттер сол тұста социалистік бағытты ұстанғандықтан да КСРО оларға көмектесті. Төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысында да әкелеріміз социализм үшін қан төкті. Ал социализм дегеніміз – КСРО, КСРО дегеніміз – Қазақстан, Қазақстан дегеніміз, әрқайсымыздың отбасымыз еді ол кезде. Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің жөні бөлек, әрине.
1994 жылдың 15 сәуірінде КСРО құрамындағы 12 республикамен бірге Ресейдің Ардагерлер туралы қаулысына Қазақстан да қол қойғандығы жоғарыда айтылды. Бірақ өзімізде оны одан әрі заңдастыруға келгенде енжарлық танытыппыз. «Батыр – бір оқтық», «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деп данышпансығанда алдымызға жан салмаймыз. Сөйтеміз де «Е... Ауғанстанда соғысқан екен, е... шетелдердегі соғыстарға қатысыпты ғой, олардың бізге керегі қанша еді?» деп тағы да сылқ ете қаламыз. Пайымымыз төмен бе, әлде намыс-жігерді мүлдем жоғалтқанбыз ба?! Олай дегіміз келмесе, бұл тақырыпты қайта көтерейік, әділеттіліктің салтанат құруына атсалысайық. Сонда ғана азаматтық бет-бейнемізді толық сақтап қаламыз.
Серік ЖҰМАБЕКҰЛЫ, журналист.
Алматы.