Сіз не дейсіз?
Газетіміздің Көкшетаудағы тілшілер қосына көп қабатты үйлердің тұрғындарынан арыз-шағымдар толассыз түсіп жатады. Қаланың қақ ортасындағы Ш.Құдайбердиев көшесіндегі екі қабатты №67 үйге барып та көрдік. Төрт пәтердің бәрінде зейнеткерлер тұрады. Олар жыл сайын ыдыс-аяқтарын төбеден сорғалаған тамшыға тосып әуре. Бұл бір ғана мысал. Тұрғын үйлерді күрделі жөндеудің күрмеуі қалай шешілмек?
«Егемен Қазақстанның» Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Бақберген АМАЛБЕК облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Александр МАРТЫНЕНКОҒА:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Үкіметтің 2011 жылғы 30 сәуірдегі «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты модельдендірудің 2011-2020 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын» жүзеге асыру аталған мәселенің қиын түйіндерін тарқатуға елеулі серпін беретіні анық. Біз осыған байланысты арнайы іс-шаралар белгілеп отырмыз. Мұндағы негізгі проблема тұрғын үй қатынастарын реттеуге қатысты. Облыстың жалпы тұрғын үй қоры 15 млн. шаршы метрді құраса, соның 6 миллион шаршы метрі 15160 көп қабатты, көп пәтерлі үйлердің үлесінде. Бұлардың барлығы жекешелендірілген.
Биылғы жыл басындағы мониторинг қорытындысы 1979 үйге күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін көрсетеді. Оның болжамды құны – 7,6 миллиард теңге. Ал 388 үй апатты жағдайда және бұларда тіршілік құрудың өзі қауіпті болғандықтан ысырып тастау қажет. Оған жұмсалатын қаржы, алдын-ала есептеулерге қарағанда, 368 миллион теңгеден асып жығылады. Тұрғындардың басым бөлігі күрделі жөндеуге қатысты мәселені өз бетінше шеше алмайды. Сондықтан мемлекет жоғарыда аталған бағдарлама негізінде тұрғын үй қатынастарының жаңа моделі мен қаржыландырудың арнайы ортақ механизмін құру арқылы көмектесу ниетінде. Бұл жөнінде ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қанатқақты жобаға қатысу үшін Көкшетау қаласындағы алдын-ала энергоаудиттен өткізілген 10 көп қабатты үй іріктеп алынды. Мұнда үйдің шатырынан бастап заманалық құрылыс материалдары қолданылып, автоматтандырылған жылу желілері орнатылады. Былайша айтқанда, күрделі жөндеу тұрғын үйлерді тиімді пайдаланумен қатар, қуат көздерін барынша үнемді жұмсауды көздейді. Бұл коммуналдық төлемдерді арзандататыны түсінікті. Жоба қолға алынған үш ай шамасында барлық 10 үйдің нысандық кондоминиумы тіркеуге алынды. Тұрғындар жиналысы өткізіліп, ақаулық актілер жасалды, жұмысты атқарушы мердігерлік ұйымдар белгіленді.
Үйді күрделі жөндеуден өткізуге қажетті мақсатты жарнаны қысқа мерзімде әрі толық көлемде жинау мүмкін емес. Мемлекет төмен пайыздағы ұзақ мерзімді несиелендіру жүйесін ұсынып отыр. Ең бастысы – мүгедектерге, зейнеткерлерге, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларына арналған тұрғын үй көмегіне қомақты қаржы бөлінуі. Жобаның мақсаты да, артықшылығы да осы.
Ақмола облысы.