02 Тамыз, 2011

Көп сыр бүккен көне қорым

430 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Төртүй ауылына қарасты Қа­ра­жар елді мекеніндегі қорымда археологиялық қазба жүргізу аяқталды. Оқырман қауымның есінде болар, өткен жылы археологтар қазба жұмыстары кезінде жас әйелдің сүйегі мен алтын жіппен шілтерлеп тігілген жастықша тапқан болатын. Ең алдымен, біз Ә.Марғұлан атындағы Археологиялық ғылы­ми-зерттеу институты мен ПМПИ-дың студенттері және Екібас­тұз­дағы тарихи-өлкетану мұра­жайы­ның қызметкерлерінен тұ­ра­тын экспедицияның жетекшісі Тимур Нұрланұлына жолық­қан­быз. Ол бізді қорымға бастап кел­ді. Біздің көзіміз бірден  кө­лемі 25 см. болатын күйдірілген қызыл кірпіштерге түсті. Өзіміз күнде көріп жүрген кірпіштерге мүлде ұқсамайды. – Бұл кірпіштердің құйыл­ғанына 500 жылдан астам уақыт болды. Байқадыңыздар ма, әлі сол қалпы. Бір жері кертілмеген. Ал мына жерде кірпішті дайын­дайтын цех жұмыс істеген, – деді Тимур Нұрланұлы едәуір жерді алып жатқан шұңқырды көрсетіп. Шұңқырдан әрі асқанда көк, күлгін түсті күмбездің сынық­тарын кездестірдік. – Біз тұрған жер ХІV-ХV ға­сырларда Сарыарқаның орта­лы­ғы болған. Сол уақытта бұл жерді Алтын Орданың хандары мекен етті деген болжам бар, – деді ол, мына күмбездің сы­нықтары көне дәуірде хандарға мазар тұрғызылғанын айғақтай­ды. Монғол-татар шапқыншы­лы­ғы кезінде хандардың ордасы мен мазарлары талан-таражға түскен. Машина жазық даладағы жолсыз жермен баяу қозғалып келеді. Мүлгіген тыныштық. Үп еткен жел жоқ. – Жайқалып өсіп тұрған көк шөпке назар аударыңыздаршы, – деді ол тағы да, – сары жолақты байқадыңыздар ма? Сол сәтте біз төмен қарап, жасыл шөптің бо­йындағы көзге көрінер-көрін­бес сары жолақты көрдік. – Бұл сары жолақ Жаман­көлден бастау алады. Бұған қарап көне дәуірде адамдардың көлден арық қазғанын дәлелдеу қиын емес. Каналдың ұзындығы 3 км. болса, тереңдігі жарты метрге, кей жері  2 метрге дейін жетеді. Сондай-ақ, Жаманкөлдің тұсынан темір дөңгелектің сынығы табыл­ды. Темір сынығын жан-жақты зерттеген ғалымдар ХІV-ХV ғасырларда адамдар егіншілікпен айналысқан деген ұйғарымға келіп отыр. Демек, адамдар дре­наж­дық канал арқылы егіске су жіберуді білген, – деді Тимур Смағұлов дәлелді дәйектерді алға тартып. Біз мінген машина кері бұры­лып, мазарға жақын маңдағы қазылған қабірдің тұсына тоқта­ды. Қабір мұқият әрі сатылап қазылыпты. Жарты метр терең­дік­те жерленген адамның қаңқасы жатыр. Мәйіттің жоғары жағына жылқының басы қойылыпты. – Бұл қимақ-қыпшақ дәуірін­дегі ханның күтушісінің мәйіті, – деп түсінік берді бізге Екібас­тұздағы тарихи-өлкетану мұра­жайы­ның қызметкері Талғат деген азамат. – Жылқының басын қо­са жерлеу қыпшақ дәстүріне жақын. Жалпы, қазақ жылқыны кие тұтқан. Жылқының басына қарап, біз мына сүйекті ер адам ба деп топшылап отырмыз. – Тістерінің бәрі орнында. Соған қарағанда, 30-35 жастағы ер адам болуы мүмкін. Бір анық жәйт, жерленген адам хан мен төренің ұрпағы емес. Өйткені, хан мен төрелер кесененің ішінде жерленген.   Әрине, бұл әзірге болжам ғана. Қазір кесімді сөз айту қиын,– деді археологтар. – Бұл жерде екі кесене орна­ласқан. Біз бірінші кесенені зерттеп, қабірлерді жауып таста­дық. Қазіргі таңда екінші кесенеге зерттеу жүргізіп жатырмыз. Біз­дің білетініміз, мұнда үш-төрт адам жерленген. Әзірге хандар мен төрелер жерленді деген тұ­жы­рымға келіп отырмыз. Бұған дейін ғалымдар Ұлытау өңіріне зерттеу жұмыстарын жүргізіп келді. Ал Ертіс өзенінің жаға­лауын  зерттеуге ешкім асыға қой­ма­ды. ХІV ғасырдың орта шенінде бұл жерде егіншілік, мал, ба­лық шаруашылығы жақсы да­мыған. Біз сол дәуірде табыл­ған малдың, балықтардың сүйегін негізге алып отырмыз. Қазір ғалым­дар Тасмола қорымын, Өлеңті жазбаларын зерттеумен айналы­суда. Айтпақшы, осыдан бірер жыл бұрын табылған әйел адам­ның басындағы жастығын қал­пы­на келтіргенбіз. Жастықта араб әрпімен жазылған жазу бар. Бірақ онда не жазылғаны бізге беймәлім. Ғалымдар араб әрпі­мен жазылған әйелдің есімі болуы мүмкін деген пікір айтып отыр. Ал мына кесенелерге келсек, биіктігі 20-25 метрге, ені 10 метрге дейін жеткен. Мұнара­ның сырты көкшіл түсті декоративті плитамен қапталған. Құ­ра­мы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің плитасы­на  келеді. Мұнараның плита­сы­ның құрамында бағалы ме­талдар – мыс, мырыш, қорғасын бар. Металдар сапалы қорытыл­ғандық­тан, ұзақ сақталған. Шеберханада күніне 1000 кірпіш құйған. Кірпіш құя­тын қалып та өзгеше. Мұнараның қасбеті, оюлары үл­кен талғам­паздықпен жасал­ған, – деді Тимур Нұр­ланұлы. – Мына қызықты қараңыз­дар, – деді бір кезде Тимур Нұр­ланұлы қолындағы күмісті көр­сетіп. – Бұл күміс теңге. Орта ғасырларда саудада жүрген тең­ге таза күмістен соғылған екен.   Күміс теңгенің көлемі, түсі өзі­міздің 20 теңгелікке келеді. Тимур Смағұловтың айтуын­ша, ғасырлар қойнауын­дағы сыр­ды бүгіп жатқан қорым­дар­ды зерттеу әлі ұзаққа созылмақ. Біз қорымда күнімен жүріп, археологтардың жанкешті еңбе­гіне куә болдық. Жалпы, Тасмола қорымын, Өлеңті жазбасын, Қаражардағы кесенелерді зерттеу жұмыстары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Негізінде, бұл жерді арнайы қоршаумен қор­шап, белгі орнатып, тарихи құн­дылығын танытатын уақыт жетті. Келешекте жергілікті әкімдік тарихи орындарға баратын жолдың жөндеуден өткізілуіне  атсалысса жөн болар еді. Дария ЕРТАЙҚЫЗЫ. Павлодар облысы.