Қасым мен Мұқағали
Мұқағали Мақатаев!* Оны оқып отырып, толқымау, тебiренбеу, емiренбеу мүмкiн емес. Ол тау болып күрсiнедi, дала болып толғанады, өзен болып өксидi, бұлақ болып еркелейдi, кейде тiптi шектеулi тiршiлiктiң шеңберiне сыймай құлазыған шақтарында самұрықтың қанатынан ұстап, көкке де самғап кеткiсi келедi. Алабұртқан албырт көңiлi шартарапты шарлап алқынады, мұңға батқан асау жүрегi түпсiз дүние сырын толғап, әр қияға талпынады. Ол өзiнiң көкiрек – сандығындағы жан сырын ақ қағаз, қара сия арқылы жарқырата ашып, артына мол мұра шашып кеткен аса жомарт талант иесi едi.
Кең дүние, төсiңдi аш, мен келемiн!
Алынбаған ақым бар сенде менiң,
Бұйрат құмдар – бұйығып шөлдегенiм,
Бура бұлттар – бусанып терлегенiм, – деп, қазақ жырының асқар таулары мен шалқар даласына жар сала келген едi ол сонау алпысыншы жылдары. Оның осылай биiк сөйлеп, батыл мәлiмдеме жасайтын жөнi де бар. Өйткенi, ол бесiгiн тау тербетiп, өзен әлдилеген, анасының алтын құрсағынан жылап туған емес, жырлап туған, тылсымның сырына, сезiмнiң нұрына шомылған жан едi. Басқаша айтқанда, өлең Мұқағалидан емес, өлеңнен Мұқағали жаралған едi. Сондықтан да ол басынан бақайшағына дейiн өлең боп өрiлген, қолына қалам алса, саусағынан жыр саулаған жойқын талант-тын. Азапты көп тартқан, қара өлеңдi кие тұтқан қазақтай халыққа Абай, Махамбет, Жамбыл, Мағжан, Iлияс, Қасым сияқты Тәңiрдiң тартқан тосын сыйы едi. Ол Абайды мұрат тұтты. Қасымды қадiрледi. Сондықтан да:
Қуат алып Абайдың тiл-күшiнен,
Жыр жазамын Абайдың үлгiсiмен.
Абай болып табынсам бiр кiсiге,
Абай болып түңiлем бiр кiсiден, – деп толғанды. Мұқағали аңсары, Мұқағали мұңы, Мұқағали сағынышы ұлы ұстазының адамзаттық ұлы арманымен үндесiп, ұштасып жатты. Адамзатты жырлау үшiн, адамның асыл сезiмдерiн, iзгi қасиеттерiн жырлау үшiн өмiрге келгенiн ақынның өзi де ерте түсiндi. Сондықтан да қысқа ғұмырында күйкi тiрлiктiң күйбеңiнен бойын аулақ салып, туған халқының қуаныш, қайғысын, қадiр-қасиетiн, кiршiксiз жан тазалығын, шексiз махаббатын, өлшеусiз мейiрiм-қайырымын, көлдей көңiлiн, сағынышқа толы өмiрiн; бабадан қалған байтақ мекеннiң асқар тауларын, дарқан даласын, өзен-көлдерiн, аспандағы құсы мен жердегi жәндiгiне дейiн қатардағы пенделерге сезiле бермейтiн бiр керемет құдiрет күшпен жырға қосты.
Жаратылыстың хикметiнде шек жоқ. «Мен бiр жұмбақ адаммын, оны да ойла!», – деп Абай атасы айтқандай, Мұқағали да бiз үшiн әлi толық ашылып болмаған жұмбақ дүние. Кiм бiлсiн, осы сәтте оның «мәңгiлiкке өзiмен ала кеткен» сырға толы нәзiк жаны қапталдағы әлдебiр ақ қайыңның көзiмен бiзге мейiрлене нұрын төгiп, күлiмсiрей қарап тұрған да шығар. Зады, Мұқағали жырларын жiлiктеп, талдап, тәптiштеп түсiндiрiп жату бос әурешiлiк. Ол мүмкiн де емес. Абайды, Мұқағалиды түсiну үшiн жүректе көз, санада саңылау болса жетiп жатыр. Тек оқи бiл, ойлана бiл, сезiне бiл!
Шапқан аттай, атқан оттай зулап бара жатқан уақыт-ай! Өткендi ойласаң, көкiрегiң қарс айырылып, көзiңе жас келедi. Алматыда жыр кештерiнде тұғырға қонған қырандай саңқылдап өлең оқып, соңынан жас ақындарды шұбыртып ертiп жүретiн көңiлi жайсаң, қолтығы кең Мұқағали ақынның да дүниеден көшкенiне, мiне, 35 жылдың жүзi болыпты.
35 жыл.
Өмiрдi кезiп келем.
Және 35 бола ма?
Сезiктенем..., – деп жазыпты ол 35-ке толғанында. Қайран ақын жүрегi ендi он жылдан кейiн – қырық бес жасында өмiрмен қоштасарын қалай сезiп-бiлгенiне таң қаласың. Содан берi де 35 жыл өтiптi-ау?!
Мұқағали Мақатаев бодандықтан бордай тозған қазақтың басына қара бұлт үйiрiлген қатыгез жылдарда дүниеге келдi. Ол бабалары – Хангелдi, Райымбек батырлардың жорық сарындарын, 1916 жылғы қанды қырғын – Албан көтерiлiсiнiң халық жадындағы жоқтауын, 1931 жылдың аштық зарын жөргегiнде жатып тыңдады. Мұның аяғы 1941 жылғы жесiрлер мен жетiмдер зарына ұласты. Бала Мұқағали осының бәрiн де өз жүрегiнен өткiздi.
Соғыс жылдарындағы ауыл суретiн, ондағы адамдар тағдырын, әсiресе әйелдер қасiретiн, олардың аласапыран iшкi жандүниесiн Мұқағалидай кең қамтып, жерiне жеткiзе жырлаған ақын жоқ. Осы тақырыпқа жазылған Қасым Аманжоловтың «Ақын туралы аңыз», «Дариға, сол қызынан» кейiнгi классикалық шығармалар – Мұқағалидың жаралы жүректердi жұбатқан шерлi жырлары болды.
Су сұраса сүт берген, айран берген,
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем?
Қарғаның валетiндей едiрейiп,
Қасыңа мына бiреу қайдан келген?
Осы бiр шумақтың өзiнде қаншама шытырман тағдыр, өксiктi өмiр, өкiнiш пен қайғы, сағыныш пен сабыр жатыр. «Күркiреп күндей өттi ғой соғыс», деп Қасым ағасы айтқандай, соғыстан соңғы 20-30 жылдың көлемiнде қазақ жыры қанатын кеңге жайып, көркемдiк биiкке құлаш ұрды. Кеңестiк қатал саясаттың қатпар-қатпар тоңы жiбiп, жылымық бiлiне бастаған сол тұста аға буын – Сырбай, Жұбан, Хамит, Қалижан, Қуандық, Мұзафар, Ғафулардың iзiн баса әдебиетке Тұманбай, Қадыр, Сағи, Жұмекен, Төлеген, Фариза бастатқан таланттар тобы келдi. Солардың бел ортасында бапсыз шапқан жүйрiктей буырқана бусанып, тұрпаты бөлек марқасқа Мұқағали да жүрдi. Сөз танитын жұрт Мұқағалиды бiрден мойындады. Рас, қызғанышқа бой алдырған кейбiреулер мойындағысы келмедi. Бiрақ, арнасына сыймай тасып аққан қуатты талант кедергiлдердiң бәрiн күндер өте келе бұзып-жарып, поэзияның шексiз де шалқар айдынына жөңкiле жол тартты. Оның таудың таза ауасындай, жiбек самалындай, тұнық бұлағындай мөлдiр жырларынан туған халқы мейлiнше сусындады. Мұқағали поэзиясы – сан қырлы гауһар тастай төңкерген сайын төгiлiп, алуан түрлi сәуле шашатын ғажайып поэзия. Ол ХХ ғасыр поэзиясының әлемдiк алыптары – Пабло Неруда, Гарсио Лорка, Расул Ғамзатов, Олжас Сүлейменов, Евгений Евтушенко, тағы басқалармен үзеңгi қағыстырып, иық теңестiрген, ұлы Дантенiң шыңына ой қанаты талып жететiн «Құдiреттi комедиясының» өзiн туған тiлiмiзге тәржiмалап жеткiзген қазақ әдебиетiнiң аса iрi өкiлi.
Мұқағали өзiнiң ана сүтiмен қанына бiткен қазақтың қара өлеңiн пiр тұтты. Туған тiлiн ту етiп көтердi. Халқының асыл қасиеттерiн бесiкте жатып бойына сiңiрдi. Өз ұлтын жан-тәнiмен сүйе бiлдi. Ұлы сағыныштан, ұлы махаббаттан, ұлы жүректен ғана ұлы жырлар туатындығын тағдырымен де, өлеңiмен де дәлелдеп кеттi.
Батар, кетер келмеске күнiм менiң,
Қалар бiрақ киелi тiлiм менiң
Қасiреттi шақтардан түңiлгенде,
Қасиеттi тiлiмнен түңiлмедiм, – деп жырлады Мұқағали. Кiмнен түңiлдi, неден түңiлдi? Осыған бiр ой жiберiп қарайықшы, ағайын. Кейбiр естелiк айтушылар: «Ойбай, Мұқағали анадан қиянат көрдi, мынадан жапа шекті», деп жатады. Ақын да ет пен сүйектен жаралған пенде. Мынау қым-қуыт тiршiлiкте бiреулерге өкпелеген шығар, бiреуге ренжiген болар. Тiптi тұрмыс тауқыметiн де көрген шығар. Оны кiм көрмедi? Екi қазақтың бiрi көрдi. Оған бола түңiлетiн Мұқағали емес. Бiз бiлетiн Мұқағалидың мұңы жеке бастың күйiнiшi емес, одан әлдеқайда тереңде жатыр. Мұқағалиды бiз әлi толық түсiнiп болғанымыз жоқ деуiмiздiң себебi де сонда. Рас, Мұқағали өз дәуiрiн барынша жарқырата жырлаған ақын. Алайда, оның да айта алмай кеткен, айтса да тұспалдап қана айтып, өзiмен бiрге ала кеткен асқақ арманы қаншама?! Оның өз заманының қалыбына сыймай, тарпаң мiнез танытып, айналасынан түңiлуi – ұлт азаттығына деген iңкәрлiк едi. Мұны кезiнде бiреу түсiндi, бiреу түсiнбедi. Мұқағалидың басты қасiретi мiне, осында. «Қасiреттi шақтардан түңiлгенде, Қасиеттi тiлiмнен түңiлмедiм», деуiнде үлкен мән бар. Тәуелсiздiк қол жетпес қиялдай көрiнген Мұқағали ғұмыр кешкен кеңестiк кезеңде қазақ ұлтының туған тiлден басқа таянышы да, үмiтi де қалмаған едi. Оның: «Айтып өткен ақында арман бар ма?» деп өкiнiш бiлдiруi де сондықтан. Мағжандар болса, айтарын айтып, атылып кеттi. Қит етсең, қиып түсетiн алмағайып заман кейiнгi ақындарды ауыз бағып, аңдап сөйлеуге мәжбүр еттi. Бұл тұрғыдан алғанда, Аманжолов пен Мақатаев тағдырлас. Қасым өзi туралы толғауында: «Арпалыс, алақұйын заманалар, арбасып тұрып алды мен не етемiн?» – деп назаланды. Түсiнген адамға ол өлiм мен өмiр ортасында жатқан сәттегi өзiнiң жанталасы емес, алақұйын, арпалысқан заманалар кесiрiнен тәлкекке түскен тәуелсiздiк тағдырын бүркемелеп жеткiзiп отыр.
«О, Бостандық, мен сенi Құдай көрем!» – деп жазды Мұқағали «Чили – шуағым менiң» поэмасында. Мұқағалидың да Чили халқының тағдырын жырлаған болып, өз халқының азаттығын көксеп отырғандығы күмәнсiз. Алайда, олар тәуелсiздiктiң түбiнде бiр келерiн сезiп бiлдi:
Сен неткен бақытты едiң, келер ұрпақ
Қараймын елесiңе мен таңырқап! – дедi Қасым.
Бiлемiн, керемет бiр күн келедi!
Жайнайды жасыл бағым, гүлденедi! – дедi Мұқағали.
Айтқандары айдай келдi. Осыдан кейiн мұндай ақындарды қалай әулие демессiң!
«Қазақ поэзиясына Ұлы Отан соғысы Қасымның «Ақын туралы аңызын» бердi. Ондай поэма туғыза алмаған қазақ – халық болып та танылмас едi. Мен осындай сөздi Мұқағали және оның ең ғажап соңғы шығармасы «Жан азасы» деп аталатын реквиемi туралы да айтамын. Мен Қасымның поэмасын оптимистiк трагедия деп атағанмын. Мұқағалидың «Реквиемiн» де солай оптимистiк трагедия деп атаймын. Бiз өмiрдi сүюдi, оны биiк поэзияға айналдыруды осы екi ақыннан үйренуiмiз керек» – дедi Мұқағалидың 1982 жылы шыққан екi томдығына жазған алғысөзiнде қазақтың абыз ақыны Әбдiлда Тәжiбаев.
Бұл пiкiрге бiз де қосыламыз. Себебi, Мұқағали – қазған сайын тереңдей беретiн шыңырау, көсiлген сайын көкжиегi кеңи түсетiн шексiздiк. Оның қанатты әнге айналып, қазақ аспанында самғап ұшып жүрген жырларының өзi неге тұрады! Ол эпикалық жанрда да шашасына шаң жұқтырған жоқ. Саяси тақырыпқа жазылған поэмаларының өзi ешқашан құнын жоймайтын, уақыт өткен сайын жарқырай түсетiн, тот басуды бiлмейтiн асыл туындылар. Той үстiндегi шағын сөзiмiзде бәрiн қамтып айту мүмкiн емес.
Тәубе дейiк, ағайын! Мұқағали аңсаған керемет күнге ол жетпесе де төрт құбыламыз түгел, мiне, бүгiн бiздер жетiп отырмыз. Ол керемет күннiң аты – Тәуелсiздiк!
Бүгiн менiң туған күнiм ой, бәлi-ай,
Мына жұртым неге жатыр тойламай?
Бiр той жасап берер едiм өзiм-ақ,
Тәңiрiмнiң жарытпай-ақ қойғаны-ай! – деп налыған Мұқағалидың Хантәңiрi бөктерiнде – Шалкөде жайлауында шалқытып тойын жасап жатқанымыз да түптеп келгенде Тәуелсiздiктiң арқасы. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Астанада – Президенттiк Мәдениет орталығында Мұқағалиға арналған кеш өткiзiп, сол кештiң атын «Қазақ жырының Хантәңiрi» деп атап, Мұқағалиды тұңғыш рет Хантәңiрiге теңегенбіз. Осы айтқаным – айтқан! Олай болса, Тәуелсiздiгiмiз баянды болғай, Елiмiз, елтұтқасы – Елбасымыз аман болғай, Хантәңiрiнiң бөктерiнде туып, өзi де қазақ жырының Хантәңiрiне айналған Мұқағалидай аруақты ақынымыздың рухы жас ұрпаққа жар болғай, киелi қара өлеңнiң алтын кiндiгi мәңгi үзiлмегей деп тiлейiк.
Несiпбек АЙТҰЛЫ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы М.Мақатаев атындағы сыйлығының лауреаты.