Мереке
Жетісудың «жанартауы» атанған ақынның мерейтойы Шалкөде жайлауында дүркіреп өтті
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың кіндік қаны тамған Қарасаз ауылын бетке ұстап жөңкіген көлік атаулы көз ұшынан менмұндалап көрінетін Райымбек батырдың ескерткіш-пантеонына бас сұғуды өздеріне парыз санайтындай. Рас, Райымбек сынды батыр болмаса, бүгінгі бейбіт заман да, өз-өзіне бас ие ел де болмас еді. Ақиық ақынның тойы аруақты батырдың ескерткіш белгісіне бас иіп тағзым етуден басталды.
Әзірлік бұдан бір жыл бұрын басталғандықтан, дара дарын иесінің мұражайы керемет кескін-келбетке ие болып, мұрағаттармен толыққан екен. Алыс-жақыннан ағылған қонақтар ақын мұражайын тамашалап, рет-ретімен орналастырылған суреттер мен құжаттарға, қолданған заттары мен тұтынған мүліктеріне асқан қызығушылық танытты. Әр заттың киесі, өз сыры, тарихы бар. Мерейтойдың бірінші күні мұзбалақ ақынға қойылған ескерткіш мүсін мен мемориалды музей салтанатты түрде ашылды. Мұражай алдындағы тас тұғырдағы ақын бейнесін қалың жұртшылық гүл дестелерімен көмкерді. Жөндеуден өткен Мәдениет үйінің көркі де жарасым тапқан. Қарасазда мерейтой бағдарламасымен ақын өлеңдеріне жазылған әндерден республикалық «Жырлайды жүрек» байқауы және ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан балалардың концерттік бағдарламалары ашық аспан астында тамашаланды. Мәдениет үйінде Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Мақатаев поэзиясы – ұлттық рухани қазынаға қосылған үлес» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция жалғасын тапты. Ресми жиналыстың соңында жазба ақындардың «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!...» атты республикалық жыр мүшәйрасына қатысқан 14 ақынның туындылары назарға ұсынылып, ең үздік шығармалар қорытындыланды.
Мерейлі тойдың екінші күні, яғни 30 шілдеде қонақтар Шалкөде жайлауындағы ашық аспан астында той салтанатын жалғастырды. Екі жүздің үстінде тігілген ұлттық нақыштағы ақшаңқан үйлер толассыз қонақ күтіп, халқымыздың кеңпейіл ниетін тағы бір қырынан танытты.
Мерейтой құрметіне жиылған көпшілік алдында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтау хатын Серік Үмбетов оқып берді. Сондай-ақ өзге де министрліктер мен облыс басшылары бұл күні мұзбалақ ақынға құрмет көрсетіп, аталмыш шараға өз құттықтауларын жолдап жатты. Еліміздің барлық өңірлерінен келген делегация өкілдері Мұқағали еліне ыстық ықылас пен ақжарма тілектерін ала келді. Облыс әкімі Аңсар Мұсаханов ақынның шығармашылығы жайлы тартымды баяндама жасады.
– Елін жыр жауһарымен сусындатқан ақын тойына қош келдіңіздер, деп бастады сөзін облыс басшысы. – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы жылды «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деп атағаны белгілі. Тарих өлшемімен қарағанда, қас-қағым сәт саналатын осынау жылдары еліміз барлық салада ұлан-асыр табыстарға қол жеткізді. Басқа елдермен тереземіз теңесіп, көк байрағымыз көгімізде желбіреді. Ата-баба ғасырлар бойы армандаған қасиетті тәуелсіздікке жету арқылы ұлттық болмысымыз бен салт-дәстүріміздің қаймағы бұзылмай келеді, деген баяндамашы ақындарын ардақтап, баһадүр батырларын ұлықтаған халқымыз осы дәстүрінен жаңылмайтынын жеткізді. – Артына өшпес із қалдырған біртуар талант иесі, қазақтың қара өлеңінің Хантәңірі Мұқағали Мақатаев:
О, Жетісу!
Сандық тау, сандал белім,
Шоқтығы өсіп, жал бітіп, жанданды елің.
Күнім туды көгіңде самғар менің,
Алатаудан биікпін демеуші едім,
Әттең шіркін, ғарышпен жалғар ма едім! – деп шабыттана жырлаған Жетісу жерінің жаратылысы тым өзгеше. Әр сайына ән қонақтап, әр бұтағынан жыр саулаған киелі өлкеде көген емес, өлең таңдаған арқалы ақын-жыраулар аз болмағаны да ерекше құбылыс. Жетісу ақындарының алтын діңгегі Сүйінбай мен жыр алыбы Жамбыл, Алатаудың бұлбұлы Кенен Әзірбаев пен өлеңнің «қара жорғасы» Үмбетәлі Кәрібаев, Құланаян Құлманбет, Қабылиса жырау, Жетісудың көмейінен жыр төгілген ақын қызы Сара Тастанбекқызы, жыр құлагері Ілияс Жансүгіров және басқа да саңлақтар бұл сөзіміздің нақты дәлелі.
Елдің шетінде, шекараның шебіндегі Райымбек ауданы да дарынды тұлғаларымен дараланған киелі мекендердің бірі. Бұл «Менің атым Қожа» фильмі арқылы балалық бал күнімізге естен кетпестей ескерткіш тұрғызған Бердібек Соқпақбаевтың, әдебиетті ардың ісі деп бағалаған парасатты тұлға Баққожа Мұқайдың кіндік қаны тамған жері. Алдаспандай жарқырап өткен қарымды қаламгер Сағат Әшімбаевтың атақонысы. Мұқағалидың қанаттас інісі, еліне еркелігі жарасқан Еркін Ібітановтай ақынның қимас мекені. Мұқағалидай ақиық ақын, Алатаудай асқар таланттың осынау қасиетті өлкеде дүниеге келіп, өлең-жырдың тайқазанын тасытуы өмір заңдылығы, ұлылық жалғастығы десек, ешбір артық айтқандық бола қоймайды, – деп түйіндеді өз сөзін облыс басшысы.
Қоғамның ілгерілеуі қай кезеңде болмасын рухани дамуымен айқындалады. Мәдениетке, өнерге көңіл бөлу арқылы болашаққа жол салынады. Жыл бойы облыс көлемінде ақиық ақынның шығармаларына арналған кітап көрмелері, апталықтар, өлеңдеріне жазылған әндердің республикалық байқауы, мүшәйралар өтті. Ілияс пен Мұқағалидың, ақын-жазушылардың шығармаларын жарыққа шығару мәселесіне де назар аударылды. Мерейтойда оқырманға тәбәрік ретінде осы кітаптар тарту-таралғы ретінде ұсынылды.
Сөз орайында ақынның «Білгің келсе, алдымен зертте мені», «Есіңе мені алғайсың», «Мен сірә, өлмейтін шығармын» деген естелік кітаптарын шығаруды, ақынның 80 жылдық мерейтойына арналған іс шараларын қолға алып, тікелей бас-көз болған ұлттық әдебиет пен өнердің жанашыры, мемлекет қайраткері Серік Әбікенұлы Үмбетовтің еңбегін айта кету керек.
Райымбек ауданы Қарасаз ауылында ақынның әдеби-мемориалды музейіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 177 млн. теңге бөлініп, қосымша конференц зал салынған. Музей кеңселік жиһаздар мен жаңа технологиялық аудио-бейне, дыбыс-жарық құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Осылайша артына өшпес із, өлмес мұра қалдырған, поэзияның пірі Мұқағали жырлары уақыт өткен сайын жарқырайтынына еш күмән жоқ.
Биік болса болғаны болашағым,
Мен аласамын.
Өмір сахнасына алған заңды билетім бар,
Заңды орныма таласамын, деп ақын айтарын айтып кеткен.
Тіршілікке еніп, өмір көшіне ілескен соң өз ортасынан орын алуға, білімнің шыңына шығуға, өнер-ғылым қууға, елінің намысын, тұғырын биіктетуге үлес қосуға кімнің де таласы бар емес пе? Осы орайда өмірден ойып тұрып орын алуға, қашап тұрып жыр жазуға құлшынуы, өзіне есеп беріп, алды-артын болжауы, өлшеулі өмірді қиқымдап, бос өткізбеуге тырысуы қай кезде де саналы жанға ой салатыны сөзсіз. Ұлы Абай айтқан “Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан” деген қағидамен идеялас. Бұл өнер, өлең мұратындағы дәстүрлі жалғастық деуге келеді.
Ақынның мәңгілік ғұмырға айналғанының тағы бір дәлелі, жыл сайын туған күні қарсаңында еліміздің барлық аймақтарында Мұқағалиға арналған әдеби-сазды кештердің толассыз өткізілуі. Бір ғажабы, бұл үрдіс ешкімнің тапсырып-міндеттеуінсіз, жүрек қалауымен жүзеге асырылып жатқаны. Ақынға арналған жыр мүшәйралары мен ән кештері керуенінің жылдан жылға жалғасатыны да сөзсіз.
Ақын өзінің күнделігінде «Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Одан кейінгі ұрпақтың да туысымын» деген екен. Болашақты тап басып айтқан ақын көрегендігіне еріксіз таңданасың. Шынымен де ХХІ ғасырдың ұрпақтары ақынның құрдасына, һәм сырласына айналған. Оған жыл сайын осы Қарасаз ауылында өтіп жүрген дәстүрлі «Мұқағали оқулары» атты жыр жиыны дәлел деуге болады. Еліміздің барлық өңірінен келген жас өрендеріміз сағындырған жыл құсындай наурыз айының басында ақынның кіндік қаны тамған ауылда бас қосады. Алғашында ауыл мектебінен басталған «Мұқағали оқулары» уақыт өте келе қанатын кеңге жайса, бүгінде республикамыздың түкпір-түкпіріне жетті. Жерлестерінің ақынға деген құрметінің ерекшелігі бес жастағы баладан бастап, алдыңғы буынға дейін ақын өлеңін жатқа оқып, басқа аймақтан келген қонақтарға таңдай қақтыратыны.
Жүлде алмаған балдырғандардың өздері де ақын аталарының «үйрек ұшып, қаз қонған, қасиетті Қарасазын» көріп қайтуды зор мақтаныш тұтады. Ақын өлеңдері сазгерлердің күйсандығына сырлы әуез болып құйылып, қазақтың сайын даласын, асқар тауы мен сай-саласын түгелдей аралап барады...
Бұл орайда ойымызға ең алдымен Мұқағали мен Нұрекеңнің – Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылық бірлестігінен туындаған әуезді әндер оралады. Бір ғана «Сарыжайлау» әні арқылы ақын сайын даланың сиқыры мен суретін шеберлікпен жеткізсе, оны Нұрекеңнің әні тіптен ажарландырып, ерекше сезіммен рухтандырып жіберген. Осы бір ұлылар үндестігі қазақ халқының рухани қазынасына бағалы байлық, мол мұра қалдыруымен де бірін бірі асқақтатып тұр емес пе!
Қазақ поэзиясына Мұқағали есімі өзгеше серпіліс әкелгені баршаға мәлім. Алдаспан таулардың бөктеріндегі ұядай ғана ауылдан шыққан бала Мұқағали поэзия кеңістігіне қиядағыны қалт жібермейтін тастүлек қырандай еркін қанат жайды. Өмірді өлеңмен өрген ұлдың өмірі де өлеңмен өріліп келеді. «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, алайда өлтіре алмас өлеңді ешкім» деп ақынның өзі айтқанындай, Мұқағали өмірден өткенімен артында өлмес өлеңі қалды. Ақын өлеңінің өміршеңдігі жүректен шыққан жауһар жырларының көңіл пернесін дөп басып, бірде сырласыңа, бірде мұңдасыңа айналып жатуында болса керек. Толқынды қара шашын кейін қарай сілкіп тастаған тау тұлғалы ақын бүгінгі күні ортамызда алшаң басып, туған жерінің кәусарына өз жырын қосып жүргендей. Иә, ол – қазақ поэзиясына есімін мәңгі қалдырған, қазақтың дәл өзіндей қарапайым қара өлеңіне шекпен жапқан ақынның киелі рухы деп білеміз.
Өлең бар жерде өмір бар. Ал өмір барда Мұқағали есімінің, Мұқағали жырларының мәңгілік салтанат құрары айдай анық.
Сахнада ақынның мерейіне орай театрландырылған қойылым жиналғандар назарына ұсынылды. «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!...» атты республикалық жыр мүшәйрасының жүлдегерлері марапатталып, мүшәйраның бас бәйгесі «Джип» көлігі белгілі ақын Жүрсін Ерманға тисе, «Тойота» жеңіл мәшинесінің кілті ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаевқа табыс етілді. Соңынан гала-концерт болып, оған қазақ эстрадасының өнер шеберлері қатысып, М. Мақатаевтың сөздеріне жазылған әсем әндер жайлау төсін асқақ әуенге бөледі.
Ақынның құрметіне жайылған кең дастарханнан соң ұлттық ат спортынан өткен тай, құнан, жорға және аламан бәйге жарыстары жалғасын тапты...
Мұзарт шыңның мұзбалағы, аспантаудың ақиығы атанған сыршыл ақын Мұқағали Мақатаевтың есімі қашанда Алаш жұрты барда асқақтай беретін болады. Екі күнге ұласқан мерейтойға жиналған жұртшылық «Поэзия пірі Мұқағалидай шалқар шабыт иесінің соңындағы шоқ жұлдыз әмәнда көбейе берсін!» деген тілекпен тарқасты.
Күмісжан БАЙЖАН, Қанат ЕСКЕНДІР,
Алматы облысы.
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.