02 Тамыз, 2011

Мұнай-газ саласына қажетті өнім

516 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Атырауда бизнестің қай түрі болса да оны мұнай-газ өнеркәсібімен байланыс­тыруға толық негіз бар. Өйткені, мұ­найлы өңірде бұл сала қарқынды да­муға бет алды. Өңірде отандық кәсіп­орындармен бірге шетелдіктермен бірлескен компаниялар да «қара алтын» қайнарын тасытуға бел шеше кіріскен. Сол себептен, осы саладағы кәсіп­ор­ындар өз игілігі үшін қажет өнімдерді қымбат болса да шетелден тасы­мал­дау­дан тартынбайды. Бұдан 10-15 жыл бұ­рын дәл осылай болып келген. Әлі де солай екені байқалады. Неге? Өйткені, сол кезеңде Атырауды айтпағанда, еліміздің өзге өңірлерінде де нақ мұнай-газ өнер­кәсібінің сұранысын өтей алатындай бәсекеге қабілетті әрі сапалы өнімдер шы­ғару қолға алынбаған еді. Осы сала сұранысын қамтамасыз ететін кей өн­ім­дер әлі де шетелден алынады. Енді сол олқылықтың орны толатындай жаңа бір мүмкіндікке жол ашылып отыр. Мұнай-газ өнеркәсібіне қа­жет өнімдердің санында шек жоқ. Бұл салаға сапалы құбыр­лар, бұрандалы сораптар, түрлі көліктер де, тіпті арнайы киімдер де керек. Мұнай кеніштерінен мол өнім алу мақсатында геологиялық-техникалық шара­ларды іске асыру үшін техноло­гиялық ерітінділерді де қажет етеді. Ал ұңғымалардан өндіріл­ген мұнайды ортақ қазандарға тасымалдау қамымен төселген құбырларды орайтын, олардың арасына төселетін тығыздағыш заттарға мұнай кәсіпорында­ры­ның сұранысы бұрынғыдан да арта бастады. Өзгесін былай қойғанда, мұнай құбырларын ор­айтын, олардың арасына төсе­летін тығыздағыш заттар Қытай, Ұлыбритания секілді шетелдерден сатып алынатынын жоққа шығаруға болмайды. Енді еліміздегі мұнай-газ өнеркәсібі үш­ін ең қажет осындай өнімді Аты­раудан шығаруға «Новус Силинг Каспиан» бірлескен кәсіпорны оң қадам жасады. Бірлескен кә­сіпорынға Орынгүл Есжанова басшылық жасайды. Орынгүл Есжанованың айту­ын­ша, бірлескен кәсіпорын құру идеясы екі жыл бұрын туын­даған. Сол жылы 15 адаммен жұмыс жасай бастаған отандық кәсіпорын – «Юлмар-Сервисті» басқаратын қазақтың қызы оны шетелдік компаниялардың тап­сы­рысын орындай алатын іргелі ұжымға айналдыра біліпті. Ағ­ылшынның әйгілі FDS Group компаниялар тобының құрамына кіретін «Новус Силинг Лимитед» кәсіпорнымен арада іскерлік байланыс орнатып, Атырауда бірлескен жобаны іске асыруға уағда жасалған екен. Сөйтіп, былтыр отандық және ағыл­шын­дық кәсіпорындардың бірлесуімен құрылған «Новус Силинг Каспиан» жалпы құны 160 миллион теңгелік цех құрылысын салуды қолға алыпты. Мұнда өндірілетін негізгі өнім – сан-алуан құбырлар арасына салы­на­тын арнаулы техникалық орамдар, яғни тығыздағыш төсемдер шығару. Бірлескен кәсіпорын директоры Орынгүл Есжанова: «Біздің цехтан шығарылатын өн­імнің таныстырылымы шілденің басында Астанада өткен үдемелі индустриялық-инновациялық да­му бағдарламасы шеңберін­де­гі жаңа өнімдер көрмесінде Ел­басы назарына ұсынылды. Осы көрмеде елімізде бұрын-соңды шығарылмаған жаңа өніммен Мұ­най және газ министрлігінің, «ҚазМұнайГаз» ұлттық комп­а­ния­сының өкілдері де танысты», дейді. Атырауда шығарыла бастаған жаңа өнімнің маңызын облыс әкімінің орынбасары Асқар Әб­діров былайша сипаттап берді. «Бұл – қазақстандық және ағыл­шындық бизнестің бірлесуімен қолға алынған жаңа жоба. Со­нымен бірге, бұл Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаев отандық экономикаға шетел инвести­ция­сын көптеп тартуға байланысты берген тапсырмасының орында­луы­ның нақты көрінісі. Ең бас­тысы, жаңа өнімнің біздің өңірде шығарылуы мұнай-газ өнеркә­сі­біндегі қазақстандық үлесті мо­лайтуға тың қадам жасайды. Мұ­най компаниялары енді мұн­дай өнімді бұрынғыдай шетелден сатып алуға шығындалмай, ең сапалы, ең қажетті өнімді жер­гілікті жерден алуына жол ашылып отыр», дейді облыс әкі­мінің орынбасары А. Әбдіров. Қазақстандық үлес демекші, мұнай-газ өнеркәсібі үшін ең қажетті өнімді шығаратын кәсіп­орын активінің басым бөлігі, яғни, 51 пайызы қазақстандық кә­сіпорынға тиесілі. Шетелдік инвестор тек 49 пайыздық активке иелік етеді, дейді Орынгүл Есжанова. Цехтағы қондырғы­лар әлемдік талапқа сәйкес озық технологиямен жабдықталған. Мұн­­да 14 адам тұрақты жұмыс­қа тартылған. Оның екеуі Николай Кадынцев пен Александр Коновалев Ұлыбританиядағы ос­­ындай өнім шығаратын зауытта тә­жі­рибеден өтіп, озық технологиямен сапалы өнім шығарудың қыр-сырына қанығып келіпті. Цехтағы жұмыстардың барлығы дерлік автоматтандырылған, ком­­пьютермен басқарылады. Бұл күндері жұмыс істей бастаға­ны­на бір ай толмаса да Атыраудағы цехта «Теңізшевройл» және PSN бірлескен кәсіпорындарының тап­сырыстарымен өнім шығары­лу­да. Бұл компаниялар сатып ала­тын өнімнің сапасына барынша назар аударады. Анау-мынау өн­імді біреудің көзі, біреудің өзі жақсы қағидамен алмайды. Демек, жаңа цех өнімінің сапасы жоғары болғаны ғой. – Жақында біздің цехқа Әзер­байжан еліндегі мұнай компа­ния­ларының бірінен тапсырыс түсті. Олар негізінде Ұлыбри­та­ниядағы зауытқа тапсырыс берген ғой. Ал шетелдегі әріп­тес­те­ріміз мұндай өнім Қазақстанның Атырау об­лысында шығарыла­ды. Сіздерге тапсырысты Аты­раудағы цехқа беріп, қажетті өнімді сол жақтан сатып алған тиімдірек болады деп ақыл қо­сыпты. Қазір әзер­бай­жандық тап­сырыс берушілердің сұранысын қамтамасыз етуге кірістік, –дейді Орынгүл Есжанова. Осы кезге дейін аталған өнім тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де шығарылмағанын ескерсек, отандық мұнай компа­ниялары үшін ең таптырмас өнім болғалы тұр. Мәселен, қазір Аты­рауда газ-химия кеше­ні­нің құры­лысы басталды. Аты­рау мұнай өңдеу зауытында қай­та жаңғырту жұмыстары қарқын алуда. «Те­ңіз» кенішінен бастау алып, Қара теңіз жағалауына дейін созыла­тын Каспий құбыр желісін ке­ңей­ту жобасының құ­рылысы бас­тал­ғаны аян. Міне, басқасын айтпа­ғанда, тек осы үш жобаны іске асыру бары­сын­да құбырлардың арасын ты­ғыз­дауға аталған цех­­тың шыға­ра­тын өнімі таптырмас олжа емес пе? Өйткені, дәл ос­ын­дай өнімді алыс шетелден тасы­мал­дау шы­ғыны едәуір қымбатқа шығады. Ал жергілікті жердегі өнімнің бағасы импорттан әлде­қайда арзанға түседі. Бірақ, бірлескен кәсіпорын директоры О. Есжанова айтқандай, әзірге отан­дық мұнай компанияларынан, атал­ған жобаларды іске асырушы мер­дігерлерден де тапсырыс тү­се қоймапты. Неге? Әлде атал­ған жобаларды іске асырушы компаниялар қымбат болса да шетелдікіне көз тігіп отыр ма?! Әзірге Атыраудағы жаңадан жұ­мыс істей бастаған цехтың ұжы­мы әзербайжандық және өң­ір­дегі шетелдік компаниялардың тапсы­рысын орындауға қызу кірісті. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.