03 Тамыз, 2011

Мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі әлі де шыңдай түсуді қажет етеді

1428 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы қазіргі за­ман­ғы тиімді мемлекеттік қызмет пен басқару құрылымын жасауды Қа­зақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында жеке «кәсіби үкімет» басымдығында бөліп атады. Бүгінгі қолданыстағы заңнама­лар мемлекеттік қызметтің жаңа қа­зақстандық үлгісінің құқықтық негізін қалайды. Елімізде 1999 жылдың 23 шілдесінде «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң, бұдан соң мемлекеттік қызмет саласын реттейтін бірқатар заңдық күші бар құқықтық актілер қабылданды. Осылайша Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып мемлекеттік қызмет реформасын та­бысты жүргізіп келеді. Елімізде «мемлекеттік қызмет» деген ұғым қалыптасып, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық ережесі заңды түрде бекітілді, мемлекеттік қызметке келудің, онда болу­дың және қызметті тоқтатудың мә­се­лелеріне байланысты талаптар бел­гіленді. Сонымен қатар, кадрлар­ды басқару саласында оның тиімділігін арттыруға негіз қалаған белгілі жүйе қалыптаса бастады. Мемлекеттік қызметті ұйымдас­тыру және оны кадрлық қамтамасыз ету жөніндегі «Мемлекеттік қызмет өтілі туралы ереже», «Мемлекеттік қызметшілердің біліктілік кластары туралы ереже», «Мемлекеттік қыз­мет­шілерді аттестациядан өткізу тәр­тібі мен шарттары туралы ереже» және басқа да бірқатар маңызды құ­жаттар кадрларды басқарудың нор­ма­тивтік-құқықтық базасын айтар­лық­тай нығайтты. 2005 жылдың 3 мамырында ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Ар-на­мыс Кодексі туралы Елбасының Жарлығы шықты. Ал 2011 жылдың 1 сәуірінде оның жаңа нұсқасы бекітілді. Дәйекті және жүйелі жүргі­зі­ліп жатқан реформалардың нәтиже­сін­де мемлекеттік қызметтің «Қазақ­стан­дық моделі» қалыптасты, мемлекеттік басқарудың оңтайлы жүйе­сі жа­сақталды, мемлекеттік аппарат жұ­мысының нәтижелілігі артты. Дей­тұрғанмен, мемлекеттік қызмет­ті жетілдіру – тұрақты назар аудару­ды қа­жет етіп отыратын және үздік­сіз жүр­гізілетін процесс деп айтуға болады. Мемлекеттік қызметті жетілдіру мәселелері Мемлекет басшысының ерекше назарында. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев 2008 жылдың 17 мау­сымында Астанада өткен халық­аралық ғылыми-практикалық конференцияда... «...бұдан былайғы ре­фор­маларды белсенді жүргізудің негізгі элементі ретінде мемлекеттік қызметтің жаңа сапасын талап етеді» – деді. Елбасының тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметтің жа­ңа моделі туралы тұжырымдама дай­ындалуда. Онда, біріншіден, мем­­ле­кеттік қызметтің өзінің мәр­те­бесін нығайтып, мемлекеттік кадр сая­с­а­тын Қазақстанның айрықша ма­ңыз­ды ұлттық басымдығы сана­ты­на кө­те­руді, екіншіден, мемлекеттік қыз­­мет қағидаттарын қайта қарау. Кадрларды іріктеу, сапасын арт­тыру бөлігінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің, мемлекеттік органдардағы кадр қыз­мет­терінің рөлін күшейту керектігі, ол үшін оларды әдістемелік тұрғыда агенттікке бағындыру керек екені де айтылған. Мемлекеттік басқару жүйесін­дегі қазіргі кадрлық жағдай, әкім­ші­лік реформа жүргізу қажеттілігі кадр­лық жұмыс жүйесін ұйымдас­ты­руда айтарлықтай өзгерістерді қа­жет етеді. Шындығында кадр қыз­мет­те­рінің жұмысы бүгін жоғары басшының нұсқауы бойынша жаңа қызметкерді «қаттаумен» шектелетіні ешкімге жасырын емес. Мемлекеттік органдардағы кадрлар қыз­метінің беделі мен рөлі қазіргі кезде өте төмен және ол қалдықтық принципі бойынша қалыптасқан. Мемлекеттік қызмет жүйесінің кемшіліктері де көріне бастады. Олар, әсіресе, конкурстық іріктеу про­цедураларында, кадрлар резервін жасақтауда, мемлекеттік қызметші­лерді аттестациялауда, бір мемлекеттік органнан екінші мемлекеттік ор­ганға ауысу кезінде байқалады. Мем­лекеттік қызметшілердің құ­қық­тық қорғау жағынан, әсіресе негізсіз жұ­мыстан шығару, болмаса төмен­дету тұрғысында проблема болып отыр­ғаны рас. Кейбір мемлекеттік ор­ган­дардың басшылары, көбінесе жа­ңадан басшы болғандар, қарау­ын­дағы мемлекеттік қызметшілерді «өз еріктері бойынша» қызметтен кетуге, болмаса төменгі қызметке баруы­на астыртын мәжбүрлейді. Мұндай жағдайлар, әсіресе басшылар ауыс­қанда жиі кездеседі. Бір қарағанда, бәрі заң талаптарына сай жасалады, ал, шын мәніне келгенде жаңадан келген басшы өзінің «командасын» жасақтауға әрекет жасайды, жоқ дегенде бұрынғы қызмет атқарған органнан өзіне керек, өзіне «берілген» қызметкерлерді тарта бастайды. Басшылардың мұндай «ауруларына» Мемлекет басшысы 2011 жылдың 17 сәуірінде өткен кеңейтілген мәжілі­сінде жол бермеуді қадап айтты. Сонымен қатар, бұдан былай мемлекеттік органдарда лауазымды қызметкерлер сыбайлас жемқорлық­қа ұрынатын болса, онда олардың бірінші басшысы қызметінен кететіні туралы да қатаң ескертілді. Жоға­ры­да айтылған жағдайларды болдыр­мау үшін оларды заң жүзінде реттеу керек деп ойлаймын. Қазір мемлекеттік қызметтің жаңа тұжырым­да­масы дай­­ындалып жатқанда мынан­дай ұсы­ныс айтар едім. Егер аудан, қала әкімдері ауысып жатқан жағ­дайда оларға бұрынғы жерінен тек екі қызметкердің ауысуына рұқсат берілсе, ал облыс әкіміне – 3 қыз­мет­кер­дің. Ондай қызметкерлердің нақты санатын көрсетіп қоюға болар еді. Сонда ғана жаппай кадр ауы­суы­на қойылған шектеулер заң жү­зінде сақ­талар еді, оны қадағалауға болар еді. Мұндай тосқауыл заң шең­берінде қойылмаса бұл «ауру» тоқтамайды. Ондай талапты респуб­ликалық орта­лық органдарға да жа­сауға болар еді. Қазіргі кадрлық резерв мәселе­сі­нің де кемшіліктері, осал жерлері көріне бастағаны бәрімізге аян. Мем­лекеттік қызметке келген кезде кадрлық резервті «керек адамды» қа­былдау үшін пайдалану жағдай­ла­ры байқалады, демек ол сыбайлас­тыққа жол ашады. Қызметтік өсу жүйесі мен тетіктері әлі дәйектелген жоқ, әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді ротациялау қаралмаған. «Мемлекеттік қыз­мет туралы» Заңда ротация тек қана саяси қызметшілер үшін қарас­ты­рылған, бұл ретте әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің карьерлік өсу мәселелері нақтыланбаған. Мемлекеттік қызметке алудың қазіргі прак­тикасы конкурстық рәсімдердің де жеткіліксіздігін айғақтап отыр. Мем­лекеттік қызметке келген кездегі тестілеу тек қана мемлекеттік қыз­мет саласындағы нормативтік құ­қықтық базаның білім деңгейін ғана білдіреді, бірақ мемлекеттік қызметшінің кәсіби білімі мен жеке қасиеттерін бағалауға мүмкіндік бермейді. Өткен жылы облыстағы бір бос орынға 3,4 адамнан келді. Ал со­лардың ішінде ауылдық деңгейдегі органдарда 1 орынға тек 1.6 адамнан ғана келді. Бұл, әрине, төмен көрсеткіш. Егер оның себептерін зерделесек, біріншіден, ауылдық жерлерде кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілердің еңбек ақысының әлі төмен екендігі де әсер етеді. Конкурс өткізу ережесінің осал тұстарын пайдаланған кейбір мемлекеттік орган басшылары қажет емес үміткерлерді жолдан тайдыру әдістерін меңгерген сыңайлы. Мысалы, өткен жылы басқарма­ның ықпал ету шараларының арқа­сында заң бұза отырып жарияланған 2 конкурстың күші жойылды. Конкурс өткізу талаптарын бұза отырып аумақтық басқармадан кадрлар ре­зервінің тізімін сұрамастан Жамбыл аудандық мәслихатының аппараты 2 бірлік бас маман лауазымына конкурс жариялаған. Оның үстіне, тиісті қағида талабын бұза отырып кон­кур­стың ВЕБ-сайтта жариялану­ын қам­тамасыз етпеген. Біздің бас­қарманың араласуымен аталған заң­сыз конкурс өз күшін жойып, газетке тиісті ха­барландыру берілді, заң бұ­зушы­лық­тарға жол берген мәсл­ихат аппара­тының басшысы және бөлім жетекшісі тәртіптік жазаға тартылды. Сол сияқты, осындай заң талап­тарын бұза отырып жарияланған Тараз қаласы әкімдігі ветеринария бө­лімінің де конкурсы заңсыз деп та­нылды. Мемлекеттік орган басшы­ла­рының және кадр қызметтерінің кә­сібилігі, жауапкершілігі күшті болса, мұндай заң бұзушылықтар болмас еді. Осыдан туындайтын ма­ңызды мәселе – ол кадрларды іріктеу және тиімді пайдалану, Президентіміз айт­қандай: «Еліміздегі кадр саясатын Қазақстанның айрықша маңызды ұлт­тық басымдығына айналдыру». Мемлекет басшысының мемлекеттік басқару жүйесіндегі мемлекеттік саяси және әкімшілік қызмет­шілердің рөліне айрықша мән беріп, мемлекеттік қызметтің «Қазақстан­дық» моделін реформалау, кадрлық саясатты айқындап жолға қою, сы­байлас жем­қорлықпен күресті кү­шей­ту туралы талаптары бүгін өте маңызды. «Жаңа тұрпатты шенеунік – өз ұлтының отаншыл әрі әділ, ісіне адал және кәсіпқой білікті қызмет­шісі болуға тиіс. Мемлекеттік қыз­мет­тің беделін биік көтеру және қол­дап отыру – біздің таяу жылдар­да шешуге тиіс стратегиялық міндетіміз», – деген Мемлекет басшысы Жолдауында. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылды­ғы­ның қарсаңында осы бағыттағы біз­дің ең басты міндетіміз – мемлекеттік қызметтің мәртебесін, мемлекеттік қызметшілердің беделін көтеру, ең бастысы – халыққа, Отанға қалт­қы­сыз қызмет ету болып табылады. Әзімхан САТЫБАЛДИН, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Жамбыл облысы бойынша басқарма бастығы. Тараз.