03 Тамыз, 2011

Мыңбаев

1344 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Елімізде аграрлық ғылымның негізін қалаушы, ұлтымыздан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы, Бүкіл­­одақ­тық ауыл шаруашылығы ғылым ака­де­миясының (ВАСХНИЛ) академигі, оның Қазақ бө­лім­шесін ұйымдастырушы әрі тұңғыш төр­ағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, республика Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бірінші орынбасары Кәрім Мыңбаевтың туғанына биылғы тамызда 105 жыл толғалы отыр. Еліміздің дамуында өмірдің әр сала­сын­да елім, жерім дейтін озық ойлы ұл­дарын халықтың өзі туғызып отырған. Олар кешегі өткен алыптарымыз Ш­о­қан, Абай, Мұхтар, Қаныш тобы болса, сол қатардан ойып орын алатын тұлға осы Кәрім Мыңбаев. Ол 1906 жылы 16 та­мызда Қарағанды облысының Нұра өңі­рінде дүниеге келген. 1928 жылы Таш­­кент қаласындағы Орта Азия мақта және су шаруашылығы политехникалық инс­ти­­туты­ның жаңа техникалық дақыл­дар факультетіне түсіп, оны 1932 жылы үз­дік бітіріп шығады. Содан кейін Мәс­кеу­дегі «Котапин» атындағы мата фаб­ри­ка­сы­ның аспирантурасына түседі. Кейіннен Ауыл шаруашылығы комисса­риа­ты шешімімен, оқуын үзіп, Грузиядағы Кавказ тәжірибе стансасында ғылыми жұ­мыс­тар жүргізеді. Бірақ ол жерде онша көп істемейді. Артынша үкіметтің жас мамандарды елдеріне қайтарсын деген қаулысына сәйкес Алматыға оралады. Ол кезеңде кеңестік өндіріс қарқын­дап өрлеу үстінде болатын. Химиялық жолмен синтетикалық каучук алу онша дамы­ма­ған кезде әскери-стратегиялық материал ретінде оған деген қажеттілік күн санап артқан. Соған байланысты Кәрім жастық ғұмырын осы саланың қалыптасып, өркен жаюына арнайды. Өзі туып өскен Орта­лық Қазақстаннның ұсақ қыратты өңірін­де өспейтін шөп бол­майтын. Кім біледі, көксағызды жас­тық шағында ауыл бала­лары­ның ермегі ретінде шайнаған да шы­ғар. Резина жа­сау­дың негізгі шикізаты осы көксағыз болғандықтан, оның таби­ғат­тағы ж­а­ба­йы түрлерін Оңтүстік Қазақ­станның тау етектерінен тауып, ғылыми-тәжірибе жұмыстарын бастаған. Арнайы шаруа­шы­лықтар құрып, зерттеулер жүр­гізіп, көксағыздың мол өнімді, мәдени түр­­ле­рін шығарып, өсіру технологиясын жа­сау ісіне басшылық етеді. Соның нәти­же­сінде, Қазақстан Одақ бойынша сол жыл­дарда резина шикізатын шығаруда жетекші орындарға ие болған екен. Көксағыз бұрын онша зерттелмеген өсімдік болғандықтан, оның ғылымға бей­мәлім қыр-сырын ашуға деген құштар­лық Кәрімді Ленинградтағы Бүкілодақтық өсім­­діктер институтының аспиран­тура­сына әкеледі. Ол осы салада әлемде ал­дыңғы орында тұрған бұл институтты әй­гілі генетик ғалым, академик Н.Ва­вилов басқарып тұрған кез еді. Қа­был­дау емти­ханын өте жақсы тапсырған әрі өндірістік тәжірибесі бар қазақ жігітін Н.Вавилов өзіне аспирант етіп алып, ғылы­ми жұмыс­тарына жетекшілік етеді. Сөйтіп ол «Каучукты жақсартудың негізгі жолдары» тақырыбындағы кан­ди­даттық жұмысына байланысты инс­ти­туттың тә­жірибе алаңдарында кең көлемде, ар­на­йы әдістемелерге сүйеніп, зерттеулер жүргізеді. Жұмыс бары­сын­да, көксағыз дақылының биологиялық, шаруашылық қасиеттері және өсірудің аг­ротехникасы туралы жаңа деректер дү­ниеге келеді. Оларды тұқымынан және өскіндері ар­қылы өсіру тәсілдерін, жаңа сорт­тарын шығару, өсімдіктің құрамын­дағы көкса­ғыз­дың көлемін арттыру, өн­діру агро­тех­никасын алғаш рет тәжірибеге енгізеді. 1940 жылы кандидаттық диссер­та­­ция­сын та­бысты қорғап, бұрынғы тәжірибе ала­ңын каучукке қажет шикізат өсіретін, кең көлемдегі өндіріс көзіне айналдырады. К.Мыңбаевтың осы саладағы ашқан ғылыми жаңалықтары, еңбекқорлық, ізденушілік ерекшеліктері ғылыми ортада жоғары бағаланып, институт басшылы­ғы оны аз уақыттың ішінде қатардағы қыз­меткерден бөлім меңгерушісі дәре­же­сіне дейін көтереді. Кәрімнің бұл жер­де ғылы­ми жұмыстарын одан әрі қа­рай жалғас­тыруына Ұлы Отан соғы­сы­ның басталуы бөгет жасайды. Ел басына түскен осынау ауыр шақтарда ол Ленин­градты қорғау­шы­ халық жасағы қатарында болады. Артын­ша әс­керге алынып, Омбыда ар­на­йы д­а­йын­­дық­тан өтеді. Дегенмен, со­ғыс­қа қа­жет­ті ұшақ, автомашина секілді және резина пай­да­­ла­натын басқа да осы­ған ұқсас тех­ни­калық құралдардың көптеп шыға­рылуы каучукке деген сұра­ныс­ты еселей артты­ра­ды. Со­ған бай­ла­нысты оның жасау тәсіл­де­рін жақ­сы білетін Кәрім Мың­баев шұ­ғыл түр­де әскер­ден босатылып, елге қай­та­ры­ла­ды. Кә­кең­нің Күләш деген немере қарын­дасын алған, өте жақын ара­лас­қан күйеу ба­ла­сы, қазақтан шыққан тұң­ғыш режиссер, профессор Асқар Тоқ­панов­тың ай­туын­­ша, сол кезде Кәрім Мың­баевты Сталин­нің өзі Кремльге шақы­рып, әңгіме өткі­зе­ді. Әңгіме барысы төмен­дегідей жағдайда өрбиді: – Майор, Қазақстанда сен сияқты қан­ша ғалым бар? – деп сұрайды Сталин. – Көп, жолдас Сталин. – Олай емес, жолдас Мыңбаев. Ме­нің білуімше, бар-жоғы 5 ғылым док­торы, 17 ғылым кандидаты ғана бар. Бұл көп емес. Біздің ойымызша сіз, Мың­баев жолдас, Қазақстанға қайтуыңыз керек. Бастаған ғылыми жұмыстарыңызды аяқтаңыз. Соғыстан соң шаруашылықты өркендетуіміз керек, – дейді Сталин. Қабылдаудан соң 1942 жылы Қазақ­стан­ға оралған Кәкеңді республика Үкі­меті жақсы қарсы алып, елдегі ауыл ша­руашылығына еркін араласу, өзіне берілген тапсырмаларды іске асыру үшін Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті төр­ағасының бірінші орынба­сары етіп та­ға­йындады. Кәрім осы тұста өз­іне жүк­тел­ген мемлекеттік қызметпен бірге Оңтүстік Қазақстанның Мақта­арал, Киров, Қызыл­құм аудандарында ірі шаруашылықтар құрып, көксағыз өсімдігін өсірумен айна­лы­сады. Онда ғылыми жұмыстарын жал­ғас­тырып, аталмыш өсімдіктің мәдени түрлерінің шаруашылық-биологиялық қа­си­еттерін анықтайды және шаруашы­лық­қа тиімді агротехнологияны енгізеді. Со­нымен 1944 жылы осы еңбектері бойын­ша диссертация қорғап, биология ғылым­дары­ның докторы атағын алады. Сол тұста еліміздің ауыл шаруашы­лы­ғын ғылыми негізде қайта құру үшін бір ғылыми орталық құрып, оларда әр сала бо­йынша ғылыми-зерттеулер инс­ти­тут­та­рын ашу қажеттілігі туындайды. Сон­дық­тан соғыстың қауырт кезеңіне, елдегі қиын­шылық пен тапшылыққа қарамай 1944 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруа­шы­лығы ғылым академиясының Қазақ филиалы ашылып, оның прези­диумының тұңғыш төрағасы болып К.Мың­баев та­ғайындалады. Жаңадан ұйымдастырылған филиалда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүр­гі­зу­ге білікті мамандар қажет болады. Кәрім аға­мыз әуелгі кезекте келешегі бар А.Е.Ела­манов, М.А.Ермеков, В.А. Баль­монт, Ю.Н.Барминцев сияқты ғалым­дар­ды сырттан тартады. Сонымен қоса, жоға­рыдағы қызметімен қоса Қазақ ауыл шаруашылығы институтының селекция және генетика кафедрасы мен Қазақ мемлекеттік университетінің биология, топы­рақ­тану факультетінің дарвинизм және генетика кафедрасына меңгеруші болып, шәкірттер дайындау ісіне тікелей қаты­са­ды. Н.Базанова, Б.Полымбетова, Ф.Мұха­медғалиев секілді биология саласындағы ғалымдарымыз осылайша тәрбиеленіп шығады. К.Мыңбаевтың қажырлы еңбегі, іскерлігі, үлкен абыройының арқасында қазақ­стандық филиал қарамағында аз уақыт­тың ішінде 4 ғылыми-зерттеу инс­титуты, 8 тәжірибе стансасы, 13 тәжіри­бе алаңы ұйымдастырылып, ғылыми та­қырыптық зерттеу жұмыстары жүргі­зіл­ді. Кейіннен заман жақсара келе ауыл шаруашы­лы­ғының әр салалары бойын­ша, әртүрлі табиғи-климаттық аймақтар­да жаңадан институттар қатары өсіп, жемісті жұмыс­тар күні бүгінге дейін жалғасуда. Мал шаруашылығы институты жергілікті малдардың тұқымдарын асылдан­дырып, өнімін жоғарылату үшін шетелдік мол өнімді мал тұқымдарымен шағы­лыстырып, алынған будандардың өсіп-өну қасиеттерін арттыруда, оларды дұрыс азықтандыру, бағу, күту техноло­гия­сын жасау бағытында ғылыми жұ­мыс­тар жүргізді. Мал түрлері бойынша жүргізілетін зерттеулерді тереңдету мақ­сатында бұл институттан өз алда­ры­на ғылыми-зерттеу институттары бөлініп шықты. Осындай жұмыстардың бары­сын­да жаңадан мол өнімді мал тұқым­дары шығарылды. Егін шаруашылығын дамытуда қара топырақты, ылғалды Солтүстік Қазақ­стан­ның бес облысы өңірінде Кәрім Мың­баев 1948 жылы Қызылжар қаласында ВАСХНИЛ-дің Қазақ филиалының көш­пелі сессиясын өткізеді. Онда өзі «Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекция­сы мен тұқым шаруашылығының агро­био­логиялық негіздері» деген тақырыпта баяндама жасайды. Біздің ойымызша, елімізде тың және тыңайған жерлерді иге­ру­дің ал­ғаш­қы ғылыми негіздері осы кезден бастап қалана бастаған секілді. Өйткені, Кәкең сол өңірдегі Шортанды астық ша­руа­­шылығы тәжірибе стансасының жұ­мыс бағытын, көлемін зерделеп, зерттеулерді қай­та қарап, тиісінше түзетулер енгізіп, жа­ңа бағыттар белгілеген екен. Оған осы саланың айтулы мамандарын тарту ісіне қатысқан. Егін шаруашылығының селек­­ционер-ғалым­да­ры, «халық жау­ла­ры» Л.Зайцева мен В.Кузь­минді жазасын ая­қ­татпай, Карлагтан босаттырып, олар осы стан­сада жаңа ғылы­ми жұмыстарын жал­ғас­тырған. Бұлар астық тұқым­дары­ның жаңа мол өнімді сорттарын шығару және өнім алудың толық агротехникасын жас­а­ға­ны үшін кейіннен Лениндік сый­лық­тың лауреаттары атанғаны туралы ғалым Хайдар Арыс­тан­бековтің естелігінде келтірілген. Ерте уақыттарда Арқа жұрты мал­дары­на қысқы мал азығын дайындай ал­май­тындықтан, оларды Бетпақдала ар­қы­лы күздің жауын-шашыны кезінде Шу, Мойынқұм өңіріне айдап апарып қыстатып, көктемдегі қар суымен жазғы жайлауға оралту ежелден қалыптасқан тіршілік дәстүрі болатын. Осы әрі-бері көшуде, кейде ауа райының бұзылу сал­дарынан, жолда мал көп шығынға ұшы­рай­тын. Кәрім Мыңбаев туған елінің пат­риоты, шынайы ғалым ретінде хал­қын осы сан ғасырлық азаптан құтқару ісіне көп мән береді. Аталған жәйт­тер­дің алдын алу және күн көзі жеткілікті түсетін, ауа райы онша қатал емес өңірді халық игілігіне жарату үшін, осы проб­ле­маны және оның шешімдерін жан-жақты зерттеуді қажет деп табады. Бұл жұмысты алғаш рет өзі бастап, әр түрлі мамандардан тұратын экспедиция ұйым­дас­тырып, ай­мақ­тың өсімдіктер әлемін, ашық су көз­дерін, мерзімдік азықтық қорларын зерттеп, соңынан 1948 жылы «Бетпақдала шөлі» атты монографиясын жазады. Ғылыми тұрғыдан алғанда бұл зерттеу аймақтың келешек тағдырын шешуге жеткіліксіз болатын. Осыған байла­ныс­ты, Президентіміз Н.Ә. Назар­баев­тың 1998 жылды қуғын-сүргін құрбан­дарын ақтау деп жариялауына қарай бізге қызмет бабында Карлагтың сақталған мұрағаттарымен танысуға тура келді. Сонда мынадай екі құжатқа тап болдық. Оның біріншісі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1948 жылғы 22 тамыздағы №651 қаулысының көшірмесі. Онда Бет­пақдала, Сарыарқа өңірін шаруа­шы­лық­қа пайдалану үшін, зерттеуді Орталық Үкімет арқылы ГУЛАГ-тың Карлаг бө­лім­шесіне тапсыру жайлы өтініш жасал­ған. Әрине, мұндай мәселені көтеріп шешу жолдарын қарастыру К.Мың­баев­тың бастамасы екені сөзсіз. Бетпақда­ла­ны зерттеуге Карлагты тарту жөніндегі ұсыныстың түсу себебі, онда әртүрлі себептермен ауыл шаруашылығы саласы­ның айтулы ғалымдары айдауда болған. Сонымен қоса бұл жазалау орнының түрлі зерттеулер жүргізуге қажет жақсы жабдықталған зертханасы да бар еді. Осы мәселе оң шешілген соң, Кар­лаг­тың ғылыми жұмыстар жөніндегі орын­ба­сары Д.Смирнов бастаған экс­пе­диция бұл аймақта екі жыл үзбей жұмыс жасаған. Олар өңірдің рельефін, топы­ра­ғын, ашық су көздерін, көлем­дерін, хи­мия­лық құра­мын, мал азықтық шөп­тер­дің түрлерін, өсіп-өнуін, зерттеген және мерзімдік ыл­ғал­дың түсу ұзақтығын, көлемін анық­таған. Жұмыс қорытын­ды­сында шөлдің 98% әр түрлі бонитетті «В» типті жайы­лым, 1,5% көлтабан-су басқан шабындық, 6 тип далалық шабындық және 0,5% жыртуға жарамды жер барлығын тапқан. Ал жайылым жерлердің 51% көкпек, жу­санды болып келсе, 16% жуығы 3 дең­гей­лі бетегелі-селеулі, селеулі-бетегелі құрам­дағы мал азықтарын көктемде, күзде пай­да­лануға жарамды жерлер. Зерттелген ай­мақ­тың жалпы көлемі 2,5 млн. га. Мұны­мен бірге, өңірге 1:100000 және 1:200000 мөл­шерінде топографиялық карта жаса­лып, онда топырақ ерекшеліктері, азық­тық шөп қорлары, түрлері, пайдалану мер­зімі, көп кездесетін бұталар, жердің рельефі, бұлақтар, мал суаруға жарамды су көздері және маусымдық ылғалдар жайлы жан-жақты мәліметтер келтірілген 625 беттік монография қоса жазылып, 1950 жылы Министрлер Кеңесіне жіберілген. Сонымен бірге ғалымдар жиналған деректерге сүйене отырып, өңірдің ауа райын, топырақ ерекшеліктерін ескеріп, оған бейім мал азықтық қорын жасау, онда тиісті мал түрлерін көптеп өсіру және күн көзінің ұзақтығын пайдаланып, бау-бақшаны қолға алудың да мүмкіндігін қарастырған. Бұларды шешу үшін айнала­дағы өзен арналарымен қоса жер асты су көздерін іздестіруге геология-минерология ғылымдарының докторы, академик Уфа Ахмедсафин бір топ мамандармен жұ­мыс жасаған. Жүргізілген барлаулар негізінде 70-тен аса тұщы су көздерінің бар­лығы анықталған. Кейін белгілі болға­ны­ндай, бұл өңір кеңестік дәуірдің 60-шы жылдарынан бастап жабық алаңға айналып, күні бүгін­ге дейін әскери полигон болып қалуда. Иә, Кәрім Мыңбаев туған елінің патриоты бола білді. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым ака­де­миясы Қазақ филиалын ол басқарған жылдары бұ­ған мекемелердегі жоғары лауазымдағы адамдардың 80% жергілікті ұлт өкіл­дерінен тұрды. Бізге жеткен естеліктерге назар аударсақ, Кә­кең­нің ғылыми қызметтегі өмірі партиялық шенеу­нік­тердің өктемдіктеріне, орын­сыз талаптарына той­та­рыс берумен өткені сезіледі. Бірде Орталық Коми­тет­тің Мал шаруа­шылығы бөлімінің меңге­ру­шісі М.В.Луценко телефон шалып, филиал прези­диумының мәжілісін жүр­гі­зіп отырған жерінен шұ­ғыл шақыртады. Бірақ, ға­лым жұмысын жалғастыра береді. Келесі күні бұл мә­се­ле Орталық Комитеттің бірінші хатшы­сы­на жетеді. Ол Кәрім Мыңбаевты ша­қыртып алып, бірден жөнге салмақ оймен: «Сіз неге Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісі шақырған­да келмедіңіз?» – дейді зілді үнмен. Жел­дің қай жақтан соқ­қанын сезген Кәкең қаймықпастан: «Мархабат етіңіз, жолдас Борков, әуелі таны­сып алайық. Мен ғы­лым­ның адамымын, ВАСХНИЛ-дің осын­дағы филиалының төр­ағасы деп біліңіз», дейді. Борков мырс етіп: «Төраға екеніңіз­ден хабардар­мын. Ал мен сізден келмеген себебіңізді сұ­рап тұрмын ғой», дейді кейпін бұзбас­тан. Ғалым басшыдан көзін тайдырмастан оның бетіне тіке қарап, байыппен: «Филиалда президиумның мә­жілісі өтіп жат­қан­да, мен тек үш адам­ға бола оның жұмы­сын уақытша үзе ала­мын. Олар – Министрлер Кеңесінің төр­ағасы, Орта­лық Коми­теттің бірінші, екін­ші хатшы­лары. Ал басқаларына мә­жіліс жұмысын аяқта­май бара алмай­мын. Ғафу етіңіз» – деп орнын­нан тұ­рып есікке беттейді. Борков жауаптың тым сенімділігінен, Кәрім Мыңбаевтың оңай шағы­латын жаңғақ еместігін бай­қап, отыруын өтіне­ді. Өзі де білімді, мәде­ниеті жоғары ол Кәкеңді сынамақ болып ауыл ш­а­руашылығы ғылымы жай­лы ұзақ әңгі­мелесіп, қоштасарда шақырған ада­мы­­ның терең таным иесі екеніне көзі жетіп, орнынан тұрып, жылы қоштасады. Мұхтар Әуезов кеңестік билік тара­пынан шетқақпайлыққа түсіп, тағды­ры қыл үстінде жүрген кезінде, осыған бай­ланысты оның 50 жылдығы ел көле­мінде еленбей қалғанда партиялық биліктен ешбір сескенбестен 1947 жылы Қаскелеңде ат шаптырып той жасап, Мұхаңның иығына шапан жауып, астына ат мінгізіп құрмет көрсеткен де Кәрім Мыңбаев еді. Академик В.Бальмонт биязы қазақ-меринос қой тұқымын шығарғанда, оның жүнінің қасиетін білу үшін ағамыз эксперимент ретінде Ленинградқа жүн жіберіп, одан дайын мата жасатып, костюм тіктіртеді де оларды осы жұмысқа қатысы бар төрт адамға кигізеді. Бұл «қылмысты» қырағы көздер Министрлер Кеңесінің бірінші орынбасары А.П.Заговелиевке жеткізеді. Ол мемлекет дүниесіне қол сұққан кінәлілерді ша­қы­рып алып, бұларың қалай деп зіркілдейді. Сонда Кәрім Мыңбаев ешбір қаймықпастан, өзіне тән жігерлікпен бы­лай деп жауап береді: «Ғылым құр­бан­дықты қажет етеді, біз жаңа шы­ғарылған қой тұқымы жүнінің маталық қасиеттерін анықтау үшін осындай әрекет жасадық. Бірақ оның еш айыбы жоқ. Бұл жаңалықтың жақсылығы да, жамандығы да, ең алдымен, оны жасап шығарушыларға тиесілі емес пе?!» дейді. Жауаптың дәлелді, ғылыми негізде, үлкен сенімділікпен айтылғанынан сескенген орынбасар бірден райынан қай­тып, әңгіменің артын жалпы ғылымның дамуына қарай өзгертеді. Кәрім Мыңбаев 1948 жылы 30 қыр­күйекте, Мәскеуге іссапармен бара жат­қан жолда ұшақ апатынан кенеттен қай­тыс болды. Онда ағамыздың үзең­гілес серіктері, сол кездегі ауыл шаруашы­лы­ғы саласындағы білгір маман ғылымдар: Қылыш Бабаев, Сапар Нұғыманов, Хасен Наурызбаев және Солодников бірге көз жұмды. Осы ұшақ апаты жайында қауесет халық арасында кезінде кеңінен тараған. Бірқатар адамдар мұны орта­лықтың ырқына көп көне бермеген Кәрім Мың­баев секілді қазақтың біртуар тұлға­сы­на әдейілеп істелген қастандық деп есеп­тейді. Мұны сол кездегі куә­гер­лер сөзі де дәлелдей түсетіндей. Атақты жа­зу­­шы­мыз С.Мұқановтың естелігінде мы­на­дай жолдар бар. «Бір күні маған Ғ.Мү­­сірепов телефон шалып кешке қонақ­қа шақырды. Барсақ Кәрім отыр екен. Ол алдағы таңда Мәскеуге Т.Д.Лысенконың 50 жылдық мерей­тойына бір топ қазақ ғалымдарымен ұшпақшы екен. Көңілді кеш аяқталғанда, мен Кәрімнен Мәс­кеу­де оқып жүрген екі ұлыма сәлем-сауқат ала кетуін өтіндім. Келістік. Аэропортқа таң атпай бардым... Кәрім балаларымен және мен жырағырақ жерде самолетке ұшатындармен бірге бар­дық. Самолетке мінгеннен кейін, Кәрім тысқа шығып, Темірін тағы да құшақтап көтеріп, құшырлана сүйді. – Мұның не соншама балажансып?! – дедім мен. – Кім біледі, – деді Кәрім – соңғы сүюім ғажап емес! – Айтпа жаман сұмдықты! (С.Мұ­қанов. Толық шығармалар жинағы. 13-том). Ертеңіне сол самолет Балқаштан шыға беріп 15 минөттен соң апатқа ұшырады. Қазақ ауыл шаруашылығы Кәрім Мың­баев бастаған төрт ірі ғалымынан айы­рыл­ды. Мемлекеттік комиссия ұшақтың апатқа өздігінен ұшырамағандығын анық­та­ды. Зиялы қауым мұны ғалымға жаса­ған тікелей қастандық екенін іштей білген, бірақ жұмған ауыздарын ашуға қо­рық­қан. Содан былай ғалымдар оның еңбектері жайлы ман­дытып ештеңе жаз­баған. Олардан қал­ған соңғы көз (бүгінде о дүниелік) заман­да­сы, академик Хайдар Арыстанбеков ел тәуелсіздік алған соң, қартайған шағында ұшақ апатының мән-жайын былай деп еске алады: «Жарылыс сонша күшті болған­дық­тан ондағы опат болған адамдардың ешбірін тануға бол­мады. Кәрімді әйелі костюмі­нің бір жапырақ жыртындысынан және ондағы түймесінен таныған. Сон­дық­тан барлық мүрделерді біріктіріп Алма­ты­дағы Ташкент мазарына жерлеген. Сөйтіп, халқымыз аяулы азаматы, ұлты­­ның жанашыры, қамқоршысы, жел­дің өтінде, суықтың бетінде тұрған қима­сынан айырылған. Соңғы сапар, бақи­лыққа елімен бірге қазақ зиялылары, қара тұтып қайғырып, бірінен соң бірі зират басында егіле сөйлеп, шығарып салады. Академик Қаныш Сәтбаев ағамыздың: «Кәрім, сен жас кетіп барасың. Сенің өлімің біз үшін де, ел үшін де ауыр қаза. Мезгілсіз кеттің-ау, Кәрім! Жолдастар, Кәрімдей адам өмір­ге жүз жылда бір-ақ келеді» – деп қамыға көзін сүртіп, мінберден сұры қашып түс­кені Гүлбаһрам Серікқызы Мың­баеваның «Ағам есіме түссе кеудемді өксік қыса­ды...» атты естелігінде жазылған. Жұмбақ жағдайдағы ер қазасы еліне қат­ты батқандығын халық батыры Бауыр­жан Момышұлы қабір басында ашық айтқан. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі, 1948 жылы 7 қазанда марқұмдардың зира­ты­на ескерткіш қойылсын деген қаулы алғанымен, бұл шешім 1956 жылға дейін орындалмапты. Ол тек кейінірек Хайдар Арыстанбековтің республика бас­­шы­лы­ғының алдына қойған талабы арқылы ғана жүзеге асады. Кәрім Мыңбаев қысқа ғұмырында 200-ден аса ғылыми мақалалар мен екі кітап жазып қалдырған. Ғалымның өмірлік қосағы Милица Васильевнадан тараған балалары Жапар – профессор, инженер-электрик, Гүлнар – геолог, Алла – физик, ал кенжесі Темір Алматыда симфониялық оркестрде дирижерлік еткен. Кейін олар шет елге қоныс аударды. 2006 жылы әкелерінің 100 жылдық мерей­тойы­на ша­қы­рылған еді, алайда, ешбірі келмеді. Тек Алматыдағы ұлы Сарын ғана қатысқаны есімізде. Қазақ зиялылары өздерінің естеліктері арқылы Кәкеңнің сегіз қырлы бір сырлы жан екенін бізге жеткізе білді. Ол ұлттық өнерді сүйген, қадірлеген және жүрген ортасында үнемі уағыздаған, ісімен көрсеткен адам болған. Өзі де жақсы домбырашы, әнші, аңшы және қазақ тарихын, әдебиетін, мәдениетін жетік біл­ген жан еді. Осыншама қаситетті бо­йы­на сіңірген тұлғаның Қазақстан ауыл ша­руашылығы ғылымынан сіңірген еңбегін біздің ойымызша мынадай бір ауыз тұжырыммен түйіндеп айтуға болады. Академик Қаныш Сәтбаев елімізге жер асты қазынасының алғашқы кілтін ұста­тып кетсе, жер беті байлығын ғылы­ми негізде игерудің іргетасын Кәрім Мың­баев қалады. Сондықтан оны қазақ ауыл шаруашылығы ғылымының атасы деп айтуға болады. Небәрі 20 жылдың ішінде (1928-1948) мектеп оқушысынан одақ­тық дәрежедегі академикке айналуы, елімізде ауыл шаруашылығы ғылымы­ның негізін қалаған айтулы ғалым дең­гейі­не дейін көтерілуі осының жарқын мысалы. Сондықтан, ел алдында еңбегі зор біртуар тұлғаны есте қалдыру үшін оның жазған еңбектерін, істерін, ол туралы естеліктерді кітап етіп басып шығару қажет. Сонымен қоса Астана, Қарағанды қала­ларында және өзі көп шәкірт дайын­даған Алматыдағы аграр­лық университет алдына ескерткішін орнатып, орталық көше­лер­дің біріне оның атын беру орынды болар еді демекпіз. Еламан ШАХАНОВ, Қарағанды Өсімдік шаруашылығы  және селекция ғылыми-зерттеу институтының директоры, биология  ғы­лым­дарының докторы, академик. Игорь НЕЧАЕВ, ауыл шаруашылығы  ғылымдарының докторы, академик. Қарағанды.