174 600 000
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыс тұрғындарына осынша теңгенің 7302 несиесі берілген
Ақмола облыстық статистика департаментінің деректері бойынша, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 19 миллион теңгеге артық. Берілген несиенің 69,1 пайызы қысқа мерзімді, 30,9 пайызы ұзақ мерзімді және оның 100,8 миллион теңгесі жеке тұлғалардың, 73,8 миллион теңгесі заңды тұлғалардың үлесінде.
Жеке тұлғаларға берілген несие, негізінен тұтыну мақсатына (85,5 пайыз) алынса, қалған қаражат кәсіпкерлік мақсатқа (14,5 пайыз) жұмсалған. Шағын несиелердің 18,8 пайызы кепілдік мүлікпен қамтамасыз етілген.
Бақберген АМАЛБЕК,
Ақмола облысы.
3 115 491
Облыс өңірінде жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың арасындағы ең ірісі болып табылатын «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында осынша тонна мұнай өндірді
Бұл жоспарланғаннан 2661 тоннаға артық. Ілеспе газды игілікке айналдыруда да ілгерілеу бар. Осы кезеңде 1567118 мың текше метр газ пайдаланылды. Ал сығымдалған газ өндіру 96767 тоннаны құрады, бұл межеленгеннен 11287 тоннаға көп. Компания алты айда сыртқы және ішкі рыноктарға 1310 миллион текше метр мұнайға ілеспе газ, 95600 тонна сығымдалған газ өткізді.
Биылғы жылдың өткен алты айында мемлекет бюджетіне 120 миллиард теңгеден астам қаржы түсті. Жалпы акционерлік қоғам биыл 6180 миллион тонна мұнай өндіруді межелеп отыр. Инвестиция көлемін 600 миллион АҚШ долларына жеткізу көзделуде. Қазір компания осы биіктерді бағындыру жолында жұмыс қарқынын арттыра түсті. Бұл үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығындағы өндірістік көрсеткіштерден де айқын аңғарылады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.
22 000
Жаркенттіктер осыншама гектарға дала аруын егіп, мол өнім алуды межелеп отыр
Жүгері – жаркенттіктердің мол тәжірибе жинақтап, өнім молшылығына негіз қалаған саласы. Ауданда жылдан-жылға дала аруының алқабы ұлғайып, үш жыл бұрын 17 мың гектар болса, биыл 22 000 гектардан асыпты. Жүгері алқабы жайқалып, күзде жақсы өнім алуға мүмкіндік бар екенін айтады мамандар.
Ауыл шаруашылығында аталған дақылға деген сұраныс жоғары. Сондықтан, гектар берекелілігін арттырып, минералды тынайтқыштармен қоректендіруге назар аударылса, жүгерінің қатар аралығын қопсыту, өңдеу жұмыстары қолға алынған. Оның сыртында минералды тыңайтқышпен қоректендіру жұмыстары жалғасып, биыл 15-16 мың гектарға 5 мың тоннадай тыңайтқыш берілуде. Диқандар жүгеріні өткізуде кедергі жоқтығын айтады. Өйткені, жүгері қабылдаушылармен алдын-ала келісім жасалған. Дақылдың биылғы шығысын бағамдағандар гектарынан 55 центнерден өнім алуды мақсат етуде.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.