Бұл дүниедегі ең үлкен бақыт – бір-бірін адаспай тапқан, бір-біріне сүйіп қосылған жандардың ұзақ жыл қол ұстасып ғұмыр кешуі де, байлық деген – сол сүйіспеншілік пен махаббаттың жемісі – ұл-қызыңның ат жалын тартып мініп, азамат болғанын көріп, шүкіршілік ету десек, жараспас па?!
...Сонау өткен ғасырдың 60-шы жылдары Ақмоланың көшесінде бұрымы бұлғақтап бара жатқан сұлу қызды көріп, жас жігіт тамсана қарап бөгелген. Жігітті көзіне де ілмей жанынан өте шыққан қыздың тілерсегіне түскен қап-қара қос бұрымы көзді арбаған. Ғайыпназарды еріксіз жолдан тайдырған... Жолдан тайғаны сол, кетіп бара жатқан бағытынан кері бұрылып, қыздың соңынан ерді. Жақындап тілдесуге батылы жетпей, қызға алыстан ілесіп отырған жігіт қалалық педучилищеге дейін келеді. Артына бұрылып та қарамастан ғимаратқа кіріп кеткен қыздың бір дерегін білгеніне қуанышты еді. «Демек, осында оқитын болды, көп болса 19-20-да болар. Шіркін, қандай сұлу қыз... Бірақ, қаланың қызы секілді, кім біледі...» Тәкаппар бойжеткеннің сыртынан тон пішіп қала берген ауылдың момын баласы сол күннен кейін қолы босаса болды, педучилищеге тартып кетіп, әлгі қызды торумен болды. Келе-келе батылы жетіп жақындап, бір-екі ауыз тілдесіп-танысуға қол жеткізді. Раушан есімді бойжеткен Қорғалжында туғанмен қалада өскен, расында да әке-шешесінің тұңғышы, еркін де ерке қыз екен. Қаладағы 7 жылдық мектепті бітіріп, педучилищеге былтыр түскен. Ғайыпназар да осал емес еді, торғайлық текті тұқымнан шыққан, Ахмет Байтұрсыновтың жиені, Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын инженер-гидротехник мамандығы бойынша бітіріп, Ақмола су шаруашылығы тресіне қызметке келген беті. Тікбақайлау көрінетін сұлу қыздың мысы басып, көпке дейін жолы болмай жүрді. Дегенмен, ақылды қыздың таңдауы біртоға мінезді, момын, бірақ ісіне мығым жігітке түсті. Бір жылдан кейін, 1961 жылы екеуі шаңырақ көтерді.
Бұл ғашықтық хикаясының кейіпкерлері бүгінде ортамызда. Қостанайда тұрады. Ғайыпназар Қойшин қырық жыл өмірін өзі туып-өскен Торғай даласының су шаруашылығын дамытуға арнады. Арқалық, Амангелді, Жангелдин аудандарының суландыру жүйелерін құруға қатысты, Торғайдың қияндағы ауылдарына дейін нуға айналдырған мыңдаған шақырымға су құбырын тартқан жанкешті еңбекте «Целинкрайводстрой» тресінің бас инженері Қойшиннің қолтаңбасы жатыр. 1980-86 жылдар аралығында «Союзцелинвод» тресінің Қостанай магистралдық су құбырларын пайдалану басқармасының бас инженері, кейін бастығы болып, көп жылғы тәжірибесі мен білім-білігінің арқасында жемісті еңбек етті. «Ерен еңбегі үшін», «Тың жерді игергені үшін» медальдарымен марапатталды. Қойшиннің еңбектегі осынау жетістігі мен тамаша ұйымдастырушылық талантын жоғары бағалаған Су шаруашылығы және мелиорация министрлігі оны, жергілікті мамандарды су саласына оқытып-үйрету үшін кешегі кеңес үкіметі тұсында төрт жылға, 1987-90 жылдар аралығында Йемен халықтық демократиялық республикасына жіберді. Қайтып келген соң республикалық су ресурстары комитетінің Қостанай облыстық бөлімшесін басқарып, зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті. Баяғы қолы зорға жеткен сұлу қыз, жарты ғасыр қол ұстасып қатар жүрген жан жары, айнымас серігі бола білген Раушан Жалмағамбетова алғашқы жылдары мектепте ұстаздық етті, кейін жоғары білім алып 20 жылға жуық «Кустанайгорсельпроект» жобалау институында, кейінгі 20 жылда «Кустанайпроект» жобалау-технологиялық орталығында еңбек етіп, бұл салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Табиғатынан қайсар мінезді, өткір жан құдай қосқан қосағымен Йеменге барғанда да қарап отырмай, қоғамдық жұмыстармен айналысып, жергілікті әйелдер кеңесін басқарды.
Ерлі-зайыптылар Ғарифолла, Ғабдолла, Қанат, Гүлжан, Гүлнар есімді бес бірдей ұл мен қыз өсіріп жеткізді. Мәскеуде оқып, француз жігітіне тұрмысқа шығып, Францияда тұратын Гүлжаннан басқа балалары жандарында, Қостанай мен Астанада, құдайға шүкір, бәрі де үйлі-баранды, балалы-шағалы. Елу жыл шәй деспеген ерлі-зайыптылардың қонақжай шаңырағы алыс-жақын ағайынның бас қосатын қарашаңырағына айналғалы қашан. «Қонақ күту, үй ұстаудың жөн-жосығын марқұм енемнен үйрендім. Ғажап жан еді, мені өле-өлгенше еркелетіп, жалғыз ұлдың жары деп басымнан кұс ұшырмай өтті...» деп тебірене еске алады Раушан апай. Есті қыз бекер таңдамаған екен, Ғайыпназар ағамыз қайын жұртына қадірлі күйеу, жарының артынан ерген сіңлісі мен інісіне ағадай қамқор болды. «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп қазекем бекер айтқан ба, құдайға шүкір, бала-шағаның арқасында қолдары ұзарған ерлі-зайыптылар бүгінде ара-тұра ел көріп, жер көріп дегендей, саяхаттап қайтуды әдетке айналдырған. Францияға екі-үш барып, француз құдаларының сый-сыяпатын көріп қайтты, олар да тайлы-таяғы қалмай талай келді. «Француз құдаларымыз біздің елді өте жақсы көреді. Өткен жылы тойға шақырып едік, қыз-күйеу, бала-шағасы, ата-енесі, олардың достары бар, сегіз адам болып бір-ақ келді. Бұл не деген кең дала, бай халық деп өлгенше таң қалып, армансыз балық аулап, қазы-қарта жеп, қымыз ішіп қайтты», деп күледі Ғайыпназар ағамыз. 2009 жылы баяғы бірге жұмыс істеген жылдары дос-жаран, аралас-құралас болып кеткен жолдастарының шақыртуымен Йеменге барып, ол жақтан Мекке, Мединаға тәу етіп қайтты. Айтпақшы, Ғайыпназар аға зейнетке шығып қолы босаған шақта баяғыдан арман еткен ісі – ел аузында жүрген шешендік сөздерді жинап, шежіре жазумен айналысып, сол еңбегін «Бәйтерек» деген танымдық-тәрбиелік кітап етіп шығарды.
Бір кезде шашын қымызбен жуған ерке қыз тағдырдың өзіне деген ең үлкен сыйы – бағына Ғайыпназардай жігітті жолықтырғаны деп біледі. Ғашық болып қосылған жарын аялаудан танбаған Ғайыпназар ағамыз да өзін «ақ жаулықтан» жолы болған жігіт қатарына қосады. Осыдан аттай елу жыл бұрын шаңырақ көтеріп ел қызығатын жарасымды жұп болған жандар, бүгінде жарты ғасыр өтсе де сол сүйкімді де сындарлы қалыптарынан таймай, әдемі қартаюда
Меруерт ЕСЕНИНА.