Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласында салынып жатқан метро құрылысы нысанында болып, тасымал қызметінің іске қосылу шарасына қатысты. «Абай» және «Жібек жолы» стансалары аралығындағы бағытты жүріп өткен Президент еліміздегі тұңғыш метро қызметінің алғашқы желісінің қосылар мезгіліне, қызмет көрсету сапасы мен азаматтардың қауіпсіздік шарасы секілді бірқатар мәселелерге назар аударды.
Осы жылдың шілде айында Алматы метросының алғашқы бағытына қатынайтын желіге темір жол рельстері төселген болатын. Президент Абай мен Төлебаев көшелерін қиып өтетін «Абай» стансасынан Гоголь мен Фурманов көшелерін қиып өтетін «Жібек жолы» стансасына дейінгі аралықты метро вагонында жүріп өтті. Сапар аяқталғаннан кейінгі журналистермен болған әңгіме барысында Мемлекет басшысы Алматы қаласы тәуелсіздігіміздің алтын бесігі екендігін айта келіп:
– Барлық істердің қайнар көзі осында, егемен Қазақстанның тарихы еліміздің осы нүктесінен бастау алады. Тәуелсіздігіміздің мерейтойына барша еліміз дайындалуда. Қазақстанның ырғақты экономикалық өсімі қайта түледі, еліміздің барлық өңірінде құрылыстар қызу жүргізілуде және дамып келеді. Біз қоғамда бейбітшілік пен келісімді нығайттық, азаматтарымыздың әл-ауқаты артты, – деді.
Одан әрі Елбасы Тәуелсіздігіміздің 20 жылын Алматы жақсы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен қарсы алып отырғандығына назар аударып, Алатау баурайындағы қалаға қатысты біршама деректерге тоқтала кетті.
– Он жыл ішінде – 2001 және 2010 жылдары Алматының жалпы өңірлік өнімі номиналды түрде 8 есеге артты, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Өнеркәсіп өнімінің көлемі нақты түрде осы жылдар ішінде 3,6 есеге ұлғайды. Соның ішінде, ерекше маңызды болып табылатын өнеркәсіп өнімін өңдеу сондайлық көрсеткішке өсті. 2001-2010 жылдары мемлекеттік бюджетке Алматыдан түскен түсім көлемі кемінде 6 есеге көбейіп, 127 миллиард теңгеден 757 миллиард теңгеге дейін артты. Қала маңызды саналатын мемлекеттік үдемелі индстуриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға белсенділікпен қосылды. Алматыда 2010-2014 жылдары осы бағдарламаға 16 жоба енгізілген. Оның ішінде 4 жоба 2010 жылы іске асты. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 3 кәсіпорын іске қосылды, 2011 жылғы екінші жартыжылдықта тағы 3 жоба іске қосылатын болады. Нәтижесінде тек 2011 жылғы бірінші жартыжылдықта қалада құны 205 миллиард теңгеден астам өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл 2010 жылдың тиісті кезеңінен 21,5 пайызға көп. Осы ретте Алматының республикалық көлемдегі үлесі бүгінде 2,7 пайызды құрайды. Биылғы жылы Алматы қаласының бюджеті 246 миллиард теңгеден астам қаражатты құрады. Алматылықтардың орташа айлық номиналды еңбекақысы шамамен 120 мың теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 7 пайызға артқан. Бұл қала барлық сала бойынша ырғақты дамуын жалғастыруда. Бүгінгі Алматы бұдан 20 жыл бұрынғы қаламен салыстырғанда, сапасы мүлдем өзгерген қала, – деп атап өтті Н.Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, барша қазақстандықтарға бейбітшілік пен келісім, әрбір отбасына құт-береке тіледі.
Рельстерді салғанда олар жаңа әдіспен монолиттік темір-бетон негізге қойылды. Жолдың үстіңгі қабаты – бүтін темір-бетон болып табылады. Ол жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жолды пайдалану мерзімін ұзартады. Аталған технология қазір тек Батыс Еуропаның жекелеген мемлекеттерінде қолданылады, ал ТМД аумағында тек Алматы метрополитенінде тұңғыш рет қолданылып отыр, – деп Елбасын құрылыс ісімен таныстырып өтті «Метрополитен» МКК директоры М.Өкшебаев.
Алматы метрополитенінің алғашқы кезегін биыл желтоқсанда, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай тапсыру көзделіп отыр. Бірінші желінің құрамына жалпы ұзындығы 8,56 км. болатын 7 станса кіреді.
Еске салсақ, Алматы метросының құрылысы 1988 жылы КСРО салалық министрліктерінің басшылығымен басталып, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылды.
КСРО-ның күйреуі метро құрылысын тежеп, қазылып қойған жерасты жолдарының қазандықтары қайта көмуге келмейтіндей күйде еді. Қаржы тапшылығынан метроның жекелеген нысандары ұзақ жылға тоқтатылып, кезең-кезеңмен қаржы салуды талап ететін күрделі жүйеге айналып келді. Бұған дейінгі жүргізілген жұмыстар тек метро құбырындағы қауіпсіздікті сақтап тұрумен ғана шектелді. 2005 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Алматыны 2010 жылға дейін дамыту бағдарламасын» бекітті. Оның ішінде метро құрылысы басым инвестициялық жобалар қатарында болды. Осы кезден бастап метро құрылысы қайта қаржыландырылып, барлық құрылыс-монтаж жұмыстарының 70%-дайы орындалды. Сонымен қатар қаланы дамытудың бас жоспарына сәйкес метрополитен құрылысын аяқтау және пайдалануға беруді үш желі бойынша кезең-кезеңмен іске асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта метрополитеннің бірінші желісі бірінші кезегінің құрылысы аяқталды. Райымбек даңғылында орналасқан метро Фурманов көшесі бойымен Абай даңғылына дейін, одан әрі бұрылыс жасап, батыс бағыттағы Гагарин даңғылына дейін бағыт алады. Бірінші кезеңнің ұзақтығы қос жолтабанға есептелінген 8,56 шақырымды құрайды және оған «Райымбек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», Байқоңыр», «М.Әуезов атындағы театр» және «Алатау» деп аталатын жеті станса қосылады. Алматы метрополитенін жобалау кезінде қаланың тау-геологиялық жағдайы, сейсмикалық және географиялық орналасуы қатаң есепке алынған. Жобаның жалпы ұзақтығы жерасты тауы арқылы 21,74 шақырымды құрайды.
Қанат ЕСКЕНДІР,
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.