Басылым • 01 Қаңтар, 2010

“Казахстанская правда” – 90

10621 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ БАЙЫРҒЫ БАСЫЛЫМЫ: Дүбірлі дәуіріміздің ірілі-ұсақты оқиғалары зымыран Уақыт таразысына тартылып, елеп-екшеле келе, тарих тәбәрігіне айналады емес пе. Егемен еліміздің байырғы басылымдарының бірі –“Казахстанская правданың” бастауында тұрған “Известия Киргизского края” газетінің сарғайған нөмірлерін қолыма алғанда ерекше бір күйге бөленемін. Аумалы-төкпелі төңкерістен кейін іле-шала азамат соғысына ұласқан сұрапыл жылдарда жалын жұтып, от шайнаған жаңа заман жаршылары – газет кейіпкерлерімен емен-жарқын әңгімелесіп, сұхбат құрғандай боламын. Қорғасын әріптермен өрілген көмескі жолдарда Замана шежіресі хатқа түсірілген. Бұл шежіреге де, міне, тоқсан жыл толып отыр.

“Казахстанская правда” – 90

Тоқсан жыл. Бұл – адамзат тарихы үшін қасым-қағым сәт бол­ғанымен, ел шежіресінде, қоғам­дық сана жадында қатпар-қатпар кезең­дердің тоғысы сана­латын тұтас бір дәуір. Ал әрбір парағы Тарих мөрі­мен куәландырылатын басылым үшін бұл мерзім толысу, марқаю белесі, жаңғыру, жаңару баспалда­ғы іспетті. Дала қостары мен зауыт цехтарында қойын дәптеріне сараң цифрларды түсіру үшін мыңдаған шақырым жолды артқа тастап, замандас бейнесін сомдаған газет публицистерінің шығармашылық ізденістері журналистердің бүгінгі буыны үшін де үлгі-өнеге болып табылады.

Жалпыұлттық басылым – “Ка­зах­станская правда” газеті әрдайым халықтың сөзін сөйлеп, елдің пікірін білдіріп келеді. Газет пен оның қызметкерлері, көсемсөз­ші-журналистер от-жалынды азамат соғысының қиын-қыстау жылда­рында да, ел басына күн туып, ер-азамат толарсақтан саз кешкен Ұлы Отан соғысы тұсында да, тусыраған тың және тыңайған жерлер игері­ліп, ел игілігіне айналғанда да, Қазақ­стан Магниткасында балқы­тылған болат пен шойын қазіргі заманғы индустрия қабырғасын қалағанда да өз оқырмандарымен бірге болып, қуанышы мен қайғысын бөлісе білді, сенімді серігіне айналды. Міне, сондықтан да отандық журналистиканың өткені мен бүгінін зерделеп жүрген тарихшы-ғалым ретінде мен “Казахстанская правданың” қаз тұрып, қалыпта­суын, кемелденуін еліміздің тари­хы­мен тікелей, тығыз байланыста қараймын.

“Казахстанская правда” – “ұлттар достығы лаборато­рия­сына” айналған еліміздің көптілді журналистикасының көшбасшысы, орыс тіліндегі баспасөздің қара шаңырағы болып табылады. Газет “шинелінен” Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ бүкіл ТМД кеңісті­гінде де аса танымал қаламгерлер шоғыры тәрбиеленіп шықты. Газет елмен бірге есейді. Егіздің сыңары іспетті “Егемен Қазақстан­мен” бірге береке-бірліктің, достық пен ынтымақтың бастауы болды. Шығармашылық үрдісі, талант табиғаты бір арнадан бастау алатын осынау екі басылым да ел тарихын­дағы елеулі кезеңдерде Қазақстан­ның бас қалалары – Орынборда, Қызылордада, Алматыда шығып келді. Енді, міне, жұбы жазылмай Астанада жарық көруде.

Басылым­дардың тасқа басылған газет жол­дары арқылы жазылған ғасырға жуық тарихы зейінді зерттеуші­лердің талай буынын қызықтырары сөзсіз. Басылым “Казахстанская прав­да” аталғанға дейін тарихи кезең­дердің табы басылған бірнеше аталымды иеленді. Еліміздің алғашқы астанасы – Орынборда “Известия Киргизского края” деген атпен шыға бастаған өлкелік газет 1921 жылы “Степная правда” болып өзгерді. 1923 жылғы 20 қарашадан газет “Советская степь”, ал 1932 жылғы ақпаннан бері “Казахстанская правда” деп аталып келеді. Осы орайда мынадай бір шегініс жасау керек сияқты. 1918 жылы Қазақстан аймақтарында қазақ және орыс тілдерінде оннан астам газет шығып, олар бүгінгі бір­қатар облыстық газеттердің негізін қалады. Алайда, Орынборда Кирревком құрылғаннан кейін ғана республикамыздың басты басылымдарын құруға қол жетті. ...

Газет тігінділерін ақтарып отырған зерделі зерттеуші бір сәт тарих тылсымдарына бойлап, зама­на дем алысын сезінгендей болады. “Советская степьтің” уақыт табы сіңген сарғайған беттерінен сіз Мате Залканың (Бела Франкль, генерал Пауль Лукач – бәрі де осы кісі), Ұлы Отан соғысы жылдарын­да қоршаудағы Ленинградтың символына айналған Ольга Берг­гольцтің, ұлы Жамбыл жырларын орыс тіліне аударған майталман тәржімашы, “Правданың” арнаулы тілшісі, Панфилов дивизиясының “За Родину” газетінің редакторы Павел Кузнецовтың, белгілі кеңес публицистері Павел Рогозинский мен Сергей Крушинскийдің қолтаңбаларын көре аласыз. Ұлы Отан соғысының отты жыл­дарында Самуил Маршак, Ми­хаил Зощенко, Кукрыниксы, Сер­геев-Ценский, Ольга Форш, Конс­тантин Симонов, Алексей Толстой және басқа атақты кеңес ақын-жазу­шылары мен суретшілері газет­пен тығыз байланыс жасап тұрды.

Сондай-ақ, қазақстандық қа­лам­гер­лер де басылыммен тығыз қа­рым-қатынаста болды. Әбу Сәрсенбаев­тың, Құрманбек Са­ғын­дықовтың, Бауыржан Момыш­ұлы­ның, Дмитрий Снегиннің, Мәлік Ғабдулиннің, Сырбай Мәуленовтің, Тәшібай Әлмағамбетовтің, Ғазез Әбішевтің, Жұмағали Сайынның, Сағынғали Сейітовтің, Жұбан Мол­дағалиевтің әскери әңгімелері, очерктері, өлең-жырлары газет төрінен орын алды. Басылым отаншылдық рухты, патриотизмді тәрбиелеуге зор маңыз берді. Жамбыл Жабаевтың, Мұхтар Әуезовтің, Қаныш Сәтпаевтың, Сергей Михалковтың, Константин Паустовскийдің, Ғабит Мүсіреповтің, Сәбит Мұқановтың, Қайнекей Жармағанбетовтің жалынды көсемсөздері майдан мен тыл қаһармандарына жігер беріп, ерлікке үндеді. Бейбіт кезеңде еңбек көрігін қыздырған “казправдалықтар” жа­сампаз еңбектің алдыңғы сапынан көріне білді. Белгілі қаламгерлер Ф.Боярский, Ф.Михайлов, П.Ко­сенко, Н.Анов, О.Мацкевич, Ф.Иг­натов, Н.Шевцов, И.Держиев, К.Ким, М.Полторанин, Ю.Кукуш­кин, М.Барманқұлов, Б.Ғабдуллин, С.Ягмурова және есімдері осы тізімге енбей қалған өзге де талант­ты қаламгерлер шығармашылық ізденіс көкжиегін кеңейтіп, дәуірдің публицистік бетбейнесін қалыптастырды.

Басылымның 80 жылдық мерейтойына орай 1999 жылы “Это нашей истории строки” атты кітап өмірге келді. Оның алғысөзінде “еліміздегі бірден-бір жалпыұлттық басылымның толық шежіресі әлі күнге дейін жасалған жоқ, тіпті жұқа кітапша да жазылмады” делінген болатын. Расында да, “Казахстанская правда” жөнінде көп айтылып, жазылып жүрсе де, басылым тарихы зерделенетін толыққанды еңбектің әлі де өмірге келмегені шындық. Дегенмен... Өткен жылғы қара­шада Қазақстан Журналистика ака­демиясы “Алтын Самұрық” атты жалпыұлттық журналистика сый­лы­ғын “казправдалықтардың” қан­жығасына бүтіндей байлады (бұдан сәл ертерек ол газеттің бұ­рын­ғы бас редакторы Федор Про­копьевич Михайловқа бұйырған еді).

Жүздеген басылымнан тұратын еліміздің бұқаралық ақпарат нарығында бағыт-бағдарын нақты айқындап, оқырман ықыласына бөлену оңай шаруа емес екені өзінен-өзі түсінікті. Ал республика билік органдарының үні болу газетке ерекше жауапкершілік жүктейді. Ақиқаттың ақ жолынан табыла отырып, кері тартқанды бері тартуға тура келетіні де жасы­рын емес. Басылымның басты бағ­да­ры жасампаздық өркендеу, тату­лық пен достық, ынтымақтастық бағыты болып табылады. Тоқсан жылдық шығармашылық мұратына берік “Казахстанская правда”, міне, сондықтан да Отанымыз бен шетелдердегі миллиондаған оқыр­мандардың сүйікті газетіне айна­лып отыр. Мерейлі мерекелеріне зор шы­ғар­машылық табыстармен, тарал­ғылы тартулармен келген әріптес­терімізге “жазар көбейсін!” дегіміз келеді.

 

Сағымбай ҚОЗЫБАЕВ,

Қазақстан Журналистика академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы.