05 Тамыз, 2011

Рәміздер мәртебесі биік болсын десек енжарлықтың орнына, ел-жұртқа мақтана айтып, шаттана көрсететін мысалдарды көбейтелік

957 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Еліміздің мемлекеттік рәміздерін құрмет­теу, насихаттау, пайдалану және қолдануда атқарушы органдардың атқарып отырған жұ­мыстары нешік? Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рә­міздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы №258 Конституциялық заңын жүзеге асыру мақсатында облыс тұрғындары мен қонақ­та­рына: «Біздерде мынадай бар, мынадай бар», деп жария етердей қандай жарқын мы­сал­дары бар олардың? Үлкен өкінішке қарай, облыста мемлекеттік рәміздердің беделін асқақтата көтерудің орнына, оны тым қораштандырып отырған мемлекеттік мекеме басшылары жетерлік. Мысалы, Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған комиссия мүше­лері тексеру жүргізген 404 мемлекеттік меке­менің 231-і еліміздің мемлекеттік рәміздерін құрметтеу, насихаттау, пайдалану және қол­дануда ірілі-ұсақты көптеген кемшіліктерге жол бергені анықталды. «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңның 4 және 6-баптарында «Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба мемлекеттік органдардың, жер­гілікті өкілді және атқарушы органдар­дың, мемлекеттік ұйымдардың ғимаратта­рында міндетті түрде орналастырылады» деп, тайға таңба басқандай жазылған. Бірақ бұл талапқа облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасы, экологиялық реттеу және бақы­лау комитетінің Шу-Талас экологиялық департаменті бас ауыртып, ми ашытпаған сықылды. Еріншек басшыларды үнемі етектен тартып жүретін енжарлық пен нем­құ­райдылық, «Ел тыныш, жұрт аманда жау шаптыға басатындай мұнда тұрған не бар?» дегенге келетін жауапсыздық пен сауат­сыз­дықтар санай берсек, мұнымен бітпейді екен. Облыстың қорғаныс істері жөніндегі де­партаментінің басшысы да өзі отырған ғи­маратқа Мемлекеттік Ту орнатуды бұлжымас заң деп санамапты. Ал мемлекеттік рәміз­дерді тексеру комиссиясы мүшелері облыс бойынша қазынашылық департаменті, облыс­тық орман және аңшылық шаруашылығы ау­мақтық инспекциясы, облыс бойынша бақы­лау және әлеуметтік қорғау департаментінің ғимараттары маңдайшаларына ары қарап, бері қарап Мемлекеттік Елтаңбаны таба алма­ған. Төл отанын, оның Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын құрметтейтін намысқой басшы қызметіне келе жатып әуелі ғимарат үстіндегі Туға, одан кейін мекеме маңдай­ша­сындағы Елтаңбаға қарап, тәубе демей ме?! Жиырма метр биіктікке жуықтайтын көп­қабатты (2, 3, 4 және 5) ғимараттарда Мемлекеттік Елтаңба соңғы қабаттың жабу деңгей­інде диаметрі 1 метрден 1, 5 метр аумаққа орналастырылады. Ал аталған мекемелерде Ел­таңбаны орнатуға лайықты орын бар. «Сонда еліміздің ең басты рәмізінің бірі – Елтаңба орнатуға аталған мекемелерде қаржы тапшы болып отыр ма, әлде басшыларының құлқы болмай отыр ма?» деген сауал туын­дайды. Ал Тараз қалалық сот ғимаратына орнатылған Мемлекеттік Елтаңба стандартқа сәйкес келмейтін болып шыққан. Күні бойы заң талаптарымен жұмыс істейтін мекеме басшысының өзі заң бұзып отырса, басқа­ларға не жорық! Сондай-ақ мемлекеттік са­ни­тарлық-эпидемиологиялық қадағалау ко­ми­те­ті­нің Тараз қаласы бойынша басқарма­сының ғимаратындағы Мемлекеттік Елтаңба да стан­­дартқа сәйкес емес, ал маңдайша­сындағы Ел­таңба... сынып, жыртылған. Жыртылған де­­мекші, Тараз қалалық ішкі істер басқар­масы мен № 3 Тараз қалалық полиция бөлі­мінің ғимараттарына орнатылған Мемлекеттік Ту­лар­дың да тозығы жетіп, жұлым-жұ­лымы шы­ғыпты. Ал облыс әкімдігінің құры­лыс, жо­лаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ғимаратына орна­тыл­ған Мем­лекеттік Елтаңбаның өлшемі дұрыс емес. Аудандардағы жағдай бұдан да көңілсіз. Мемлекеттік Ту мен Елтаңба Қордай ауданы­ның Бетқайнар ауылдық округі әкімдігінің, Қордай ауданы әкімдігінің қаржы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім беру, дене шынықтыру және спорт бөлім­дерінің, Талас аудандық әділет басқармасы­ның ғимараттарында мүлдем орнатылмапты. Ал Жуалы аудандық қазынашылық басқарма­сы, Жуалы ауданы әкімдігінің қаржы бөлімі, Қордай ауданының Қақпатас ауылдық округі, Талас ауданының Берікқара және Үшарал ауылдық округтері әкімдерінің ғимаратта­рын­да, Жамбыл ауданы әкімдігінің жер қа­тынас­тар бөлімі бастығының кабинетінде Мемлекеттік Елтаңба орнатылмаса, Т.Рысқұ­лов ауда­ны әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеумет­тік бағдарламар бөлімі, облыстық соттар әкім­шісі Т.Рысқұлов аумақтық учаске­сі­нің ғима­ратында Мемлекеттік Ту мүлде бол­маған. Тексерушілер өз көздеріне өздері сенбейтін сора­қы жағдайларға да тап болыпты. Мысалы, Жуалы аудандық әділет басқар­масының ғима­ратына екі Мемлекеттік Ту ор­натылыпты. Комиссия мүшелері анықтай келсе, бір ғимаратта әділет басқармасы мен ха­лыққа қызмет көр­сету орталығы орналасқан екен. Еліміздің Мемлекеттік Елтаңбасын бір және көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде сәулеттік ерекшеліктер ескеріліп, өлшемдері қатаң сақ­талуы керек, дейді комиссия мүшелері. Алайда, Т.Рысқұлов аудандық ішкі істер бөлімі, Жуалы аудандық сот, Талас ауданы әкімдігі білім беру, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ғимараттарына орнатылған Мемлекеттік Елтаңбаның өлшемі талапқа сай бол­маған. Байзақ ауданының Мырзатай ауылдық округі әкімінің ғимаратында орнатылған Мем­лекеттік Елтаңбаның өлшемі 1 метрден 1, 5 метрге дейін болу керек болса, ал орна­тылған Елтаңбаның өлшемі 500 мм. болып, көзге өте қораш көрініп тұр дейді. Мемлекеттік Тудың тозуы, уақтылы ауыс­тырылмауы, оның қолданылуындағы көпте­ген сауатсыздықтарға жол беру деректеріне келсек, Жамбыл ауданының Айша бибі ау­ылдық округі, Байзақ ауданындағы Жалғыз­төбе ауылдық округі, Жуалы ауданының Ақтөбе ауылдық округі әкімі аппараты, аудан әкімдігінің білім беру, дене шынықтыру және спорт бөлімі, Талас ауданының Тамды ауыл­дық округі, Шу аудандық салық басқармасы, Меркі ауданының Т. Рысқұлов ауылдық округі, Т. Рысқұлов аудандық прокуратура мен ау­дандық соттың ғимараттарына тігілген Мемлекеттік Тулардың әбден тозығы жетіп, жыртылған. Ең сорақысы, ел Тәуелсіздігіне жиырма жыл толса да, көптеген мемлекеттік мекемелерде күні бүгінге дейін стандартқа сәйкес емес Мемлекеттік Елтаңбалар пайдала­ны­луда. Мысалы, Қазақстан Республикасы Үкі­метінің 2007 жылғы 1 қазандағы № 862 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік стан­дарт­қа сәйкес келмейтін Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою ережесіне» сәйкес стандартқа сай келмейтін Мемлекеттік Ту мен Елтаңба бір жұмыс күн ішінде ауыстырылу керек және оларды қайта пайдалану мүмкіндігін болдырмау мақсатында олар­ды өртеу, балқыту, 2, 5 шаршы санти­метр­­ден аспайтын мөлшерде майдалап бөл­шек­­теу, ұсақтау, ұнтақ күйге айналдыру қа­жет екені белгілі. Әйтпеген күнде Мемлекеттік Тудан тиын үнемдейтін кейбір шенеуніктер оларды қайта қажетке жаратудан тартын­бай­ды. Мысалы, еліміздің ескі көкбай­ра­ғы­мен қоқыс тасып жүргендердің қайбір жылы фо­тонысанаға ілігіп қалғаны бар екенін ескерсек, мұндай сорақылықтардың тағы да қай­­талану мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Жауапсыздық дейміз бе, сауатсыздық дейміз бе, комиссия мүшелері Меркі ауданын­дағы № 4 орта мектепте Мемлекеттік Ту соң­ғы салтанатты жиыннан кейін (арада 2 күн өткен) түсірілген бойы жерде жатқанының үстінен түсіпті. Ғимараттың сыртындағы жа­ңадан жасатып ілінген мемлекеттік рәміздер­дің реттілігі де сақталынбапты. Мектеп директоры, оның орынбасарлары сонда екі күн бойы қайда қарап отырған? Мемлекеттік рәміздердің реттілігі дегенді білмейтін немесе білуге тырыспайтын бас­шылар да баршылық екен. Ел Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы № 873 қаулысымен бекітілген ережеге сәйкес («Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні мәтінін орналастыру ережесі») мемлекеттік рәміздер бейнелері бар стенділер (плакаттар) салтанатты іс-шаралар өтетін көпшілік назарына қолжетімді жерлерде орнатылуы және орналастырылған кезде мемлекеттік рәміздер бейнелерінің бірдең­гей­лі орналастырылуының сақталуы және олар­дың орналасу реті: Ту, Елтаңба, Гимн болып келуі тиіс. Алайда, Байзақ ауданының Түй­ме­кент, Көктал ауылдық округі әкімінің аппа­рат­тарында, халыққа қызмет көрсету ор­та­лығында, Шу аудандық қазынашылық бас­­қармасы, Шу аймағы бойынша аудан­ара­лық қаржы полициясы басқармасы, аудан­дық салық басқармасы, Көкқайнар селолық округі, Қордай ауданының Сұлутөр, Үлкен Сұ­лутөр ауылдық округтері аппаратында, Са­ры­су ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы, тұрғын үй, комму­нал­дық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінде мемлекеттік рәміздер бейнеленген стендтер талап­қа сай емес, яғни орналасу реттілігі сақта­лынбаған. Байзақ ауданы Жалғызтөбе ауылдық округінде сыртқы көрнекі құралда бейнеленген мемлекеттік рәміздер стандартқа сай салын­баған. Меркі ауданының Сармолдаев ауыл­дық округінде мемлекеттік рәміздер бейне­лен­ген ескі стенд 2 жылдан бері ауысты­рылмапты. Мынандай шындық та бар. Мы­салы, мемлекеттік рәміздерді құрметтейтін мекеме басшы­лары мемлекеттік рәміздер бейнеленген стенділер, плакаттарға тапсырыс берген кезде оны тек рұқсаты (лицензиясы) бар кәсіпорын­дар­дан ғана сатып алуы керек. Бірақ кейбір ба­с­шылардың бейнелеу өнері мен ереже талапта­ры­нан хабары жоқ әуесқой суретшілердің арзан бағасына мәз болып, сан соғып қала­тын­дары өтірік емес. Ал дана халық «Арзанның сорпа­сы татымас» деп бекерге айтпаған. Мемлекеттік Ту сабының басындағы ұш­тыққа аса мән бере бермейтін енжар бас­шы­лар да кездеседі екен. Мәселен, Байзақ ауда­нының Түймекент ауылдық округі әкімі кабинетінде және аудандық АХАЖ бөліміндегі Мемлекеттік Туда екі ұштық пайдаланған. Мемлекеттік рәміздерді тексеруге барған комиссия мүшелері бірінің үстіне бірін қадап қойған ұштықтарды көріп, көздері шара­сынан шыға жаздапты. Сондай-ақ Т.Рысқұлов аудандық сот кабинетінде, мәжіліс залын­да, Талас ауданының Тамды ауылдық әкімнің кабинетінде орнатылған Мемлекеттік Туларда мүлде басқа ұштықтар пайдаланыл­ған. Ал бұл масқаралыққа қалайша жүйке жұқармас­қа, жан ауырмасқа? Мемлекеттік мекемелердің аты жазылған үйлердің жоғарғы бөлігінің ортасына ережеге сәйкес және жазудың өлшемдеріне байланыс­ты 120 мм-ден бастап 200 мм-ге дейінгі диаметрде Мемлекеттік Елтаңба орнатылуы тиіс екен. Алайда, Мойынқұм ауданы әкімдігі мә­де­ниет және тілдерді дамыту бөлімі, Шыға­нақ орта мектебінің, Меркі ауданындағы орта мектептердің басым көпшілігінде, Жуалы ауданының Қошқарата ауылдық округі әкі­мінің ғимараттарындағы маңдайшаларда Мем­лекеттік Елтаңба мүлде жоқ болып шық­қан. Ал Шу аудандық ішкі істер бөлімінің маңдайшасында «Қазақстан Республикасы» деген жазудың ортасына еліміздің Мемлекеттік Елтаңбасының орнына... о, тоба, ҚР Ішкі істер министрлігінің эмблемасының (?!) суреті салыныпты. Сауатсыздықтың бұдан асқан «үлгісі» болмас енді. Ереженің 5, 17-тармақтарының талабы бойынша мемлекеттік ғимараттарға тұрақты тігілген (орналастырылған) Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаға тәуліктің қараңғы мезгілінде үнемі жарық түсіп тұруға тиіс. Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін облыс орталығы – Тараз қаласы мен аудан орталықтарында бұл талап толық орындалмай отыр. Мемлекеттік рәміздерді орналастыру ережесіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар­дың веб-сайттарында еліміздің Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасының бейнелері міндетті түрде орналастырылады және олардың бір­деңгейлілігі, орналасу реті: Ту, Елтаңба, Гимн болу керектігі көрсетілген. Бірақ тиісті бас­қарма тарапынан мемлекеттік мекемелердің сайттарына бірнеше рет талдау жүргізіліп, барлық әкімдер мен басқарма басшыларына кемшіліктерді жою жөнінде тиісті хаттар жолданғанына қарамастан кемшіліктер түзетілмей келеді. Жақында облыс әкімінің қатысуымен өт­кен алқа мәжілісінде мемлекеттік рәміздерге қатысты осы айтылған кемшіліктер кеңінен сөз болып, облыс басшысы аталған кемшіліктерді қала, аудан әкімдерінен тез арада түзе­туді талап етті. Тапсырманы қатаң бақылауды құзырлы мекеме басшыларына міндеттеді. Де­генмен, мемлекеттік рәміздердің мәртебе­сін биіктетіп, оны мақтана айтып, шаттана көрсететін істерді ұйым­дастыруда облыста әлі де көп жұмыс атқарылуы керек. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.