06 Тамыз, 2011

Мараттың күлкісі

558 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Кәсіби газетшінің қызметі – бітіп болмайтын тірлік. Қазір ға­на бір тапсырманы орындап бол­саң, келесісі кезек күтіп тұрады. Газет дегеннің өзі күнделікті шы­ғатын дүние болғандықтан оның жұмысы қауырт та шаш-етектен. Ал енді оны тартымды қылу, көрнекті етіп жасау, оқырман та­лабынан шығу, сондай-ақ газет құрылтайшысының алға қойған міндеттерінің үдесінде болу секілді талаптарды ескерсек, шы­­ғар­машылық жұмыс дейтін жур­налистикамыз бұрындары ай аяғында арпалысып жататын өн­ді­рістен аумай қалатын-ды. Сол қазандай қайнап жататын газет «өндірісінің» бел ортасында жүрген жанның бірі – Марат Аққұл. Өйткені, «СҚ» мен «Егеменде» өткен бүкіл саналы ғұ­мырын сөз еткелі отырған ол бірі 37 жыл, екіншісі 38 жыл бір орын­да тапжылмай жұмыс істеген атақты журналист-жазушы, белгілі сатирик ағамыз Балғабек Қыдырбекұлы мен зейнет де­м­алы­сына шыққанша ауылдан кеше ғана келген кішкентай сары қыздай болып жүр­ген мәшің­кеші апайы Шолпан Текеева секілді газеттің еңбек то­рысы. Рас, 1968 жылы мектеп бітіргеннен кейін тиіп-қашып мал баққанын, құрылыс салғанын, одан әскерге барғанын айта кетуіміз керек. Содан бергі өмірін Марат Аққұл биылғы жылдың сегізінші айының сегізінде есігін ашатын алпыс жастың 37 жылын осы «Егеменде» өткеріпті. Аман­шылық болып, зейнет жасына дейін қызметін жалғастырса, «Егемендегі» қырық жылым» деп әңгіме қозғаса жарасып тұрмақ. 1984 жылы болуы керек, Мә­кең республикалық жоғары партия мектебіне оқуға түсті. Оның жүріс-тұрысынан бастап, әрбір сөзіне дейін әңгімеге айналды­руды ұнататын, секретариаттағы Әз-ағам, Әбді-Әзиз Алдабергенов екеуміз енді оған ауызша, сөз жүзінде қызмет іздеп әлек бол­дық. Аупарткомның немесе об­комның нұсқаушылығы тақия­сына тар келетіндей, бірден ЦК-ның насихат бөлімінің меңгеру­шілігін, сосын барып хатшы­лығын қолай көріп, қайраткерлер қатарына қосып жібердік. Бәрін қолымен қойғандай жасаймыз да, бітпей қалғаны сол секілді, Мә­кеңнің алпыс жылдығында ұзақ жылдар «Егеменнің» секре­тариа­тында қатар отырып, бірге жұмыс істеген әріптес досы ретінде Әбді-Әзиз естелік жазатын бол­ды. Жетпіс жылдығы менің еншіме тиіп, бұл әңгімемізді мәшің­кеші апайлардың бірі естігенде: «Сол әдірем қалғырдың жазатын қай сиқы бар?» деп біраз күл­діргені еске түседі. Тағдыр шір­кіннің Мараттың алпыс жыл­дығына Әз-ағамсыз жеткізгенін көрмеймісіз... Сонымен жаңағы сұрақ менің алдыма кесе көл­денең тартылғаны, шынымен-ақ Марат туралы жазатындай қай сиқы бар екен? Жалпы жұмысы қиын, күр­делі ресми газетте бәленбай жыл қызмет істеу ілуде біреудің қо­лынан келетін болса керек. Ал Мараттың тапжылмай «Егеменде», оның ішінде от пен судың арасында жүргендей болатын сек­ретариатта істегеніне ширек ға­сыр болса, жалпы газеттегі өтілі қанша екенін жоғарыда айтып өттік. Нақтысын айтқанда, Марат нағыз «СҚ» мен «Егемен» үшін жаратылған жандай. Әйт­пе­се осы «қай сиқы бар» дейтін жі­гітіңізді жарнама ісі жолға қо­йылып, түр­лі фирмалар өз мәтін­дерін өздері қазақшалай баста­ған­да біраз жер аудармашылық жұмысқа шақыр­ды. Жалақылары да бізден тәуір еді. Бармады, «Егемендей» ұжым қайда бар дейсіз», деді. Ал редакция үшін орысшасының өзі жүр­дім-бар­дым әзірленіп келетін жар­нама мәтіндерін бір ізбен әзір­леу Маратқа жүктелгені тиімді бол­ды. Бұрындары кейде жа­тық аударылмау салдарынан кетіп жататын орашолақтық пен дәл­сіздіктерге байланысты дау-дамай тыйылды. Мәкеңнің партия мек­тебін бітіргенде бір тапқаны орысшадан аударуды жетік мең­гергені еді. Бірбеткей турашылдығы жө­ні­нен Әз-ағам екеуміз Маратты ұзақ жылдар редакция меңге­рушісі болған майдангер Мағзом Көшеков пен жастардың жақсы жанашыры Балғабек Қыдыр­бек­ұлы ағасынан кейінгі үшінші орынға қоятынбыз. Редакция жұ­мысында сондай қасиеттің ай­рық­ша қажет жерлері бар, әсіресе секретариатта. Бұрын «СҚ»-ға, кейін «Егеменге» шыққысы келетіндер де, бір таныстарының мате­риа­лын тықпалайтындар да аз бол­майтын. Мұндай кездерде: «Жос­парда жоқ дүниені айтпаңыз», деп қарап отыратын Мараттың бірбеткейлігі болмаса, газеттің берекесі кетер еді. Кейін білсек, Марат ту­ғанынан-ақ сондай екен. Әкесі Тыныстан да, атасы Аққұл да туа бітті қиқар болған көрінеді. «Мы­нау қызыл шақам қызылдардың ортақшылы бол­май-ақ қойсын», деп құндақтаулы Тыныстанды коллективтендіруден құтқармақ болған Аққұл шал біраз туыстарымен бірге Қырғызстанға қашса: «Әй, қазақ, қырғыздың тілін менсінбеуші едің, енді мына тұң­ғышыңның тілі қырғызша шықпа­ғанда қайтеді», деген қырғыздар­дың мазағына шыдамай, ширек ғасырдай үйренісіп кеткен қырғыз ауылынан бір-ақ түннің ішінде екі жасар Маратын көтеріп, Мараттың және соның артынан Қазақстанда, қазіргі Қарасай ауданының Жар­мұхамбет ауылында дүниеге келген бес қарындасы мен төрт інісінің анасы Күләйханды ертіп, жөнеліп берген екен Тыныстан қазақ. Сол Тыныстан ақсақалдың Ма­рат­тың айтқанына көнбей, Ас­танаға көшіп бара жатқан «Егемен­нің» қызметкерлерін шығарып са­луға бір автобус туған-туыстарын бастап келгені бар. Бұл оқиғаны біздің жас жігіттер: «Мәкең ауған соғысына кетіп бара жатқандай, бүкіл ауылы шығарып салуға келіпті ғой», дескен. Қарияның бұл әре­кетін көшімізді бастап бара жатқан Шерағаң дұрыс бағалады. «Марат­тың әкесі сұңғыла екен, – деген еді ол кісі. – Мына көштің елдің бүгі­ніне ғана емес, ертеңгі тағдырына да жақсы әсері боларын түсініп келген ғой. Әй, Тыныстан қариядан басқа қазақтар қайда қалыпты газетті бағаласа? Марат, әкеңнің келісін қыңырлыққа емес, көрегендікке балағаның жөн». Мараттың жақсы мағынасында­ғы қағидатшылдығы туралы айт­қанда оның, мектеп қана бітірген қарапайым ауыл баласының Сі­бірдің бір түкпіріндегі қалың тай­ганың ішінде сотталған­дарды күзе­тетін бөлімде қызмет атқарға­нын, әскерді аға сержант шенінде аяқта­ғанын атақты фототілші Алашы­бай­дан естігенде таң қалғанбыз. Ал Мәкең мен Алағаң екеуі жақсы дос­тар еді. Пәтерде бірге тұрған. Алағаң алдымен оның тазашыл­дығы туралы айтқан. Бы­лай қара­ғанда, қитабан шаруа ба­ласы, өзінің жүріс-тұрысы да жетісіп тұрған жоқ, сонысына қарамай тазашыл, бөлмені айнадай жарқы­ратып ұстайтыны, киімдерін де өзі жуып, үтіктейтіні жөнінде әдемілеп әңгімелеген. Сол әңгіменің соңын­да ол Мараттың бөлмеге кездейсоқ кіріп кеткен шыбынды қалай аңдып жүріп «ұстайтынын» қимылға сала­ды. Алағаң оң қолын алға қарай сәл созып біраз тұрады. «Осылай шы­бын екеуі аңдысады дейсің. Содан бір кезде, ал Мәкең өте мерген, алақанымен шыбынды сарт еткізеді. Бір сәт үнсіздік, бір кезде шы­бын дыз-з деп шолақ аты жоқ саусақтың ашық жерінен ұшып кетеді», дейді де шыбын шіркіннің қай жерден ұша жөнелгенін көрсетеді. Содан ол саусақтың неге шолақ болғанын сұраймыз ғой. Манадан бері бәрімізді мәз қылып тұрған Алашыбай байсалды қалып­қа көшіп, Мәкеңнің әскердегі жетістіктері жөнінде әңгімелеген. – Сіз ғой үш рет университетке документ тапсырдыңыз, сауатыңыз біраз болса да түсе алмаған соң әс­керге кеттіңіз. Үш жыл морфлотта служить еттіңіз. Сондағы жет­ке­ніңіз старшина второй статьи, кіші сержант. Ал Мәкең,.. – деп дау­сын сәл созған Алағаң әңгімесін әрі қа­рай салтанатты тұрғыда жалғас­тырады. – Ал Мәкең енді болғанда старшина шенін алғандай екен. Қарама­ғын­дағы жас солдаттың аң­даусызда қаруын тартып алған сот­талған қарақшы қашпақ бопты. Оның жолын Мәкеңнің кесуіне тура келген. Саусағынан жараланға­ны­на қара­мастан, қарақшыны ұстаған. Кейін осы жөнінде «Егемен­нің» бір қызметкеріне айтқанында ол: «Тәуелсіздік алмағанымызда Марат сияқтылардың жолы бол­ғандай екен», дегені. Кім білсін, маған олай емес секілді. Тәуел­сіздіктің орнығуы осы Марат сияқты миллиондаған қарапайым адамдардың өз ісін мүлтіксіз, «бірбеткей турашылдықпен» орын­­дауының арқасы болса керек. Бірде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың орысша мәтіндегі бір сөзінің қазақша нұсқасын таба алмай, Әз-ағама барғанмын. Көбі­міз мұндай жағдайда оның кө­мегіне жүгінетінбіз. Жұмысқа келе қоймаған екен, бұйымтайымды Маратқа айтқанмын. Сәл ойланып отырды да былтырғы жылғы Жол­дауының қай тарауынан қарау керектігін айтты. Дәл солай болып шықты. Кей кездері менсінбей қарайтын Маратыма разы болғаным сондай, біраз уақыт өткен соң кабинетіме шақыртып, Елбасының түрлі тақырыптар бойынша айтқандары жөнінде пікірлескенмін. Әбден рахаттан­дым, өзімді білгіш санайтыным бекер екен. Содан Марат жөнінде жаңаша бір пікір түйіп жүрге­німде жарнама секторының мең­герушісі болып істейтін ол қатты науқастанды. Екі-үш рет пышаққа түсті. Түрін көргенде аяп кеттім. Шынымды айтайын, кетіп қалар деп едім. Сонда Тыныстан қарт­тың: «Оны алғанша, мені-ақ ал», деп құдайға жалбарынғаны ту­ралы естігенмін. Қарттың ниеті ақ екен, былтыр марқұмды Марат­тың өзі арулап аттандырды. Мәкең мен Әз-ағам екеуі үй­лен­бей ұзақ жүрді. Газеттегі еркектер жағы: «Бұл Марат қоқаң­дап жүріп қыздардың бәрін үркі­тіп бітті», деп Мәкеңді, «Әзекеңе бойы аласа, үріп ауызға салған­дай қыз табыла қоймас» деп Әзизді, әйелдер жағы: «Бұл өзі әйелдерге қалай жақын­дай­тынын білер ме екен», деп ал­ғашқысын: «Қыз біткеннің еш­қай­сын менсінбеуші еді, енді әйелсіз қалады», деп екіншісін әр саққа жүгіртуші еді. Екеуі де үй­ленді. Нағыз адал жар болған Гүлия Әбді-Әзиз марқұмның қызы мен ұлын мә­пелеп өсіруде. Ал Марат ауыр­ғанда Ақтотының жанын қоярға жер таппай шырылдағанын көр­ген­де азаматқа осындай жақсы жар тап болғанына бәріміз қуан­ған едік. Әз-ағам екеуміз алдымен Ма­рат­тың күлкісін сөз ететінбіз. Өйт­кені, бұрын ара-тұра той-томалақ үстінде көңілді болып алса, кү­лімсіреп жүретін. Осындайда Әбді-Әзиз: «Мәкең күлімдеп қа­лыпты ғой», дейтін немесе «Кү­лім­детіп қо­йып­ты ғой» деп әзілдеп сөйлейтін. Кейін байқадық, Мәкеңнің бар күлкісі де, көңіл-күйі де көзінде тұрады екен. Ал көңілді болғанда, көзі күліп жүргенде қолға алған ісін дөңгелентіп әкететін. Бұ­рынғы қорғасынның кезінде жасап қойылған бетті бұзу дегеніңіз бір азап болатын, сондықтан макетке деген талап күшті еді. Секретариаттың жігіттері ең бас­тысы макетті әрлей білуде дейтін. Ғалым Тыныбаев, Сағыныш Сариев, Совет Шиманбаев, Кеңес Юсупов, Мыңбай Ілесов ағалары секілді, тіпті олардан да өтетіндей шеберлікпен макет жасай білетін, оны қорғай алатын Марат компьютерлік беттеу басталғанда да сол шеберлігінен танбаған еді. Ақтотыға үйленген соң жұ­мысқа Мараттың көзі көбіне күліп келетін болды. Ондай кезді Әз-ағам қалт жібермейді: «Бүгін Мәкеңе таңғы шайды Ақтотының өзі құйып беріпті», дейтін. Тіпті өзіне де: «Ақтоты көзіңізді күл­діріп жіберудің жолын тауыпты ғой», деп қалжыңдайтын. Әйелі өзі мен Мараттың ғана емес, Тыныстан атасы мен Күләйхан енесінің де бар жақсы қасиеттерін жинақтаған екі ұл тауып бергенде Мәкеңнің көзіндегі күлкіге бүкіл «Егемен» қуанып едік. Ұзақ уақыт сырқаттанғаны, ауылын үнемі сағынып тұруына, Алматыға кетіп бара жатқандар­дың бәріне: «Елге сәлем айта ба­рың­дар» деуіне себепші болған әке­сі­нің дүниеден өткені болмаса, оның көзінен күлкі кетпеуін барша туған-туыстары қалайтындай болып көрінеді. Іні-қарындаста­рының үш-төртеуі ағаларының артын алып, Астанаға келді, қала­ның көркейе түсуіне үлес қосуда. Үлкен ұлы Қанат «Қазақте­ле­комда» қызмет атқарады. Ол қызметке тұрғанда хабарласқан Әбді-Әзиз: «Мәкеңнің үлкені адамзатты бір-бірімен бай­ланыс­ты­ратын болыпты», деп мәз болған. Келіні Динара – заңгер. Ал кішісі Алматтың «Қазаэро­нави­гацияда» менеджерлік қыз­метте жүргенін білгенде марқұм Әбді-Әзиз: «Мәкеңнің кішісі адамзатты бір-бірімен қатынасты­ратын бо­лып­ты», деп шаттанатын еді-ау деп ойлаймын. Немересі Назерке бас­таған келесі буын ұрпа­ғы да адамзат баласы үшін қызмет ететіне сенім мол. Ең бастысы, Мәкеңнің көзінен күлкі кетпесін дейік. Ержұман СМАЙЫЛ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.