Кеше Білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық конкурстық комиссия өз жұмысын бастады. Конкурстық комиссияның төрағасы – Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов. Комиссияға Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінің, жоғары оқу орындарының ректорлары кірді.
2011-2012 оқу жылында мемлекеттік білім тапсырысының көлемі 36 046 грантты құрайды. Оның 35 046-ы күндізгі оқу нысанына, 1000-ы сырттай оқу нысанына қарастырылды.
Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 91 018 талапкер қатысса, оның ішінде қазақ тілінде – 66 912, орыс тілінде – 24 106 талапкер қатысты. Сондай-ақ білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 3070 «Алтын белгі» иегерлері, 1240 халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың, орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстары мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары қатысты. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсын өткізу кезінде оларға басымдық беріледі.
Сонымен қатар, мемлекет тарапынан ауылдың жастарына, І, ІІ топтағы мүгедек балаларға, соғыс ардагерлеріне және соғыс мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғаларға, қазақ диаспорасы өкілдеріне, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқуға түсу кезінде бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемінен қабылдау квотасы қарастырылған.
Білім беру гранттары нақты мамандықтарға, тіл бөлімдеріне және оқыту нысандары бойынша сертификаттағы балдарына сәйкес тағайындалды. Білім беру грантына ие болған жеңімпаздардың тізімі 10 тамыздан кейін республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланады.
– Бүгін біз жоғары оқу орындарына қабылдау бойынша жүргізілген үлкен жұмыстың қорытындысын шығарғалы отырмыз, – деді Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде. – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Қазақстан халқына «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауында бізге білімнің қол жетімділігі мен оның сапасын арттырудың жаңа тетіктерін енгізуді тапсырған болатын. Сондықтан біз лайықты талапкерлерді қолдап, оларға білім алу үшін грантты тағайындауымыз керек.
Министрдің хабардар етуінше, биылғы жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы 36046 грантты құрады. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 621-ге көп. Назарбаев Университетіне 500 грант бөлінген.
Мемлекеттік білім беру тапсырысының құрылымын экономиканың даму басымдықтарына қарай қайта қараған. Ал 350 грантқа мемлекеттік тапсырыс жаратылыстану мамандықтарына көбейтілген. Сондай-ақ техникалық және технологиялық мамандықтарға бөлінген грант 362-ге, ауыл шаруашылығы және ветеринарлық мамандықтарға қарастырылған грант 280-ге артып отыр.
– Биылғы жылы жоғары оқу орындарына мемлекеттік тапсырысты конкурстық негізде орналастыру механизмі енгізілді, – деді министр әрі қарай. – Грант бойынша оқыту құқығына қатаң талаптарға сәйкес келетін 85 жоғары оқу орны иеленді. Биыл ҰБТ-ға 126 109 бітіруші қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 564-ке артық.
Отырыста Бақытжан Жұмағұлов қандай мамандықтарға конкурс жоғары екеніне де тоқталды. Министрдің айтуынша, бір орынға конкурс 2,8 адамды құрап отыр. Мәселен, қаржы мамандығына бір орынға 28,8 адамнан, халықаралық қатынас – 19,3, география – 19,4, юриспруденция – 17,8 адамнан келеді, ал радиотехника, электроника және телекоммуникация – 5,91 геодезия және картография мамандықтарына 4,7 адамнан келіп отыр.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.