Фортепьяноны италиялық Кристофори 1709 жылы ойлап тапқанда, бүкіл Еуропа елі барокко стилінен классицизмге көшіп жатқан тұс еді. Бұл аспапты содан сәл кейінірек неміс Шретер мен француз Жан Мариус та жасады. Әрине бастапқы фортепьянолардың (бұл рояль, пианинолардың жиынтық атауы) құрылысы өте қарапайым еді. Ғасырлармен бірге дамып, күрделеніп, әдеміленіп келе жатқан фортепьяно тарихы туралы көп айтуға болады. Бірақ біздің негізгі әңгімеміз бұл емес. Фортепьяно пайда болғаннан бастап бүкіл Еуропа композиторлары музыкасын соған лайықтап жаза бастады да, қазірге дейін осы аспап олар үшін аса бір қадірлі әрі сәнді, оған қоса құнды мүліктердің қатарында тұр. Иә, бір рояльдің 5-8 мың АҚШ доллары көлемінде, бір пианиноның 1-3 мың АҚШ доллары көлемінде тұратынын айтсақ та сөзімізге жеткілікті дәлел болмақ.
Фортепьянода ойнай білу дегеніңіз – музыканың биігін бағындырумен пара-пар. Классицизм, романтизм дәуірлерінде, тіпті кешегі ХІХ ғасырға дейін бұл аспапта тек ақсүйек, дәулетті адамдардың балалары ойнағаны, Бах, Моцарт, Шопен, Бетховен, Шуберт сияқты саз әлемінің серкелері негізгі музыкаларын осы аспапқа арнап жазғаны да көп нәрсені аңғартса керек. Сонымен біздің айтайын дегеніміз – күллі Еуропа әлі күнге таңдайын қағып, тамсана тыңдайтын фортепьяно үнінің біздің ұлтқа да жат еместігі, тіпті еуропалық деңгейде ойнай алатын шеберлердің өзіміздің арамызда да бар екендігі жайында еді. Осының алдында ғана Германияның Ганновер қаласында он жыл бойы білім алып, қазіргі күні Еуропа сахналарында өнер көрсетіп жүрген қазақтың талантты ұлдарының бірі Данияр Есімханов жайында газетімізде хабар шыққан-тын. Одан жуырда ғана Парижден пианистердің байқауында бас жүлдемен оралған Әбдіахмет Оразбақовтың жетістігін шүйіншілей жеткіздік. Енді сол қарғадай бала туралы кеңірек әңгімелеуді жөн көріп отырмыз.
Әбдіахмет Оразбақов елордадағы Қазақ ұлттық университеті өнер мектебінің 6-сыныбында оқиды, яғни, он үш жастағы жеткіншек. Бірақ, музыка саласындағы осы уақытқа дейінгі жетістіктері кәдімгідей ауыз толтырып айтуға жеткілікті. Мәселен, Әбдіахмет Алматыда өткен жас пианистердің «Қазақстан мюзик форумы» байқауында, Ақтөбе қаласындағы «Классика-2008» байқауларында бірінші орынды иеленсе, Бішкекте ұйымдастырылған Шопен атындағы байқауда үшінші орынды қанжығасына байлаған. Ал, Римде өткен жас пианистердің Моцарт атындағы халықаралық байқауында бас жүлдеге ие болды. Одан кейін жуырда ғана Парижде өткен жас музыканттардың халықаралық «Жалын» байқауынан бас жүлдемен оралды.
«Музыка әлемінің қыр-сырына енді ғана қадам басқан, әлі де болса бұғанасы бекіп, буыны қатпаған жас бала үшін мұндай марапаттар бас айналдыруы әбден мүмкін ғой», – дейміз біз. Ал, ұстазы мәдениет қайраткері, доцент Дина Мәмбетова: «Жас бала атақ-даңқтың буын қайдан сезеді дейсіз, әрі-беріден соң біз бұларға атақты деп емес, бала деп қана қараймыз, әрі қарай қалай өседі, қалай қалыптасады бұл мүлде бөлек әңгіме», – дегенді айтты. Әбдіахметтің қуанышына ортақтасайық, әрі өзімен сөйлесейік деп Қазақ ұлттық өнер университетінің жанындағы өнер мектебіне барғанымызда алдымыздан жас пианистің ұстазы Дина апай мен әкесі Қажымұқан аға шыққан болатын. Содан алғашқы сұрақтарды ұстазына жаудырғанбыз. Марқұм Әзірбайжан Мәмбетов пен Ғазиза Жұбанова сияқты өнер тарландарының отбасында дүниеге келген, бесінші сыныптан бастап Мәскеуде арнайы музыкалық мектепте оқып, одан П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясын фортепьяно класы бойынша тәмамдаған Дина Мәмбетова осы күні көптеген өнерлі жастарды баулып, томағасын сыпырып отырған тәжірибелі ұстаз. Оның шәкірттерінің ешқайсысы да осал емес екен. Ұстаздың айтуынша, өзі тәрбиелеген 50 шақты жас пианистер (университеттің студенттері мен өнер мектебінің оқушылары) әртүрлі елдерде лауреат атанған болса, соның 30-ға жуығы Гран При және бірінші орын иеленіпті. «Әбдіахметті үшінші кластан бастап оқытып келемін. Өте елгезек, еңбекқор бала. Бәзбіреулер секілді тек конкурс кезінде емес, одан тыс уақыттарда да күніге сабақтан соң пианинода 2-3 сағат, кейде 5-6 сағаттап дайындалады. Маған шәкіртімнің сахнаға шыққандағы әртістік қабілеті, сахнаны жан-тәнімен сүйетіні, еңбекқорлығы ұнайды. Жетістіктерге де осы қасиеттері арқылы жетіп жүр деп ойлаймын», – дейді Дина Әзірбайжанқызы. Оған қоса ұстазы Әбдіахметтің осы күндері Шопен, Бах, Григ, Моцарт, Рахманинов секілді әлемге әйгілі композиторлардың таңдаулы туындыларын пианинодо шебер ойнайтынын айтты.
Ал, әкесі Қажымұқан Оразбақов ұлының жетістігі тек ата-ана үшін емес, бүкіл қазақ халқы үшін мақтаныш екенін айтты. Өйткені осыған дейін әлемде өтетін халықаралық байқаулардан бірде-бір қазақ баласы екі рет бас жүлдемен оралмапты. Әбдіахмет Римде өткен байқауда 15 мемлекеттен талапкерлер қатысып, солардың арасынан топ жарған болса, Парижде өткен байқау баланың айбынын одан сайын асырған. Өйткені мұнда бақ сынаған 122 пианистің 66-ы балалар, 56-ы жастар болып, жас мөлшерлері бойынша бес топқа бөлінеді. Сол бес топтың арасынан жалғыз ғана адамға Гран При тағайындалғанда, әртүрлі мемлекеттерден келген 30-дан аса қазылар алқасы бірауыздан Оразбақовты атайды. Неге десеңіз, мұнда талап өте күшті болған. Сахнаға бір-ақ рет шығып, 8 минөт өнер көрсету шарты қойылады. Сонда Оразбақов Григтің «Из карнавала» және Сергей Слонимскийдің «Мультфильм с приключениями» атты шығармаларын орындап, мүмкін болған 100 балды түгел жинапты. Ал, француз баласы 99 балл жинаған екен. Соған қоса Ә.Оразбақовқа шілде айына Зальцбург қаласына жолдама табысталыпты. Онда ол атақты пианист, профессор Кемерлингтен шеберлік шыңдайды.
«Ұлымның бұл жетістігіне өзім де қатты толқыдым. Оның үйде сағаттап дайындалатыны, бала боп аулаға шығып ойнамайтыны текке кеткен жоқ. Біз отбасымызбен музыканттармыз. Өзім де, жолдасым Айнагүл Тінәлиева да Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіргенбіз. Мен прима-шертер, ол домбыра класын тәмамдаған. Оқуды бітіре салысымен осында филармонияға жұмысқа қабылдандық, яғни, 1999 жылдан бастап былтырға дейін сонда жұмыс істедік. Ал, қазір бері Қазақ ұлттық өнер университетінде оқытушымыз. Әбдіахмет біздің тұңғыш баламыз. Одан кейінгі Шұғыла дейтін қызымыз да флейтада ойнайды, осы өнер мектебінде оқиды. Үйде әрқайсымыздың өзіміздің аспабымыз бар және әрқайсысымыз өзімізше дайындаламыз. Әбдіахметке пианиноға қатыса бастағаннан Ресейге көшіп бара жатқан орыс ақсақалының «Цемерман» деген пианиносын сатып әпергенбіз» – дейді әкесі.
Жоғарыда жас өреннің екі халықаралық байқаудан бас жүлдемен оралғанын айттық. Оның біріншісінде, яғни, Римге сапарында Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева баланың жол шығынын көтеріпті. Бұл сапарда тікелей отбасына салмақ түскен. Ал, екінші сапарда баланың да, оны ертіп апаратын анасының да жол шығынын, жатын орнын, тамағын түгелдей Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қолдауымен «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамы мойнына алған. Әрине, шет мемлекетке барып халықаралық үлкен байқауда бақ сынау үшін қаржының молынан керектігі қазіргі таңда ашық тақырып. Мұнда ұшақ билетінің бағасының өзі қарапайым ұстаздар отбасының бюджетін опырып кететіні жасырын емес. Сондықтан әкесі баласының жетістігі үшін алдымен оны оқытып, тәрбиелеп жатқан ұстазына, Қазақ ұлттық өнер университетіне, сосын демеушілік көрсеткен азаматтарға алғыс айтатынын жеткізді. «Адамның күні адаммен», демекші, дарынды қазақ баласының болашағы үшін қамқорлық қолын созған азаматтарды да өнер құдыреті тамсантқан болар? Ал, біз қарғадай ғана бала болашақта үлкен сахналардан бұдан да жиі көрініп, қазақ халқының атын шығарса деп өзіне сонша үлкен сенім артып отырған адамдардың үмітін ақтаса дейміз.
Айгүл СЕЙІЛОВА, Астана.