09 Тамыз, 2011

Апта айшықтары

298 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Тұрғындар алғысына бөленді Бүгінде Семей қаласының құрамындағы оншақты ауылдық округ қала тұрғындарын ауылшаруашылық өнімдерімен тұрақты түрде қамтамасыз етіп келеді. Осы мақсатпен олар қалада жәрмеңкелерді жиі өткізуде. Енді, міне, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ауыл өнерпаздары қалаға өнер сапарымен келе бастады. Айталық, қала маңындағы Знаменка ауылы өнерпаздарының ойын-сауығы осындағы М.Әуезов ескерткіші жанында ашық аспан астында өтті. «Атамекен» әнімен ашылған ауыл өнерпаздарының концерті үш сағатқа созылды. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.   Үздік балабақша байқауы Халқымыз «Тәрбие болса, балғын өсер сомдалып» деген. Облыстық білім басқармасы жыл сайын «Үздік балабақша-2011» байқауын өткізуі осыған дәлел. Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиешілердің білім, біліктілігін көтеру, тәжірибесін насихаттауға арналған шарада жеңімпаз атанған балабақша республикалық байқауға қатысу мүмкіндігін иеленеді. Байқауға өңірдегі үздік деп танылған 18 балабақша қатысып, байқау шарты бойынша сынға түсті. Үміткерлердің шеберлігіне, мәдениеті мен жаңашылдығына, кәсіби тәжірибесіне мән берілді. Байқау қорытындысында Алакөл ауданының «Қуаныш-2» балабақшасы – бірінші, Жамбыл ауданындағы жекеменшік «Жазира» балабақшасы – екінші, балқаштық «Жасұлан» балабақшасы үшінші орындарды өзара бөлісті. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.   Әйгілі «De Longhi» ынтымақтастыққа ынталы Итальяндық бұл компанияның жылу радиаторларын, өнеркәсіптік салқындатқыштар мен тұрмыстық техника шығарудағы атағы алысқа аян. Оның құрамында Италияда 2, Қытайда 3, Ресейде 1 зауыт жұмыс істейді. Облысқа арнайы жұмыс сапарымен келген аталған компания жетекшісі Джузеппе Делонг мырза өңір басшыларымен кездесуде екіжақты тиімді байланыстар орнатуға ынталылық танытты. Оның айтуынша, аймақта өз өнімдерін өндіруге шикізат пен металл жеткіліктігі, сонымен бірге білікті мамандар мен инфра­құ­рылымның тәуірлігі өндірісті қалыптастыруға негіз қалайды. Осыған байланысты іс-шараларды іске асыруға ниет білдірілді. Айқын НЕСІПБАЙ,  Қарағанды.   Медресесі бар жаңа мешіт Шалғайдағы Жекекөл ауылында жаңа мешіт бой көтеріп, жұртшылықтың игілігіне пайдалануға берілді. Оны осы ауылдың тумасы, атақты Бәри қаридың немересі Медет салдырды. Алла тағаланың жердегі үйінің ашылу салтанатына «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Қасымхан қажы Абдоллаұлы, облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов, аудан әкімі Серік Ыбыраев және жан-жақтан келген меймандар қатысып, жылы лебіздерін арнады. Бір мезетте 600 адам намаз оқи алатын ғибадатхананың 120 орындық асханасы, медресесі бар. Медресе сыныптары талапқа сай жабдықталып, интерактивті тақта, түрлі-түсті теледидар орнатылған. Мешітке бар ғұмырын дін жолына арнаған Бәри қаридың есімі беріліп, Әділбек Қайырбеков имам болып тағайындалды. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы.   Сүйіндікте «Бір терезе» ашылды Құрманғазы ауданындағы Сүйіндік ауылдық округі өңір ор­та­лы­ғынан 500-дей шақырым қашықта орналасқан. Аудан орталы­ғы­на жету де қиын. Жол асфальтталмаған. Мамыр айында осы ок­ругте болған облыс әкімі Б.Рысқалиев біраз қиындықтың шешілетінін айтып еді. Өткен аптада Сүйіндікте халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұдан былай ауыл тұрғындары анықтама алу, не төлқұжат ауыстыру үшін аудан орталығына шапқыламайтын болды. Енді бәрін «Бір терезеден» алуға мүмкіндік бар. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.   Оқушыларға арналған сыйлық «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының көмегімен «Мектепке жол» республикалық қайырым­дылық акциясы шеңберінде үлкен игілікті іске ұйытқы болды. Сөйтіп, жаңа оқу жылы қарсаңында Байзақ ауданы бойынша 100 оқушы мектеп формасы, сөмке, қалам-қағаз сияқты өздеріне аса қажетті тағы басқа заттарға ие болды. Сыйлықтарға деген қаражатты Байзақ ауданы әкімдігі бөлді. Жаңа оқу жылына дейін мұндай сыйлық аз қамтамасыз етілген отбасылардағы тағы 200 оқушыға беріледі. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.   Қазақстан — байтақ елім, кең арнам Жақында Мақтаарал аудандық орталық кітапханасында Тәуелсіздік­тің 20 жылдығына арналған “Қазақстан – байтақ елім, кең арнам” атты кітап көрмесі өтті. “Тәуелсіздік – ұлтты өркендетудің ұлы құндылығы”, “Елтаңбасымен еңселі, көк байрағымен айбынды” және “Әлемге әйгілі – Астана” бөлімдерінен тұратын көрмеге келушілер мол болды. Мемлекетіміздің жүріп өткен жолын баяндайтын, патриоттық тәрбие беретін, отансүйгіштік сезімін нығайтатын кітап көрмесінің, әсіресе, жастарға тағылымы үлкен екендігі анық. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.