Барлық ғұмырын қазақтың театр және кино өнеріне сарп еткен Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Қасым Әбекұлы Жәкібаев 82 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Қазақ өнері тағы бір жампозынан айырылды.
Сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі өнер жұлдызы Қасым Жәкібаев 1929 жылы 12 желтоқсанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында дүниеге келген. 1944-1948 жылдары Алматы көркемсурет училищесінде білім алды. 1948-1984 жылдар аралығында балалар мен жасөспірімдер театрында, 1984-1994 жылға дейін “Қазақфильм” киностудиясында актер болып қызмет атқарды. Бұдан кейін өмірінің соңына дейін алғашқы еңбек жолын бастаған Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет етті.
Қасым Әбекұлының театрда алғашқы ойнаған рөлі А.Толстойдың “Алтын кілт” ертегісіндегі мысық Базилио болатын. Содан бергі уақыт ішінде актердің шеберлігі өнерсүйер қауымның көз алдында биіктен биікке өрлеу үстінде болды. Отандық, шетелдік қойылымдар қатарында ол сомдаған бейнелер: «Алтын сақада» – Сарман, «Есірткен еркеде» – Марат, «Ыбырай Алтынсаринде» – Жақай, У.Шекспирдің «Гамлетінде» – Полонии, Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында» – Вурле, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» – Қайрақбай, О.Бодықовтың «Отырар ертең қирайдыда» – Бүкір, Ғ.Мүсірепов пен Қ.Ысқақтың «Ұлпан-Есенейінде» – Тоқай, Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Миғұла терісі үстіндегі сотында» – Шыңғысхан, Б.Жәкиевтің «Әке тағдырында» Жеңісбек, Ә.Тәжібаевтың «Жомарттың кілемінде» – Сайтан, Островскийдің «Жылы орынында» – Юсиф, Қ.Мұхамеджановтың «Қуырдақ ертең дайын» туындысында – Ережеп – осылай жалғасып кете береді.
Болмысы бөлек, бітімі ерен, өнердегі өлшемі өзіне ғана тән халық әртісі 200-ге жуық рөлдерде ойнаған еді.
Қасым Жәкібаев сонымен қатар, кино саласына да елеулі үлес қосқан танымал актер болатын. “Дерсу Узала”, “Жансебіл”, “Қан мен тер”, “Үшеу”, “Дәнекер”, «Сұрапыл сұржекей», «Шоқ пен шер», “Отырар”, “Махаббат бекеті”, “Тоғысқан тағдырлар” фильмдеріндегі ол жарқыратып шығарған рөлдер – кино өнерінің тарихында қалары шүбәсіз.
Қасым Жәкібаев!.. Оның актерлік болмысы қазақ сахнасында бұрын-соңды болып көрмеген өзгеше бір құбылыс екендігі сөзсіз. Өнер әлемінде ол сомдаған алуан бейнелерді театр мамандары талдағанда талантына бас иіп, тумысынан дара жаратылғанын тілге тиек етумен келеді.
Қай кезде, қандай сәтте, қандай жағдайда көрсең де Қасым ағамыз: “Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!” деген, Абайдың ойлы сөзін айтушы еді. Сынай қарап, сиқырлы сөзімен буып алатын. Қысық көзінің өзінде ұшан-теңіз сыр жататын. Өнер тарланы бірде дана, бірде бала еді-ау! Жалт еткен жанары атақ пен даңққа күпініп, өзін-өзі тіпті, өз кейіпкерін ұмытқандай болып, дүйім жұрттың төбесінде бұлғақтап жүрген кейбір мейманасы асқан, өзімшіл де тәкаппар актерлердің сұсын басып жіберуші еді. Жай ғана езу тартып тұрып, талайды тәубесіне келтіретін.
Қазақ өнерінің қайсар ұлы, қарымды қайраткері Қасым Жәкібаев бейнесі кейіпкер кейпінде жылдармен жаңарып, ғасырдан ғасырға жалғасып, ұлтымен, ұрпағымен жасай береді.
Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының ұжымы.
Өнердің алтын уығын қадаған жан
Бүгін біздің театр ұжымы могикандардың соңғы тұяғын ақтық сапарға шығарып салады. Театрға алғаш келген кезімде мен 20 жаста едім, аға 32 жаста болатын. Театрымыз 65 жасқа толса, бұл кісі бүкіл ғұмырын осы театрға арнаған адам. Театрды бір адам сүйді десе, ол – Қасым аға деп айтар едім. Ол кісі театрмен өмір сүрді. Кино деп өмір сүрді. Қасым ағаның өмірде көрген қиыншылығы өте көп еді. Осы жасқа жеткізген Алла тағаланың берген күш-қуаты болар, ол кісінің ұлы Кеңес Одағының идеясын ашық сынағаны үшін мерт болғанда да, сондай трагедияны сахнада білдірмей, ел алдында өз өнерін кемел ойнап жүретін. Рухы құрыш алып еді...
Қасым ағамен 50 жыл бір сахнада ойнадық. Алғашқы қойылымымыз Шахмет Құсайыновтың «Рабиға» пьесасы болатын. Сол кезде мен өз рөлімді ұмытып кетіп, Қасым ағаның ойынына қарап отыратынмын. Өйткені, мұндай таланттар жүз жылда бір туатын нағыз дарын иесі еді.
Қасым аға біздің театрдың алтын уығын қадаған, театрды биікке көтерген жан. Оның өзі де осы өнер ордасының алтын діңгегіне, алтын қазығына айналды. Амал нешік. Алланың ісіне не шара. Тілеуіңіз қандай ақ еді. Осынау Рамазан айында ұзақ сапарға аттанып барасыз. Ағамыздың алды жарық болсын дейміз. Ол кісінің орны ешқашанда толмайды. Қош бол, аға! Жатқан жеріңіз жарық, иманыңыз жолдас болсын!..
Роза ӘШІРБЕКҚЫЗЫ, Қазақстанның халық әртісі.
Өмірі тек қана өнерден тұратын кісі еді
Қазақ сахна және экран өнерінде Қасым Жәкібаевша ойнау мәнері қалыптасқан деуге болады. Ол не? Ол актердің өзіндік келбеті, өзіндік еркін көсілу, еркін ойнау, еркін шертілу белгілері деуге болады. Ол қай рөлде болмасын, қағындырып, соғындырып, серпінді іс-әрекетімен көрінеді. Жеті жасар баладан, жетпіс жастағы қарияға дейінгі аралық Қасым Жәкібаевқа бәрібір саналатын. Оның ішкі бай жан дүниесі, мол эрудициясы, зерек интуициясы, парасат-пайымы, білгірлігі, көп оқығандығы, көңіліне тоқығандығы, рөлдердің кез-келгенінен айқын сезіліп жатушы еді.
Актер менің ұғымымда екі жүрек иесі. Бірінші – оның өз жүрегі, екінші – кейіпкерінің жүрегі. Бүгін аса суық хабар естіп отырмын, актер жүрегі тоқтаған екен. Бірақ оның кейіпкерлерінің жүрегі мәңгілікке соға беруге тиіс. Қазақ киносында, қазақ театрында ол жасаған образдар халқымыздың рухани, мәдени қорына зор үлес болып қосылғаны бек ақиқат. Образ демекші, бүгінгі күндерде образ жасау салты сахнада, экранда әлсіреп барады. Міне, осы осал тұстарымызды толықтыруда Қасым Жәкібаевтың ерен шеберлігі көрерменнің көз алдында. Халқының жадында. Ол образ жасаудың қас шебері еді. Ел-жұрттың жадына қорғасындай құйылып қалушы еді. Ел-жұрттың көкейінде түйіліп қалушы еді. Қазіргідей қайсыбір актерлеріміздің орындауындағы сылдырқайрақ, жылтырақ, сырттай әшекейге оранған рөлдер емес, Қасым Жәкібаев жасаған бейнелердің бояуы қашанда қанық, һәм психологиялық, эмоциялық жағынан жұп-жұмыр, арнайы халыққа лайықталғандай шынайы шығушы еді. Ол күлдіргі рөлдерді көп кескіндеді. Соған қарап біз оны комик актер деп бағаладық. Ол шын мәнінде кейіпкерлердің трагедиялық хал-күйін келістіре мүсіндеуде де алдына жан салмаған суреткер. Көп сөзге жоқ, істің адамы еді. Өмірі тек қана өнерден тұратындай кісі еді. Биік интеллект, шалқар білім, батыс-шығыс, орыс әлеміндегі орасан жаңалықтарды жүрегімен сезіндіруші еді. Қайтесіз, ажалға араша жоқ, оның дауасы да жоқ. Пенде біткен шарасыз, әйтсе де Шәкен ағасынан, Бәйділда ағасынан, Қалеки ағасынан, шүкір деп сөйлейік, ұзағырақ ғұмыр кешті. Сексеннің сеңгіріне шығып, тоқсанға бет алған тұста сергек жүрек сертінен тайып, ғажайып актер Қасым Жәкібаев мерт болыпты. Мүсірепов театрының аяулы ақсақалы, халқымыздың біртуар перзенті, талантты сахна және экран шебері Қасағамның топырағы торқа болғай! Алла тағала алдынан жарылқасын. Соңына зор рухани мұра қалдырған елгезектей еңбекқор актердің мәңгілік бейнесі ол жасаған рөлдерде оның керемет шеберлігін тамашалаған көрермендердің жадында. Енді Жәкібаев әлемін тек оймен ғана шолуға мәжбүрміз. Өлім ойландырып тастады. Қадірменді актеріміздің орны толмас қашанда. Бақұл бол, Қасаға!
Әшірбек СЫҒАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Қайталанбас қасекең
Иә, қазақтың хас тарлан таланттарының бірі Қасым ағам көз жұмды.
Қайран Қасекемнің жастық шағы есіме түсті.
Біз ол кезде бұрынғы Калинин мен Коммунистік проспект бұрышындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының ғимаратында жұмыс істеуші едік. Қасым аға қазақтың жастар театрының тұңғыш актерлерінің бірі еді. Біздер театрға келгенде, 70-ші жылдарда Қасекең жайнап тұрған жалын, лапылдаған өрт болатын. Бетіне жан қаратпайтын. Тәртіпті әрі тәкаппар әртіс еді. Қасекең сол кезде актерлердің ішінде интеллектуалды, оқығаны мен тоқығаны мол, білмейтін бәлесі жоқ, көргені көп әртіс еді. Ізденімпаз еді. Образды жасағанда, режиссер айтқанымен емес, өз түсінігімен, өзінің рөлге авторлығының арқасында бейнелер жасайтын. Мен ол кісіменен Сәбит Мұқановтың «Ботагөзінде», Бейімбет Майлиннің «Шұғасында», Шахмет Құсайыновтың «Сертке сертінде», Қалтай Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керегінде», Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесінде», Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түн» қойылымдарында және де басқа көптеген пьесаларда әріптес болып жұмыс атқардым. Әрбір рөлін біріне-бірін ұқсатпайтын, ешқашан да қайталамайтын, тұлғалы актер еді.
Қасекеңнің қол шеберлігі аса таң қалдыратын. Дайындық үстінде қай-қайдағы ағаштарды тауып алып, бәкімен ойып, болашақ образының кескінін салып отырушы еді. Иә болмаса, газеттің шетіне болашақ образына керекті детальдарды сызып қоюшы еді.
Ағаның күлкісі баладай таза-тын. Күлген кезде, айтайын деген сөзінен өзі бұрын күліп, өзін өзі тоқтата алмаушы еді. Әңгіме айтқанда майын тамызып, шегіне жеткізіп, шеберлікпен айтушы еді. Біз асыл ағаға: «Сіз қазақтың Ираклий Андронниковінің өзісіз», дейтінбіз.
Достыққа өте берік адам еді. Мұхтар Бақтыгереев, Мәкіл Құланбаев, Алтынбек Кенжеков, Шапай Зұлқашев, Сейітхан Есенқұлов сынды театр әртістерімен достығына таң қалатынбыз. Өзі үшін емес, өзге үшін бәйек болып жүретін тынымсыз жан еді. Енді, міне, тынымсыз жүрек тоқтады. Қасым ағам қазақ театры мен киносында тазалықтың, ізденімпаздықтың, жанкештіліктің символы ретінде ұлы тұлға болып қала бермек.
Қош, қадірмендім, топырағың торқа болғай!
Есмұқан ОБАЕВ, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры – көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі.
Өнегесі өлмейді
Қазақ өнері орны толмас қазаға ұшырады. Қайран Қасым ағамыз 82 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Артында өлмейтін мұра қалдырды.
Қарияның ойнаған рөлдерін атап шығудың өзі біраз уақытты алар еді. Ол үшін қызмет еткен театрдың барлық репертуарын атап шығуға тура келеді.
Қасекеңнің кинодағы еңбегі бір төбе ғой. «Дерсу Узала», «Жансебілдің» өзі неге тұрады! Тек осы фильмдердің өзімен-ақ ол өнер тарихында қалады ғой.
Біз әрқашан оны жоқтаймыз. Сонда оның қалдырған өнеріне жүгініп, сағынышымызды басамыз. Келешек ұрпақ та, қазақ өнерінде осындай ұлы тұлғаның болғанын, оның сол мұрасын көріп білетін болады. Оның өнері ешқашан да өлмейді, заманмен бірге жасай береді.
Бірақ адам үшін ғұмыр шектеулі. Қасекең өмірден өтті. Оның бақилық өмірі, екінші өмірі басталды. Топырағың торқа болсын, нұрың пейіште шалқысын, аяулы азамат, өнер тарланы!
Талғат ТЕМЕНОВ, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының директоры – көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі.