10 Тамыз, 2011

Үштік

737 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Мектеп, отбасы, қоғам Соңғы кездері жастардың ата-анаға, ұстазға деген сый-құрметі төмендеді. Аға мен іні, әке мен бала, шеше мен қыз арасындағы қарым-қатынас күрде­леніп барады. Асыл нұрдан жаралған таза жанға қауіпті «вирустарды» біз қайдан жұқтырамыз? «Тағдырдың қалай ауатыны, бе­сік­тің қалай тербелгеніне байланысты» дегендей, сәби есейіп, ер жетіп, ақыл тоқтатқанға дейін оның өміріне үл­кен­дер жауапты емес пе? Қоғамда болып жатқан өзгерістер отбасына да әсерін тигізбей қоймайды. Статистикаға сүйінсек, отбасының 73 пайызы сәтсіз болып есептеледі екен. Әрбір үшінші бала толық емес отба­сын­да өсіп келеді. Жалғыз басты ана­лардың көбеюі әдетке айналып кетті. Бұл үлкендердің ғана емес, біздің ба­ла­ларымыздың да проблемалары. Әр­бір сәтсіз отбасының артында бақыт­сыз бала тұр. Кейбір ата-аналар қайтіп үйімді қым­бат жиһазға толтырамын, жақсы машина мінем деп аласұрса, тағы бір топ қайтіп тамақ табамын деп жанұшырып жүріп, бала тәрбиесін уысынан шыға­рып алуда. Қала берді, үйде отырған аналар да бала тәрбиесінен гөрі шетелдік сериалдарды бірінші орынға қоя­ды. Ал отбасы тәрбиесіндегі әке­лер­дің белсенділігі тіпті төмен. Қазіргі кезде бала тәрбиесіне ба­ғыт­талған мұғалім, ата-ана, қоғам ара­сындағы өзара байланыс қожырап кетті десек, артық айтқандық болмас. Бұл әлбетте, жас ұрпақ тәрбиесіне кері әсе­рін тигізуде. Мектептерде өтіп жатқан түрлі іс-шараларға ата-аналардың қо­сып жүрген үлестері жоқ дей алмай­мыз. Бірақ, соның көбі қайырым­ды­лық акциялармен, мейрамдарда өткі­зі­летін кештерді ұйымдастырумен ғана шектеліп жатады. Осының өзіне де қа­ты­са­тын «белсенді ата-аналар» әр сы­ныпта 20-30 пайыз ғана. Ал қалған ата-аналар қайда? Кейбірі тіпті мектеп табал­ды­ры­ғын аттап баспайды. Сонда оларды балаларының мектептегі өмірі, алып отырған білімі, мұғалімдердің талап деңгейі ойландырмай ма? Ата-аналар ұйымының рөлін көте­ру кез келген мектеп үшін оңай іс емес. Көп жағдайда бұл мәселе ата-аналардың жұмыстан қолы босамауы сынды объективті жағдайлармен түсін­діріледі. Дегенмен, оның себебін тек ата-аналар ортасынан іздеу дұрыс емес. Бастамашылық мектеп тарапы­нан ба­сымырақ болуы керек. Өйткені, мектеп – қоғамның, отбасының және білім шаңырағының тәрбиелік іс-қимылын үйлестіруші қоғамдық институт. Егер білім шаңырағы тиісті мәселені тек өзінің ұстанымына сүйеніп жүргізсе, ал ата-аналар оларды іске асыру са­ты­сында ғана қамтылса, өзара әрекет­тес­тік нәтижесі төмен болады. Мектеп есігі ата-аналар қауымы үшін әрқашан ашық болып, өзара ынтымақтастық пен серіктестік жүйесін жетілдіруге ба­ғытталып, олардың кез келген баста­масын көтермелеп отыруы қажет. Сонда ғана өзара байланыс орнайды. Әрине, ұстаз – ол қашанда ұстаз. Әр кез құрметті, ардақты адам. Сол себепті қашан, қай жерде болсын ұстаз атына кір келтіріп, беделін түсіруге жол бермеуіміз керек. Әрине, бұл мүм­кіндіктер бірінші ұстаздың өзіне бай­ланысты болса, екіншіден, ата-аналар, яғни біздің қолымызда. Бұл істе бізге тек ынтымақтастық керек. Бүгінде ұс­таздарға қойылатын талап өте қатаң. Көпжылдық білім саласын басқару­дағы тәжірибем бойынша, мұғалім беделін көтеру ол ұстаздың өзіне бай­ланысты. Егер мұғалім оқушының білімге деген ынтасын оятып, сүйіс­пен­шілігін арттырып, бала жанын түсіне білсе, онда ұстаздың беделі мен білімі айқын көрінеді. Баламен жұмыс істеу – өте жауапты дүние. Әр оқушының тәрбиесі әртүрлі. Соның кілтін таба білу қажет. Ол үшін мұғалім баланың жан дүниесін ұға білетін психолог та бола білгені жөн. Ал мұғалім беделі жойылып кетті деген жалпы сөз. Ұстаз беделі ешқашан жойылмайды. Қайта жыл өткен сайын жаңғыра береді. Тағы да бір көңіл аударатын мәсе­ле, бұл тәрбиені ата-анасынан емес теледидардан, компьютерден алатын жастар буынының қалыптасып келе жатқан­дығы. Соңғы он бес жыл­дың көлемінде кабельді және спутниктік телеарна­лар­дың өрісі кеңейе түсті. Ба­лалардың кітап оқуға деген құ­мар­лығы төмендеп кетті. Әкесі мен шешесі жұ­мысқа кеткен жас жеткіншектің күнұзақ көретіні теледидар емес пе? Расында да, рухани дерттің «микро­бын» сәби атау­лы ұят­сыз кино мен арсыз бейнеклиптен жұқ­тырады. Эк­ран балалар үшін отбасы мүшесі си­яқ­ты тәрбиеші рөлін алып, өзіне тәуелді етіп қойды. Баланы жастай теледидар көру мәдениетіне үй­рету – маңызды шаралардың бірі. Ақпа­рат құралда­ры­нан нені көріп, тыңдап, оқып жүргенін қадағалап отыру өз жемісін береді. Ел­дің болашағы, ертеңі – балалар. Сон­дық­тан олардың өмірге деген көзқара­сын дұрыс қалыптастыру үшін бала­лар­ға арналған бағдарла­ма­лардың са­па­сы мен санын арттырып және оның тұрақты жолға қойылуын қадағалау қажет. Мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып балала­ры­на арналған мультфильмдерді көптеп шы­ғару және оның ана тілінде болуы маңызды бо­лып табылады. Тағы да тоқтала кетер маңызды мә­селе, кешегі кеңестік идеологияның пәр­­менімен дүниеге келген «октябрят», «пионер» ұйымдары келмес са­парға аттанғанда, оның орнын толты­ра­тын балама ұйым құра алмадық. Әри­не, бұл бағытта мүлдем ешқандай ілгерілеу болмады деген артықтау шығар. Жеке ұстаздар, мектеп ұжымдары бала тәрбиесіне қатысты шаралар атқарды. Демалыс лагерьлері, музыка, көр­кем­сурет мектептері әр жерлерде ашылып, олардың жұмысы жандана бастады. Десек те, мектептен тыс уа­қытта шұғылданатын ісі жоқ болған­дық­тан түрлі зиянды әрекеттердің жетегінде кетіп жатқан балалардың кө­бей­іп отырғаны да ащы шындық. Мектеп жасындағы балалардың басым көпшілігі әлі де болса оқудан тыс ша­раларға толық қамтылмайды. Жасөспі­рім­дер таңның атысы, күннің батысы далада жүреді, оларға арналған дем­а­лыс орындары жоқтың қасы. Балалар мен жасөспірімдер клубтарының да мәселесі толық шешілмеген. Ақылы ла­герьде ұл-қызын демалдыруға көпте­ген ата-аналардың қалтасы көтермейді. Мектепте сабақтан тыс уақытта оқу­шы­ның таңдауына сәйкес келетін, олар­дың қабілеті мен ішкі қажеттілігін қамтамасыз ететін іс-әрекеттерді ұй­ым­дастыру көбірек қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді. Соған сай олар­дың қабілетін ашуға мүмкіндік ту­ғы­затын спорт, дене еңбегі, қолөнер, тех­никалық шығармашылық, тағы басқа үйірмелер мен секциялар ұйымдас­ты­руға болады. Аула клубтары көбірек ашылып жұмыс жасаса, әр оқушы кез-келген үйірмеге, секцияға, ақысыз өз жүрегінің қалауымен қатынасып, жеке қабілетін дамытуға мүмкіндік алады. Бүгінгі таңда үлкендерге қойыла­тын талап, жастарға қоятын талаптан әлдеқайда жоғарырақ десек, қателес­пеп­піз. «Қадірін білмеген елде інжу де құнсыз» дегендей, барымызды баға­лап, бір-бірімізді қолдап, береке мен бірлікте болашақ үшін ерінбей еңбек етуіміз қажет. Ертеңгі күн елес емес, ол көзді ашып-жұмғанша келе қалары анық. Демек, бала тәрбиесі мектеп, отбасы, қоғам – үштігінің бірлесе әре­кет етуі арқасында ғана қол жеткізілетін жетістік екендігін шанайы түрде мойындап, нақты іске көшетін уақыт жетті. Өзі­мізден кейінгі ұрпақты қайт­сек жаман әдет-қылықтан аулақ қы­лып, рухани, адамгершілік қасиеті жо­ғары, білімді, тәлімді азамат қылып шығарамыз десек, оған қоғам болып атсалысуымыз қажет. Көршінің бала­сы­на да өзіңдікін­дей қарап, жаңашыр­лық­пен жөн сілтеп отырғанда ғана тәр­бие жұмысы өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Ал негізгі тәрбие отбасы­нан басталатын­ды­ғын естен шығаруға болмайды. Дания ҚЫДЫРБАЕВА, «Алматы облысының ата-аналар комитеті» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Алматы облысы.