Саланың қазіргі жай-күйі осындай ойларға жетелейді
Қазақстанда мал шаруашылығының қазіргі жағдайы қалай? Бұл сауалдың бүгінгі өмір туралы, ертеңгі болашақ туралы түсінігі бар және тіршілік жөнінде толғанатын кез келген адамды алаңдатары анық. Өйткені мал дегеніміз – тамақ, киім және басқа да толып жатқан игіліктер. Ал тамақ дегеніміз – тіршіліктің нәрі.
Кешегі кеңестік дәуірде елде мал басының көп болғаны сол уақыттарды көзімен көрген адамдар үшін өте жақсы мәлім. Бізге белгілі болған мәліметтерге қарағанда, 1990 жылы Қазақстанда 36,8 миллион қой, 9,8 миллион ірі қара және 1,6 миллион жылқы болған екен. Соның арқасында ол замандарда май, айран, қаймақ, ірімшік тәрізді сүттен жасалатын тағамдар да дүкен сөрелері мен асханаларда молынан болды. Ол тағамдардың бүгінгідей ұнтақталған сүттен емес, сиырдан сауылған нағыз сүттен әзірленетіндігінен болар, ол кездерде сүт өнімдеріне деген сұраныс та өте жоғары болатын. Ең бастысы, сондай жоғары сұраныс толығынан қанағаттандырылатын да.
Өкінішке қарай, бүгінде жағдай мүлде басқаша болып отыр. Тағы да жоғарыда келтірілген мәліметтерге жүгінер болсақ, бүгінде 1990 жылмен салыстырғанда ет өндірісі – 57, сүт өндірісі 94 пайызға кеміген. Неге? Соның салдарынан ет те, малдан өндірілетін өзге өнімдер де сырттан тасымалдануда. Олардың сапасы мен тамақтық қасиеті де, жоғарыда өзіміз айтып өткен себептерге байланысты, үлкен күмән туғызады. Ал осы іске жауапты шенеуніктер болса, бағдарлама қабылдадық, енді бәленбай жылдан кейін бәрі де ас та төк болады деп уәде беруден жалығар емес. Ол жыл қашан келеді және ол жылдардың игілігін кімдер көреді – ол туралы ешкім ештеңе айтпайды. Сондықтан болар кейбіреулер осы қаптап кеткен бағдарламалар көз алдау болып жүрмесін деген күдіктерін де айтып қалып жүр.
Осы орайда «Астананың азық-түлік белдеуін жасау» мәселесі туралы да айта кеткен жөн. Бұл мәселенің күн тәртібіне қойылғанына да біраз жылдың жүзі болды. Әзірге нақты нәтиже көзге түсе қоймайды десек, онымыз нақа бір асырып айтқандыққа жатпайды. Біріншіден, Астана дүкендерінің сөрелері азық-түлікке сықасып тұр деп ешкім де айта алмайды. Әсіресе табиғи сүт тағамдары мен ет, оның ішінде Қазақстанда өндірілген сүт тағамдары тапшы. Бары ұнтақталған сүттен жасалған өнімдер мен сол баяғы «Буштың сирақтары». Олардың да бағалары ұшып тұр. Бүгінде базарларда сиыр етінің килосы 1500 теңгеге дейін жетті. Ал көкөніс пен жеміс-жидектің алыс-алыс облыстардан, кейде тіпті көрші республикалардан тасымалданатыны баршаға аян. Өткен қыста «Әсем» деп аталатын жабық базардың Пәкстаннан әкелінген картопты сатып тұрғанын өз көзіммен көрдім. Сонда «Астананың азық-түлік белдеуін» жасауға тиіс іргедегі Ақмола облысының басшылығы қайда қарап отыр? Әлде бізде берілген тапсырманың орындалмауы қанға сіңген әдетке айналып кеткен бе?
Кейбіреулер орынды атап көрсететіндей, Қазақстанда «Бойнг» ұшақтары мен «Мерседес», «Тойота» тәрізді автомобильдерді ойлап табу қиынырақ болар, ал енді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы кәсіп қылған, сол арқылы күнкөрісін қамтамасыз еткен мал шаруашылығының дамымай отыруын қалай түсіндіруге болады? «Ұмыттым деген сөзді ұмыт, өйткені ондай кемшілік ешбір ақтап алуға келмейді», деген екен ертеде бір ақылды кісі. Меніңше, біздің мал басын өсіре алмай отыруымызды да ешқандай сылтаумен дәлелдеуге болмайды. Қазақстанда жер де, табиғи шабындық та жеткілікті. Екі қолға бір жұмыс таба алмай отырған жерлестіріміз болса анау – жыртылып айырылады. Олай болса кедергі неде?
Осы мәселенің анық-қанығына жету үшін «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президент-төрағасы Әуезхан Дариновке жолығып, әңгімелестік.
Ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсетудің стратегиясы мен идеологиясына енгізілген соңғы өзгертулерге байланысты бізге елде ірі қара өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының, орта және ұсақ ауылшаруашылық құрылымдарының басшыларынан көптеген хаттар келіп түсуде, дейді Ә.Даринов. Нақтырақ айтар болсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қазіргі басшылығы етті мал шаруашылығын жеделдете дамытуға басымдық беріп отыр. Біз мұны дұрыс бағыт деп есептейміз, өйткені ол жем-шөп дайындау, шалғайдағы мал шаруашылығы мен жайылым мәселесінде қордаланып қалған проблемаларды шешуге жағдай жасайтын болады. Оның сыртында, етті мал шаруашылығын дамыту жобасы, шаруа (фермерлік) қожалықтары мен халықтың жеке меншік шаруашылықтарының әлеуетін пайдалануды ескерген жағдайда, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жұмыссыздықтың төмендеуіне ықпал ететін болады.
Осылай дей келіп, фермерлер одағының басшысы аталмыш стратегияның кейбір бағыттарымен өзінің келіспейтінін де білдіреді. Оның пайымдауынша, стратегияны жүзеге асыруда сыңаржақтылық орын алып отыр. Оны ол ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамытуда бордақылау алаңдарының рөлі мен маңыздылығына тым жоғары баға беріліп, ұсақ тауарлы өндіріс мүддесінің бұрмаланып отырғанымен түсіндіреді.
Ә.Дариновтің айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы бір мезгілде 3 мың және одан да көп басты бордақылайтын қуаты бар ірі бордақылау алаңдарына, сол сияқты 300 бастан кем емес ірі қарасы бар ірі ауылшаруашылық құрылымдарына басты басымдық беріп, бордақылау жөніндегі мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын соған қарай шоғырландырып отыр. Осының салдарынан биылғы жылы іс жүзінде шамамен 100 ауылшаруашылық құрылымдарынан өзге Қазақстанда бар мал фермаларының бәрі дерлік мемлекет назарынан тыс қалып, жемазық үшін субсидия алу құқынан жұрдай болған. Ал Дариновтың ойынша ірі қара малды бағумен айналысатын және қазіргі таңда рынокқа сиыр етінің айтарлықтай көлемін жеткізіп беріп отырған ұсақ тауар өндірушілер де , ірі өндірісшілер сияқты, мемлекеттік қолдау алуға құқылы. Оның үстіне ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыруда фермерлік шаруашылықтар мен ауыл тұрғындарының жеке аулаларындағы мал негізгі өзекке айналуы тиіс дегенді Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚазАгро ашықтан ашық мәлімдеп отыр.
Қазақстан фермерлер одағындағылардың айтуларына қарағанда, жоғарыда айтылған сөз іс жүзінде жүзеге асып отырған жоқ. Соның салдарынан салмағы 200 кило және одан да жоғары тартатын 7-8 айлық тайыншаларды негізгі жеткізіп беруші болып табылатын бордақылау алаңдарының әлеуетті клиенттері субсидиядан қағылып, оның өзі олардың ынталарын кері кетіріп отыр.
Мамандандырылған бордақылау алаңдарына келсек, малды бордақылау малды төлінен өсіруге қарағанда, үлкен күш-жігерді, уақыт пен қаржы ресурстарын қажет етпейтін, ет өндірісі ісінің ең соңғы бөлігі, дейді Ә.Даринов. Сол сияқты, ірі қара малды ұстаудағы табыстың негізгі бөлігі бордақылаудың қорытынды бөлігіне тиесілі екендігі де баршаға, оның ішінде, малшыларға да жақсы мәлім. Бұл мәселе де тиісті дәрежеде ескерілмей отыр.
Фермерлер одағының өкілдері бизнесті жүргізу үшін баршаға да бірдей жағдайлар жасалуы керектігіне қарамастан, ерекше жақсылықтың ірі бордақылау алаңдарына ғана жасалып отырғанын айта келіп, сонымен бірге, елде жеткілікті дәрежеде бордақылау алаңдары желісінің әлі жасалмағанын да атап көрсетеді. Оның үстіне ірі мал бордақылау алаңдарының тиімділігі іс жүзінде дәлелденбеген көрінеді. Мысал үшін айтсақ, пайдалануға берілген бордақылау алаңдарындағы мал басы қазіргі күні олардың жобалық қуатының 10-нан 30-ға дейін ғана пайызын құрап отыр. Соның салдарынан жұмыста тиімсіздік пен шығын орын алуда. Егер Даринов мырзаның айтқанына сенсек, 4600 ірі қараға есептелген «Ақ бас» агрофирмасының бордақылау алаңы 2009 жылғы қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындысында 170 миллион теңге шығын шеккен. Фермерлер одағы басшысының айтуынша, оған тірі мал ретіндегі шикізат ресурстарының жетіспеушілігі мен бордақыланған мал басында 2-3 еселі айналымның болмауы себепкер. Мұның өзі аталған бордақылау алаңдарының құрылысына бағытталған қыруар қаржының тиімді жұмсалғанына күмән келтіреді.
Қазақстан фермерлер одағы басшылығы сиыр етін өндіру ісіне мемлекеттік қолдау көрсету мәселесінде табиғи жайылымдарда жайылған, яғни экологиялық жағынан таза мал етінің назардан тыс қалуын да үлкен қателік деп санайды. Шындығына келгенде, етті малдың экспорттық әлеуетін арттыру үшін мемлекет қолда бар мүмкіндіктердің бәрін барынша пайдалануы керек. Мұндағылардың пікірінше, мал шаруашылығын дамыту орын алған проблемаларды шешуге кешенді көзқарас қалыптастыруды талап етеді. Олар қандай шаралар?
Біріншіден, жем-шөп өндірісін дамыту жөнінен түбегейлі шешімдер қабылданбаған. Кепілді және теңдестірілген жем-шөп өндірісі индустриясын алдын-ала құрып алмай бордақылау алаңдарын салу жем-шөп тапшылығына соқтырып, етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру бағдарламасының тұйыққа тірелуіне әкеліп соқтырады. Қазіргі таңда салынған мал бордақылау алаңдарында бұл проблема шешімін тапқан жоқ. Екіншіден, жергілікті жерлерде кадрлар мен мамандар тапшылығы сезілуде. Бұл жұмыс кадрларды ауылдық жерлерде тұрақтандырумен ғана шектелмей, селоны әлеуметтік тұрғыда дамыту, онда тұратын адамдардың тұрмысы үшін қолайлы жағдайлар туғызу ісімен қоса жүруі тиіс. Үшіншіден, етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру үшін оған шаруашылықтың көлеміне, оның ұйымдық құрылымына қарамай, мал бағумен айналысатын адамдар түгелдей тартылуы қажет. Сөйтіп ол жекелеген құрылымдардың ғана еншісі болып қалмай, бүкілхалықтық іске айналуы тиіс. Сонымен бірге олардың барлығына бірдей жағдайлар туғызудың да маңызы зор. Тек осындай жағдайда ғана өзінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеген өміршең құрылымдар озып шығып, ел игілі үшін өз үлестерін қосатын болады.
Мал шаруашылығы саласымен айналысып жүрген адамдардың кейбірінің пікірлері міне, осындай. Бір ескерте кететін жәйт, фермерлер одағының басшылығы осы мәселелерді айтып Мемлекет басшысының атына хат та жазыпты. Әрине, біз бұл саланың маманы емеспіз, сондықтан, елдегі онсыз да азғантай малдың бір бөлігіне қолдау көрсетіліп, екінші бөлігіне қолдау көрсетілмейді деген ұстанымның түсініксіздеу екенін біле тұрсақ та, қандай көзқарастың дұрыс, қайсысының бұрыс екеніне баға беретін де біз емес. Бірақ бүгінде бізге де, жалпы қазақстандықтарға да бір мәселе айқын. Ол – елде мал шаруашылығын, соның ішінде етті мал шаруашылығын дамытамыз деген у-шудың көп, бірақ нақты нәтиженің әзірге жоқ екендігі. Биыл бұйыртса, Қазақстан өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтпекші. Тарихи мерзіммен алғанда бұл онша көп уақыт болмағанымен, ықылым заманнан мал бағып келе жатқан қазақ үшін мал өсіруді дұрыс жолға қоюға әбден жетерліктей-ақ уақыт. Бірақ, амал қанша, біздің жоғары лауазымды шенеуніктеріміз істен гөрі сөзді жақсы көреді, сөйтіп өздерінің қолдарынан жұмыс келмейтінін бос сөзбен бүркемелеуге тырысады. Өкінішке қарай, суша сапырылған сөздің халыққа азық болар түрі көрінбейді. Бәлкім, өзіміздің икеміміз келмегендіктен, кен орындарын шетелдіктерге беріп игеріп жатқанымыз тәрізді, мал шаруашылығы саласын да шетелдіктерге беріп, халықты ет пен сүтке жарытуымыз керек шығар. Ол үшін ұялатын ештеңе жоқ. Одан да гөрі ұлан-байтақ жерді мекен ете отырып мал өсіре алмағанымыз, аузымыздың аққа жарымағаны ұят.
«Қазақ жеріндегі шаруашылық – мал бағу мен егін егу. Мал бағу қазақтың көптен істеп келе жатқан ісі, ата кәсіп. Мал бағу жайын ешкімнен үйренбей-ақ, өзіміз де білеміз деп жүр. Қазақ мал бағу жайын білмейді деп біз де айтпаймыз. Бірақ білім дәрежесі неше қабат. Қазақтың мал ұстау турасындағы білімі ең төмен қабатында. Қазақтың бұл білімі жердің молшылығында ғана білім болып жүр. Жер тарылса, бұл біліммен мал бағып күн көруге болмайды», деген екен Ахмет Байтұрсынов. Содан бері арада жүз жылға жуық уақыт өтсе де, ұлы ұстаздың осы сөзі әлі күнге дейін өз мәнін жоғалтпаған тәрізді. Демек, біздің шаруашылық жүргізу турасындағы біліміміз әлі де ең төмен қабатта қалып отыр.
Әлде, жұрт айтып жүргендей, шынымен де жеке бас пайдаларын ғана күйттейтін шенеуніктерді елдің, жердің болашағы еш алаңдатпайтын болғаны ма? Олай болса, мал бағуды бізге кім үйретер?..
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.