Мәдениет министрлігінде вице-министр Ғазиз Телебаев, жауапты хатшы Жанна Құрманғалиева мен Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлының қатысуымен тілдерді дамытудың заң аясындағы мәселелері сөз болып, министрлік өкілдері баспасөз қызметкерлерімен пікір алмасты.
Алғашқы сөз алған Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева: «Еліміздегі тіл мәселесіне қатысты аса маңызды құжаттар қабылданды. Атап айтсақ, маусым айының соңында Елбасы тарапынан «Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына» қол қойылса, шілде айының соңына таман Үкімет басшысы бағдарламаны жүзеге асыруға негізделген іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы маңызды құжаттар аясында Мәдениет министрлігі бірқатар ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Біріншіден, біз мемлекеттік тілді дамытуға қатысты заңнаманы жетілдіруді қолға алып отырмыз. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді үйретуде стандарттар технологиясын әзірлеу жүзеге асып, әдістеме базасы нығайтылады. Үшіншіден, мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты қоғамдық сананы арттыратын жобалар жүзеге асады», дей келіп, бағдарламаны жүзеге асырудың бірінші кезегінде тілдерді дамытуға қатысты заңнаманы қабылдаумен қатар – ономастика, терминология саласындағы жұмыстарды бірыңғайлау көзделетінін жеткізді. «Бұл ретте мемлекеттік тілде оқытудың бірегей стандарт-технологияларын әзірлеп, енгізудің маңызы зор. Елімізде 101 тіл үйрету орталықтары қызмет етсе, олардың әрқайсысының мемлекеттік тілді үйретуге қатысты өзіндік әдістемелері бар. Қазіргі таңда Тілдерді дамыту комитеті «Қаз Тестпен» мемлекеттік тілді оқытудың бірегей стандарт-технологиясын әзірлеу бойынша келісім-шарт жасады», – деді Ж.Құрманғалиева. Оның айтуынша, қоғамдық санада мемлекеттік тілдің оң имиджін қалыптастыру мақсатында 2 үлкен тележоба түсірілуде. Бұның бірі – реалити-шоу болса, екіншісі – мемлекеттік тілде оқытудың телебағдарламасы.
«Соңғы уақытта тіл туралы заң жобасына қатысты көптеген мәселелер туындап отыр. Тоқтала кететін жәйт, интернет-ресурстардың бірінде интернетте сілтеме жасалып жүрген заң жобасы Үкімет пен Парламентке ұсынылатын соңғы нұсқа емес. Бұл барлық мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге жолданған заң жобасының қарапайым жұмыс мәтіні ғана. Бұл мәтін Әділет министрлігінің ведомствоаралық комиссиясынан да өткен жоқ», – дей келіп, министрлік өкілі өз сөзін, – Мәдениет министрлігі заң жобасын әзірлеуші орган ретінде жұмыс тобының басым көпшілігі қолдаған пікірмен келіспей тұра алмайды. Осы тұрғыдан келгенде қоғамда кеңінен пікірталас тудырған мәселелер де заң жобасынан көрініс табатын болады. Атап айтқанда, Тілдер туралы қолданыстағы заңнаманың 23-бабында міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі талап етілетін қызметтер, санаттар мен мамандықтар тізбесіне қатысты айтыстар өрбігені бар. Мұнда негізінен азаматтарға қызмет көрсету үшін бекітілген мамандықтар бойынша мемлекеттік тілді ең төменгі, қажетті деңгейде игеру туралы мәселе көтеріліп отыр. Әзірше, ондай талап үш санатқа қатысты қарастырылады. Бұлар: мемлекеттік қызметшілер, ұлттық компания қызметкерлері және құқық қорғау, әскери қызмет, сот приставтары секілді санатқа жататындар. Яғни, бұлар негізінен өз жұмыстары барысында күнделікті азаматтармен байланысып тұратын санаттағы топтар болып табылады, – деп түйіндеді.
Басқосуда келесі жылдан бастап Тіл комитетінің бастамасымен қоғам қайраткерлерінен, зиялы қауым өкілдерінен тұратын қоғамдық кеңес құрылатыны айтылды. Кеңес ең алдымен тіл мәселесіндегі диалогтық алаң ретінде қалыптасатын болады. Қоғамдық кеңеске мүше болу барынша ашық, кез келген азамат, кез келген ұйым өздерінің қоғамдық кеңес жұмысына қатысу ниеттерін жолдай алады. Сонымен қатар, қоғамдық кеңес тіл заңнамасын жетілдіруге және тіл төңірегіндегі барлық бағыттарды дамытуға байланысты ұсынымдар әзірлейтін болады.
Сондай-ақ, министрлік өкілдерімен болған бұл басқосуда баспасөз өкілдері тарапынан сұрақтар қойылып, өзекті мәселелер төңірегінде әңгіме қозғалды.
Берік САДЫР.