10 Тамыз, 2011

Омбудсмен өнегесі өміршең

586 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Биыл Қазақстан халқы ел тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғын атап өтеді. Бұл айту­лы оқиға  осы жылдар ішінде жан-жақты дамуы­мыздың қорытындысын жа­сау үшін оңды негіз бо­лып табылады. Осы кезең­де  еліміз тек  халықара­лық қауымдастыққа берік кірігіп қана қой­май,  сонымен қатар онда аймақ­тық  ірі мемлекетке сай лайықты өз ор­нын ала білді. Ел тәуелсіздігі жылдарында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл инсти­ту­тын құру сапалы құқықтық базаны іске асыруға әсерін тигізді. Тәуелсіздік жылдарындағы шынайы реформалық  өзгерістер бізді  тоталитарлық жүйе­нің  бөлігінен  қазіргі заманғы  серпінді дамып келе жатқан елге айнал­дыр­ды. Омбудсмен (Адам құқықтары жө­ні­ндегі уәкіл) институтын құру мықты құқықтық базаны іске асырумен  қа­тар,  бұл институт Қазақстан Респуб­ли­касының 2010-2020 жылдарға ар­нал­ған Құқықтық саясат тұжы­рым­да­масына сәйкес мемлекеттік тетіктің  маңызды және ажырамас бөлігі ретінде бекіді.  Еліміздің әлемдік қауым­дас­тыққа белсенді енуін, халықаралық құқықтық құжаттарға қосылуын, әлем­дік құқық қорғау ұйымдарының аясын­дағы қызметін  Қазақстанда осы мекемені құруға ықпал еткен сыртқы факторлар қатарына жатқызуға болады. 2002 жылы ұлттық жаңа құқық қорғау органын құру барысында оны қоғамда насихаттау үшін, ең әуелі құ­қықтық шығармашылық  және құқық қолдану практикасын жетілдіруге тигізер әсеріне талдау жүргізілді. Бұл пр­о­цеске  мемлекеттік органдар, ха­лық­аралық ұйымдар, азаматтық қо­ғам, БАҚ, ғылыми мекемелер тарт­ыл­ды. Соның ішінде мұндай институттар бұрыннан жұмыс істейтін шетелдер Швеция, Финляндия, сондай-ақ әлеу­мет­тік-экономикалық жағдайлары Қа­зақ­станға ұқсас Литва, Польша, Чехия, Ресей секілді елдер  омбудсмен­дерінің  жұмыс тәжірибесі зерделенді. Ал енді Қазақстанда Омбудсмен инс­титутын ұйымдастыру туралы ой алғаш рет 1995 жылы Женевада БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссар  басқармасы өткізген халық­аралық семинарда айтылды. Онда Қазақстан делегациясы елімізде  Адам құқықтары жөніндегі уәкіл инсти­ту­тын құру мүмкіндігі бар екендігін жеткізді. Сөйтіп, 2002 жылғы тамыз айында  Президент Н. Назарбаев Қа­зақ­стан Республикасының Конс­титу­ция­сына 7 жыл толуына  арналған сө­зінде Омбудсмен мекемесін демо­кра­тиялық елдерге тән құбылыс ретінде атап өтті және Қазақстанда осындай институтты құру қажеттігін  айтты. Осы жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысының «Адам құқықтары жө­нін­дегі уәкіл қызметін белгілеу тура­лы» тиісті Жарлығы шықты. Көп ұзамай Уәкіл қызметін қамта­масыз ету мақсатында оның жұмыс­шы органы – Адам құқықтары жөнін­дегі ұлттық орталық құрылды. Жаңа институт өз қызметін бастай отырып, оның мақсаттары, міндеттері  туралы, ең бастысы, мүмкіндіктері туралы ха­лық­тың хабардар болмауына байла­ныс­ты  кейбір қиындықтарға тап бол­ды.  Бірақ, уақыт өте келе ахуал түп­кі­лікті өзгере бастады, мемлекеттік органдармен және  халықпен тығыз бай­ланыс жолға қойылды. Қазіргі уақыт­та барлық мемлекеттік органдар  ұсы­ныстарды қарап, бұзылған құқық­тар­ды қалпына келтіру, тиісті лауа­зым­ды адамдарға шара қолдану тура­лы ақ­параттарды міндеттті түрде беріп оты­рады. Соған орай азаматтар, азамат­тығы жоқ  адамдар да Уәкілге өздері­нің құқықтарын қорғау үшін жиі хабарласады. Дегенмен, халық арасында құқық­тық түсінік жұмыстарын белсенді жүр­гізуге қарамастан, азаматтар Уә­кіл­ге жүгіну мәселесінде шектеліп жатады. Бұл кең байтақ ел аумағының үлкен болуына сай өңірлерде оның өкіл­дерінің жоқтығына байланысты дейміз. Бүгінде бұл мәселе ел басшы­лығының қарауында жатыр  және жақын арада шешіледі деген ойдамыз. Заң жөнінде білімі бар азамат өз құқығын қорғай алуға, сонымен қатар оның бұзылуына жол бермеуге қашанда қабілетті келеді. Бұған қоса айтарым, еліміздің әрбір азаматы өз құқықтары­ның құндылығын түсінуі жә­не адам құқықтарының қор­ғалуына мем­лекет кепілдік беретінін білуге тиіс.  Тек осын­дай жағ­дайда ғана құқықтық қызмет жүйелі сипатқа ие бола алады. ЕҚЫҰ және Еуропалық комиссияның көмегімен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге шағым беру тәртібі туралы мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпараттық материалдар үнемі шығары­ла­ды.  Оның интернет ре­сурсы тұрақты түрде жаңартылып тұра­ды және онда ағым­дағы қызмет туралы, сондай-ақ ша­ғым­ды электронды пошта арқылы беру мүмкіндігі жөнінде кең көлемді кеңес беріледі. Осыған сәйкес Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл өз қыз­ме­тін­де адам құқықтарын қорғау сала­сын­дағы  заңнаманы жетілдіруге ықпал ету және оны жалпы қабыл­дан­ған халық­ара­лық нормаларға сәйкес­тен­діру жө­нін­де бар­лық қолда бар мүм­кіндіктерін толық көлемде пайдалануға ұмтылады. Мысалы,  Адам құқықтары жөнін­дегі уәкілдің Президент жанындағы  Құ­қықтық саясат жөніндегі кеңеске мүшелігі оған тек қатысу емес, атал­ған үрдіске белгілі мөлшерде оң ықпал жа­сауға  мүмкіндік береді. Одан басқа Уә­кіл Президент жанындағы  ра­қым­шы­лық жасау мәселелері жөніндегі комиссия жұмысына,  Парламент Се­на­ты мен Мәжіліс комитеттерінің оты­рыс­тарына, конференциялар мен семи­нар­ларға және басқа да форумдарға қатыса­ды. Атап айтқанда, Уәкілдің жоғарыда тізбеленген мүмкіндіктері консультативтік кеңес органдарына және іс-шара­ларға қатысуы арқылы құқық қорғау сала­сын­дағы орын алатын  және оларды шешу жөніндегі мәселелерге назар аудару мақ­сатында пайдаланылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Мемлекет басшысы атына өз қызметі туралы жыл сайынғы есебін ұсынады, ол қолдау тапқаннан кейін  барлық мемлекеттік органдарға, Парламентке, Үкі­мет­ке, үкіметтік емес ұйымдарға және халықаралық ұйымдарға пайдалану үшін жіберіледі. Уәкіл республикада адам құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету барысында өзара іс-қимылдар  ны­сан­дары мен  әдістерді жетілдіру мақ­сатын­да Жоғарғы Сот Төрағасымен, Бас Прокурормен, Ішкі істер және Әді­лет министрліктерімен  ынтымақтастық ту­ра­лы м­еморандумдарға қол қойғаны бел­гілі. Сот қауымдастығы басшы­сы­мен жасал­ған жоғарыда аталған құжат ерекше қы­зы­ғушылық  танытады. Өйткені осы ар­қылы Омбудсмен сот тәжірибесін қорытындылау тәртібінде кез келген сот инстанцияларына шағым­дар туралы ақ­парат беруге мүмкіндік алады. Елімізде азаптауларға қарсы ұлттық алдын алу тетігі туралы заң жобасы әзірленіп, ол Уәкіл институтын айтар­лықтай институттық тұрғыдан ны­ғайтуға болатын «Омбудсмен+»  үл­гі­сін көздейді. Сонымен қатар,  халық­ара­лық, олардың ішінде БҰҰ, ЕО, ЕҚЫҰ жүйесінің ұйымдарымен тиімді ынты­мақтастық жүзеге асырылуда.  Қа­зіргі уақытта біз ЕҚЫҰ-мен және Адам құқықтары жөніндегі Дания инсти­туты­мен Омбудсмен қызметін инсти­ту­ттық жетілдіру жөнінде; ЮНИСЕФ-пен бала­лар­ды қорғау мәселелері бо­йын­ша нақ­ты екі жоба бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөніндегі  хаттарын қарап шешу Уәкіл­дің  негізгі қызметі болып табылады. Шағымдану тәжірибесі әртүрлі, көп­шілігі жеке қабылдауға келуді қалайды, оны неғұрлым тиімді  жол деп санайды. Кейбіреулері жазбаша хат жолдайды, кейбір жедел араласуды талап ететін жағдайларда азаматтар  телефон немесе электронды байланысты пайдаланады. Бірде-бір хат, жазбаша не ауызша болса да назарға алынбай қалмайды және берілген құзыреттер шегінде  қаралады. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызмет ету кезеңінде  оның атына азаматтардан 13,5 мыңға жуық хат келіп түсті. Шағымдар мен хаттардың негізгі саны соттардың шешімдерімен келіспеушілікпен байла­ныс­ты. Екінші орында құқық қорғау органдарының әрекеттері мен әрекет­сіздігіне шағымдар мен хаттар көп түседі. Одан басқа хаттардың автор­лары  жер, тұрғын үй, дін және діни сенім құқықтары мәселелерін,  жергілікті және орталық атқарушы органдарда әкімшілік ету, білім алу, балалар құқықтарына қатысты  мәселелерді көтереді. Нақты азаматтың бұзылған құ­қық­­тарын қалпына келтіру үшін адам құқықтарын бұзуға жол берген мемлекеттік мекеменің  қызметі тексеруді қажет етеді. Уәкілдің сұра­ту­лары мен  ұсыныстарынан кейін мұн­дай жағдай­ларда  тиісті мемлекеттік органдар ара­ла­суға тиіс. Одан басқа, бұл жағдайда Уәкілдің арала­суы, оның нақты жағдайды баға­лауы, шағымданушы­лардың  нақты мәселе бойынша  кеңес алуы да ма­ңызды болып табылады. Шағымдар­мен жұмыс істеу, азамат­тар­­ды қа­был­дау қызмет көрсетудің дең­гейін жетілдіру мен арттыру мақ­са­тында  мемлекеттік органдардың  қыз­метіне әсер етуге мүмкіндік береді. Бізге түсетін хаттар саны азаюда деп айтуға болмайды. Оған себептер жеткілікті: жекелеген шенеунік­тер­дің  кәсіби емес әрекеттері, мемлекеттік қыз­мет деңгейінің төмендігі, кейбір жағ­дайларда іс-қимылдарды үйлес­тіру­дің болмауы әсер етеді. Басты фактор сыбайлас жемқор­лықтың болуы сөзсіз. Ал Мемлекет басшысының  оған қарсы күрес жа­рия­лағаны белгілі. Құқықтық саясат тұжырымдама­сында аталған әкімшілік жүйесіне қойылатын үміт зор, оған сәйкес  азаматтар әртүрлі инстанцияларға, соның ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілге хат жолдамай-ақ, өз құқық­тарын сотта қорғайтыны көзделеді. Уәкіл өз қызметінде  ұлттық заң­наманы, сондай-ақ  республика рати­фи­кациялаған халықаралық шарт­тарды басшылыққа алады. Егер халықаралық ынтымақтас­тық туралы  айтсақ, ол уәкіл қыз­меті­нің басым бағыттарының біріне айналды, оның аясында өткен ақпа­раттық, білім беру, тәжірибе алмасу бағыттарын атауға болады. Соңғы жылдары шетелдік делегациялармен кездесулер кезінде уәкіл мекемесі елімізде адам құқықтары мәселесі бойынша негізгі сарапшы ретінде жиі көрінді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жүргізген дайындық жұмыстарының мазмұнды және ұйымдық  шаралары Қазақстанның БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінде Азаматтық жә­не саяси құқықтар туралы халық­ара­лық пактіні орындау барысы ту­ралы баяндаманы (2010 жылғы маусым) ойдағыдай қорғауға, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде жал­пы мерзімдік шолу рәсімін жасауға  (2010 жылғы ақпан),  БҰҰ-ның азап­тауларға қарсы  арнайы баяндау­шысы  М.Новактың  Қазақстанға инспе­к­тор­лық сапармен келуінің қорытындысы бойынша есебін қарауға  (2010 жылғы наурыз), сондай ақ өткен жылдары елімізге  БҰҰ-ның азшылықтар және жеткілікті тұрғын үй  мәселелері бо­йын­ша арнайы баяндаушылар  Г.Мак-Дугал мен Р. Рольниктің, Еуро­палық Одақты, ЕҚЫҰ-ны, басқа да халық­аралық үкіметтік емес ұйымдарды  білдіретін жоғары деңгейдегі бірқатар делегациялардың сапарлары ойдағы­дай өтуіне  тұтастай ықпал етті. Қазақстан халықаралық құқықтың  толық құқықты субъектісі, адам құ­қық­тары саласындағы  60-тан астам  көп­жақты жалпы халықаралық шарттар­дың, олардың ішінде «адам құқық­тарын қорғаудың халықаралық құра­лы» деп аталатын БҰҰ-ның 7 құқық­тық қорғау конвенцияларына қатысу­шы ел. Мен жоғарыда  өз қызметімізде елі­міз­дің үстіміздегі жылы 16 жыл­ды­ғын атап өтейік деп отырған Конс­титуциясын басшылыққа алатыны­мыз­ды  айтқанмын.  Конституция – бұл  тікелей күші бар құжат, сондық­тан Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өзінің мемлекеттік органдарға жіберетін ұсыныстарында, сұратуларында, ең алдымен, конституциялық құқық­тардың бұзылуына, одан кейін басқа құжаттарға сілтеме жасайды, осылай­ша Конституцияның маңыздылығын  көрсетеді.  Біз тұрақты түрде  еліміз­дің Конституциясына арналған тамыз оқуларын өткізіп тұрамыз. Осы жылы біз  Астана қаласында 2011 жылғы 26-27 тамыз аралығында өтетін «Мемлекет және тұлға: Қазақстанның прогресс жолымен дамуына 20 жыл» халықаралық ғылыми-практикалық кон­ференцияны  ұйымдастыруға ат са­лыспақпыз. Жалпы, Омбудсмен институты өз міндетін атқарып келе жатқан мерзім ішінде мемлекеттің құқықтық жүйе­сінде лайықты орнын алды, мемлекеттік органдарға, азаматтық қоғамға, соны­мен қатар азаматтарға танымал болды деп айтуға әбден болады. Асқар ШӘКІРОВ, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.