11 Қаңтар, 2010

ДҮБІРГЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ

3017 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ЯДРОЛЫҚ ҚАРУҒА ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛА МА? Жаңа басталған жылға үміт үлкен. Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл жылды ядролық қарусыздандырудың басы санап отыр. Жұрт бұл мәселе осынау қарудың көп жинақталған жері АҚШ пен Ресейдің ықтиярымен ғана шешіледі деп есептейді. Ал ядролық қару тек сол екі ел­де ғана емес, Ұлыбритания, Франция, Қытай да ядролық дер­жавалар. Олар­дың қатарына Үнді­стан мен Пәк­­стан да қо­сыл­ды. Из­раиль­дің де ядро­лық оқтұмсықтары жетерлік деген сөз айтылады. КХДР-дағы ядролық бағдарла­ма­ға қатысты әңгімеден жұрт шар­­шаған. Олардың өздері қаруы­мыз бар деп қорқытады. Көп адам оны жай қорқыту деп күдік білдірсе де, егер ол шын­дық бол­са, қайтеміз деген қауіп талай­лар­дың ұйқысын қашырады. Ал бұл қаруға әзірге ие бола қой­маған Иранның ядролық дақ­пырты бәрінен де қорқы­нышты. Сөйтсе де осынау қаруды қыс­қарту, оған тосқауыл қою, жалпы ядролық үрейдің қыспа­ғы­нан құтылу шын мәнінде жоғары­дағы екі елдің қолында деген сөздің де жаны бар. Кезінде осы екі ел жаппай қарулану жөнінде жарысқа түсіп, Жер шарын төңкеріп жіберетіндей қару қорын жасағанда, олар ешкімге сендер қоя тұрыңдар деп айта алмады. Тіпті өздерінің одақтастарының да сондай қаруға ие болғанын іштей құптаған да болар. Енді сол қарудан құтылудың жолы да осы екі елге барып тіре­леді. Ең алдымен олар біз осылай қаруларымызды қысқартып жа­тырмыз, сендер де солай етіңдер десе, олардың сөздері де өтімді болары анық. Тіпті қажет болған кезде өздерінің қарулы әлеуетін алға тоса отырып, басқаларға талап та қоюға мүмкіндіктері бар. Кезінде ядролық қаруды шек­теуге нақты қадам да жасалғаны белгілі. КСРО-ның күйреуі қар­саңында сол елдің соңғы басшы­сы Михаил Горбачев пен АҚШ-тың сол кездегі президенті үлкен Джордж Буш “Старт-1” келісіміне қол қойған болатын. Олар өз қаруларын қысқарта отырып, бір-біріне қарсы мұндай қаруды қол­данбауға келіс­кен. Келісімге қол қойған екі қай­раткер де би­лік­тен кетті. Оның үстіне КСРО-дай алпауыт держава да күйреді. Рас, оның мұрагері ретінде Ресей үлкен қару әлеуе­тіне ие болып қалды. Ядролық қаруды ауыздық­тауға байланысты осы екі ядро­лық супер державаның бастама­шы­лық қадамдар жасауға мүмкін­діктері мол. Жақсы ма, жаман ба, сол “Старт-1” келісімі белгілі дәреже­де екі ел арасындағы ядролық қаруды шектеуге негіз қалады. Бірақ сол келісімнің мерзімі өт­кен жылдың аяғында бітіп отыр. Екі ел басшылары оны ұзартуға әрекет жасай қоймады. Рас, АҚШ президенті Барак Обама да, Ресей президенті Дмитрий Медведев те бұл салада келіссөз жүргізуге әзір екендіктерін мәлімдеді. Жұрт назары қазір биылғы мамырда Нью-Йоркте өтетін яд­ро­лық қаруды таратпау пробле­масына арналған NPT (Nuclear Non-Prolіferatіon Treaty) кон­ферен­циясына ауып отыр. Сонда жан-жақты келісімге де жетуге болғандай. Бірақ 2005 жылы өткен осындай конференция тек айтыс-тартыс, кінәласулармен ғана біткен. Олай болмас үшін жетекші ядролық державалар күні бұрын нақты ұсыныстар әзірлеп, соның төңірегінде әңгіме қозғап, нақты келісім жолын іздесе екен дейсің. Ядролық қаруды шектеу, оның тарауына жол бермеу мәселесінде біздің еліміздің ұстанған бағыт-бағдары айқын. Тәуелсіздікке қол жеткен кезде-ақ өзімізде болған ядролық қарудан бас тартқанымыз белгілі. Және үнемі оны шектеу, ядролық қарусыз аймақ құру жөнін­де бастамалар жасап келеміз. Әсіре­се, біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жылда ұсыныс-пікірлеріміз де сал­мақ­ты болмақ. Ядролық қаруға тос­қауыл қою жолындағы күресте біздің үлкен орнымыз бар. Жұрт бізден сол орнымызға лайық әрекет күтеді. ҚАЙРАТКЕР АДАМЗАТТЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАЙДЫ Жыл айрығында әлемдік мәселелер көңілге оралады. Оған қандай қайраткер қандай ықпал жасады деген ой да кес-кестейді. Бір мемлекеттің, бір ұлттың шеңберінен шығып, өзінің іс-әрекетімен әлемдік ауқымда көрінген талай тұлғалар бар. Солардың бірі – Франция президенті Николя Саркози. Францияның өзі де әркез та­рих­тың шиыршық ат­қан кезеңдерінде айтулы оқиға­лар­дың бел ортасында жүреді. Сөйтсе де оны басқарған тұл­­ғалардың ішінде есте қалатындары да бар, кейбіреу­лерін бірден еске түсіру қиын. Бүгінгі беталысына қарағанда, Саркози алдағы уақытта бірден еске түсетіндер қатарынан орын алатын шығар. Жаңа жылдың алдында Сар­козидің президенттік мерзімі­нің жартысы өтті. Әрине, бұл – өз ісіне есеп беретін де, жұрт прези­дент­ке баға беретін де мерзім. Сар­козидің өзі ұстанған бағыты­ның дұрыс­тығына сенімді. Ойым­­да­­ғыны жүзеге асырып келе жатыр­мын, тіпті болмағанда сол үшін күресіп келе жатырмын дейді. Сірә, жұрттың да бағасы соған саяды. Саркози қашан да нақты­лық­ты қалайды. Айтқан сөзін еш­қашан да желге ұшырмайды. Сай­ла­нарда жұртқа 490 түрі уәде берген екен. Орындалғаны да бар, біршамасы жүзеге асу үстін­де. Ең бастысы, ұмытыл­ғаны жоқ. Сай­ланғаннан кейін де 732 шара­ға бастамашылық көрсетіпті. Жұрт олардың да орындалаты­нына сенеді. Әлемдік дағдарыс Саркозиге де сын болды. Франция эконо­ми­калық қыспаққа түссе де, есең­­­­гі­ре­ген жоқ. Банктер банкрот­қа ұшы­рамады. Басқа біраз елде жетекші кәсіпорындар тұралап қалғанда, жұрт білетін француз­дардың “Рено”, “Пежо”, “Сит­роен” авто­көліктері сатылып жа­тыр, жұмыс орындары қысқар­ған жоқ. Оларға мемлекет көмек­ке келді. Жалпы, бұл елде эконо­ми­ка жеке меншіктің ғана қо­лын­да емес, жартысы мемлекет­тік сек­тор­дың үлесінде. Саркозиді әлем жұртшылығы ең алдымен халықаралық мәселе­лер­дегі белсенділігімен танып отыр. Қандай да халықаралық шие­леніске әліптің аяғын күтпей бірден араласып кетеді. Сонысы­мен де ерекшеленеді. Кавказда ке­неттен бұрқ ете қалған Грузия мен Ресей ара­сын­дағы соғыстың шарпуы басылмай жа­тып, Сар­кози тоқ­тау ай­тып, ара­ға жүрді. Еуропаның бі­рік­­кені керек. Оның өзіне ғана емес, бүкіл әлемге ке­рек. Қарт құр­лық­­та же­текші, әлеуетті ел­дер шо­ғырланған, олар ынтымаққа баста­ма­шы болса, әлемдік ты­ныш­тыққа негіз қала­нады. Кезін­де әлдебір субъек­тілік сезім ауа­ны­мен Фран­ция НАТО-дан бөлі­ніп қалса, Сар­козидің бел­сенді бас­тамашылы­ғы­мен Еуропа қауіпсіз­дігінің кепілі саналатын әскери одаққа ол қайта қосылды. Еуро­па­ның экономика­лық кірігуі үшін де Саркози жанын салды. Ол Лиссабон шартының мақұл­дануы үшін біраз тер төкті, Еуро­палық Одақ жаңа сипатқа көшті – оның президенті сай­ла­нып, эко­но­микалық кірігуі бұрын­ғы­дан да нақтылана түсті. Соңғы кезде Францияның жеке елдермен қарым-қатынасы да бұрынғыдан әлдеқайда өрістей түскеніне жұрт куә. Президент Сар­кози әлемнің әр тұсынан жиі көрі­неді. Африкаға барса, ол өз елінің бұрынғы отаршылдық саясатын көксемейтіні де анық. Қара құр­лықтағы тәуелсіз елдер­мен жаңа қарым-қатынас жаса­ғысы келетінін де әр сапары­нан аңғарасың. Азияда да шаруасы көп екен. Саркозидің біздің елімізге сапары кезінде де жұрт біраз жайды ұққандай болды. Ол өз өлшемдерін тықпалай келген жоқ, екі жаққа тиімді ұсыныс­тарды алға тосты. Франция президенті жайында байыпты да парасатты қайраткер ретінде әсерде қалдық. Әсіресе, мынау телеарна де­ген­­дер әлем қайраткерлерін ха­лық­­қа жақындатып жіберді ғой. Олардың кездесулерін, бас­қосу­ларын көрсеткенде, көпші­лігін жұрт жазбай таниды. Солар­дың бірі ғана емес, бірегейі – Николя Саркози. Ірілігінен емес-ау, шап-шағын денесімен де жұрттың ортасында ерекшеленіп тұратыны оның әлемдік ауқым­дағы салма­ғынан деп қабылдаған жөн болар. Мамадияр ЖАҚЫП.