11 Қаңтар, 2010

КЕЛІСІМ ДІҢГЕГІ

3696 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
Мақсат бір болса, ұтарымыз көп Жақында Діни істер комитетінің ұйымдастыруымен “Қазақстандағы дәстүрлі діни конфессиялардың (ислам, православие, католицизм және иудаизм), Діндер мен мәдениеттер орталығының өкілдерінен, сондай-ақ журналистерден тұрған делегация Түрік Республикасына тәжірибе алмасу мақсатында іссапармен барып қайтты. Осы іссапар “Еуразия үнқатысуы” халық­аралық қоғамдық қорының ұйытқы болуы­мен және аталған қордың Қазақстан Респуб­ликасындағы президенті Салих Акчай мыр­за­ның тікелей қолдауымен жүзеге асы­рылды. Бұл сапардың басты көздегені – еліміз­дің дінаралық келісім саласында қалып­тасқан тәжірибесін насихаттау, Қазақстан мен Түркия арасындағы сан қырлы достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайту, сондай-ақ, Түрік Респуб­лика­сының аумағындағы діни ұйымдардың жұмысымен таны­сып, олардың өкіл­дерімен кеңірек пікір алмасу. Мұның өз себебі де жоқ емес. Қазір мынадай пікір жиі бой көрсетіп қалып жүр. Оның негізі өзегі “Қазіргідей жаһан­дану сынды алып күштің жалына жармасқан заманда биліктің мінберін­дегі саясаткерлер шеше алмаған мәсе­ле­нің түйінін рухани сала, оның ішінде дін өкілдерінің өзара татулығы мен ауызбірлігі тарқата алады” дегенге саяды. Расында да, адамдар бойын­дағы рухани және мораль­дық құндылықтар­ды сақтау, түрлі дін өкілдері арасын­дағы қарым-қатынасты беріктендіру, олардың бойындағы төзімділік тетігін нығайту секілді өткір мәселелер – бүгін­де барлық адамзатты толған­ды­рады десек, артық айтқандық емес. Мұның жаһанданудың алып апанында жұтылып кетпеу үшін де қажет екен­дігін уақыттың өзі көрсетіп беріп отыр. Сонымен, ислам, православие, като­лик және иудаизм діндері өкілдерінен тұратын қазақстандық делегация сапарының алғашқы “шымылдығы” Ыстамбұлда ашылды. Мұнда Ыстамбұл мүфтиі Мұстафа Чагриджи­мен кездесу өткізі­ліп, бұл кездесу кезінде алғашқы болып сөз алған еліміздің Діни істер жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Аманбек Мұқашов ежелгі Византия жеріне аяқ басып, түрік бауырлар­мен жүздесіп отырғандары үшін қазақстан­дық делегация өкілдері атынан жылы лебізін білдірді. “Біз Қазақстандағы қазіргі дінара­лық татулық пен дін өкілдері арасындағы келісімнің қандай сипатта екенін, осы ба­ғыт­та қандай іс-шаралар атқарылып жатқа­нын баяндап, өз тәжірибемізбен бөлісіп, сондай-ақ сіздердің елдеріңізде қалыптасқан жағдай­мен танысуға арнайы келдік. Біз мұндай мүмкіндіктің туып отырғанына өте қуаныш­тымыз”, деді Аманбек Мұқашов өз сөзінде. Осылай дей келе, Дін жөніндегі комитет өкілі қос мемлекеттің рухани салада­ғы әріптестігіне қатысты да бірқатар мағлұ­мат­тар бере кетті. “Бүгінде Қазақстан-Түркия арасындағы келісім-шарт­тар жақсы жолға қойылуда. Екі елдің діни басқармасы ара­сынд­а да әріптестік байланыс орнығып келеді. Жалпы, қазақ жерінде 10 шақты мешіт түрік бауырлардың арқасында салын­ды. Қазіргі таңда сіздердің елдеріңізден келген 22 ұстаз мешіттерде қажырлы еңбек етуде. Бір сөзбен айтқанда, екі елдің рухани бағыттағы сан-салалы байла­нысы уақыт өткен сайын нығайып келеді. Қос мемлекеттің діни басқар­малары арасындағы келісім-шарт та өз нәтижесін беруде”, деді А.Мұқашов. Бұл туралы елордамыздағы “Нұр Аста­на” мешітінің бас имамы Қалижан қажы Заңқоев та кеңірек әңгіме қозғады. Ол кон­фес­сияаралық татулықты нығайту бағытын­да қандай шаралар атқарылып, қандай бастама­лар көтеріліп жатқаны жөнінде өз ой-пайы­мын жеткізді. “Ең алдымен бүкіл Қазақстан мұсылмандары­ның, еліміздің Бас мүфтиінің атынан үлкен сәлемімізді жеткіз­гім келеді. Біз осы сіздер­дің арнайы ша­қыру­­ларыңызбен Қазақстан­дағы дінаралық, ұлтаралық, конфессияара­лық татулықты насихаттау бағытында келдік. 1991 жылы еліміз тәуел­сіз­дік алғанда, бөркін аспанға атып қуанып, “біздің туысқан ел тәуелсіз ел болды” деген де сіздер едіңіздер. Мемлекет басшы­сының тікелей бастамасымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 3 бірдей съезі өтті. Әншейінде бір-бірімен қосыла бермейтін түрлі дін өкілдері бір үстелдің басында тоқайласты. Біздің жетістігіміз де осы болса керек. Өйткені, Құран-кәрімнің өзі біздің барлығымыздың Адам ата мен Хауа анадан тарағанымызды насихаттайды ғой. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Қазақстанда небәрі 68 ғана мешіт болған. Соңғы 16 жылда олардың саны 2300-ден асты. Бұған қоса, 7 медресе, “Нұр-Мүбәрак” ислам университеті бой көтерді. Аталған университет Египет пен Қазақстан арасын­дағы достықтың жемісі. Сондай-ақ, Алматы қаласында имамдардың білімін жетілдіретін институт бар. Осыларға қосымша Түркия дін істері басқармасының 22 ұстазы еліміз­дің облыстары мен қалаларындағы мешіт­тер­де сауаттану курсы, Құран оқыту бағы­тын­да қызмет жасауда. Олардың қыз­меті нәтижелі. Бұл Қазақстан діни бас­қармасы мен Түркия діни басқармасы арасындағы келісілген келісім-шартқа байланысты жасалып жатқан үлкен іс-шара. Алла разы болсын!”, деді Қалижан қажы. Осылай дей келе ол, Қазақстанның мұсыл­ман мемлекеті екендігін, елдегі мұсыл­ман­дар жалпы халық­тың 77 пайызын құрай­тынын, ал қалған 22 пайызы православие, католик, иудаизм дінін ұстанатындықтарын мәлімдеді. “Бұдан бы­лай да бірлікте, тату­лықта болып, талай жақ­сы істің басталуына үлес қосамыз деген ойдамыз. Себебі, әлі де жүзеге асырылар іс­тер баршы­лық”, деді Қалижан қажы өз сөзінде. Кездесу кезінде еліміздің Әділет ми­нистрлігіне қарасты Мәдениеттер мен дін­дердің халықаралық орталығының дирек­торы Айдар Әбуовтің сөзі де өзінің мән-мазмұны­мен ерекшеленді. “Қазақстан – ұлы өрке­ниет­тер тоғысында орналасқан мемлекет, яғни Шығыс пен Батыс арасын жалғайтын көпір. Еліміз барлық әлемдік мәдениеттер мен діндердің ең керемет белгілері мен ерекше­ліктерін бойына сіңірген. Бүгінде Қазақстан “бейбітшілікті сүюші ел” ретінде үлкен бастамалар кө­теруде. Сондай игіліктердің бірі – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастама­сымен құрылған Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы деп айтуға болады. Оның құрылғанына 2 жыл болды. Бұл – біздің мемлекетіміздің конфес­сия­­аралық келісімді сақтау жолындағы батыл қадам­дарының бірі, – деді Айдар Парқұлұлы. – Болашақта бұл орталық Н. Назар­баевтың сөзімен айтқанда, “бейбіт­шілік пен келісім­нің, әділеттіліктің интел­лектуалды орта­лығына айналуы тиіс. Бұдан бөлек 2011 жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етпек. Бұл да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бір сөзбен айтқан­да, Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы өз моделі, өз жолы бар. 130-дан астам этнос өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп, 40-қа тарта конфес­сиялардың жұмыс істеуі де осындай модель­дің арқасы деп түсінген жөн”. Осылай дей келе, ол Қазақстандағы түрлі дін өкілдерінің Түркияға сапарының маңызы айрықша екендігін, бұл ең алдымен екі елдің рухани жақындасуына үлкен септігін тигізетіндігін атап өтті. “Дүние жүзінде билік басындағы азаматтар шеше алмаған мәселелер көп. Ал осы мәселелерді діни басқармалар өкілдері бірлесіп шешуге, түрлі келеңсіздіктерге бірігіп қарсы тұруға үлкен мүмкіндіктер бар. Мұндай пікірлер Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерінде де көп көтеріліп келеді”, деді орталық жетекшісі. Ал Ыстамбұл қаласының мүфтиі Мұстафа Чагриджи өз кезегінде бұл айтыл­ған пікірлерді қуаттайтынын, себебі діндер, олардың өкілдері арасындағы келісім көп қиыншылыққа тосқауыл болатынын тілге тиек етті. Ол Қазақстан мен Түркия діни басқармалары арасында жақсы байланыс орнағанына, оған бір ғана мешіттердегі игі істерді мысалға келтірсе де болатынына тоқталып өтті. “Біздің діни басқарманың бастамасымен Қазақстанның Қызылорда облысының Қазалы деген жерінде үлкен мешіт бой көтерген еді. Бұл да сол бай­ла­ныстың көрінісі”, деді ыстамбұлдық мүфти. Қазақстандық делегация өкілдері бұдан кейін Ыстамбұлдағы иудаизм өкілдерінің синагогасына атбасын бұрды. Бұл жерде олар­ды бас раввин Исак Алева қарсы алып, қазақ­стандық делегация өкілдерінің Түркия жеріне, оның ішінде еврейлер үшін қасиетті жерге келгені үшін өзінің алғысын жеткізді. “Кезінде мемлекеттің өз ішінде үлкен қысым да болған. Бірақ бұл уақытша құбылыс екен. Мұны әлемдік тәжірибеден де көруге болады. Соның бір мысалын Қазақстанмен байланыстырған жөн. Себебі, бүгінде Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері діндер арасындағы келісім мен татулықтың жарқын көрінісін көрсетіп келе жатқан елдердің бірі”, деді ол. Ал Католик шіркеуіндегі Патрик Юсуф Сагпен өткен кездесу де өзінің мән-маңызы­мен ерекшеленді. “Тарихтан сабақ алатын уақыт жетті. Қазір діндер бір-бірлерін өте жақсы танулары керек. Себебі, адамдар қан­дай дінді ұстанбасын бір-біріне бауыр. Ол үшін сізге менің дінімді сыйлау міндет емес, тек ең бастысы – жат деп санамау, бөтенсіт­пеу керек. Бүгінде 1 млн.-нан астам адам ашар­­шы­лықтың зардабын шегуде. Ал ашаршылық болған жерде бейбіт­шілік туралы әңгіме айтудың өзі қиын. Сондықтан мен Жаратқанды мешіт­тен, шіркеуден, я болмаса синагогадан ізде­меуім керек. Ол менің жүре­гімде. Ол барлық жерде. Оның рухы сіздердің ішіңізде. Яғни, бұл нені білдіреді? Жаратушы қай дін өкілінің де өзіне адвокат болғанын қажетсінбейді. Оған адвокат қажет емес. Міне, осыны кез келген дін өкілі ұғы­нуы қажет”, деді Юсуф Саг. Басқосу кезінде ол журналис­тердің, қазақстандық делегация өкілдерінің қойған сұрақтарына да аса бір ыждаһатты­лықпен жауап беріп отырды. Мәселен, кездесуде айтылған деректерге сүйенсек, бүгінде Түркияда 50 мыңдай католик өкілі қоныстанған екен. “Бірақ бұл нақты мәлімет емес”, дегенді алға тартты Юсуф Саг. Оның айтуынша, католик дінін ұстанатын жандар­дың қанша екендігі туралы арнайы мәлімет жоқ. Бар белгілісі – қазіргі таңда түрік жерінде 15 мыңдай латын католигі, 10 мыңдай армян католигі тұрады екен. Ресми емес деректер бойынша, 25 мыңдай католик дініндегі әйел азаматшалар түріктерге күйеуге шығыпты. Нақты мәлі­мет­тің жоқтығын да осындай себептерге байланысты деп түсіндік. Басқосу кезінде Астанадағы Әулие Мария Архиепархия­сының бас викарийі, Рим-католик шіркеуі­нің өкілі Роланд Жакенуд та өз ойын біл­діріп, әлемде бой көрсетіп жүрген қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың бір жолын осындай игі бастамалар­дан іздеу қажеттігін алға тартты. “Сонау 1930-1940-жылдары елімізге көптеген ұлт өкілдері күштеп көші­ріл­ген. Ал солардың басым көпшілігі Батыс Украинадан келген поляктар. Яғни, католик дінін ұстанатындар. Бүгінде Қазақстандағы католиктердің жалпы саны шамамен 150 мыңдай. Оларға барлық жағынан жақсы жағдай жасалған”, деді Р.Жакенуд. Кездесу кезінде Ыстамбұлдағы католик шіркеуінің өкілі Юсуф Саг қазақстандық делегация өкілдеріне дінаралық татулықты насихаттау бағытындағы атқарып жатқан іс-шараларына өз ризашылығын жеткізді. “Егер, бейбітшілікке ұмтыламын десең, онда материалдық құндылықтан аулақ болуың керек. Бұл кез келген қатерге қарсы тұру үшін қажет. Яғни, қай дінді уағыз­дағаны­мызбен, мақсатымыз бір болсын. Сондай-ақ, ол Түрік Республикасында дін­ара­лық үнқатысудың алғашқы қадамдарын жасаған танымал ағартушы Фетхуллах Гүленнің орасан еңбегіне ерекше тоқталды. Бұл жерде Ф.Гүленге Түр­киядағы иудаизм, православие және католицизм секілді басқа да дін өкілдерінің үлкен құрметпен қарайтынына көзіміз жетті. Ыстамбұлдағы түрлі дін өкілдерімен кез­десуден кейін мына бір мәселе біздің назары­мызды ерекше аударды. Бұл Түркияда қызмет жасайтын діни ұйымдар басшы­лары­ның мін­детті түрде Түрік Республикасының азаматы болатындығы. Алдағы уақытта Қазақстанда да осы мәселеге назар аударған орынды болар деген ой біздің де көкейімізде тұрды. “Мұражай-қала” – Мардин Сапарға дінаралық татулық пен рухани келісімді өзек еткен қазақстандық делегация өкілдерінің бұдан кейінгі аялдаған жері осы қала болды. Мардин – Сирия тілінен аудар­ғанда “мерде”, яғни, “қорған, бекініс” деген мағынаны білдіреді екен. Бұл қаланың “Мұра­жай-қала” деп аталуының өз себебі бар. Өйт­кені, мұнда ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы түрік архитектурасының көптеген ескерт­кіштері сол күйінде сақталып, табиғатпен ерекше үйлесім тапқан. Бұл жердің тағы бір артықшылығы – көп діннің бастау бұлағы Солтүстік Месопа­тамия жазығындағы осы бір қаладан нәр алатындығы. Сондықтан еліміздің түрлі дін өкілдерінің осы қалаға аяқ басуы тегін емес. Қалаға жақындай бере алыс төбешік­терден таспен бедерлеп жазылған сөздер бірден көзіңе оттай басылады. Ол – “Мен түрікпін деген адам қандай бақытты” деген Ататүріктің сөзі. Ерекше сезіммен айтылған бұл сөздер кім-кімнің болса да жанына жылылық сәулесін таратары анық. Мардинге келген делегацияны қала әкімі Хасан Дуруельдің өзі қарсы алды. Бір қызы­ғы, қаланы екі адам қатар басқарады екен. Бірі – әкім, екіншісі – мэр. Әкімді үкімет, мэрды халық сайлайды. Екеуінің құзырет-билігі теңдей бөлінген және заңна­мамен бекітілген. Айырмашылығы – әкім үкімет жүктеген тапсырмаларды өз жауап­кер­шілігіне алса, мэр әлеуметтік, жол-құры­лыс, көлік мәселелерін өз иелігіне алған. Үкі­метке жалтақтамайды. Қолға алған жұ­мыс­тарын өз бастамасымен дөңгелете береді. Х.Дуруель қазақстандық делегацияға қаланың тарихын қысқаша баяндай келе, оның бүгінгі тіршілігіне қатысты да мағ­лұмат беріп өтті. Оның сөзінен аңғарғаны­мыз – Түркияның оңтүстік-шығысында орналасқан бұл қалада әр түрлі ұлт өкілдері қоныстаныпты. Олар – күрдтер, түріктер, ассирийліктер, арабтар және аз ғана армяндар. Ал тарихи мәліметтерге жүгінер болсақ, Мардиннің ең алғашқы қоныс­тану­шылары – ассирийліктер көрінеді. Біздің эрамыздың ІІІ ғасырында олардың табаны алғаш осы жерге тиген. “Бүгінде Мардин қаласының тұрақты тұрғындары – арабтар, күрдтер, түріктер өзара түсіністікте, бірлікте өмір сүріп жатыр екен. Тек сыйынатын жерлері басқа. Қазіргі таңда мұнда пра­во­славие дініне қарасты 12 шіркеу, 1 монас­тырь жұмыс істейді. Ең бірінші монастырь­лердің негізі осы Мардинде қаланған”, деді қала әкімі. Тағы бір айта кетерлігі, 82 мыңға жуық халық қоныс­танған бұл қалада ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. 180 мың га. жерлері – суармалы. Өнеркәсіп орындары да жетерлік. Туризм саласы да дұрыс жолға қойылыпты. Ирак және Сирия елдерімен арадағы экспорт 500 млн. долларды құрайтын көрінеді. Күміс өндірісі жақсы жанданған. Себебі, күміс өңдеу өнері осы жерден басталып, Түркияның барлық жеріне таралған екен. “Биылғы жылы экспорттың жалпы мөлшері 74 пайызға өсті. Бұл – айтарлықтай көрсеткіш”, деді қала әкімі бізбен әңгімесінде. Ал туризм саласынан да қомақты қаржы құйылатынын қалаға, оның тарихына көз жүгірте отырып, көз жеткізесің. Себебі, Мардин – тұнып тұрған тарих және сол тарихын толық сақтап қалған бірден бір қала. Тарих зерттеушілері бұл жерден 25 мәдениеттің өтіп, өз ізін қалдырғанын дәлелдепті. Міне, осыдан-ақ бұл қаланың Түркия үшін қандайлық маңызға ие екендігін бағамдап, осы жерге қанша туристер ағылатынын санай беріңіз. Қазақстандық делегация өкілдері Мар­дин қаласының мүфтиі Мехмет Кызылкая­мен болған кездесуде осы жердің рухани тыны­сына да жан-жақты қаныққандай болды. “Қазір­гі таңда қалада 10 Құран курсы бар. Бұл курстарда 22 оқытушы Құран туралы дәріс береді. Аталған курсты ойдағыдай тәмамда­ған­дар теология саласында өз тәжірибесін жетілдіре алады. Менің дін саласында жүр­гені­ме 38 жылға жуықтады. Кезінде Измир универси­тетінің теология факультетін бітір­ген­мін. Осы жылдар ішінде азаншыдан бастап мүфтиге дейінгі барлық сатыдан өттім”, деді дін өкіл­дері­мен болған кездесу кезінде М. Кызыл­кая. Бұдан кейін мүфти журналис­терді, делегация өкілдерін қызықтырған сауалдарға да жауап берді. Сондай сауалдардың бірі жоғары оқу орындарында, университеттерде хиджаб кию мәселесіне қатысты болды. Бұл сауалға мардиндік мүфти: “Бізде оқушы қыздар мен оқытушылардың сабақ кезінде хиджаб кимеуі заңмен бекітілген. Яғни, заң бойынша мектепте, жоғары оқу орындарын­да хиджаб киіп жүруге тыйым салынған”, деп жауап берді. Бұл басқосуда қазақстан­дық делегация атынан Діни істер жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Аманбек Мұқашұлы Қазақстандағы діни ахуал төңірегінде баяндап, бүгінде 38 діни баспа өнімі шығарылып, 18 діни-оқу орталықтары жұмыс істейтініне, 7 медреседе дәріс оқыла­т­ы­нына тоқталып өтті. “Қазақстан мұсыл­ман мемлекеті болғанымен, басқа діндердің өкіл­дері көп. Орталық Азияда орналасқан қазақ жерінен барлық діндер өткен. Яғни, ол Батыс пен Шығысты байланыстырып отырған ел”, деді А. Мұқашов. Кездесу соңын­да қос тарап өкілдері мұндай басқосу­ларды жиі өткізу қажеттігін, себебі, мұндай сапарлар рухани көкжиекті кеңейтетіндігін атап өтті. Бұл ретте біз бұл қаланың өзінің қорған­дарымен, мешіттерімен, медреселерімен, шіркеулерімен де есте қалғанын айтқымыз келеді. Мәселен, осы сапар барысында қа­зақ­стандық делегация өкілдері тарихи тамы­ры ХV ғасырдан басталатын Қасымия мед­ре­сесін, сондай-ақ, қаладан шеткерірек жер­де орналасқан Дейрюлззафаран шіркеуін тамашалауға мүмкіндік алды. Мәселен, құры­­лысы артукиттер заманында басталған Қасымия медресесі 1 дүниежүзілік соғысқа дейін жұмыс істесе, кезінде ассирийлік­тердің діни орталығы саналған Дейрюлзза­фаран шіркеуінің 1600 жылдық тарихы бар екен. Шанлыурфа – пайғамбарлар мекені Бұл қаланы Алланың елшілері – пай­ғам­­барлар мекені деп те атайды. Себебі, мұн­да 5 пайғамбардың ізі жатыр. Урфа өзінің тарихи тамырын тереңнен алады. Бұл жер кезінде Палестина және Месопата­миямен байланыс орнатқан. Арабтар мен түріктер­ден кейін аздаған уақыт египет мәмлүктері де басқарған. Бұл жерде Осман империясы­ның тұғыры кө­теріліп, ал 1918-1923 жылдар­дағы тәуелсіз­дік жолындағы соғыстан кейін Түрік Респуб­ликасының құрамына кіреді. Осы соғыста жанқиярлық ерлік көрсеткені үшін бұл қалаға Ататүрік “шанлы”, яғни, “абыройлы” деген мәртебе берген көрінеді. Қазір бұл шаһар Түркияның айрықша мақтан тұтатын діни орталық­тары­ның қатарында тұр. Шан­лыурфаға Түркия­­ның өз ішінен бөлек, көрші­лес Сириядан көптеген туристер келеді. Еуро­палық туристер де ара-тұра кездесіп қалады. Бұл жерге келгенде де жан-дүниең ерік­сіз ерекше әсерге бөленеді. Қаланы аралаған кезде осыдан қаншама мыңжылдықтар бұрын Немрут патшаның заманында өмір сүрген Ибраһим пайғамбардың аяқ басқан мекенін, патшаның бұйрығымен отқа тасталып, алайда Алланың шапағат-нұрымен ол оттың көлге, көл маңайының тамаша бау-бақшалы әсем жерге айналғанын көзбен көріп, тамашаладық. Бұл сапар кезінде сондай-ақ, Айюуб пайғам­бардың мешітіне, Түркияның оңтүстік-шығыс жақ бетінде, Сирия шекарасынан 20 шақырым жерде орналасқан ежелгі қала – Харраның орнын тамашалауға да мүмкіндік алдық. Үнқатысулар татулыққа үндейді Қасиетті Шанлыурфа топырағында жүріп, пайғамбарлар мекенінің нұрына бөленген делегация өкілдері бұдан кейін Ыстамбұлға қайтып оралып, онда түрлі дін өкілдері мен жазушылардың, ғалымдар мен журналис­тердің қатысуымен өткен үлкен дөңгелек үстелге қатысты. Бұл басқосуға “Халықаралық мәдениетаралық үнқатысу” тұғырнамасының бас хатшысы Джемаль Ушак, армян шіркеуінің өкілі Завен Бычагчы, Сакария университеті дінтану факультетінің деканы, профессор Әли Энбаш, Мимар Синан университетінің профессоры, шоқайтанушы ғалым Әбдіуақап Қара, “Еуразия үнқатысуы” халықаралық қоғамдық қорының президенті Салих Акчай, т.б белгілі азаматтар келді. Жиын кезінде сөз алған Салих Акчай діндер арасындағы татулық әлемдегі түсініс­пеушіліктердің түйінін тарқатуға мүмкіндік беретінін тілге тиек етсе, Аманбек Мұқашов дінаралық үнқатысудың қазақстан­дық тәжірибесі туралы баяндады. Астанадағы Рим-католик шіркеуінің өкілі Роланд Жакенуд та осы сөзді қуаттай кетті. “Қазақстанға алғаш неміс, поляктар қоныс аударған кезде олардың қандай күйде келгені белгілі. Сол кезде жер­гі­лік­ті тұрғын­дар – қазақ халқы сырттан келген өзге дін өкілдеріне үлкен көмек-қолдау көр­­сет­кен еді. Сондықтан діндер арасындағы мұндай үнқатысулар қазақ жеріндегі тәжірибені, сондай-ақ әлемдік тәжірибені жетілдіру үшін қажет”, деді Р. Жакенуд. Ал Орыс православие шіркеуінің өкілі Александр әкей де сан ғасырдан жеткен діни келісім тетігін жетілдіру – бейбітшілікті сақтауға сеп болатындығын жеткізді. Бұл басқосуда шоқайтанушы ғалым Әбдіуақап Қараның айтқан ой-пайымдары да көптің көңілінен шықты. “Қазіргі жаһан­данудың зиянды жақтарын азайтудың жолы – діндер арасындағы және мәдениет­тер ара­сындағы үнқатысу. Бұл ретте Қазақстан­ның тәжірибесін айрықша атап өтуге бола­ды”, – деді Ә.Қара. Осылай дей келе, ол өзінің дінге, рухани салаға қатысты пікірін Мұс­тафа Шоқайдың өмірімен байланыстыр­ды. “М.Шоқай большевиктер­мен күрес кезінде тарих сахнасына шыққан тұлға. Оның зайыбы – Мария христиан дінін ұс­та­ғаны­мен, олар бір-бірінің дінін сыйлап өткен. Ал М. Шоқай қайтыс болған кезде Мария оны Берлиндегі мұсылман мешітіне апарып қояды. Кейін Париждегі ең үлкен мешітте қырқын береді. Міне, осы бір мысалдан-ақ көп нәрсені аңғаруға болады”, деді ғалым. Ал “Мәдениетаралық үнқатысу” тұғыр­нама­сының бас хатшысы Джемаль Ушак тарихта көптеген дін соғыстары орын алға­нына, бұлар дінге қарсы бағытталғанына тоқталып өтті. “Мұндай соғыстар белгілі бір мүддені көздегендіктен туған. Сондықтан егер, бүгін діндер татулығы нығайып жатса, бұл – ең алдымен дін адамдарының еңбегі. Сондық­тан мұндай басқосулар мен тәжірибе алмасу­лардың орны айрықша”, деді өз сөзінде. Кездесулер барысында түркиялық дін­дар­лар Қазақстан Республикасының Прези­денті Н.Назарбаевтың дінаралық келісім сала­сындағы жүргізіп отырған саясатына жоғары баға берді. Түркия тарапы әртүрлі дін өкіл­дерінің басын қосып осындай іс-шара өткізу тәжірибесін алғашқы болып Қазақстанның ұйымдастырғанына баса назар аударды. Біз дінаралық келісімді өзек еткен мұн­дай үнқатысулар талай ғасырдан тамыр тар­та­тын тәжірибені жетілдіруге, сол арқылы моральдық құндылықтарды молайтуға сеп болатынына тағы да көз жеткіздік. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, Астана – Ыстамбұл – Астана.