17 Тамыз, 2011

Дарынды ұрпақ – қарымды ұрпақ

887 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Үйге нұр, ұяға көрік, тұр­мыс­қа ажар, көңілге базар сый­лайтын ол әрине – бала. Ал егер бала дарынды болса ол тіпті, нұр үстіне нұр болары ақиқат. Ғұ­ла­малар: «Адам баласының бой­ын­дағы дарындылық тек бір ға­на пайызды құрайды. Ал қалға­ны оның тәрбиесі мен өзінің өсіп-жетілгеніне байланысты» дейді. Бұған қарағанда, адам бойындағы дарындылық қасиет барлық адамда болса керек. Көп жағдайда ол адамның өз қо­лын­да секілді. Жастайынан өмірге деген қызығушылығы, тылсым дүниелерді білуге деген құштар­лығы, қиындықтарды жеңуге де­ген талпынысы түптің-түбін­де адамды дұрыс жолға салмай қоймайды. Қазақ текті халық дейміз. Сол текті халықтан өсіп өнген жас­тар баршылық. Сол да­рын­ды ұрпақ­тың жақсы жұмыс тәжірибелерін жинақтап тарату, білімдерін те­реңдету қандай дә­режеде деген мәселе қозғалған халықаралық ғылыми-практи­ка­лық конференция 15-16 тамыз күндері Астана қаласында, Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен рес­публикалық «Да­рын» орта­лы­ғы өткізген бо­латын. «Дарындылық мәселесіне жа­ңаша көзқарас» деп аталатын аталмыш халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға отан­дық және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары мен тәжірибелі педагогтар, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жұмыстарының жеңімпаздары, жүлдегерлері, олар­дың ата-аналары мен мұ­ғалімдері, дарынды балалармен жұмыс жөніндегі орталықтар­дың ұстаздары, педагогикалық кадрлардың біліктілігін артты­ра­тын институт өкілдері қатысты. Дарынды балалар – еліміздің интеллектуалдық элитасын қа­лып­тастыратын ұлттық құнды­лық болып саналады. Шығар­м­а­шыл, ұшқыр ойлы және ең бас­тысы өз білімін іске асыратын тұлға да – дарынды балалар. Тәуелсіздік алғалы 20 жыл ішінде республикамыздың дарынды балалары Қазақстанның беделін әлемдік деңгейге көтеріп, бұ­рын-соңды болмаған табыстарға қол жеткізді. Осы уақыт ара­лы­ғында біздің оқушылар түрлі дең­гейлі интеллектуалды сайыс­тарда, атап айтқанда, математика, физика, химия, биология, информатика пәндерінен өткен халықаралық олимпиадаларда, дүниежүзілік ғылыми және тех­никалық жобалар жарысында, көрмелерде 3430 медальға ие болды. Бұл үлкен жетістік еді. Конференцияда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұ­мағұлов сөз алып, дарынды ба­ла­лардың бүгінгі жеткен жетіс­тіктерінің негізінде Тәуелсіз Қазақ елінің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілетті елдің қауқары жатқандығына арнайы тоқ­тал­ды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет тара­пы­нан үнемі көрсеткен қолдауы мен қамқорлығының арқасында дарынды балаларға арналған мектептер жұмысы жаңа қарқ­ын алғандығын да тілге тиек етті. «Қазақстанда дарынды бала­лар­ды оқытатын 115 мектеп бар. Сонда дайындалып жатқан ұл-қыздарымыз әлемдік деңгейдегі олимпиадалар мен сайыстарда өте жақсы көрсеткіштер көрсе­тіп келеді. Бүгінгі мына кездесуге сол жеңімпаз балалардың ата-аналары да арнайы шақырылып отыр. Солардың тәжірибелерін ортаға салып, өзгелермен бөлісу үшін, келешекте осындай да­рын­ды балалардың олимпиа­да­лар­ға қатысуларын, олардың дай­ындықтарын, әдістемелік тә­сілдерін жетілдіру үшін осын­дай конференция ұйымдасты­руды жөн көріп отырмыз деп конференцияның ұйымдас­тыры­лу мақсатына қысқаша тоқта­лып өтті министр. Ол сонымен қатар, келесі жылы еліміздегі 44 мектепке электронды білім беру жүйесі енгізілетінін, талаптанған жас­тар­ға онлайн жүйесімен білім алуға мүмкіндік жасайтынын да жеткізді. Әрине, ол жүйемен шәкірттердің барлығы емес, оқу­да үздік, дарынды балалар ғана оқиды. Шәкіртпен қатар, білікті ұстаз дайындауға да министрлік қатаң талап қояды. Ал­дағы жылдан бастап мұғалімдер дайындайтын педагогикалық жо­­ғары оқу орындары қосымша сынақтан өтетінін Б.Жұмағұлов қадап тұрып айтты. Бұл маман­ды сауатты дайындау үшін аса қажет екенін де назарға салды. Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның екінші күнінде пленарлық отырыс ұйымдастырылып, онда әр елден келген тәжірибелі педагог мамандар дарынды балалардың білім деңгейлерін әрі қарай жетілдіру жөніндегі ұсыныс-пі­кір­лерін білдірді. Пікір түйіні – педагог кадрлардың білім дең­гей­лері мен әдістемелік біліктіліктеріне келіп тоғысты. Демек, ин­теллектуалды элитаның сапа­лық және сандық көрсеткішіне тікелей ұстаздар қауымы зор ықпал етеді деген сөз. Мұғалім біліктілігін арттыру мәселеле­рі­мен қатар олардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту жөнін­де­гі ұсыныстар да жан-жақты талқыланды. Алқалы жиынға қатысқандар дарынды ұрпақ – қарымды ұрпақ деген ортақ ой­ға бекіп, оларды оқыту мен тәр­биелеу ісі алдыңғы толқынның басты міндеті деп тарасты. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.