11 Қаңтар, 2010

БЕЛЕСТЕН БЕЛЕСКЕ

2958 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Премьер Министр Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен  Қарағанды облысында болды Үкімет басшысының жыл сайынғы еліміз аймақтарын ара­лап, жағдаймен тікелей танысуы алдымен Астанамен іргелес өн­ді­рісті өңірден басталуына қара­ғандылықтар үлкен мән береді. Отандық индустрияның қара шаңырағы саналатын, дамудың жаңа кезеңінде көшбасшылық орнын жоғарылатқан өлкеге үміт пен жауапкершілік жүгі аса сал­мақты екені белгілі. Ол абы­ройлы ақталып келеді. Мәлім се­бептерге қарамастан былтырғы белгіленген міндеттер тыңғы­лық­ты орындалды. Алда одан да ауқымды істер тұр. Жұмыс сапарында Бұқар жырау ауданына арнайы атбасын бұрған К.Мәсімов Ботақара кен­тінде “100 мектеп, 100 аурухана” бағ­дарламасы аясында шаңырақ көтерген жаңа емдеу орталығына соқты. Екі жыл ішінде салынып, пайдалануға берілген ны­сан­ның ашылу салтанатына қа­тысты. Бір ауысымда 200 сыр­қат­ты қабыл­дай­тын емханасы және 100 төсектік ауруханасы бар атал­ған орталық сапалы медицина­лық қызмет көрсетуге негіздел­ге­ніне ішін аралап көру кезінде көз жеткіздік. Аймақта соңғы уақытта жо­ғары технологиялық кәсіпорын­дар қатарын ұлғайту бағытында ірі индустриялық-инновациялық жобалар іске асырылуда. Жы­лы­на 130 мың жылыту радиаторын шығаратын “Кaztherm” ЖШС со­лардың бірі саналады. Серік­тес­тік жетекшілері Кәрім Қа­жым­қанұлын оның жұмысымен жан-жақты таныстырып, құры­лыс ұйымдарының үлкен сұра­ны­сына ие осынау өтімді өнімді өндіру көлемі ұлғая түсетіндігін атады. Премьер-Министр бұдан кейін Қарағанды қаласының “Гүлдер” шағын ауданында жа­қын­да есік ашқан “Балақай” балабақ­шасының тәрбиешілері және тәр­биеленушілерімен кез­десті. Мұнда еліміздің мектепке дейінгі мекеме­лерінде алғаш рет ұйымдастырылған оқытудың инновациялық фор­малары ка­бинеті жұмыс істейді. Оның бал­дырғандардың есте сақтау, есеп­теу, оқу, жазу дағдыларын ойын арқылы үйретуге, беріктіруге мүм­кіндік беретіндігі назар аударт­ты. Сонымен бірге тағы бір ерекшелік, әрбір бүлдір­шін­нің дамуы мен үлге­рімі жайында электронды дерек­тер банкі жа­салған. Мұның өзі ата-аналар балаларының білімі мен бейіндік қабілеттерін интернет ар­қы­лы біліп, бақылай алып отырула­рына өте ыңғайлы жағдай туғызады. Былтыр облыста “Жол кар­тасы” бағдарламасы бойынша атқарылған істер ел іші тынысына тың серпін берді. Солардың елеулі бір көрінісі ретінде К.Стани­слав­ский атындағы орыс драма театры ғимаратының қайтадан құлпырып, жаңарып, өнерсүйер қауыммен танығысыз қалыпта қауышуын атауға болады. Бұдан елу жыл бұ­рын отау тіккен мұнда бұрнағы жылға дейін С.Сейфуллин атын­да­ғы қазақ драма театры да қоң­сы­лас болып келген еді. Ғажайып жаңа ғимаратқа орын тебісімен мұнда өнер ордасын әдемі кескін-келбетке келтіру қолға алынып, ол қала көркіне айналды. Үкімет басшысы Ресей Феде­ра­циясының Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы елшісі Михаил Бочар­ни­ков­пен бірге театр алдында жи­нал­ғандардың қуанышына ортақ­тасып, атақты режиссерге орна­тыл­ған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Көрші елдің мәдениет саласы өкіл­дері атынан Театрлар қайраткерлері одағы төрағасының бірінші орынбасары, Ресей халық әртісі Евгений Стеблов сөз сөй­леп, орыс өнеріне, оның тұлғалы саңылағына деген қазақстандық­тар­дың зор құрметіне алғыс се­зімін жеткізді. Қарағандыда жасалып, шыға­рылуы жолға қойылған “Аргла­бин” дәрісі бүгінде алысқа аян. Елбасының тікелей қолдауымен құрылған, “Фитохимия” халықара­лық ғылыми-өндірістік холдингі мен Қарағанды фармацевтикалық кешені отандық бірегей фитопре­па­раттарды кешенді түрде био­ло­гиялық белсенді заттарды іздес­тіруден бастап, дәрілік шикізатты өсіру, оларды өңдеп, жаңа фи­то­препараттардың дайын дәрілік түрлерінің тәжірибелік-өнеркә­сіптік мөлшерін шығаруға дейін жеткізу жұмыстарын жүргізуде. Премьер-Министр осында бол­ған­да бұл істерге ерекше зейін қойды. Препараттарды өндірудің толық циклы, соның ішінде дайын өнім­нің сапасын бақылау, биоло­гия­лық белсенді заттардың және дәрі-дәрмектің стандартты үлгілерінің республикалық банкі көрсетілді. Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша бірінші және екінші кезектері мерзімінде пай­далануға берілген фармацевти­ка­лық кешеннің енді үшінші кезегін іске қосу күн тәр­тібінде тұр. Ол фитопрепараттардың субстанция­ла­ры негізінде таблеткалы және түйі­ршікті дәрілік түрлерді дайын­дауға, сондай-ақ, экспортқа бағытталған отандық препараттар шығару көлемін арттыруға ықпал етпек. Сондықтан Үкімет басшы­сына аталған холдинг пен кешен жетекшілері мәлім еткендей, осы құрылыстың межелі уақытта аяқ­талуы үшін қаржының жеткілікті бөлінуі қажет. Бұл ұсыныстың қолдау табатындығы айтылды. Бұған қоса дәрілерді кепілдемелік негізде сатып алуға “Самұрық-Қа­зына” қоры тарапынан ұзақ мер­зімге келісім-шарт жасауға ықпал етілетіндігі де атап көрсетілді. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.